Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЕЛБАСЫ МУЗЕЙІНЕ БАЛҚАР ХАЛҚЫНЫҢ БҰЙЫМДАРЫ ТАПСЫРЫЛДЫ

Уақыты: 20.03.2020
Оқылды: 454

Елбасы Жолдаулары мен баяндамаларында  татулық пен бірліктің туын берік ұстап, барлық ұлтты достық пен татулықта өмір сүру керектігін жиі айтады. Расында, бірлігі бекем елдің келешегі кемел болатынын сан рет көріп, көңілімізге түйіп жүрміз.

Осы ретте ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы директоры Адилия Қоржымбаеваның басшылығымен жақсы жетістіктерге жетіп жүргенін айта кеткен жөн. Кейінгі кездері ата-бабаларымыздың өткен өмірінен сыр шертетін құнды дүниелер, бүгінгі таңдағы шеберлер жасаған өнер туындылары, қоғамдық ұйымдар тарапынан сыйға тартылған құнды қолжазбалар мен кітаптар орталығымыздың қорын толықтыруда. Әсіресе, өткен жылы жәдігер жинаушы, қолөнер шебері Әуесхан Мажайқызы көзінің қарашығындай сақтап, бүгінге жеткізген біраз жәдігер мен өзі жасаған бұйымдарын сыйға тартып, орталықтың қорын көбейте түсті.

Бұл игілікті іс әлі де жалғасуда. Әрине, туған жер қанша алыста жүрсең де, өзіне тартып тұратыны анық. Оған жуырда «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына Ресей Федерациясының Қарашай-Балқар автономды аймағынан келген делегациямен кездесу барысында көз жеткіздік. Шара аясында ресейлік спортшы, жаңа құрылған халықаралық АСА ұйымының аралас қоян-қолтық жекпе-жегінің чемпионы Альберт Туменов ата-анасымен бірге туған ауылы Шамалғандағы жерлестеріне алғысын білдіріп, орталыққа құрметін көрсетіп қайтты.

Шамалғандықтар да жерлестеріне ыстық ықылас білдіріп, қуана қарсы алды. Осы орайда, алыстан келген қонақтар орталыққа арнайы келіп, жәдігерлерді тамашалап, Елбасының тәуелсіз елдің тарихындағы игілікті істерімен танысты. Сондай-ақ, кездесу барысында Түменовтер отбасы орталыққа Альберт Түменовтің чемпиондық белбеуімен қатар, балқар халқының жамылғы шапаны және баскиімі, қанжарын сыйға тартты. Бұл құнды жәдігерлер «Атамекен» орталығының қорын байыта түсті.

Мұндай игілікті іс алдағы уақытта да жалғаспақ.

Алпамыс ӘБУ,

«Атамекен» тарихи-мәдени орталығының қызметкері

Қарасай ауданы

Алматы облысы