Жамбыл елінің шежіресі

Уақыты: 23.01.2017
Оқылды: 2488
Бөлім: ТҮПСАНА

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап шығарылған «Жамбыл елінің жайсаңдары» кітабы ақындар мен батырлар мекені жұртшылығы үшін маңызды оқиға ретінде қабылданды. Аудандық Мәдениет үйінде аталған басылымның тұсаукесері өткізілді. Оған аудандық мекеме басшылары, қоғамдық ұйымдар өкілдері, қарапайым оқырмандар және кітапқа кейіпкер болып енген жандар жан-жақтан көптеп жиналды. Оның ішінде Бекболат Тұрысжанов, Нүсіпжан Нұрманбетов сияқты мемлекет және қоғам қайраткерлері де бар.

Аудан әкімдігі ұйым­дас­тыр­ған мәдени шараны белгілі баспагер-журналист Манарбек Ізбасаров жүргізді. Сахна төрінен кітап авторы ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте иегері, Алматы облысының, Талдықорған қаласының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Күмісжан Байжан табылды. Көпшілік алдында аудан әкімі Жандарбек Далабаев ұрпаққа берер тағылымы мол, ғибраты үлкен басылым жөнінде салиқалы сөзін айтып, автордың осы кітапты дайындаудағы ерен еңбегін атап өтті. Кітаптың тұсаукесер рәсімін аудан басшысымен бірге М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, қарымды қаламгер Уәлихан Қалижан және «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Жұмабай Шаштайұлы жасағаннан кейін мінбеден ой-пікір білдірушілерге кезек берілді.
Мінбеде сөз сөйлеген белгілі қаламгердің, ғалымдардың айтуынша, «Жамбыл елінің жайсаңдары» осы өлкені танып-білуде өте құнды дүние. Бұл ретте Уәлихан Қалижан кітапты құдды аудан элитасы туралы энциклопедия деп есептейтінін жеткізсе, Жұмабай Шаштайұлы кітап шығару мәдениетіне тоқталып, бұл басылымды елге аса қажет рухани жан азығына балады. Ал белгілі ғалым, заң ғылымдарының док­торы, профессор Арықбай Ағыбаев кітапты «қазақ тарихының жаңа үлгіде жазылуының бастамасы» деп бағалады. Респуб­ликалық «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Гүлзейнеп Сәдірқызы жинақтың Жамбыл ауданының төлқұжаты іспетті екенін, оны осы жерден өсіп-өнген азаматтардың антологиясына ұқсататынын, онда да әр адамға жай ғана анықтама беріп қоймай, жақсы қырларын көркем ой, өрнекті тілмен ашып көрсетіп, кейін­гі ұрпаққа өнеге беретіндей жазылғанын тілге тиек етті. Бұл, әрине, автордың еңбекқорлығының, ізденімпаздығының жемісі. Кітапқа мұншалықты мол материал жинау кезіндегі кейбір әттеген-ай дегізер жайлар да айтылмай қалған жоқ. Мұны ескеріп, кітапты толықтыру болашақтың еншісінде екені сөз болды.
Облыстың және ауданның Құрметті азаматы Әскербек Абаев осы өңірден түлеп ұшып, бүгінде әртүрлі жауапты қызмет тізгінінде жүрген азаматтардың авторға деген шынайы ризашылығын жеткізді. Ақын Қызжібек Жарқынбаева арнау-өлеңін оқыды. Жетісудың жезтаңдай әншісі Ұлжан Айнақұлова жерлестеріне «Бүлдірген», «Майтөбе» әндерін шырқады. Сонымен қатар аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблінің өнерпаздары кешті «Туған жер», «Ей, ұлар», «Теріскей», «Жамбыл ауданы» сияқты әсем әндермен әрледі. Шара соңында сөз алған Күмісжан Байжан еңбегін бағалап, құрметтеген халқына  жүрекжарды алғысын білдіріп, жаңа кітабын таратты.
Сол күні Жамбыл және Қарасай аудандарының кітапханалары ежелден еншісі бөлінбей қатар жатқан Суықтөбе мен Үшқоңыр арасындағы өңірдің өткені мен бүгінгі шежіресін баяндайтын «Жамбыл елінің жайсаңдары» жинағымен толықты. 

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы.