Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ӨЛЕҢСІЗ ОТЫРА АЛМАЙТЫН АУЫЛ": ҚАРАСАЗДАН ЖИДЕБАЙҒА ЖЫР-СӘЛЕМ

Уақыты: 14.03.2020
Оқылды: 479

«Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін». Қарасазда өткен әдеби кеш осылай аталды. Рухани шараны ұйымдастырған – Райымбек ауданы әкімдігі мен республикалық «Мұқағали» журналы. Бұл күні Қарасаз көшелері ерекше безендірілді. Абайдың ұлағатты сөздері жазылған билбордтар алыстан көз тартады. Тойға жиналған қауым мерекелік көңіл-күйге бөленген. Көктемнің де алғашқы лебі есіп тұрды.

Аудан жұртшылығы ақын-жазушыларды, журналистерді, өнер мен мәдениет қайраткерлерін жылышыраймен қарсы алды. Қонақтар Мұқағали ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Қазақ әдебиетіне көрсетілген құрмет Қарасаздың Жидебайға жолдаған ыстық сәлеміндей болып көпшілікке әдемі әсер берді. 

Қарасазда өзгермейтін дәстүр бар. Ақын ауылына қадам басқан ағайын алдымен Мұқағали музейіне бас сұғады. Мұндағы жәдігерлермен келушілерді ғылыми қызметкерлер емес, мектеп оқушылары таныстырды. Олар Абай мен Мұқағали өлеңдерін қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде жарыса оқыды.

Мәдениет үйі фойесіндегі абайтану көрмесі кеш мазмұнын толықтыра түсті. Бұдан кейін салтанатты рәсім басталды. Залда ине шаншар орын жоқ. Сахнаға шыққан хор ұжымы Абай әнін әуелетті. Жергілікті өнерпаз Абай бейнесін сомдады.

Әдеби кешті Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы ашты.

– Ұлы Абайдың 175 жылдығы – үлкен мереке. Терең мазмұнымен аталатын халықтық шара. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын бәріміз оқыдық. Онда рухани құндылықтар туралы кеңінен айтылған. Абай ғибраттарын түсіну, ұлылық нәрін санамызға сіңіру – басты қажеттілік. Ақын армандаған азат қоғамды өркендету ортақ міндетіміз. Бүгінгі басқосудың жөні бөлек. Барша жұрт мерекелік көңіл-күймен Қарасазға жиналды. Абай жырына үн қостық. Абайдың атамекеніне сәлем жолдадық. Бұл – Жетісу жерінің, Сүйінбай мен Жамбыл, Ілияс пен Мұқағали елінің тектілігі мен тереңдігін көрсететін жарқын мысал, – деді Нұрбол Сағатбекұлы.

Келесі кезекте Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек мінберге көтерілді. Ол «Абай – Мағжан – Мұқағали» тақырыбында сөз қозғап, осынау әдеби керуеннің тоқтамай алға жылжығанын, оның бүгінмен жалғасқанын жан-жақты әңгімеледі. Үлкен міндеттерді өз кезегінде Алаш қайраткерлерінің абыроймен атқарғанын алға тартты. Абайдың ақындығы мен хакімдігін тереңнен аңғарған Алаш арыстары ұлылықтың отын өшірмеуге өмірлерін арнады. Солардың бірі – Мағжан Жұмабаев. Ол Абай мұрагері ретіндегі ақындық парызын адал атқарды.

– Алаш қайраткерлері іргелі мемлекет құру жолында Абайдың елдік, ұлттық ұстанымдарын мақсат-мұраттарына темірқазық етті. Осы қозғалыстың бел ортасында Мағжан жүрді. Ол Абай өлеңдерінің жаңашылдығы мен философиялық тереңдігін дамытты. Мағжан Абайға қалай сенсе, қыспақтағы халіне қарамастан замандастары Мағжанға солай сенді. Ол сенім – ұлттың келешегіне арналған нұрлы сенім еді. Алаш қайраткерлерінің көбі атылды. Бірақ олардың үміті мен арманына жендеттердің оғы дарымады. Абай мен Мағжан лаулатқан от сөнбеді. Абайдан – Әлихан мен Ахмет, одан – Мағжан, Сәкен, Ілиястың, солардың ізін басып Қасым – Мұқағали дәуірі салтанат құрды. Нәтижесінде қазақ әдебиетінің алтын ғасырын қалыптастырды, – деді Ақберен Елгезек.

«Жетісу» телеарнасы директорының бірінші орынбасары, жазушы Серік Әбікенұлы «Абай жаққан бір сәулені» Ілияс Жансүгіровтің қалай үрлеп, қасиетті жыр-ошақты қалай маздатқаны жайлы тың деректерді келтіре отырып, замана оқиғаларын көз алдымызға елестетті.

– Ілияс Жансүгіровтің қатары Абай мұрасын жинақтау ісіне зор жауапкершілікпен қараған. Асыл жырдың құнын біліп, құпиясын ашуға ерекше ден қойған. Мәселен, Мұхтар Әуезов Абай өлеңдерін құрастыруға Ілиясты қатыстырып, оған зор сенім артады. Ал Ілияс атамыз бұл сенімді риясыз ақтады. Жинақты жіті сараптап, оған кіріспе ретінде мазмұнды мақала жазуы - соның дәлелі. Бір кезде өз бойындағы ақындықтың қайнар көзін ашқан ұстазы Абай еді. Абай бұдан кейін де барша талантқа сол тұрғыда әсер етсе деп тіледі. Ақ ниеттері ізгі істерінен аңғарылып тұрды, – деді Серік Әбікенұлы.

