Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"БОҚТЫҢ ҚАБЫ": АБАЙДЫҢ АДАМЗАТҚА ҚАЛДЫРҒАН АКСИОМАСЫ

Уақыты: 01.02.2020
Оқылды: 1035

Сағым сіңген көкжиекпен астасып жатқан, толқыны тау қопарардай дүлей күшке ие мұхиттың бетінен гөрі тұңғиығы, қойны, қойнауы қазыналы. Онда сан мыңдаған, миллиондаған тіршілік иесі азығын алып, ғұмырын жалғамақ. Сонда әрбір жанның мінезінде яки болмысында өзге жаратылысқа ұқсас, деңгейлес сипаттар болатынын еске алып, философия әлеміндегі тектік тұжырымдарға жүгіне түссек, данышпан Абайды «мұхит» деп түсінеріміз хақ. Мұхит болғанда да өне бойынан зайыры сан мыңдаған өзеннің арна табуына, сахараның пұшпақ-пұшпағына жылыстап рухани шөлден сақтап, тіршілікке нәр беруге негіз болған ұлы мұхит дерсің. Ұлы ойшылымыздың ақыл-парасатын, таным көкжиегін, ғалымдық пайымын сол далиып жатқан мұхитпен өлшесек, онда Абай мұрасы тартылмайтын да, сарқылмайтын да рухани қазына екенін еріксіз мойындаймыз. Шындығында Абай ұлы мұхит жаратылысты данышпан! Оған жанды мысал ретінде жақұт жазбаларынан азық алып, рухани кемелденудің әлқиссасын алдымен хакім даналығынан бастауды заңдылық деп білетін исі қазақты алға тартуға негіз бар. Олар да мұхит қойнауында азық тауып, тіршілік жалғап жатқан өңге жаратылыс іспетті данышпан даналықтарымен қоректеніп, ғасырлық іңкәрлігін бүгінгі күнге дейін баса алмай келеді. Шөлдегеннің үстіне шөліркеп, құныға бас қойған сайын тамсана түсуде. Екіншіден, бауырына маржан бүккен шалқар жаратылыс  секілді, ұлы ойшылымыз да алты Алаштың, тіпті адамзат руханиятының қасиетті қамбасына лағыл жыр, саф алтындай даналық ой, сара да дара қара сөз қалдырып кетті емес пе?!

Тебірене термелеген бір ғана теңеудің астарында сан мың бағытқа шұғыла шашар сан астар бүгулі, бүркеулі жатыр. Сол арқылы хакім көкжиегіне бойлаудың өзі адам тамырын ерекше соқтыратындай. Дей тұрғанмен, Абай Құнанбайұлы жайлы эпопея жазған Мұхтар Омарханұлы: «Абай – шалқып жатқан ұлы мұхит. Бар-жоғы одан шөміштеп қана су іштім» деп тебіренеді бір естелігінде.

Неткен теңеу, неткен әділ баға еді. Бүгінгі таңда абайтанудың ғылыми айналымға, бір ізге түскені сонша, ақын әлемі туралы, оның шығармашылығы  жөнінде 200-ге жуық кітап оқырманға жол тартыпты. Бұл «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» (М.Мақатаев) болған ұлы ақынның тереңіне бойлай алдық деген қанағатшылдықтың қорытынды байламы емес. Жалпы, әдебиеттанушы ғалымдар данышпан тереңдігінің, шалқарлығының шынтақсүйем тұсына енді ғана сана жетелетіп, бойлап үлгерді. Оны мойындау, мойындамау әрбір абайтануға үлесі бар жандардың өз еркінде. Ал ақын шығармашылығы әлі де зерттелу үстінде. Ол, сірә, қазақпен бірге жасаса берер ұлы керуен болуы да ғажап емес.

