"QR-КОД ҚОЙЫЛДЫ": 18 СӘУІР - ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ҚОРҒАУ КҮНІ

Уақыты: 18.04.2020
Оқылды: 1916
Бөлім: ТҮПСАНА

Өңіріміздегі археологиялық, монументалды, қалақұрылысы және сәулет ескерткіштерін қорғау, оны жаңғырту арқылы болашақ ұрпақтың қолына табыс ету – маңызды міндеттердің бірі. Осыған орай жыл сайын Халықаралық ескерткіштерді қорғау күнінде бұл саладағы жетістіктерімізді саралап, алдағы атқарылар жоспарлармен танысамыз.

Өткен жылы облыс­тық тарихи, мәдени мұраларды қорғау орталығы үшін табысты кезең болды. Ең бастысы, аймағымыздағы ескерткіштердің саны көбейіп, оны қорғау шаралары да кемелдене түсті.

Бүгінгі таңда облыста 2363 тарихи, мәдени ескерткіш бар. 2018 жылы облыста 13 ескерткіш ашылса, өткен жылы тағы да жеті ескерткіш мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынылып, қолдау тауып, ресми түрде ел игілігіне берілді.

Айталық, Ұйғыр ауданында Сәдіғожа Мошанұлы мен Мөрден Таиповқа, Алакөл ауданында Абай Құнанбаевқа, Қарасай ауданында Қарасай батырға, Ақсу ауданында Ілияс Жансүгіровке, Талдықорған қаласында Жұмахан Балапановқа, Іле ауданында Тұрғанбек Қатаевқа қойылған ескерткіштер ел мерейін өсірді.

Мемлекеттік комиссияның шешімімен Қарасай ауданындағы Қарасай батыр, Ақсу ауданындағы Ілияс Жансүгіров ескерткіш­терінің орындары ауыс­тырылды. 2018 жылы 1 мемориалдық тақта қойылса, былтыр 5 мемориалдық тақта орнатылып, ұлы тұлғаларды ұлықтау үлгісін көрсеттік. Сондай-ақ, тарихи және мәдениет ескерткіштерін қорғау мақсатында 60 тақтайша қойылды.

Ескерткіштерді орнатумен қатар оны қорғау, абаттандыру ісінің де кезек күттірмейтіні белгілі. Осыған орай былтыр сәуір айының 10-18 күндері аудан, қала әкімдіктері тарапынан ескерткіштердің айналасын абаттандыру, тазалау жұмыстары жүргізіліп, гүл шоқтары қойылып, танымдық-тарихи іс-шаралар флешмоб түрінде өткізілді. Үкіметтің «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеу және қабылдау туралы тапсырмасын орындау мақсатында, «Ескерткіштерге QR кодтар орнату» жобасының аясында Ақсу, Жамбыл, Панфилов, Ескелді, Көк­су, Қаратал аудандарындағы 143 тарихи, мәдени ескерткішке QR кодтар қойылды.

Облыс аумағындағы мемлекет қорғауына алынған тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-күйін анықтау, жаңадан анықталған ескерткіштермен тізімді толықтыру, санын нақтылау мақсатында облыстық тарихи, мәдени мұраларды қорғау орталығы Еңбекшіқазақ, Алакөл, Жамбыл, Панфилов, Талғар аудандары әкімдіктерімен бірлесіп, жұмыс жүргізді.

Нәтижесінде тізімге енбей қалған 321 ескерткіш нақтыланды. Мемлекет қорғауында тұрған 112 ескерткіштің жағдайының өте нашар екендігі ескеріліп, тізімнен шығаруға ұсыныс жолданды. Сондай-ақ, Ақсу ауданы, Сағабүйен ауылындағы, Талғар мен Қарасай аудандарындағы Үлкен Алматы айналма жолының бойында орналасқан археологиялық ескерткіштерге жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысып, апатты жағдайда тұрған археологиялық ескерткіштерді анықтап, оларды мемлекет қорғауындағы ескерткіштердің тізімінен шығару үшін ұсыныс дайындалуда. Қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлер орталық арқылы М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткізілді.

Әрине, атқарылған жұмыстар ауқымды болғанымен кейбір келеңсіз жағдайлар да болмай қалмады. Нақты айтқанда, облыс аумағында бірнеше тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануда заңбұзушылықтар орын алды. Атап айтсақ, Панфилов ауданы Көктал ауылындағы Абай атындағы орта мектептің ауласына Абай Құнанбаев ескерткіші рұқсатсыз орнатылса, Жамбыл ауданы, Талап ауылдық округіне қарасты «Қастек қалашығына» Ә.Марғұлан атындағы археология институтының қызметкері заңсыз қазба жұмысын жүргізгені белгілі болды.

Алдағы жұмыстар да ауқымды. Жоспар бойынша Халықаралық ескерткіштерді қорғау күніне орай бірқатар маңызды жоспарлар жасалған болатын. Алайда төтенше жағдайға байланысты бұл жұмыстар кейінге шегеріліп тұр. Десе де, облыс аумағындағы ескерткіштерді қорғау аясындағы жұмыстар тиісті мекемелермен жасалған келісімдер негізінде жүріп жатыр.

Ғалымжан ОСПАНОВ,

Алматы облыстық тарихи, мәдени мұраларды қорғау орталығының директоры