Драматургияның дара қызы

Уақыты: 23.01.2017
Оқылды: 2137
Бөлім: ТҮПСАНА

Өңіріміздегі зиялы қауымның басын қосып, әдеби кештерді жандандырып жүрген облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ахмет Кендірбекұлы сәрсенбінің сәтінде салиқалы әңгіме өрбітті. Тіл сарайында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл жолғы шараның негізгі қонағы Қазақстан Жазушылар, Журналистер және Театр қайраткерлері одағының мүшесі, прозашы-драматург Лидия Егембердиева. 

Ең қиын сала драматургияға қаймықпай қалам тартқан Лидия Исақызының ел үшін сіңірген еңбегі жетерлік. Өз оқырмандарының көптігін кеш барысында бос орын болмағанынан аңғардық. Жетісу өңірінің зиялылары бас қосқан кеште облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, ақын Әміре Әрін басты баяндама жасай келе, драматург шығармаларына кеңінен тоқталып: «Ел үшін еңбек етуден аянбайтын адал жан», – деген баға берді. Ол өз сөзінде:
– Жанрды жүрегімен қалап, драматургияны жанкештілікпен дамытып жүрген қазақ қаламгерлері жетерлік. Сонау Мұхтар Әуезовтің Еңлік – Кебегінен басталған көш керуені үлкен кеңістікке шықан. Қазір  Дулат Исабеков сынды даралар драматургия саласында ерекшеленеді. Оның спектакльдері Еуропада, Ресейде қойылды. Бұл қазақ топырағында драматургияға деген қызығушылықтың мол екендігін білдіреді. Қазақ менталитетінің, қазақ қалпының, қазақ мінезінің драматургияға сұранып тұрғандығын аңғартады. Міне, осы өрісте білегін сыбанып, сол майданға белсене кірісіп кеткеннің бірі – Лидия Егембердиева, – деді.
  Бас редактор негізгі баяндамасында нәзік жанның отбасына, өмір сүрген ортасына тоқталып өтіп, Иса атасы мен Ақмеруерттей әжесінің әлпештеген тәтті немересі екенін тілге тиек етті. Кейін әжесі нағашыларының еліне көшіп келіп, 3 сыныпқа дейін Көксу өзенінің маңындағы Елтай ауылында өседі. Мұнда бала Лидия өзімен-өзі сырласып, әдебиет әлеміне қызығушылығы ояна бастайды. Ақсу мен Көксудай киелі қос өзеннің сыңғыры болашақ қаламгердің құлағына әдемі әуез құяды. «Екі өзенді еміп өскен мұндай азаматтарды телқоңыр дейді. Міне, сондай киелі өңірде ержетіп, екі өзеннің бойында барлық жақсы қасиеттерді бойына сіңіреді. Айналасында өзі құрыптас балалар болмағаннан кейін шиден үй тоқиды, қуыршақ жасайды, ешкінің лағын бағады. Сөйтіп, табиғатпен етене жақын өседі. Лидия қалай қаламгер болды дегенде біз осыларды білуіміз керек», – деді Әміре Әрін нәзік жанды драматургтің балалық шағынан сыр шертіп.
ҚазҰУ-дың қара шаңырағында бірге білім алып, бірге жастық шақтың қызығын өткерген курстасының бүгінгі ел танитын драматург атануы қуанышқа бөлейді. 
ҚазҰУ қабырғасынан түлеп ұшқан журналист түлектер үшін талайдың болашағына жол салған білімді де беделді декан Темірбек Қожакеевтің орны тіптен бөлек. Бірде талапшыл декан жап-жас Лидияның «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан әңгімелерін оқып, ізденімпаз студентті өз кафедрасына алдырады. Диплом жұмысын қорғатады. Әміре Әріннің айтуынша, қазақтың сондай ғұлама ғалымының Лидияны маңдайынан сипап, өзіне шәкірт ретінде алуы бүкіл курстастар үшін бағалы жайт еді. Бір сөзбен айтқанда, Лидия әдебиетке үлкен дайындықпен келген. Шарада баяндамашы кеш қонағының адами ішкі келбеті мен шығармашылығы бір-бірімен үйлесім тауып, қос бұрымдай қатар өріліп жатқанын шешіле толғады.