Шырайлы Шығыс өңірінің шоқтығы – Шыңғыстау етегінде 1845 жылы от жүрегін тулата өмірге келген Абай Құнанбайұлы тектіліктің тұғырында түлеген. Тобықтының үлкен руы Күшік ішінде Ырғызбайдан тараған. Ырғызбай Айдостың үш баласының бірі. Айдостан тараған үш бұтақ – үш атаның есімдері өзен аттарымен аталыпты. Мәселен, Көтімалды өзенінің жағасында Көтібақ, Торғай өзенінің жағасында Торғай, Ырғыз өзенінің жағасында Ырғызбай туыпты. Сол секілді, Айдостың туысқаны Жігітектің баласы Кеңгірбай да Кеңгір өзенінің жағасында жарық ғаламға келген.  Жалпы, Ырғызбай  тілге  шешен би, елге  көсем басшы ретінде атағы шықпағанымен, ел есінде адалдықтың айнымас үлгісіндей сақталып қалған жаны таза, момын адам болса керек. Сол адалдық пен тектіліктің жалғасы ретінде Өскенбай, Өскенбайдан Құнанбай, Құнанбайдан қазақ халқының қыбылнамасы болған ақылман Абай тараған. Өз кезінде еуропалық саяхатшылардан «Дала Цицероны» деген атақ алған, ескі мен жаңаға бірдей жорға болған шонжар әкенің тәлімін алған Абайдың тектілік тұғырынан түлегеніне осы бір қысқаша тарқатқан шежіре дәлел.

«Құл мен қожа майданда теңеледі, жас пен кәрі білімде теңеледі, бай мен кедей жомарттықта теңеледі, жақсы мен жаман өлгенде теңеледі», «Жарлы кісі жаманар, жаманар да қуанар, жаман кісі жаланар, жаланар да жұбанар» сынды көптеген философиялық тұжырым айтқан, ел ісіне әділдігімен, қарақылды қақ жарар шыншылдығымен, айбат-қайратымен араласқан шонжар Құнанбай Тобықтыға ғана емес, исі қазаққа атағы мәшһүр жан болған-ды. Оның кез келген мәселеге шариғат көзімен қарап, шешімді сол заңдылықпен шығаратыны өз кезегінде рулы елдің тентектеріне тыйым болса керек. Ұлы заңнаманы бағдар еткен парасатты әкенің кей астамшылдығына күйініп, ел мұңын қаршадайынан жеп өскен  Абай Құнанбайұлы сол балауса шағынан халық деп қайғы алған.

Өзі шексіз сүйген ұлтының ғұрпын, салтын терең біліп, мұсылманша хат таныған, шығыс шайырларынан тартып, орыс әдебиеті өкілдерінің шығармаларымен сусындаған бекзат болмыс түптеп келгенде қазақ әдебиетінің, әсіресе, қазақ поэзиясының темірқазығына айналды. Бұл жөнінде Алаш көсемдерінің асыл сөзін алға тартпағанның өзінде, осыдан ширек ғасыр бұрын ақылманның 150 жылдық мерейтойында Елбасы Н.Назарбаевтың: «Ақын Абай қазақтың суырыпсалма поэзиясын шын мәніндегі реалистік жазба поэзияға айналдырды. Бұрын-соңды көтерілмеген тақырыптарды көтерді. Бұрын-соңды үрдіске енбеген жанрларды үрдіске енгізді. Сырт сипаттау, сырт дәріптеуді қойып, адамның ішкі жанына үңілетін, болмысының тұңғиық қалтарыстарын ашатын аса мәнді философиялық-әлеуметтік лирика туғызды. Шығыс поэзиясына тән нәзіктік, әуезділік, ойнақылық Батыс әдебиетіне тән жіті зерттеуші зердемен байыды», – деп толғанады. Бұл – кешегі Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны», Міржақып Дулатұлының «Абай» сынды ғажайып мақалаларымен үндесіп һәм солардан өріс алып жатқан ой.

Шындығында ұлы әдебиетіміздің реформаторы – Абай Құнанбайұлы болмаса, көркем кемелділікке, суреткерлік салиқалылыққа, стильдік сан алуандылыққа, уақыт уысындағы адамзатпен мұңдас болатын әлеуметтік пайым, рухани тегершікке ие болған әдеби мектеп қалыптаспас еді. Абай мектебі болмас еді. Бал тұмбасы, түп бастауы кәусар бұлақтан басталған сан салалы, көп жанрлы көркем әдебиетіміз өткен ғасыр зобалаңында халқымызға рухани медет болды. Үш Бәйтерек, Бес арыс, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды небір ғажайып қаламгерлер ақылман жүйелеген соқпақтың айнасын жарқыратып, сәулесін жүрекке түсіруі – Абай тағылымының темірқазығын, соқпағының түзулігін айқындады.

Хош, ұлт әдебиетінің құбыласы болған хакім Абай жазбалықтың өрісін кеңейтіп, салқардан әрі сағымға сіңдіріп қана қоймай, халықпен бірге мәңгі жасаса берер ұлы шығармалар тудырды. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» екенін тұжырымдады. Шыңғыстаудың етегін тұтас жапқан төрт түлік пен шені бар шонжар әкенің дәулетін «әсіре қызыл тез оңар» өткінші дүние екенін жасынан пайымдаған ол серілікпен күнелтті. Өнері асқан бегзадалармен бірігіп талай тойдың көркіне айналды. Көрігін қыздырды. «Қақтаған ақ күмістей кең майдайлы, аласы аз қара көз нұр жайнайды» деп ару құшты. Туырлығын жел түрген дүрия көйлекті сылқымдардың сыңғыр күлкісін есту үшін салалы саусақтарын жел етіп, кереге түбін түрді. Шыңғыстаудың етегін шарлап, өзен бойындағы нуларға қабыландай әбжілдікпен кіріп аң аулады. Құс бөктерді. «Қансонарда бүркітші шығады аңға, тастан түлкі табылар аңдығанға» деп салқар даланың сал-серілігімен ит жүгіртіп, құс салды. Жалған дүниенің жарығымен жанар, қызығымен көңіл суарған ол ең соңында «Сап, сап көңілім, сап көңілім!» деп жастықпен өткен жалын шақтың қызуынан арылып, қос өмірдің абатты болуы – нәпсіні тыю, адами есті жиюдан деп білді. Сөйткен Хакім:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілімнен кеш сермедім.
Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?
 – деп рауандаған таңдағы шықтай келте уақыттың илеуінде жүріп, алаңсыз асыр салып баянсыз жалғанның жартысын сайранмен өткізгеніне опынды. Жаратылыс пен жаратушының тылсымына сана жетелетіп, балдырған шағында хат танып, мұсылманша сауат ашқанда өзегіне түскен дәнекті қайта баулып, ұлы өскінге айналдырды. Бой мен ойын тыйған ғұлама ақырында: «Сөз түзелді тыңдаушы сен де түзел» деп ұлы шығармашылық жолына түсті.

Патша Құдай, сыйындым,
Тура баста өзіңе.
Жау жағадан алғанда,
Жан көрінбес көзіме.
Арғын, Найман жиылса,
Таңырқаған сөзіме,
Қайран сөзім қор болды,
Тобықтының езіне,
– деп жырлаған Абай ұлы шығармашылық жолға бас қойғаннан кейін ілім мен ғылымның, өмір мен көңілдің, жақсылық пен жамандық, сақи ғұмыр мен бақидың, бұл дүние мен барзақ, ақыреттік дүниенің бәрін жырға айналдырды. Адамзатқа үлгі етер өсиет қалдырды.

«Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», – деп келетін алмас жырда ұлы ақын құмарлық пен қанағаттың парқын ажыратып, ғибратты өсиет қалдырған. «Керек іс бозбалаға – талаптылық, әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық», – деп сыры бір, қыры сегіз болу азаматтың абыройы һәм ең басты ерекшелігі екенін танытса, жырдың өзге бір шумағында:

Кемді күн, қызық дәурен, тату өткіз,
Жетпесе біріңдікін-бірің жеткіз,
– деп ұран тастайды. Болмашыға бола шолақ байталдың шолтаң құйрығындай қысқа ғұмырды тату өткізу қажеттігін, езуге келген шадыр ашудың кермек дәмін қайта жұту азаматтың ғана қолынан келер іс екенін парықтап, парасаттылықпен танытты. «Кемді күн» – жалған дүниенің қиыршығын итқырқылжыңмен өткізу, заты әйелмен күңкілдесудің опасыз екенін де осы тармақтар айқындап тұр. Сондай-ақ, бесігімен бірге әлемді тербер төменетектінің парасаттылығын анықтайтын түйін сөздің түп төркінін де ғажайып мысалдармен айғақтаған данышпан: «Жоқ болса қатынының жат өсегі, болмаса мінезінің еш кесегі, майысқан, бейне гүлдей толықсыған, кем емес алтын тақтан жар төсегі» дейді. Неткен ғажап суреттеу еді. «Жасаулы деп, малды деп байдан алма,  кедей қызы арзан деп құмарланба, ары бар, ақылы бар, ұяты бар, ата-ананың қызынан ғапыл қалма», - деп тектіліктің тінін тарқатқан жанның осылай сөз ұштауына да замананың ысқырған желі, айналасындағы адамдардың құлқыны себеп болған-ды.

«Көр жерді өлең етер» жыршыларды ащы сынға алған ғұлама өз кезеңіндегі азаматтардың ақылы мен көрікі бар керімнен қарағанда бөркі бүтіндерге баса мән беретіндігін осылай астарлы баяндайды. Оған да ақын туралы жазылған «Абай жолы» мен «Абайдың жұмбағы» сынды шығармалардағы кейбір оқиғалар, эпизодтар айқын дәлел болмақ.