Абай қазақтың қара өлеңін түлетіп қана қойған жоқ. «Құры айқай бақырған, құлаққа ән бе екен?» деп тағы бір қырымен танылды. Ұлы ақынның әндері санаулы ғана. Бірақ соның бәрі сапалы. Күні бүгінге дейін «құлақтан кіріп, бойды алады». Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Бейбіт Дәлденбай осы жұмбақтың қыры мен сырын таратып айтуға тырысты.

– Еуропа классиктерін зерт­теген Абай батыс композиторларына да барынша көңіл аударды. Еуропа музыкасын бойына сіңіре отырып, оны қазақ әуенімен әрлендірді. Нәтижесінде дала романстары дүниеге келді. Бұл дәстүрді Нұрғиса Тілендиев, Еркеғали Рахмедиев секілді композиторлар ойдағыдай дамытты. Абайы бар елдің әні де биік болуға тиіс, – деді Бейбіт Дәлденбай.

Аталған кеште «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжитұлы шағын баяндама жасады. Онда Абайдың тумысы бөлек перзент, тұлпар тектес жүйрік екені көрсетілді. Ақын Абайдың Алашты сүйіндірген хакім Абайға қалай айналғаны және Хантәңірінің қыраны Мұқағалидың Жидебай топырағының құнарын Қарасазға дарытқаны көркем сөзбен кестеленді.

– Мұқағали тағы бір Абай тіріліп өмірдің өріне шықса, оны қазағы қапысыз ұқса деп армандады. «Туады, туады әлі нағыз ақын» дегені соның дәлелі. Бірақ, осынау зор міндетті өзі атқарғанын, заңғар биікке өзінің шығып кеткенін қырық бес жасында қыршын кеткен хас талант білген жоқ. Есесіне ел білді. Қазы – уақыт бәрін өз орнына қойды. Қазір байтақ Қазақстанда туған халқының жүрек қалауымен туған күні жылда тойланатын жалғыз ақын бар. Ол – Мұқағали Мақатаев! Абайдың аманатын орындаған адам ғана осындай мәртебеге ие болады. Абай мен Мұқағали қазақтың сөзін түзеді. Түзелген сөзді қисайтуға, ұлылардың еткен еңбектерін еш кетіруге хақымыз жоқ. Бүгінгі басқосудан осындай ғибрат алсақ – ерлегеніміз, – деді Батық Мәжитұлы. 

Кештің қорытынды сөзінде Мұқағалидың ұлы Жұлдыз Мақатаев мәдени шараның маңыздылығын атай келіп, әкесінің Абай атасына арналған ықыласының ешқашан суымағанын тілге тиек етті. Тіпті, жүрекжарды лебізін өлеңмен жеткізгенді жөн көріпті.

Екеуін де толғантқан
         қазақ дерті,
Шипа болу халқына 
    мақсат-серті.
Ой-сананы жырымен түлетеді,
Түйсігі бар жүрекке  
     сырын шертіп.

Ескірмейді екеудің 
    жыр жолдары,
Ескірсе де басқаның 
    том-томдары.
Қара өлеңді ту еткен екі алып,
Жалғандықпен алысқан,
     жыр сомдады.

Хакім Абай нақылмен
        ой қосады,
Ақын Мұқаң мұңдасып, 
          сырласады.
Айтыңдаршы, дүйім жұрт, келер ұрпақ,
Осы екеудің орынын 
              кім басады?! 

Ұлықтайық оларды, 
        ұмытпайық!
Шетсіз, шексіз бұл 
    жалған, үміт-қайық.
Абай мен Мұқағали 
    салған жолмен,
Ақиқатқа жол тартып, 
     жуықтайық,
– деген жыр жолдарын жалындатты.

Қазақ радиосының дикторы Аманжан Еңсебаевтың Абайдың қара сөздерін оқығанда Қарасаз жұрты диктор Мақатаевты есіне алды. Арысын сағынған ағайынның жүрегі елжіреді. Нарынқолдық өнерпаздар Абай әндерін орындады. «Мұқағали оқулары – 2019» байқауының бас жүлдегері Сара Жұмаш Абай атасына арнаған өлеңімен жырдан шашу шашты. Әдеби кеште мұндай әсерлі сәттер аз болған жоқ.

– Біздің ауыл өлеңсіз отыра алмайды. Сенбесеңіз, кез келген жасты тоқтатып сұраңызшы. Бірі Абайды, екіншісі Мұқағалиды жатқа оқиды. Бұлар Қарасазын қалай жақсы көрсе, Жидебайды одан кем санамайды. Осы өнеге бар қазаққа үлгі болуға тиіс, – дейді Албан Асан Барманбекұлы атындағы орта мектептің директоры Әділжан Нөкеев. Бәріміз осы пікірге қосылдық.

Жұматай ОСПАНҰЛЫ

Райымбек ауданы

Алматы облысы