"ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІНІҢ АРУЛАРЫНА ЕҢ ҚЫМБАТ СЫЙЛЫҚ ТАРТУ ЕТІЛДІ

Уақыты: 06.03.2020
Оқылды: 1513
Бөлім: ТҮПСАНА

Нағыз көктем енді келгендей. Ұжымдағы нәзік жандардың қызылды-жасылды көйлектерінен, құлақ қытықтар сыңғырлы күлкілерінен, нұрға толы жанарларынан көктемнің көңіл сергітер жайдары мерекесі менмұндалап тұрды. Әйелдер мерекесінде көңілдегі көктем де бүршік атып, гүлдеп сала береді ғой, шіркін.

8 наурызды «Jetisý» газеті жыл сайын ерекше ықласпен қарсы алады. Нәзік жандарға тарту етер тон емес, жол болатын орамалдың да сыйқы бөлек. Осы жолы газеттің ерлер қауымы ең құнды да қастерлі сыйлықты ұсынды. Ол – Абайдың кітабы.

Бұл жылғы мереке ақын, данышпан Абайдың 175 жылдығымен қатар келді. Әрі адамзаттың алтын тәжіндей Абайдың мұрасы әлемге ортақ. Ал өмірге ұрпақ әкеліп, ұлттың келешегін ұлықтайтын әйелдер қауымы үшін – бұл таптырмас сый.

Сыйға тартылған Абай кітабын бесік тербетер аналар көп оқыса, олардан тараған жас ұрпақ ел қамын жеп өсетін нағыз азамат болатыны айдан анық. Бас ақынның жетінші қара сөзінде айтылатын тән құмарынан жан құмарын биіктетін - әуелі кітап. Содан болу керек, газет арулары бір-бір кітапты құшақтарына қысып, қуаныштан жүздері бал-бұл жанды.

Тәтті тілектің пернесін дәл басқан бас редактор Әміре Әріннің сөзінен ана деген ардақты аттың маңызы менмұндалады.

- Қазақ: «Ер жігіт жерді қорғайды, ал әйел ұлтты қорғайды», - дейді. Неге? Өйткені, ұрпақ әкеледі. Балалардың өсіп-жетілуі, айналып келгенде, сіздерге байланысты. Мәселенки, адамның бойындағы қасиеттердің сексен пайыздан астамы анадан келеді. Табиғат солай. Сондықтан, біздер сіздердің алдарыңызда басымызды иеміз. Қандай да бір жетістікке жетіп жүрсек, бәрі аналардың, қыздардың, сіздердің арқаларыңыз, - деп шын пейлмен алғыс айтып, мерейлерін тасытты. Ұжымдағы ерлер қауымы кезек-кезек жүрек түкпіріндегі ықыластарын ақтарысып, ілтипат білдірді.

Газет ұжымында ер мен әйел саны тең десек те болады. Сондықтан, әрбір қызметкер жүкті де теңдей арқалап, ата басылымда абыройлы еңбек етіп келеді. Мыңдаған оқырманның көңіл көкжиегін кеңейтер мақалалар мен газет бетін безендіруден бастап қаздай тізілген әріптердің орналасуына шейін осы ұжымдағы барша жанның еселі еңбегі көрініп тұрады. Осы орайда нәзіктіктің, махаббаттың, сезімнің, мерейдің мерекесі құт дарытып, аналарымыздың күндерін шуақты, дендерін қуатты етсін деп тілейміз.

Мереке ары қарай «Jetisý» мен "Огни Алатау" газеттерінің меншік иесі "Өлке тынысы" ЖШС-ның құттықтауымен жалғасты. Қос газеттің нәзік жандарын "Өлке тынысы" ЖШС директоры Мейрам Жанәділов құттықтап, барлық аруларға ұжым атынан гүл сыйлады. Сондай-ақ, әйелдер қауымын есепшоттарына түскен қаржылай сыйақымен сүйіншіледі.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы