Бүгін біз түзелмесек, ертең ел түзелмейді

Уақыты: 30.01.2017
Оқылды: 3632
Бөлім: ТҮПСАНА

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,  филология ғылымдарының докторы, профессор:

Ерсілі-қарсылы жүгірген оқушылардың ортасында ойын қуудың орнына ылғи да оңашаланып, жон арқасымен жатаған тамды жағалай адымдайтын кенеп көйлекті қара бала қоңырау соғылған сайын барымтасын жасырған баукеспедей қуыстанатын. Үзіліс кезінде мектептің көне қабырғасына ту сыртын тіреп, шаң астында шұрқырасқан шуылдақтарға көз қиығымен қызыға қарайтын еді. Сол сәт әжесінің тебенімен тігілген түкті шалбарының ышқырын сәл тартып, бөксе тұсындағы кере қарыс жыртығын жанындағылардан жасырып, тілім-тілім алақанымен көлегейлеп қоятын. Баланың сондағы бар уайымы – жамбасындағы жыртығын әлдекім көріп, бүкіл мектептің мазағына айналып кетпеу. Жыртық шалбарын қабырғамен жасырған өнерпаз оқушының он жасында әкесі көз жұмып, тағдырдың кермек дәмін тым ерте татты. Бірақ білімпаз бала қайысқан жоқ. Анасы марқұм кішкентай жетімекті бастауыш сыныптың білімімен қалдыра салмай, оқуын жалғастыру үшін қимай-қимай алысқа аттандырды. Тумысынан он бір башпайы бар баланың баянда ойнайтын өнерінен бөлек, білімге деген құштарлығы талай жанды таңырқатты. Әлі есінде, туған ауылынан алыстап, алғашқы оқу жылын үздік аяқтағанда мектеп меңгерушісі: «Шалбарыңның арты жыртылып жүріп бесінші сыныпты ең үздік болып бітірдің. Сенің келешегің зор. Келешекте кім болғаныңды көрер ме едім, шіркін! Қиындыққа төзе біл. Алған бетіңнен қайтпа!» – деп айтқанда көңілі босап кеткен. Әсіресе, мектептегі марапаттау шарасына анадайдан алып-ұшып, Қаражан атты арғымақты орағытып мініп келген ағасы Шымыртайды қалай ұмытсын?! Тұлпардың терге малшынған денесін қайта-қайта сүйгіштеген балаға әкесінің жоқтығы сонда ғана батып, сағыныш пен қайғының көз жасын төгіп жіберген. Ат үстіндегі ағасының да ағыл-тегіл жылағаны әлі көз алдында. Ең жаманы, артық өскен башпайын жабатын жаздық аяқкиімге жарымай бір, жыртық шалбарын жамауға жағдайы жетпей екі қиналған жылдары есінен кетсеші.

Қазақты қынадай қырудың қыруар жолын ойластырып қойған Сталиннің сұрқай саясатымен бас көтергеннің бәрі оққа байланды. Үрей билеген үркіншілік заманда дүниеге келіп, балалығын сұрапыл соғыс ұрлаған қиын тағдыр иесімен тілдесу тек тәуелсіз елдің Астанасына жол түскенде ғана мүмкін болды. Көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВПЕН арада өрбіген емен-жарқын сұхбат кешегі мен бүгінгінің көкейкесті тақырыптарына арналып, қисыны қашқан құндылықтар мен бағасы артқан арзан дүниелерге руханият дүрбісінен шынайы пікірлер айтылды. Ғалым ауыртпалыққа толы балалығын тарқата отырып, соғыс жылдарындағы қазақтың өмірінен сыр шертті. Әдетте, балдәурен шағын еске алған адам жүзі жадырап, аракідік күлімсіреп сала беруші еді. Байқағанымыз, қарсы алдымда отырған профессорда ондай нышан жоқ. Көз алдымнан шапқыншылыққа ұшырап, шұбыра қоныс аударған ашқұрсақ Алаш жұртының қаралы көші өткендей. Одан қала берді ұлт үшін атқа қонған арыстар, олардың атылар алдындағы ақтық сөзі, Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы, Отан үшін отқа түскен қазақтың ерлері мен қайсар қыздары, әдебиет пен өнерге астыртын жасалған қысым, ұлтсыздандыру жолында жүргізілген көші-қон жайлы зіл-батпан зұлматтар бірінен кейін бірі тізбектеле бастады. Ғалым балалығы мен жастық шағынан сөз қозғаса, ұлт тағдырына төнген ауыртпалықтардан ауытқып кете алмайды.