Орыстың ойшылы Михаил Светлов­тың: «Жаман адамнан жақсы қаламгер тумайды», – деген сөзі бар. Курстасының Лидия туралы баяндамасында бұл тәмсіл де мысалға алынды. «Өзі жақсы адамның пьесасын оқысаңыз да, әңгімелеріне зер салсаңыз да, шалқып тұрған қазақтың дархан пейілі алдыңыздан алақайлап шығады. Түрлі тағдырды жазуы да нағыз классикалық үлгі. Қазақтың киелі шаңырағы саналған үш бірдей одақтың мүшесі болуынан-ақ, небір өнер майталмандарының қатарында қалам тербеуінен-ақ, Лидияның өнердегі, әдебиеттегі, жалпы қоғамдағы  ауқымын, тынысын аңғарсақ керек», – деп баяндамасын тиянақтаған бір кездегі студент досы драматургке ізгі ниетпен алтын түсті қалам тарту етті.
«Құрмет» орденінің иегері, белгілі сахна майталманы, Б. Римова атындағы облыстық драма театрының көркемдік жетекшісі Серік Нұрхалық драматургия­ның дарасы жайында ой қозғап, алғаш қызметке кіріскен тұсынан әңгіме өрбітті. Ол өз сөзінде ең алғаш театрға Лидия Егембердиеваның екі шығармасы келіп түскенін, сол бір сындарлы жылдары халық жүзіне қуаныш сыйлайтын сатиралық шығармалардың орны ойсырап тұрғанын айтып берді. Міне, іздегенге сұраған деп Лидияның шығармасы дәл сол уақыттағы олқылықтың орнын толтырған. Театр көп созбай, «Әріптестер» атты комедиясын автордың өзін шақыра отырып, көрерменге ұсынады. Жұртшылық та ыстық ықыласпен қабылдайды. Серік Нұрхалық: «Талдықорғанның мектеп-интернатында бірге оқыған бала кезден қымбат құрбымды бір жылдан кейін театрдың труппа меңгерушісі деген қызметке алдық. Театрдың қыр-сырына көзі жетіп, қойылымды өзі жүргізіп отырды. Беделіміз артып, билет артылып қалатын жағдайлар болған жоқ», – деп жылы естеліктерін тізбектеді.
Одан кейін қашанда ақын-жазушыларды қорғап, оларға қолдау көрсетіп жүретін Талдықорған заң колледжінің директоры, меценат, Лидия Исақызының сыныптасы Мықтыбек Рахымбек мектеп қабырғасындағы актерлік шеберліктерін естелік ретінде айтып өтті.
– Лидияның бала күннен бергі еңбегі өте көп. Ешкімнен кем тер төкпейтінін көз көріп, көңіл сезіп жүр. Облыс, республика, тіпті халықаралық дәрежеде танымал. Осыған орай, барған жерінде   кім дегенде «Құрметті азамат» деп айтатындай бір құрмет болса, – деген ұсынысын жеткізді. Расында да, Жетісудың қос өзенін еміп өскен телқоңыр қызға мұндай абыройлы атақ лайық-ақ. Мықтыбек жылы лебізінен кейін сыныптасына шәйі орамал жауып, оюлы камзол жапты.
Асқан шабыт иесінің шығармалары тек елімізге емес, өзге мемлекеттерге де танымал. Орта Азияның театрлар жәрмеңкесінде «Қалталы күйеу, қайдасың?» атты пьесасы халықаралық сертификатқа ие болғаны осы сөзімізге дәйекті дәлел. Жүрек жібітер жазбалардың авторы облыс­тық «Айналайын» балалар үйінің дарындыларын жинап, «Пана» жастар театрын ашқан болатын. Сол балалардың ойнау шеберлігі мен қойылым кереметтігін кеш барысында көрдік. Елбасының балалық шағын суреттейтін қойылым көпшілік көңілін жібітіп, жүректеріне жол салды.
Драматург шығармаларында негізінен нәзік сезім мен шынайы адами қарым-қатынас айтылады. Оған дәлел – көптің назарын бұрған «Егіздер» мелодрамасы мен Қасым Қайсенов суреттелетін «Жұмақ маған бұйырмас» атты психологиялық драмасы. Кеш барысында Көксу аудандық Мұқыры халық театры аталмыш қойылымдарды көрсетіп, жиналған жұрттың жанарына жас үйірді. Шара соңында Лидия Егембердиева ұйымдастырушылар мен тілек айтушыларға алғысын жеткізді. Таланттарды танытып, зиялыларды насихаттауды дәстүрге айналдырған Ахмет Кендірбекұлы ағымдағы жылы жұртшылыққа жол тартқан жинақтарды таныстырып, кеш шымылдығын жапты.

Құралбек Сәбитов