АҚЫН РУХЫН АСҚАҚТАТТЫ

Уақыты: 13.02.2017
Оқылды: 1798
Бөлім: ТҮПСАНА

Кеше қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Есенқұл Жақыпбековты ел-жұрты еске алды. Ақынның туған күніне орай ұйымдастырылған шараға алыс-жақыннан қазақ руханиятының белгілі өкілдері келді. Ақынның туыстары мен дос-жарандары, шәкірттері жиналды. 

Ақынын еске алуға келгендердің назарына алдымен Есенқұл Жақыпбеков туралы көзі тірісінде түсірілген телехабарлар, бейнефильм, айтыстарынан үзінділер ұсынылды. Аудан әкімінің орынбасары Дастан Шалтабаев ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы баяндап, ақынның жары Меңсұлу жеңгейге сый-сияпат жасады. 
Өлең өлкесіндегі ерен жүйрікке арналған мәдени шара өте әсерлі өтті. Кештің өн бойы ақын шығармаларымен өріліп отырды. Жазба поэзия мен суырыпсалмалықты қатар шарықтатқан Есенқұл Жақыпбековтың өлеңдері бойынша дайындалған композициялық қойылым көрерменге театрда отырғандай әсер қалдырды. 
Домбыра мен қаламды құстың қос қанатындай қатар ұстаған тума талант иесінің сөзіне жазылған «Алдай-ау», «Өнер адамы», «Біздің елдің жігіттері», «Тұманды күн», «Есіл дүние», «Жамбыл ауданы» сияқты әндер тыңдаушы жүрегін баурады. Иісі қазақ сүйіп тыңдайтын әндерді белгілі мәдениет майталманы, ҚР еңбек сіңірген қайраткер Бекжан Тұрыс, шәкірттері Елдос Үмбетәлиев, Данияр Рахымбай, Заңғар Ерланұлы, Жәнел мен Әнуар Сембаевтар, «Сүйінбай сазы» ансамблінің әншілері орындады. «Жігіттер» тобынан Бағлан Омаров ақын сөзіне жазылған «Мен сені жақсы көремін» атты жаңа ән орындады. Өміршең өлеңі, бөлекше әндері, тамаша айтыстары,  әзіл-оспақ дүниелері, тіпті ел аузында жүрген табан астында тауып айтқан бірқақпайларына да кезек берілді. Оқушылар ақынға арнау өлеңдерін оқыды. Жамбыл ауылындағы өнер мектебінің оқушылары Фәкиза мен Мәди, Керім мен Ақбота, Есенқұлдың шәкірттері Айдана мен Жалғас айтысқа түсті.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы.