"ЖАҒДАЙ ЖАСАЛМАҒАН": ҚҰСБЕГІЛЕРГЕ МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ

Уақыты: 21.03.2020
Оқылды: 1280
Бөлім: ТҮПСАНА

Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан құсбегілік өнерді жанына серік еткен сері азаматымыздың бірі – Асысаға ауылында тұратын жас құсбегі Медет Шалипов. Әкесінің қасынан қалмай, саятшылық өнеріне ден қойған бала Медет бұл күндері атын мақтанышпен айта білетін айтулы құсбегіге айналған. Елімізде өткен халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық құсбегілер бәсекесінде көзге түсіп, топ жарған. Аспан серілері – бүркіт, ителгі, қаршыға, қырғиларды қолына ұстап, тұғырына қондырып отырған Медет Аллабергенұлымен дидарласудың сәті түсті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында және Шелек тарихи-өлкетану музейінің директоры Ердос Дәркенбайдың бастауымен жәдігер жинау, бабаларымыздың ата дәстүрін жалғастырып жүрген ауыл азаматтарымен кездесу мақсатында ат басын Асысаға ауылына тіредік.

Басты мақсат – құсбегі Медет Аллабергенұлымен әңгімелесіп, еліміздегі тарлан таудың тағысын баптап отырған құсбегілердің жай-күйін біліп, қыран құстардың қыр-сырын түсінуге деген талпыныс. Сонымен бірге, қазыналы халықтың қолында сақталып отырған тарихи дүниелерді музейге жинау.

Кездесу барысында құсбегі Медет Аллабергенұлы қазақ ұлтының құсбегілік өнері туралы ашық-жарқын әңгіме тиегін ағытты.

– Мен жастайымнан осы өнерге қызықтым. Оның бірінші себебі – қанымызда бар тарихи өнер болғандықтан, екіншіден, өз әкем Аллаберген Шалиповтың өнегесі. Қазақ: «Әке көрген оқ жонар», – деп айтады. Бастапқыда әуестік сезімінен туған қызығушылық бірте-бірте мені еріксіз баурап алды. Абай Құнанбайұлының «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деп жырлауының тектен-тек емес екенін түсініп жеттім. Кейін өзім әкемнің айтуымен құс баптай бастадым. Қаршыға, қырғиларды кептерге салдым. Құс салу барысында бүркітшінің қасында жеті қазынаның бірі болуы керек екенін түсініп, тазы бақтым. Тазының жүйрігі, алғыры әрі із кесуге ерекше қабілеттісі – Жетісу көк қасқа тазысы. Бірақ тұқымы жоғалуға бет алған Жетісу көк қасқа тазысын қолға түсіру біраз қиындық тудырды. Бір нәрсені ашып айта кетейін, Жетісу көк қасқа тазысын қырғыз ұлтының Тайғанымен шатастырмауымыз керек. Жетісу көк тазысы басқа ит тұқымы. Саятшылық барысында көктегі құсың мен жердегі тазың сәйкессе, қызықтың көкесі сонда, – деді кейіпкеріміз.

Медет Аллабергенұлының тұғырға қондырып отырған қыран құстарымен таныстық. Бұл күнде әкесі екеуінің қолында екі ителгі, «Байқоңыр» атты шау тарта бастаған бүркітімен қоса балапан бүркітке дейін төрт киелі құсы барын көрдік. Бабына келіп, шегір көздерінен шабыт ұшқыны алаулап тұрған бүркіттерді асырау да оңайға түсіп отырмағаны белгілі жайт.

Бір бүркіт күніне бір келі ет жейді, – деп сөз бастады құсбегі. – Өзімнің ауылдастарыма айтар алғысым шексіз. Соғым сойғанда құсыңның еншісі деп ет әкеп береді. Сонымен бірге, өлген малдарының етін де әкеп тастайды. Өзімнің қарапайым тексеруімнен өткізген соң барып, етті бүркіттеріме беремін. Өкініштісі, мемлекет тарапынан құсбегілерге жақсы жағдай жасалмай отыр. Біз халықаралық жарыстарда еліміздің намысы үшін додаға түсіп жүрміз ғой. Кей кездерде елімізде өткен жарыстарға өз күшімізге сүйеніп барамыз. Ойлай беріңіздер, өзіміздің тамағамыз, жатын орнымыз, жарысқа алып бара жатқан құстың тамағы бар. Осылардың бәрі қалтамызға салмақ салады. Тағы бір әттең-ай дейтін жері, кейбір жарыстарда құсбегілердің бәйгеден ұтып алар ақшасынан гөрі сол жарысты ұйымдастырушыларға, сахна безендірушілерге төленетін қаржы көп. Мемлекет тарапынан қолдау тапса, өсіп келе жатқан жеткіншектеріміздің де қызығушылығы арта түсер еді.

Әңгіме барысында құсбегілік өнердің тым оңай шаруа емес екенін түсіндік. «Рухани жаңғыру» аясында мәдениетіміз бен спортымызды дамытып  құсбегілерге жақсы жағдай жасалар деген үміттеміз. Егер мемлекет бүркіттердің тамағын, сонымен бірге, құсбегілерге еңбекақы тағайындаса пайдасы зор болар еді.

Кездесу соңында Медет Аллабергенұлы алдағы күнде «Шелек» тарихи-өлкетану музейіне өзінің және ата-бабалары пайдаланған құсбегілікке қатысты құнды заттарын әкеп беретінін айтты. Бұл біз үшін де қуанарлық жайт. Музей директоры Ердос Дәркенбай жас бүркітшіге еліміздің Көк байрағын желбіретіп, жас ұрпаққа үлгі болып, аман-есен жүре беруіне тілектес екенін білдірді.

Қуанәлі АЛМАСБЕКҰЛЫ

Шелек ауылы,

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды