"ЖАСТАР ТҮСІНСЕ ЕКЕН": ТІЛІ ЖОҒАЛҒАН ХАЛЫҚТЫ ЖОЙЫП ЖІБЕРУ ОҢАЙ

Уақыты: 16.04.2020
Оқылды: 1506
Бөлім: ТҮПСАНА

Рух – айбыны асқақ алты Алаштың «намыс» ұғымымен біте-қайнасып жатқан ұлттық түсінік. Ал Рухани жаңғыру – бейбіт аспан астында өмір сүретін, қарыштап дамитын бір елдің, ұлттың ұлттық санасының өрлеуі. Ширек ғасырда ширап, шабысы тұлпардың шабысындай жүйткіген еліміздің ендігі өрлеуінің басты кепілі – тіл мен дәстүрдің ұлттық сахнадан жоғалмауы.

Тіл – тәуелсіз тұғырға орнаған егемен елдігіміздің алтын мөрі. Тіл – ғасырлық терең тарихы бар бабалар аманаты. Әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен дарыған ана тіл қашанда біртұтас ұлттың біріктіруші құралы. «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», - деген екен Алаштың арда азаматы Ахмет Байтұрсынұлы.

Расында да, тілі жоғалған халықты жойып жіберу оңай. Халық болу үшін сол халықтың ана тілі болуы шарт. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», - Қадыр ақын. Бұл құдіретті сөздің қадірін, әсіресе, жастар терең түсінсе екен дейміз. Өз тілінде сөйлеуді місе тұтпай, ұят көріп, орыс тілінде шүлдірлеп жүрген қазақ жастарын көзің шалғанда еріксіз бас шайқаймыз.

Иә, неше ұлттың тілін білсек те ешқайсысы артық болмайтыны анық. Орыс, ағылшын, қытай тілдерін білу – заман талабы. Алайда солай екен деп ана тілімізді ұмыт қалдырмауымыз керек. Қазақ тілінің қадірі мен қасиетін арттыру – перзенттік парызымыз, ұлт алдындағы азаматтық міндетіміз.

Салт-дәстүр – халықтың сан мыңжылдық тарихының куәсі. Ұлтымыз үшін ата дәстүрден аттау – ар мен ұяттан безумен пара-пар. Қазақтың қайталанбас қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы: «Мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен солдаттың басында жауынгерлік қасиетті тәрбиелеуде халықтардың басынан өткен жауынгерлік жолдары мен ұлттық дәстүрлердің маңызы зор екеніне көзім жетті», -  деген еді.

Міне, ұлт қамын ойлар патриот жауынгерді тәрбиелеуде тал бесіктен бастау алатын дәстүрдің маңызы орасан. «Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан табылсын» демекші, құрсақта жатқан кезден бастап-ақ ұл-қызымызға дәстүрмен жалғасын тапқан ұлттық рухты сіңіру қажет. Сонда ғана елі үшін адал қызмет атқаратын отансүйгіш, жүрегінде жалыны бар жас ұрпақтың саны көбейері хақ. Дәстүр – ұлт айнасы.

«Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс», - дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбав өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Демек, Рухани жаңғырудың баспалдағы жаңа жаһанға ескі тарихпен бейімделуіміз тиіс.

Ана тілдің мөлдірінен қанып ішіп, салт-дәстүрдің тұнығынан рахат алып ер жеткен қазақ қана нағыз «қазақ» деген атқа лайық болмақ. Өз тілінің тарихын білмей, өз тілінде сөйлемей, дәстүрдің бірін танымай, бейхабар болып өскен босбелбеу ұрпақтың меңіреу, мәңгүрттен несі кем?! Намысты өлімнен жоғары қоятын айбынды Алаштың, жер жастанып жатса да, рухы жаншылмаған көкбөрі елдің ұрпағы екендігімізді естен шығармайық.

Ф.ҚОЗЫБАҚОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих, археология және этнология факультеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты

М.МЕРЗОЯНОВА,

Ж.ҚАДЫРҚҰЛОВА,

ҚазҰУ филология және әлем тілдері факультетінің студенттері

Сурет ғаламтордан алынды