– Соғыс жылдарында, – деді профессор қабағын жазбастан. Аппақ қырау шалған басы Алатаудың мәңгілік қар арылмайтын мұзарт шыңы тәріздес, – әсіресе, бастапқы күндері ауылға хат келсе, алақайлап жүгіретін едік. Әлгі хатты дауыстап оқуға, қан майданда жүрген әскерилердің өмірін білуге асығатынбыз. Көп шуылдақтың ішінде біз де хат тасып, үйді-үйге жарыса жүгірдік. Алғашында қуанысып, ұлдарының жазуына сүйініп отыратын отбасылар біртіндеп қара жамылды. Хат тасушы адамды көрсе, ауыл тұрғындары айналып қашатынды шығарды. Пошташыларды қаралы хабарды жеткізушілер деп жек көріп кетті. Менің ағам соғыстан оралған жоқ. Қаншама сарғайған жеңгелерді көрдік. Қаралы хабар келіп қойса да сенбеген небір адал жарларды білеміз. Өмірінің соңына дейін адалдық танытқан, ер адам тарапынан түскен талай ұсыныстарға үрке қарап, соғыста өлген күйеуін сарыла күткен жеңгейлерді көріп өстім. Бәлкім, ол уақытта жеңгелерімнің соншалықты сарғая күткенін жете түсінбеген шығармын. Алайда бүгін ойласам нағыз ерлік екен ғой. Бұл қазақтың тектілігі әлі жоғала қоймаған, тұнығы лайланбаған таза уақыт болғанын кейін түсіндік.
Ғалым көзін бір нүктеге қадаған  күйі үнсіз қалды. Сол бір тазалықтың жұрнағы бүгін бар ма деген мәселеге кеңінен тоқталып өтті де, қанша дегенмен де қазіргі құндылықтың өзгергенін сөз етті. Соғыс жылдарында жүгерінің ұнын жеп өскен жеткіншек кенеп матадан тігілген киім ғана киді. Әсіресе, соғыс жылдарында әрбір мезгілдің өзі адамға ауыр тиіп жатты. Мәселен, қыс көбесі сөгіліп, көктем келген шақта Мырзатай бастаған балалар бірінші қуанатын. Өйткені, дәл сол уақытта ауыл сыртындағы ши түптерін бойлап қалың жуа шығады. Жуа – тіршіліктің көзі. Әлгі шуылдақтардың терген жуасына аздаған айран қосып жіберсе, асылған еттен кем түспейтін еді. Соғыс уақытында бірқатар отбасы жуаны кертіп жеп аман қалғанын қалай ұмытармыз? Балалық шағын қайғыра еске алған ел ағасы бүгінгі жастардың бәрін бар деп ұғынатынына, жағдайдың жасалып қойғанын заңды құбылыстың бірі деп қарайтынына қынжылды. Оның айтуынша, жастар берекелі өмірдің қалай орнайтынын жан-жақты түсінуі және бейбітшілікті бағалай білуі қажет.
Тебірене сөйлеп отырған тұлғаның жастық шағы мен бүгінгі ұрпақтың бастан кешкендерін салыстыру әсте мүмкін емес. Мырзатай өмірге келерден біраз уақыт бұрын ауылынан сәуегейлікпен шұғылданатын сығандар көші өтеді. Айы-күні жетіп отырған анасы әлгі тобырдың ішінен қазақша түсінетін біреуімен тілдеседі. Сонда көріпкел әйел: «Ұл туасың. Оң аяғының нысанасы болады. Дәулетті өмір сүреді», – деп тосылмай айтып кетіпті. Иә, Мырзатай өмір есігін ашқан уақыт үрей мен қорқыныштың заманы еді. Мемлекетке қарсы бірауыз сөз шықса, жиырма жылдап мұз құрсанған аязды далаға айдалып, нақақтан-нақақ атылып кететін. Ғалым бақытсыз балалығын әңгімелеген сайын үнсіздікке көбірек бой алдырды. Жадында сол сұрапыл жылдардың жаңғырып тұрды.
