"СНАРЯД ТҮСКЕНДЕЙ": АБАЙ ЖЫЛЫНДА АБАЙ КӨШЕЛЕРІН ЖӨНДЕУДЕН ӨТКІЗЕЙІКШІ

Уақыты: 21.04.2020
Оқылды: 1330
Бөлім: ТҮПСАНА

Биыл - Абай жылы. Елімізде ақынның есімін ұлықтауда көптеген мәдени шара ұйымдастырылып жатыр. Өлеңдері оқылып, түрлі танымдық мақала жарық көруде. Бұл өте қуанышты жағдай және құптауға да дайынмын. Бірақ бір мәселені қозғай кеткенді жөн санадым. Біз Абайды тек өлеңін оқып қана дәріптемеуіміз керек. Мәселен, Қазақстанда Абай атында қаншама көше бар?! Міне, сол көшеге де көңіл бөлсек. Мен осы жайында аз ғана ой толғайын.

Ертеде бала кезімізде ертегі тыңдаушы едік. Ол ертегі былай басталатын.

«Ерте, ерте ертеде,
Ешкі жүні бөртеді. Бір жалмауыз кемпір болыпты. Ол ылғи жердің жыртығын жамап отырады екен. Қасына келген батырды алдап, сулап жалмап қоятын болыпты»,
- деп жалғаса беретін.

Сол кезде бала көңіл, қиылға беріліп кемпір қалай жердің жыртығын жамайды. Оның қолында сондай қандай ине, жіп болады деп ойға шомамыз.

Расымен де сол кездегі ертегі шындыққа айналған сыңайлы. Қазір кез келген қалада жердің жыртығын жамап жатқандарды көресің. Көктем айы туысымен қара күзге дейін қолдарына күрек алып, жолдың ойылып кеткен жерлерін бітеп жатқаны.

Осы тұста мен мақаламның басындағы сауалыма оралайын. Талдықорған қаласындағы Абай көшесіне жылда жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тіпті, өткен жылы күрделі жөндеуден өтіп, үстіне жаңа асфальт та төселген. Енді сол жыл сайын жыртығы жамалған Абай көшесін қазір барып көрсеңіз ойдым-ойдым. Әуелі, мүлде тас төселмегендей көрінеді. Қабанбай көшесімен қиылыстан ары №2 мектеп пен электронды сауда орталығының алды снаряд түскендей шұрық тесік. Сонда олар өткен жылы қандай жұмыс атқарды? Қалалық әкімдік мүлде істемеді деуге аузым бармайды. Жолды жақсартуға қаражат бөлді емес пе?! Бөлсе, неге сапасына көңіл бөлмейді деген ой қылаң береді.

Сапасыз тас құйылып, ол бір жылға ғана жараса, мемлекеттің қаржысын текке шашқандай боламыз емес пе?! Сондықтан, бұл жерде айтпағым, жолды жөндейтін құрылыс мекемесіне жауапкершілікті қатаң жүктеу керек. Жасаған ісін сапалы және көп жылға төтеп беретіндей етіп істесе деген ниет бар.

Абай жылы деп жатырмыз, ақынның есімін өлеңмен емес, көшелерде көзге көрінетін іспен де ұлықтасақ. Абай атындағы көшелерді 185 жылдығына дейін мызғымастай етіп жөндеп қойсақ, жақсы болар еді.

Айтпақшы, жаңағы ертегімді аяқтайын. Сол ертегіден жалмауыз кемпірдің жамаған жері жыртылып кетіпті дегенді естімедік. Ертегінің соңына дейін оқып та, тыңдап та көрдік. Ондай сөйлем жоқ. Соған қарағанда ертегідегі жалмауыз кемпір жердің жыртығын сапалы жамаса керек. Ал біздің жол жасаушылардың жабындары неге жыртыла береді екен?

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды