ІЛИЯСТАНУ: "ЖЫР ҚҰЛАГЕРІНІҢ" ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 15.01.2020
Оқылды: 1623
Бөлім: ТҮПСАНА

ҚР Ұлттық кітапханасының мәжіліс залында Ілияс Жансүгіровтің 125 жыл­дық мерейтойын қорытындылауға арналған жиын өтті. Аталған шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбай, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев, Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов бастаған Жетісу жұртшылығының өкілдері, Алматы қаласы әкімдігінің қызметкерлері, ақын ұрпақтары, қаламгерлер мен ғалымдар қатысты.

Былтыр Алаштың үш арысы – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің мерейтойлары Арқада, Жетісуда, Қостанайда кеңінен аталды. Соның ішінде Ілияс Жансүгіровтің тойы да өз ерекшелігімен елдің назарын аударды. Жиналыстағы әңгімелер осы мазмұнда өрбіді. Басқосудың тізгінін ұстаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы қатысушыларды негізгі тақырыпқа бағыттап отырды.

– Ұлттық тұлғаларды ұлықтау бүгінгі ұрпаққа қажет. Сондықтан мерейтойлық шаралар халықаралық Түріксой ұйымы деңгейінде насихатталды. Енді сол жұмыстардың қорытындысына тоқталуды жөн көрдік. Салтанатты рәсімдер біткенімен  сәкентану, ілиястану, бейімбеттану үрдістері үздіксіз жалғаса береді. Мына бір жайтқа салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, көп нәрсені аңғарамыз. Осыдан он бес жыл бұрын Ілияс мұраларын жинақтағанда он кітаптың басы құралған еді. Өткен жылы ақынның 20 томдығы жарық көрді. Бұрын табылмай келген шығармалары айналымға қосылды. Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы архивтер қоймасын ақтаруға мүмкіндіктер туды. Көптеген жәдігерлерді елімізге әкелдік. Қысқасы, аз жұмыс істелген жоқ.

Сол сияқты ілиястануға арналып қаламгерлер мен ғалымдар үшін Қазақстан Жазушылар одағы, Ақсу ауданының әкімдігі және «Ілияс Жансүгіров» қоғамдық қоры біріге отырып, «Жыр Құлагері» атты бәйге жариялаған болатын. Соның нәтижесінде жаңаша көзқарастарға, тың ойларға қанықтық. Байқау қоржынына 125 материал түсті. Бәрі де талапқа сай. Дегенмен, «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегенді ұмытпайық. Жеңімпаздарды марапаттау бүгінгі күннің еншісіне бұйырған екен, – деді Нұртілеу Иманғалиұлы.

Бұдан кейін белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов байқау жеңімпаздарының есімдерін атады.

Үшінші жүлдені иеленгендер – «Мәлім және беймәлім Ілияс» атты мақала жазған филология ғылымдарының кандидаты Шара Қыяхметова, «Құлагер» поэмасының ағылшын тіліндегі аудармасы хақында» атты еңбектің авторы Дүйсенәлі Әлімақын және естеліктерді жинақтаған журналист Мәриям Әбсаттар.

Екінші орын Жемісбек Толымбекке және «Жетісу» телеарнасындағы «Болмыс» хабарының жүргізушісі Мұрат Жұ­мабайға берілді. Бірінші жүлдені «Мұз­­балақ ақынның мұз қаласы» деген ма­қа­ласы үшін Заңғар Кәлімхан иеленді.

Ал бас жүлденің иесі кім дейсіз. ғой?! Ол – Елдос Тоқтарбай! Алаш қайраткерлерін зерттеу ісіне өзіндік үлес қосып келе жатқан әдебиеттанушы жас ғалым. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты. «Ілиястың ізімен» деп аталған экспедицияға қатысып, тың деректерді зерттеу мақаласына арқау еткен.

Мұрат Әуезов, Күләш Ахметова, Бауыржан Жақып, Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай секілді есімі елге белгілі тұлғалар жеңімпаздарға арнаулы диплом және ақшалай сыйлықтарды табыс етті.