– Расында да әлгі сәуегей әйелдің айтқаны келді. Менің оң аяғымда алты башпай бар. Бала кезімде артық өскен башпайымды жасырғым келетін. Бірақ жаз бойы аяқ киім табылмайтын. Жалаң аяқ жүретінмін. Аяқ киім тапқандарға қызыға қараймын. Ән айтып, баян тартып көптің ортасында жүрдім. Сол уақытта әлгі башпайымды жасыру үшін сол аяғымды оң аяғымның үстіне қойып алатынмын. Ұялған түрім ғой, – дейді Мырзатай Жолдасбеков.
Соғыс аяқталған уақыт. Бірақ ел ішінде жоқшылық әлі де бар. Қазақ әлі салтынан арыла қоймаған. Қанша жерден теке сақал Голощекин отырықшылыққа үйреткісі келгенімен бұйдаға көнбейтін еркін рухты халықты түбегейлі көндіктіре алмапты. Мырзатайдың жастық шағында туып-өскен ауылы көшіп-қонып жүрді. Қыстан ілдалдап шыққан отбасылар шөп-шалам жеп көктемді өткереді де, жаз бастала салысымен жайлауға көшеді. Қара бала сол көштің салтанатында, бел ортасында өмір сүрді. Атап өтерлігі, жадынан жайлау төріндегі ақ шаңқан киіз үйлер өшкен емес. Көл жиегіне қонатын алақандай ауылдың той-думаны таусылмады. Әсіресе, жоқшылықта жүрген ауыл балалары жайлау төсінде асыр салып, майлы ас жеп, әбден аунап-қунаушы еді. Жайлаудағы шақтан әңгіме өрбісе болды, Мырзатайдың құлағына бірден күбінің дыбысы келеді. Қаз-қатар тігілген киіз үйлердің ішінде кимешек киген әйелдер қауымы кезек-кезек күбі пісетін. Күбіден шыққан дыбыс бүкіл жайлауды жаңғыртып, құдды бір оркестрдің үніндей әуезді музыка болып естіледі.
– Таңертең ұйқыдан тұра сала әжемізден май сұрайтынбыз. Майды екі алақанымызға салып, ерітіп жалаушы едік. Өте тәтті болатын. Ал ақ кенептен көйлек, дамбал тігіп берсе, кешкісін тіреудегі шегеге іліп, қашан таң атады, қашан киер екенмін деп таң атқанша көз ілмеуші едік. Бүгінде балалар дүниенің қадірін білмейді, бағаламайды. Дүние өзінен өзі ағылып келіп жатқандай көреді, – дейді биыл мерейлі 80 жасқа толатын руханияттың бас сардары.
Ғалым апасының кейде төсекті далаға салып беретін ең керемет шағынан сөз қозғады. Түні бойы тоңатын даланың жыландары тәтті ұйқыда жатқан Мырзатайдың қойнынан кіріп кетеді екен. Бала таңертен оянса, тостағандай болып иіріліп жатқан жыланды көреді. Әбден үйреніп кеткен қара бала жыланнан еш қорықпайды. Өзің тимесең шақпайтын жылан да күн көзі жылынғанда көрпе астынан сырғып түсіп, жайымен кетіп қалатыны бар еді. «Кешкісін қой, ешкі сауылады, біз қозы-лақты көгендейміз. Апаларымыз ошаққа отты лапылдатып жағып, сүт пісіреді. Сол кезде кеш қараңғылығы қаумалаған ауыл бірден жап-жарық болып кететін. Біз қораның төрінде отырып, жұмбақ, ертегі айтысамыз», – дейді ғалым қанша ауыртпалыққа толы болса да балалығын сағына еске алып.
Он бес жасына дейін қара бала жалаңаяқ жүрді. Әсіресе, жаз мезгілінде табаны қалың көн теріге айналып кететін. Ең қиыны – бастауыш сыныпты аяқтаған жылы алыс ауылда жатқан бөлесінің үйіне көшкені. Ысқақ бөлесі Мырзатайға әбек болып қуана қарсы алып, ауылындағы он жылдық білім ошағына орналастырғанымен, жеңгесі жалаңаяқ жартылай жетімді шеттетіп жүрді. «Жығылған үстіне – жұдырық» демекші, бірде ғалымның қамқор бөлесі жала жабылып, сотталып кете барады. Әбден қаһарына мінген жеңгесі кішкентай баланы балағаттайды. Ысқақтың қамалғанын осыдан көріп: «Мысық тілеу, аяғы құтсыз, жетімек», – деп жазғыра береді. Мұндай ауыр сөз бала жүрегін жаншиды. Алайда қайткенде де білімнен қол үзбеуді ойлаған ол айлап басқа үйлердің есігінде қонып жүріп мектепке барады. Ал бөле жеңгесі қара баланың айлап жоғалып кеткеніне еш алаңдамайтын.
Әркімнің есігіне бір түнеген мектеп оқушысын кейбіреулер әкесі арқылы танып, маңдайынан сипап жататын. «Қайран Жөкеңнің көзі екен ғой! Шырағым-ай!» – деп мүсіркеп түнеткендер болды. Тіпті, әкесі Жолдасбектің жақсылығын көрген кейбір кісілер көзінің жасын сығатын. Ақыры, азапқа толы ауылдан облыс орталығындағы мектеп-интернатқа ауысады. Онда да өз күшімен талпынып, оқудан біржолата қол үзбеуге бел байлайды. Сол жылы облыс орталығындағы интернатқа орналасып, 6-сыныптан бастап сонда оқиды.
– Интернатқа орналасуым да қызық. Алыстан келген қап-қара баламын. Құжаттарым түгел емес. Әрине, қабылдамай қойды. Қалайда оқимын деп интернаттың ауласында кешке дейін жылап жатып алдым. Ауылға барып, құжаттарды түгендеп, қайтып келгенше уақыт өтіп кетеді, қабылдау мерзімі бітіп кетуі де мүмкін. Сүйенер ешкімім жоқ. Қалаға да жалғыз өзім әупірімдеп жеткенмін. Кешкісін жылағаннан көзім білеудей болып ісіп кеткен мені интернаттың меңгерушісі көріп қалып, үйіне алып кетті. Ертеңіне қабылдандым.
Ғалым ойлы көзбен терезеден көрікті Астананың асқақ ғимараттарына ұзақ уақыт бойы үнсіз көз салып отырды. «Талдықорған қаласын жақсы білемін. Сол жерде ұзақ жыл абыройлы қызмет атқардым, – деді кенет бар назарын Жетісу өлкесінің орталығына қарай бұрып. – Сағынамын сол жылдарды. Өмірімнің әр өткелінде қалың сағыныш жасырынып жатады. Кейде соның бәрін еске түсірген сайын шарапаты тиген, аузын ашса жүрегі көрінетін асылдар ойыма оралады. Олардың кейбірі қазір ортамызда жоқ. Мен біздің буынның зиялыларын көрсетіп «Асылдарым» деген естелік мақала жаздым. Ал тірілерін әлі күнге дейін құрмет тұтып, етене араласып, сыр шертісіп тұрамыз». Кейіпкерім орнынан көтерілді де, ту сыртындағы иін тірескен кітаптардың арасынан жұқалтаң жинақты суырып алды. Сөйтсек, өзінің үзеңгілесі, досы, сырласы, замандасы, әйгілі сазгер Илья Жақанов эссе-элегия жазыпты. Сиясы кеппеген туынды былтыр ғана шығыпты.
– Кітап оқудан қол үзбеу керек. Әсіресе, жастар жағы рухани байлықтың бәрі кітапта жатқанын сезінуі тиіс. Мұнда автор менің сазгерлік өнерім туралы тебірене жазыпты. Ел арасына тараған талай әндерім мен күйлерімнің шығу тарихы туралы ой қозғайды. Оқып көр, – деді ел ағасы кітапты қолыма ұстатып жатып. Мен ұлтын сүйген арда азамат ұсынған қымбат сыйлықты қос қолыммен аялап, парақтап ашып көз жүгірте бастадым. Кітаптың атауы – «Дүние шіркін...» Тақырыпты оқи сала жүректен-жүрекке жететін әйгілі әннің әуені құлағыма құйылды.
Дәурен көшіп барады қарайламай,
Құбылады күн сайын қалай-қалай?
Сенің алтын сәулеңе не жетеді,
Жарқыраған тіршілік шарайнадай.
Мырзатай Жолдасбеков туған ауыл өнерлілердің құт қонған ұясы еді. Әйгілі Сүгір ат ізін жиі салатын ауылдың нәзік жандарына дейін қылқобыз тартып, маңайды думанға бөлейтін. Алыстан келген домбырашылар, күйшілер, әншілер осы ауылда айлап жатады. Мырзатай үлкендердің тізесіне отырып, небір халық әндерін тыңдап, батырлар жырын жаттап өсті. Бүгінгі келбетінен сол кезде көңілге тоқыған құнды дүниелер көктемгі өзендей тасқындап, арнасынан асып, тарам-тарам болып жаңа жыраларға құйылып тұрғаны ап-анық аңғарылады. Ғалым жүрегін сыздатқан тақырыптарға ойысты. Орындығында біресе шалқалай, біресе тіктеліп отырған қалпы өз ойын сабақтай жөнелді. Әңгіме ауанына қарай жүзі де құбылып, әр сөзі тыңдарманның жүрегіне бірден жетіп отырады. Қоғамның дертіне айналған мәселелерді көтергенде қабағы тарс түйіліп, ал қуанышты жаңалықтарды бөліскенде, жадырап шыға келетін ғалымнан еліне, жеріне деген шынайы сүйіспеншілік сезіледі.
– Басыңнан өткен әрбір күнді, әрбір оқиғаны түгел есте сақтау мүмкін емес. Есте сақтаудың жалғыз жолы – күнделік жазу. Күнделік жазбасаң, соққан жел, көшкен бұлт секілді өміріңнен із қалмайды. Мен күнделікті кеш жазғаныма өкінемін. Күнделік жазбағанның, оның қадірін білмегеннің кесірінен балалық, жастық, есейген шағым өткен күндердің елесі ғана болып қалды жадымда. Өмірімнің көптеген қымбат сәттері, не бір оқиғалары сағымға айналды, көмескіленді. Жердің жүзін шарқ ұрып, үш айналсаң да табылмайды енді. Бәрін де есіңде сақтайтын, ұмыттырмайтын кұдірет – күнделік. Шежірең анық, өмірің келешек ұрпаққа ұғынықты болсын десең, күнделік жаз. Күнделікті лаж болса, үзбей жаз. Мен күнделікті 1993 жылдың қараша айынан бері жазып келемін. Содан бергі өмірімнің әрбір сәті жадымда, – деді ел ағасы қалт жібермей тыңдап отырған бізге.
Профессордың айтуынша, күнделік – сырласың. Онымен сырласуға, сөйлесуге мүмкіндік бар. Ол – сенің сыңарың, жан досың. Сонымен бірге, сыншың да, төрешің де осы. «Қолыңа қалам алып, күнделіктің бетін ашсаң, уақыт, заман, адам туралы толғанасың. Өзіңді мазалап жүрген, толғандырып жүрген ойлар қағазға түседі. «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады?» – дегендей, тіршілігінде әртүрлі бағаланатын адамдардың дүниеден өткен соң бәрінің де жақсы болып шыға келетіні – біздің әлі де жалпы адам баласын, тектесіңді, тұрғыласыңды, жақыныңды тіршілігінде бағалай алмайтындығыңнан. Біз жақсының да тірісінде қадіріне жете бермейміз, сыныққа сылтау іздеп жүреміз. Тырнақ астынан кір іздейміз. Қиянат жасаймыз. Кейін опық жеп, өкініп қаламыз. Сондықтан бір-біріңді тіршілікте бағалағанға, қадірлегенге не жетсін?!» – дейді ғалым.
Мырзатай Жолдасбеков өзім деген адамдарымызды, жаныңда жүрген ең жақындарымызды бағалай алмайтынымызға өкінеді. Кейде аға буын надандыққа барып жатады. Дәлірек айтсақ, өзінен кейінгі жастардың ертең кім боларын білмей, жерден алып, жерге салып жататындар бар. «Өзің біліп тұрып кісінің білмегендігін кешірмесең білгендігің қайсы? – дейді қазақтың көне жазуларын тірілтіп, түркілердің тарихын тереңнен зерттеген ғалым. – Егер адам баласы бірінің қадірін бірі білсе, қабілетіне қарай бағалай алса, бәлкім мемлекет арасында да, ел-жұрт арасында да, тіпті өз бауырларымыздың арасында да өзгеше ахуал қалыптасуы мүмкін. Онда заман да, тіршілік те, дәурен де басқаша болар еді. Мен адам баласының бір-бірімен өштесіп, тіпті соғысып жататынына таңым бар. Бірін-бірі кекетуге, мұқатуға, ғайбаттауға шебер-ақ. Бірінің жүйкесін бірі тоздырып жатады. Кейбіреулердің қызғаныштан іші өртеніп, дау-жанжал, өсек-аяңмен өмірін қысқартып жатады. Әйтпесе, тырбаңдаған тасбақа мен қалбаңдаған қарға үш жүз жыл өмір кешіп жатқанда, адам баласының ақылы жетіп тұрса да, ұзақ жасай алмайтынына не шара?!»
Ғалым бұл турасындағы ойын «Күндерімнің куәсі» атты еңбегінде дамыта түседі. Бар өмірін оқырманға жайып салатын ақ жүректі адам жазған күнделігін де жасырып ұстаудан аулақ. Мырзатай Жолдасбеков елдегі дін, тіл, отаншылдық рух және жастардың білімі, алғырлығы төңірегінде терең ойланады. Әр ойдың түбіне түскен сайын бүкіл елге бағыт беретін келелі сөз айтады. Кәдімгі Алашты адастырмайтын абыздың сөзі. Кесек-кесек кеңес ақыл айтқанды жақтырмайтын кейбір жартыкештердің өзін ойландырып тастайтындай. Әттең, мына заманда технология қарыштап дамыса да, достық, адалдық, мейірім секілді ізгі сезімдердің бағасы тым арзандап барады. Тіпті, жеке бастың пайдасына шешілгелі тұрса, адамдар рухани құндылықтарды оп-оңай аттай салатын болды. Ғалым адамгершіліктің арзандап кеткеніне налыды.
– Адам баласының өмірі, алдымен өзіне, қала берді қоршаған ортасына байланысты. Жас күнінде өліп-талып қосылғандардың есейе келе, иттей ырылдасып күн кешетініне таңмын. Кейде ата жауынан да артық сөз айтып, неше түрлі қысастыққа баратындары өкінішті. Құс та балапанын, ит те күшігін аймалап жатады емес пе? Ит құрлы болмағанымыз ба дегің келеді. Бүкіл әлемді алапаттау, жер бетін өртеп жіберу де тек адамның ғана қолынан келеді. Біздің ең үлкен бақытсыздығымыз да сол адамзатты жойып жіберудің неше түрлі айласын таба білетіндікте.
Орхон-Енисей жазбаларына жан бітірген зерттеушінің заман туралы толғанысы тіптен бөлек. Мұндайда біз оны ғалым деуден гөрі ұлттың ұстазы ретінде қабылдайтынымыз жасырын емес. Университеттің шамшырағына айналған ұстаз бізге ақыл айтсаң шапшып шыға келетін рухсыз қоғамның қалыптаса бастағанын тілге тиек етті. Қауіптің бетін қайтару үшін ғалым сан мәрте сөз сөйлепті. Баспасөз бетінде арнайы мақала да жариялапты. Бірақ сөз тыңдамайтын қазақ әлі сол көрмейтін соқыр, естімейтін саңылау, айтпайтын мылқау қалпында келеді.
– Қазақ әлі көрінгенге жалтақтаумен, әлдекімдерге жалбақтаумен, табысын әр нәрсеге, әркімге шашумен, өз жақсысын өзінен қызғанумен келеді. Сұмдық-ай, бүгінде қазаққа ата мұрасынан, ата дінінен гөрі жаттың діні мен салтын қабылдау оңай болып тұр. Ата жолынан тайып, ұлттың тілінен, дінінен безіп, өзгенің дертін арқалап, солардың сөзін көтеріп, дәріптеп жүрген жастар көбейіп барады. Мұның арты неге апарып соғар екен? Жұрт осыны да ойланса жөн еді, – дейді Мырзатай Жолдасбеков.
Ел ағасы адамның жүрегін  кірлететін кедергілерге, ұрпақтың болашағына сызат түсіретін ұят қылықтарға тоқталды. Қазақ осындай жат қылықтарынан арылмаса, ертеңгі күні қылықты қыздарынан қол үзеді. «Қызға қырық үйден тыйым салған халықпыз. Еркіндіктің шексіздігі соншалық, жұрттың көбі осы күндері ұлына да, қызына да ие бола алмай қалды. Еліміздің келешегі солардың белінде жүргенін жастар ойлай бермейтін тәрізді. «Қарғадан қарға туар қарқылдаған», – деп Сүйінбай айтып кетті емес пе?! Тектіден – текті, тексізден тексіз туады. Қыздарымыз қарға туып жатса, қыранды қайдан табамыз? Мен мұны айтқанда, ой тоқтатып, көңіл жұбататын ештеңе таппағандықтан айтып отырғаным жоқ, теріс мінез, жат қылық етек алып бара жатқан соң айтып отырмын. Бір сұмдығы, осыны қазақтың бәрі біледі», – дейді ғалым күйініп.
Ұлт тұлғасы тағы да үнсіз қалды. Сәл шалқалай керілді де, ойлы көзін терезеге қадады. Сол сәт терезеден төгілген жарық сәуле алдағы үміттің баламасына ұқсап кетті. Ел ағасының еңгезердей ұзын бойынан бір кездері сайдың тасындай жігіт болғанын оп-оңай аңғарылады. Бірақ ұлттың рухани байлығы аласарған сайын ғалымның да екі иығы қушиып, еңкіш тартып бара жатқандай. Мен мына аянышты көріністі көп тамашалағым келмеді. Жүрегім сыздап сала берді. Әңгіме бағытын басқа арнаға бұруға талпынғаным сол еді, ғалым кенеттен:
– Ойдың жетегінде кетесің. Өзектен кетпейтін, ойдан шықпайтын, абай болатын мәселе – бала тәрбиесі, – деп ары қарай келелі сөзін өріп әкетті. – Біз одан айырылсақ, бәрінен де айырылып қаламыз. Бүгін сен түзелсең, ертең ел түзеледі. Ұлы дала, байтақ жер өзінің иесін табады. Жұрттың бәрі кісіліктің жолына түссе, елдің де көсегесі көгереді, керегесі кеңейеді. Сонда біз өнегелі ұлт боламыз. Тұтасамыз. Кемелденеміз. Кейде келешегіңді елестетсең ұйқың шайдай ашылады. Сөйтіп, қолыңа еріксіз қалам аласың. Ақ қағазға шағынасың.
