ДӘУРЕН АБАЕВ: "РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ШАРАЛАРЫ ЕКІ ЕСЕГЕ ҚЫСҚАРДЫ"

Уақыты: 06.02.2020
Оқылды: 1126
Бөлім: ТҮПСАНА

ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысы онлайн режимде өтті. Жиынды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев жүргізіп отырды.

Жиынды ашқан Қырымбек Елеуұлы 2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында істелген іске кеңінен тоқталып, алдағы жылдың жұмыс жоспары жайлы қысқаша айтып өтті. Бұдан кейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жасалған жаңа жоспармен таныстыру үшін сөз кезегін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа берді.

– Мемлекеттік хатшымен бекітілген жұмыс жоспары 122 бөлімнен тұрады. Жоспар негізгі үш бағытта жүзеге асырылады. Біріншісі – жеке даму. Екіншісі – ұлттық бірегейлік пен халықаралық таныстырылым. Үшіншісі – мемлекеттің, азаматтық қоғам мен жергілікті қоғамдастықтардың дамуы. Бұған дейін айтқанымдай, биыл құжат бойынша шаралар легі екі есеге қысқарды. Осы шаралардың үштен бірі ғана форумдар мен фестивальдардан, сайыстар мен конференциялардан тұрады, – деді Дәурен Абаев.

Республика бойынша ауқымды іс атқарылғанымен кей өңірлерде жұмыстың сапасыз істелгені байқалған. Қырымбек Елеуұлының баяндамасында қарқынды жұмыс атқарғандардың қатарында Жетісу жерінің аты аталып, ағымдағы жылы да осы қарқыннан таймайтынына көзіміз жетті. Мұны облыс әкімі Амандық Баталовтың Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевқа берген есебінен байқадық.

– Облыс бойынша өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 585 жоба мен іс-шара жүзеге асырылды. «Туған жер» бағдарламасы бойынша жеке меценаттың қолдауымен Қарасай ауданының Шамалған ауылында «Үшқоңыр» дене шынықтыру және сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Франция, Германия, Ұлыбритания және Польша елдерінің халықаралық сарапшылары мен ғалымдарының қатысуымен алғаш рет «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениетті ілгерілету» атты конференция, сондай-ақ, Халықаралық Түркі академиясы өкілдерінің қатысуымен  «Ұлы даланың мәңгілік мирасы – Манас» тақырыбымен  қазақ-қырғыз зиялыларының ІІІ форумы ұйымдастырылды, –  деп атап өтті ол.

Мұнан кейін Амандық Ғаббасұлы 2020 жылы "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жасалған жұмыс жоспарына тоқталды.

– Жоспарға сәйкес, 200 жоба мен іс-шара жоспарланған. Өңірде ағымдағы жылы «Ескерткіштер – ел тарихы» жобасын іске асыру, «Тұғырлы туым» халықаралық форумы, «ТҮРКФИЛЬМ» фестивалін, «Жетісу арба бәйгесі – 2020» турнирін және «Жетісу – атамекенім» суретшілердің республикалық пленэрін,  «IQ дода» зияткерлік сайысын өткізу жоспарлануда. Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы және хакім Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын өткізу мақсатында жоспар әзірленді. Ағымдағы жылы Талдықорған қаласында Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, Талдықорған қаласында «Мәдени мұра» археологиялық және өлкетану музейін ашу жұмыстары ойда бар, – деп баяндамасын түйіндеді.

Жиын соңында облыс әкімі жоспарды жүзеге асыру бойынша тиісті басқармаларға міндет жүктеп, нақты іске көшу қажеттігін қадап айтты.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