Қызуы мол жастығынан ұлғайып артта қалған өміріне суық сыншы көзбен қарап, тірліктің бұдыр-бұдыр, ойқы-жазық тұстарын барлаған ақын, кей баянсыз өткен уақытын еске алғанда «қаны қара бір жанмын, жаны жара» деп толғанған.

Жасымда албырт өстім ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.

Алды жар аңғал дүниенің алқызыл баянсыз нұрына ентелеген алқынды көңілдің аңдаусызда шалт кетіп, жасаған талай ісі ақынды осылай айтуға мәжбүрледі. Опындырды. Жалындаған 24 жасына келгенде үстінен дөңгелеген арыздардан Абай 12 іс бойынша тергеліп, Семей қаласында 3-4 айға дейін шыға алмай да жатты. Міне, сол секілді көптеген дүниені өзі айтқан «салқын ақылмен» салмақтағандықтан «Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме», – деп толғанған. Алайда әлем алпауыттарының уызына қанып, мөлдір шығармаларын мидан әрі сүйекке сіңірген данышпанымыз мінезін тәңір дарытқан тектілік тұрпатына сай тез түзеді.

Сондықтан да: «Мен егер закон қуаты қолымда бар адам болатын болсам, мінезі өзгермейді дегеннің тілін кесер едім», – деп періште пейілмен қара жер үстіне мейман боп келіп, тірліктің сан түрлі түрленгенін көріп,  сан тағылымын танымай бойкүйездікпен, аңғалдықпен адамшылығынан тайып не жағымсыз әрекеттерді жанына жұқтырғандардың да өмірде сәулелі іске себепкер бола алатынын, соның үшін алдымен ақылға айла жүгінтпей тұрып, сабырға салмақ түсіріп бойындағы кірді тәннен ажырату керектігін бағдарлады. Осылай кесіп айтқан данышпанның ойын исі қазақ, алайда, іс жүзіне бүгінгі тұста асырып жатқан жоқтығын орай келгенде омпы түспес алшышыл сақадай сөзге сүйеу еткіміз келеді.

Өз ұлтын шексіз сүйген шығармашылық иелері жетерлік. Алайда жаны мен тәні хакімдік мұхиттан жаралған Абай Құнанбайұлындай қазаққа жаны ашыған, қазақты сүйген адам көп емес-ау. Бар болғанның өзінде де оның бәрі Абайдың:

Туған жерді қия алмай,
Тентекті жеңіп, тыя алмай,
Әлі отырмыз ұялмай,
Таба алмадық өңге елді.
Адам деген даңқым бар,
Адам қылмас халқым бар,
Тұла бойым шерменді,
– деп шемен-шерлі кеуденің күйігін шығарған қайран данышпан сол елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап өтті-ау. Содан барып: «Қазақтың бірінің-біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», – деуі немесе: «Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, яки баласы емес. Мұның бәрі – қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек», – деп қамсыз елдің қоңыр тірлігіне, ескішілдігіне күйінгені өз ұлтын сүйген адамның ғана көкірегінен жылыстап шығар тұнық та ащы пайым емес пе?

Біріңді қазақ, бірің дос, 
Көрмесең істің бәрі бос,
– деген ұлағатты сөз әрбір қазақтың ұранына айналар, Алланың кәләмінен кейін ауызға алар сөзі болса ғой. Осы бір арман жетегіндегі пұшайман пікірді емексітіп отырып тағы да данышпанның:

Әркімде-ақ бар ғой туысқан,
Қайсысы жауды қуысқан?
Күн жауғанда қойнында,
Күн ашықта мойнында,
– деген жырын ойға аласың. Бұл зайыры көк өзегіне кие қонбай, бес күн жалғанның дүниесін бөліске салған, сырттай бүтін көрінген талайларға бағышталған, боямасыз суреттелген жыр. Қары бір қарындасың, қаны бір бауырыңа тыжырына отырып, оқыс ақын тапқырлығына, көрегендігіне таңданасың. Екіұдай сезімнің: көптің күйкі тірлік үшін кержеңдесіп, басына іс түскенде бауырын паналап, былайда жақынынан жалт бергіштігіне назалы бола отырып, осындай кертартпа кейісті, мерез мінезді айна-қатесіз айшықтаған ақылманның кенді кеудесінен көркем сомдалып шыққан жыр задына тамсанасың-ақ.