Салтанатты жиында сөйлегендер ілиястанудың бүгіні мен болашағына тоқталды.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы:

– Бүгінгі жиынның негізгі мәнісіне тоқталайын. Мәселен, тойды өткізу бар, ал оның қорытындысын шығару ол да керек. Сондықтан біз үш арыстың жыл бойы дүбірлеп өткен тойының қорытындысын сарапқа салып, солардың ішінде ілиястануға үлес қосқан адамдардың еңбегін елеп, марапаттап отырмыз. Бұл ізденушілерді одан сайын ынталандырады. Осындай істі тұрақты дәстүрге айналдыру керек деген ойдамын.

Ілиястануға біздің институт та өз үлесін қосты. Үш арысқа арнап кең көлемдегі ғылыми-теориялық конференция өткіздік. Одан кейін Алматы облысындағы Ілияс тойына ғалымдарымыз белсене атсалысты.

Бүгінгі қорытынды жиында ілиястануға байланысты үш мәселені ерекшелеп айтқым келеді. Оның алғашқысы – Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен шығарылған 20 томдық кітап. Бұл ілиястанудағы үлкен белес. Екінші мәселе – Мәскеуден алып келген, бұрын еш жерде жарияланбаған, ғалымдарымыздың қолына түспеген еңбектерге қол жеткізгеніміз. Үшіншісі – Ұлттық аударма бюросының басшылығымен «Құлагер» поэмасының ағылшын тілінде жарық көруі.

Бұл – қазақ әдебиетіндегі үлкен құбылыс. Бір жылдың ішінде осындай айтулы жұмыстардың жүзеге асып, ойдағыдай орындалғаны ақын мерейтойының өз дәрежесінде өткенін көрсетеді.

Енді Ілиясты, Сәкенді, Бейімбетті жаңаша тану күн тәртібіне шықты. Осы уақытқа дейін үш арысқа қатысты дүниелерді қасаң көзқараспен, бірыңғай кеңестік идеология тұрғысынан қарастырып келдік. Оның бәрі өзгерді. Жаңаша мазмұнға ден қоятын кезеңге табан тіредік. Сондықтан бізді алда үлкен мәселелер күтіп тұр. Үш арыстың бүкіл әлемдік әдебиетпен арақатынасы қандай? Қазақ руханиятында алатын орнын қалай көрсетеміз деген секілді сұрақтарға нақты жауап беруіміз керек. Осы күнге дейін олардың артында қалған мұрасына тек саяси көзқараспен баға берілген. Ендігі жерде оны таза әдеби, мәдени және тәуелсіздік көзқарасымен таразылауды орнықтырған жөн.

Осы тұрғыда мен Ілиясқа байланысты үш мәселенің басын ашып айтқым келеді. Біріншісі, Абай мен Ілияс арасындағы байланыстар туралы. Ол қандай негізде сабақтасты? Зерделеп отырсақ көп жайларға қанығамыз. Ілиястың «Абайдың бір өлеңінің әсері арқылы қолыма қалам алдым» деп жазғаны бекер емес. Абайдың алғашқы академиялық томдығын ұйымдастырды. Ұлы ақынның өлеңдерін жинақтады, алғаш рет оның текстологиясын зерттеді. Осының бәрін жаңаша сипатпен сараптайтын уақыт келді.

Екінші мәселе, Ілияс пен Алаш қайраткерлерінің арасы. Соның ішінде Мағжанмен қалай пікірлескенін зерттегеніміз жөн. Шығармаларына зер салсақ, көзқарастарындағы ұқсастықты кеңінен аңғарамыз. Мәселен, Ілиястың «Күй» поэмасы Мағжанның «Қорқыт» шығармасымен ұштасып жатқанын байқайсыз. «Құлагер» дастанын жазуға не себеп болды дегенде Мағжанның Ақан сері туралы жазылған ғажайып мақаласы есімізге түседі. Қазақ поэзиясының екі алыбы бір-біріне дем берген шығар деп топшылайсың. Оның жұмбақтарын шешу зерттеушілерді қызықтырады деген сенімдемін.

Үшіншісі, Ілияс пен Мұхтар Әуезовке байланысты жақындықтар. Мәселен, «Қилы заманды» жазар кездегі сапарында Ілияс ұлы қаламгермен бірге болған. Олар сонда қалай ақылдасты, қалай ықпалдасты, идеяларын қалай біріктірді? Міне, ізденушілер үшін бұл таптырмайтын тың тақырыптар.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

«Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын:

– Таңғаларлығы сол, Сәкен, Бейімбет, Ілияс тұтасқан бір ұғым. Олар өмірде де, әдебиетте де құрдастар еді. Ақпан айында Сәкен қоры Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінде ең алғашқы болып мерейтойларды бастады. Оған 600 адам шақырылды. Жиналғандар үш арыстың рухына бағыштап Құран оқыды. Осыдан соң салтанатты шаралар әр аймақта өз жалғасын тапты.

Қазақтың жүрегінде Сәкен, Ілияс, Бейімбет бейнелері үш арыс кейпінде сомдалған. Алаш ардақтыларын зерттеуге саналы ғұмырын арнаған айтулы ғалым Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың, одан басқа да зерттеушілердің жазған еңбектерін біз ерте бастан оқып өстік. Қазір жаңа заман келді. Заңғар Кәлімхан, Елдос Тоқтарбай секілді жастар ғылым сахнасына шықты. Олар жаңашылдығымен қуандырады.

Үш арыс қазақтың ұғымында адамзаттың аққуларына баланады. Сырбай ағамыздың осы туралы өлеңі бар, сіздерге содан үзінді оқып берейін:

Өлеңнің құшағына сия алмайтын,
Өлімге жан екенсің қия алмайтын.
Қазақты көргің келсе, міне, осы деп,
Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын, – деген еді.

Ақын аға бұл тіркестерді Сәкенге арнаған. Сол секілді Ілияс туралы өлең жазған ақындардың ішінде Тұрсынзада Есімжановтың жөні бөлек.

Дүлдүл боп жаралғандай бүкіл еңсең,
Мәреден Құлагерді күтіп ең сен.
Қазақтың маңдайына өлең бітсе,
Өлеңнің маңдайына бітіп ең сен, – деп жыр перзентінің теңеуін дәл тапқан.

Ілияс Жансүгіров арынды ақын ғана емес, Мәскеуден арнайы білім алған қазақтың алғашқы кәсіби журналисі. Ұлттық баспасөздің өсіп, өркендеуіне зор үлес қосқан қайраткер. Қазақ үш арысының есімін ешқашан ұмытпайды.

Әрине, той деген бәйге алып, сыйлық таратумен шектелмейді. Оның өркениетті мазмұны өрісті болуы керек. Бұл тұрғыдан алғанда бірқатар жұмыс еңсерілді. «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз» журналы бастаған әдеби басылымдар Алаш ардақтыларын барынша насихаттады. Бұл елдігіміздің үлкен бір белгісіне айналды.

Бәріміз де сол арыстардың ұрпағымыз. Сәкеннің, Ілиястың, Бейімбеттің алдағы асқақ мерейтойларында басымыз аман, бауырымыз бүтін болып қауыша берейік!

Бауыржан ЖАҚЫП,

Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын:

– Үш арыстың мерейтойы ұлтымыздың руханият әлемінде үлкен сілкініс тудырды десем, артық айтқандық болмас. Түріксойдың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов мырзаның шақыруымен түрік еліне бардық. Анкара, Сакария, Сапанша және Стамбұл шаһарларында болдық. Сәкен, Ілияс, Бейімбетке арналған әдеби-мәдени жиын өткіздік.

Алаш арыстарын бүкіл түркі дүниесі тағы бір таныды. Ұлы тұлғалардың шығармашылықтары туралы баяндамаларды тыңдады. Сакария қаласындағы университетте қазақтың 80 баласы оқиды екен. Солардың қуаныштарында шек болған жоқ. Ілиястың өлеңдерін жатқа айтып, Бейімбеттің әңгімелерін талдап, Сәкеннің әндерін шырқағанда бәріміз ерекше тебірендік.

