ҚАЗАҚСТАН МЕКТЕПТЕРІНЕ АБАЙ ПЕДАГОГИКАСЫН ЕНГІЗУІМІЗ ҚАЖЕТ

Уақыты: 10.04.2020
Оқылды: 814
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласын данышпан Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңындағы еліміз үшін, қазақ азаматтары үшін өте терең мазмұнды бағдарлама деп қабылдадым.

Мақаланың «Ұлттық болмыстың үлгісі» тарауында ғылым мен білімнің, педагог мәртебесі, тіл үйренудің маңызы туралы данышпан ойларының қазіргі сағат сайын өзгеріп дамып жатқан әлемдегі маңызы да айқындалған. Қазақ қоғамы үшін Абайдан бастау алатын интеллектуалды ұлт қалыптастыру, ұлттың өресін өсіру болашағымыз үшін ауадай қажет деп қабылдағанымыз маңызды. Ұлы ақын мұрасына жүгіне отырып, елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктету, сол арқылы әділетті қоғам орнату идеясы XXI ғасырдағы еліміз үшін аса құнды деген ойлар көңілге сенім ұялатады.

Мақалада популисттер мен қарақан басының қамымен жүргендерге ой саларлық тұжырым да айтылыпты. Президент «билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн» деген ойларын мұнда да бекемдей түскен екен. Осы тұжырымға билікте отырғандар шын ниеттерімен құлықты болса деген ой келеді.

«Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы». Құптауға да, қолдауға да тұрарлық тұжырым. Осы тұжырымның жүзеге асуына Алла жар болып, абырой берсін деп тілейік.

Абайды қазақ халқының ұлы ұстазы деп тануымыз керек дер едім. Оның арғы жағында әлемдік деңгейдегі «ұлы ұстаз» деген ой туындайды. Әлемдік деңгейдегі «ұлы ұстаз» атандыру біздерге үлкен аманат, парызды міндет. Себебі, әлемге данышпанды аударма арқылы таныстырарымыз анық. Ал аударма Абай ойларын өз дәрежесінде жеткізе алмайды. Абай ойлары мен ғибраттарын тілі де, ділі де, жаны да қазақ тап басып түсіне алады.

Бір ғана мысал айтайын: «Сегіз аяқ» деген Абай өлеңін бәріміз білетін шығармыз?! Әр тармағы сегіз жолдан тұратын өлеңдегі философиялық тұжырымды жалпақ тілмен талдап түсіндіру үшін бір ғылыми еңбекке тұрарлық мақала жазу қажет. Ал әр сегіз жолдың екі жолы бір ойды айтып, үшінші жолмен қорытындыланатынын алдыңғы алты жол тағы екі жолмен түйінделетінін Абайдан басқа ақын дүниеге әкеле алған жоқ. Бұл ақындық пен даналылық қол ұстасып тұрған мызғымас жауһардай дүние. Басқа еш ақын мұны қайталай алмас деп ойлаймын. Ұқсас шумақтардағы буын сандарының да бірдей болуы керемет емес пе?! Сенбесеңіз зерделеп көріңіз. Абайдың өлеңдерін қолға алып, көкірек көзіңізбен оқып талдаңыз.
    Атадан алтау, анадан төртеу,
    Жалғыздық көрер жерім жоқ.
    Ағайын бек көп, айтамын ептеп,
    Сөзімді ұғар біреу жоқ.
    Моласындай бақсының,
    Жалғыз қалдым, тап шыным.

Міне, Абайдың тылсым да  жұмбақ жаратылысы мен еңбектерін өзіміз ұңғыл-шұңғылына дейін түсініп, ұрпақтарымызды соған тәрбиелегенде ғана, ол «Ұлы ұстаз» деген өз дәрежесін иеленеді.

Абайдың философиясы туралы айтылып жүр ғой, ал мектеп қабырғасынан бастап балаларымызды тәрбиелейтін Абай педагогикасын қалыптастырып, өмірге енгізуіміз қажет деймін. Бұл қазақ баласы үшін ұлттық педагогиканың негізі болуы керек. Абай ғибраттары арқылы ұлттық педагогикамызды жаңа заманға лайық жасауымыз керек-ақ. Басқа елдің педагогикасын қазаққа таңа бермей, өзіміздің қазақтың ұлттық педагогикасын қалыптастырайық. Отбасы, ошақ қасынан бастап балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында тәрбиенің ұлттық сарыны сақталуы қажет. Ал ол жаңа технологиялар мен заманауи дамуға ешқандай кедергі келтірмейді.

М.ЖҰМАБЕКОВ,

Балқаш ауданының Құрметті азаматы