Соғыспен тұспа-тұс келген балалық шақ енді қайтып келмейді. Егер сондай өмірдің сынағына ұшырамаса, бір кездегі қара бала кіндік қаны тамған Жамбыл жерінде қой бағып қала берер ме еді, бәлкім. Әр тақырыпта қалам тербейтін жазушының айтары әлі де көп. Кемеңгер ашылмаған қазына аралы іспеттес. Сұрақ қойған сайын ақылдың кені саулай төгіледі. Біз де қоғамда өзекті болып тұрған кейбір мәселелердің мәнісін білуге ұмтылып, ұлт ұстазының жүрек сөзіне құлақ түрдік. «Дін – кісіні парасаттылыққа, адамгершілікке, қайырымдылыққа, төзімділікке, ұстамдылыққа, сыйласуға, ел мен елдің арасын жақындатуға, табыстыруға қызмет ететін үлкен рухани күш, – деді қаламгер терең ойланып. – Рухани күштің құдіреттілігін біле алмасақ адасамыз. Мұны, өкінішке орай, шетел асып жатқан кейбір жастарымыздың қате басқан әрекеттерінен көріп те, біліп те отырмыз. Сонда қалай, ата-бабаларымыз мың жылдан астам уақыттан бері ұстанып, Ислам дінінен алған иман нұрымен ұлдарын батыр, қыздарын инабатты етіп тәрбиелеп өсірген халқымыздың дәстүрді ұстануы, бәзбіреулер айтып жүргендей, қате болғаны ма? Жоқ, керісінше, дана халқымыздың рухани сүзгісінен өткен ислам діні туралы қазақ түсінігін өз басым саф дер едім. Мұны, әсіресе, дінге жаңа бет бұрып жатқан жастар мықтап есте ұстағандары абзал».
Зерттеушінің сөзіне сүйенсек, дінді саясатпен де, саудамен де шатастыруға болмайды. Дін – күн көрудің кәсібі, көрінгеннің қолжаулығы емес, дін – ғылым, дін – тағылым, дін – парасат, дін – ғибрат, дін – ождан, дін – биік мәдениет. Дінге бару үшін үлкен ақыл, терең білім керек. Дін санаға, қанға, сүйекке сіңуі керек деп есептейді ғалым. Сонымен бірге, ол қазақтың мүддесін қорғайтын идеологияның әлсіздігіне қынжылды. «Өкініштісі, бізде мықты идеологтар болғанымен, нақты қызметтің өзі жоқ. Соның салдарынан бәріміз шөре-шөре болып жүрміз. Журналистеріміздің бастары қатып, ұлттық идеология тұрғысында әлі ой бөлісіп, пікір білдіруден аса алмай келеді. Ата Заңымызды қабылдағанда идеология туралы сөз кіргізуге барынша тырысып бақтым. Бірақ оным жүзеге аспады. Қазір енді біздің Ата заңымызда идеология туралы сөз жоқ. Біз идеологиясы жоқ елміз. Идеологиясыз Конституциямен өмір сүріп отырмыз. Ал шын мәнінде қазақтың идеологиясымен, қазақтың мүддесімен айналысатын күн әлдеқашан туды», – дейді ғалым мемлекет туралы ойын ақтарып. Зерттеуші «Қазақстан тарихы» атауына да түбегейлі қарсы. «Қазақ тарихы» деген атау қолданылса, біздің тарихтың ауқымы кеңейер еді. Тарихшының сөзінше, «Қазақстан» деген берідегі нәрсе. «Қазақ тарихы» десек, кемінде мың жарым жылдан бері қарайғы тарихты қамтуға мүмкіндік туады.

Ғалым ойын іркіген жоқ. Әсіресе, елдің ертеңі мен бүгінгі беталысы, ұлттық мүддесі мен діни сенімі төңірегінде айтылған сүбелі сөз рухани әлемнің жаңа парағын ашқандай әсер қалдырды. Ел ағасының жанында отырған жарты сағаттың өзінде бар ғұмырға татитын ғибратты әңгіме айтылды. Сыр ақтарған сұхбатымызды қазақтың данагөй ақыны Майлықожа айтпақшы, «Жақсымен өткен бір күнің жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» деп түйіндеп, тұлғамен қауыштырған Астана қаласынан қимай-қимай аттанып кеттік.

Қуаныш ТҰНҒАТАР