Иә, бейнелеу мен кейіптеу, суреттеу шеберлігі тұрғысында көркем әдебиетте өз қолтаңбасы қалған талай-талай марқасқа талант-тақсырлары бар. Кешегі Абай үрдісін жалғап, Абай мектебін жаңғыртқан Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Бернияз Күлеев, Шәңгерей Бөкеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ілияс  Жансүгіровтерден тартып, «алтын ғасырлық» атауға ие өткен ғасырдағы небір дүлдүл ақын, көсемсөз шеберлерінің суреткерлігі таңдай қақтырса, Абай поэзиясында бұл сипаттар тіпті, ғажайып биік өреден шыққан. Мәселен, бір ғана «Ақ қиімді денелі, ақ сақалды, соқыр мылқау танымас тірі жанды. Үсті-басы ақ қырау, түсі суық, басқан жері сықырлап, келіп қалды», – деген «Қыс» өлеңін алайық. Қытымыр қысты дәл осылай суреттеу адамзаттың алыбы – ақын Абайдың ғана поэзиясының еншісі-дүр.

Ұлы жаратушының адамзатқа түсірген заңдылығына, дініне бекем болған данышпан адам баласына да қаратып:

Адам бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Менімен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі ол баяғы,
– деп жыр түлеткен.

Сірә, адам баласының тәкаппарлығын тыйып, өрекпіген аспаншыл көңіліне осы бір жыр жолдары ем болатындай ма, қалай? Адам тұрпатын осыдан артық қалай суреттеуге болады? Тіпті, діни хадистерді тәпсірлеп жеткізген дін ғұламаларының: «Ей, адам баласы, несіне тәкаппарланасың! Бір емес, екі рет нәжіс шығатын жерден шықпадың ба?» – деп келетін ғибратты сөздерінің өзі ащы шындық болса да, нәпсіге ауыр, көңілге қатты тиетін пайым ғой. Ал данышпан Абай дәл сол сарындағы адам баламасын көркем түрде «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы» деп жырға қосты.

Абай Құнанбайұлының поэзиясында қамтылмаған тақырып, қозғалмаған мәселе қалмаған. Тіпті, ақылманнан сөз артылмағаны қазақ әдебиетінің арғы-бергі қаламгерлерінің бас шұлғи мойындайтын тұсы. Сонда «Ғашықтың тілі, тілсіз тіл», – деп махаббат тақырыбын қозғаған ол:

Қара көз, имек қас,
Қараса жан тоймас.
Аузың бал қызыл гүл
Ақ тісің кір шалмас. Немесе:
Сіз – жалын шоқ, біз– бір май,
Ыстық сөзің кірсе ішке,
Май тұра ма шыжымай?!
– деп  толғанады. «Беу, шіркін» дерсің бұл тұста. Ыстық сөзі ішіне кіргенде жүрегі балқыған серінің серті де бекем болмай ма? Арудың асыл қасиетін аспандату да, құр құмарлыққа елту де жоқ. Тек шын сүйген жүректің шырынын ғана баян етіп, қағазға төгу, өлеңге өзек ету ғана бар.

Иісің – гүл аңқыған,
Нұрың – күн шалқыған.
Көргенде бой еріп,
Сүйегім балқыған.

Ақ тамақты арудың асыл қасиетін, махаббаттың оттай ыстық екенін Абай осылай жыр етеді. Ал ару сыры мен сыны, оның көркем келбеті секілді асыл қасиеттерін суреттеуде данышпан:

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы
Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.
Жіңішке қара қасы сызып қойған,
Бір жаңа ұқсатамын туған айды.
Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,
Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды.
Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,
Сықылды қолмен тізген, қайнайды.
Сөйлесе, сөзі әдепті, әм мағыналы,
Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.
Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар,
Үлбіреген тамағын күн шалмайды.
Тақтадай жауырыны бар, иығы тік,
Екі алма кеудесінде қисаймайды,
– деп толғанады. Осыдан артқан әйел болмысына, сыр-сымбатына айтылған көркем суреттеу, ерекше баға болмас.

Қарағым, бермен кел, 
Бізге де көңіл бөл,
– деген секілді көптеген ғазал жазып ғашықтықтың ғажайып тылсымын тамылжыта жырлаған хакімнің дін тақырыбында да толғаған жырлары жетерлік. Соның бар мәні – Алланың ұлылығын мойындау, кәлләмін темірқазық тұтуға үндеу. Шындығында Ұлы Абай жаратушының тылсым сырларына сана жетелетуге құмар болды. Оның бар, бір, хақ екенін насихаттады. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, рас сөз ешқашанда жалған болмас», – деуі оның бір айқын айғағы болса керек-ті. Сол секілді:

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа, 
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар жалғанда онан басқа,
– деуінің немесе:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті,
– деуінің өзі адамның ең басты адам болып жаралуының түп-төркініне негіздегендей. Ал шындығында адам ақылының, арман-қиялының шет-шегі жоқ деген қалыптасып кеткен көзқарас, пайымға тоқтау салған Абай, Алланың ғана шексіз екенін, шектеулі санамен шексіздікті ұғып болмайтынымызды айрықша атап өтті. Міне, осындай ұлы ойларды соңына қалдырған данышпанымыз өз кезінде орыс ақындарының да шығармашылығын қазақ тіліне тәржімалады.

Абай аудармасы – қазақ әдебиетінің аударма саласындағы ең жемістісі. Өйткені ақылман ақындай көркемдіктің шыңына жете тәржімалаған туындылар сирек. Пушкин, Лермонтов, Крылов, Полонский сынды бірқатар ақынның жырын қазақша сөйлеткен ұлы ойшылымыз сол шығармалары тіпті қазақы ұғымға айналдырып, өз қаламынан туған туындыдай айшықтаған-ды. Мәселен Пушкиннің ішкі сыры молынан ақтарылып-төгілген «Евгений Онегин» туындысындағы орыс ақынының:

Как рано мог он лицемерить,
Тайть надежду, ревновать,
Разуверять, заставить верит,
Казаться мрачным, изнывать,
– деп басталатын Онегиннің психологиялық портретін Абай:

Жасынан түсін билеп, сыр бермеген,
Дәмеленсе, күндесе білдірмеген.
Нанасың, не айтса да амалың жоқ,
Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген,
– деп тәржімалаған. Бір қарасаң Абайдың сөзбе-сөз де, мазмұнға сай да аударма жасайтыны, оны қазақы таным бойынша мөлдірететіні осы тұста айқын аңғарылады.

Осы секілді сан туындыны тәржімалаған Ұлы Абай тәржімаларынан қазақы пайым мен қазақы ойдың, пәлсапа мен теңеудің, іркес-тіркес баламалардың, қазақы суреттеудің жұпары аңқиды. Осыдан-ақ, ақындықтың алтын діңгегі болған, Ахмет Байтұрсын- ұлы айтқандай: «Қазақтың бас ақынының» ұлы қырлары өзінен-өзі менмұндалай түсетіндей.

Арғы-бергі шетел әдебиетін түгесіп, өз кезегінде болыс болып билікке араласып, елдің қамын, қамын болғанда да рухани кеңістігінің кенен болуын тілеген, өркениетке ұмсынғанын қалаған хакім артына өшпес мұра қалдырды. Сол мұраның әрбір тармағын, әрбір сөзін талқылау қаншама мыңдаған танымдық материалдарға, эсселерге арқау болды десеңізші. Тіпті, прозалық туындылар да оқырман олжасына айналып кетті. Соның бәрін жоғарыда атап өттік.

Дегенмен, алтын шыққан тауды үңгіп қазып мыңдаған ғалым кенен тұлғаның кемел туындыларын саралап жатса да, Абайды ұлы деп ұлықтасақ та, шын бағасын сол қаламгерлерден гөрі данышпанның өзі беріп кеткендігін айта кеткен жөн. Ол: «Әрбір ғалым хакім емес, әрбір хакім – ғалым», - деген. Яғни, хакімдіктің ғалымдықтан да жоғары екенін айқындаған. Сондықтан да біз де Абайдай ұлы мұхиттың ұлы шығармашылығына түпкілікті бойлай алдық деп айта алмаспыз. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген дара ақын даналығымен ұлы тереңдікке қатари-халдің келгенінше сүңгідік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланғаннан кейін де абайтану мәселесі айтарлықтай серпін алып келеді.  Сол ғылыми сананы біз одан әрі жаңғыртып, кемелдендіріп, Жидебай көгінен жалпақ жұртқа жарық шашқан дара жұлдызды бағдар етуіміз керек. Сонда ғана ұлылық кәусарына қанып, шын мәнінде рухани жаңғырмақпыз. Өйткені, Абай – адамзаттың алыбы! Қазақтың құбыласы! Түркі халықтарының темірқазығы!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