Бабалар ғұмырының мәңгілік болатынына көзіміз жетті. Үш арыстың артында қалған асыл мұрасы қазақтың санасын жаңғыртуға қызмет етеді деген ойдамын. Осы бағыттағы жұмыстарды Жазушылар одағы тынбай жалғастыратын болады.

Ғабит ТҰРСЫНБАЙ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары:

– Қазақстан халқы Ассамблеясында ғылыми-сараптамалық топ бар. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетімен бірлесе отырып, бірқатар жұмысты жүзеге асырдық. Ресейге сапарладық. Оны Мәскеуден бастап Санкт-Петербург қаласында жалғастырдық. «Ілиястың ізімен» атты бұл экспедиция мүшелерінің ішінде Елдос Тоқтарбай, Мұратбек Иманғазинов, Гүлжан Тұрсын сияқты қаламгерлер мен бірқатар Ассамблея мүшелері болды.

Біз Мәскеуге демалыс күні бардық. Ілияс атамыздың табаны тиген жер ғой деп Қызыл алаңды араладық. Кремльді бойлап келе жатқанда үлкен кітапханаға кезіккеніміз бар. Есігін тартып көрсек ашық екен. Күзетші бізден жөн сұрады. Қазақстаннан келгенімізді айттық. Ғимараттың маңдайшасында «Шығыс әдебиетінің кітапханасы» деп жазулы тұр. Олар бізді жылы қабылдады.

Мұратбек Иманғазинов бірден кітапханадағы картотекаға көз жүгіртті. Сәттілікті қараңызшы, Ілиястың «Жаңқа» деп аталатын кітабының шыға келгені. Сөйтіп, жолымыз бірден оңғарылды. Мұны жақсы ырымға баладық.

Кезінде Ілияс атамыз Жетісудың әндерін Затаевичке өзі орындап берген екен. Сондықтан Затаевичтің Мәскеудегі зиратын іздеп тауып, зиярат еттік. Айналасын тазарттық. Осы жұмыстарымызды Елдос түгелдей суретке түсіріп алды. Оның пайдасы архивке барғанда тиді. Бұл жердегі тәртіп қаталдау болды. Рұқсатты бірден бере қоймады. Үш-төрт күн күту қажеттігін айтты. Сол кезде Елдос кешегі түсірген суреттерін оларға көрсетіп, Затаевичтің зиратына барғанымызды қысқаша әңгімелеп берді.

Жағдай дереу өзгерді. Қазақтардың Затаевичпен қандай қатынаста болғанын естіп, орыс ағайындар бізге құрмет көрсете бастады. Қажетті құжаттарды жылдамдатып реттеді. Міне, осындай сан алуан оқиғаларды бастан кешірген болатынбыз. Ал Ресей сапарынан қандай олжамен оралғанымызды өздеріңіз жақсы білесіздер. Бір сөзбен айтқанда, Ілиясты бүгінгі ұрпағына жаңа қырынан танытуға мүмкіндік алдық.

Жиында сөйлеушілер аз болған жоқ. Филология ғылымдарының докторлары Күләш Ахметова, Кәкен Қамзин, Мұратбек Иманғазинов, «Ақиқат» журналының бас редакторы, ақын Аманхан Әлімдер тұшымды ойларымен тыңдаушыларды тәнті етті. Белгілі өнер қайраткерлері Еркін Шүкіман мен Нұржан Жанпейісов Ілиясқа арналған әндерді нәшіне келтіре орындады. Ақынның «Құлагер» поэмасын жатқа айтатын Нағашыбай Алпысовтың өнеріне көпшілік ерекше сүйінді.  Аталған шараны белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов қорытынды сөзімен түйіндеді.

Жиынға қатысушылар Ілияс мерейтойының ойдағыдай өткенін атап көрсетті. Оны ұлт руханиятына қосылған сүбелі үлеске теңеді. Ұйымдастыру жұмыстарына жұмсалған күш-жігер мен еңбектің ақталғанын атап көрсетті. Ілиястану науқандық шаралармен шектелмейді. Өміршең қалыпта одан әрі жалғаса береді. Оның Рухани жаңғыруға әсер ететіні кәміл.

Болат МӘЖИТ

Алматы