Жазылар естеліктер мен туралы

Уақыты: 14.02.2017
Оқылды: 1974
Бөлім: ТҮПСАНА

Өмірі өлең, бөлек бір әлем қара өлеңнің қасиетін арттырған ақиық ақын аман болса биыл 86 жасқа толар еді. Ақынның туған күніне орай жер-жерде шара ұйымдастырылып, жүрекке сезім ұялатқан жырлары насихатталды. Осылардың басы болып Аспантауда асқар жыр асқақтады. Дәлірек айтқанда ақын  ауданында өткен «Соғады жүрек» атты әдеби-сазды кеш шайыр әлемінен сыр ұқтырды.

Жыл керуені алға жыл­жыған сайын ақиық ақынның артына қалдырған өш­пес мұрасы, қараңғы түн қой­науы­нан құпия сәулесін шашқан жарық жұлдыздай жарқырай түсуде. Өміршең өлеңдері де еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарттың керегіне жарап, жыртығын жамап келеді. Ақынның кіндік қаны там­ған ауданда әр бала жоқ дегенде жиырма өлеңін жат­қа білетіндігі өзгелерді таңдандырса, өңірдегілерге міндетті жайт. Міндетті дегенде ешкім қинап жаттатқызбайтыны анық. Тау ұлының туындыларын кішкентай жүрегімен сезінген балдырғандар поэзияға беріліп, өлеңмен өмірге деген бағыты көрініп-ақ тұр. Райымбек аудандық жастар ресурс­тық орталығының ұйымдас­тыруымен Кеген ауылындағы Мәдениет үйінде өткен шара көңілге түрлі ой салды. Жиын дегенге жинай алмайтын ағайын ақынның аты әспеттелген кешке ағылып келді. Мәдениет үйінің іші өлеңге, өмірге ғашық жандарға лықа толы. Ақынның «Алтай – Атырау» поэмасын жарыса оқыған мектеп оқушылары шараның шымылдығын шабыттана ашты. Мұқағали өлеңінің қасиеті осында ешкім жаңылып, қамығып қалмады. Керісінше, бірінен бірі шабыт алып, үлкен рухпен, керемет қарқынмен өлең өрді. Ақынын ардақтап алыстан ат арылтып келген қонақтар да өнерлерін ортаға салды. Ақиқаттан бөтенін қозғамай, айтқан сөзі арлы адамға жетер жыр жампозының туындылары туған өңіріндегі әрбір адамның жүрегіне жайғасқанын аңғару қиын емес. Жырымен жүректерді тербеп, талайлардың жан-жарасын емдеп кеткен ақын жайлы естеліктер айтылып, өміршең өлеңнің сандығы ақтарылды. Елімізге елеулі сазгер, әнші Қанат Ибрагимов шайырдың сөзіне жазылған әндерін әуе­летсе, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мақпал Мыса ақынға деген арнауын оқып Аспантауды жыр­ға бөледі. Өмірдің базарынан жылап қайтқан ақынның тірлікте теңге емес, өлең тергені, оны Отанға бергені үлкен қазына. Міне, сол қазынаны қадірлей алған бүгінгі ұрпақты көріп көз қуанды. Бірінен-бірі оза шауып, шабытпен, қайталанбас қалыппен ерек өлеңді екпіндете оқыған жастар жанарға жас үйірді. Әр ауылдан келген оқушылар сырлы ақынның поэзиясындағы бар асылды көрсетіп, арнасынан тасытып, асқан мәнермен орындады. Ақын ауданының тумасы, дәстүрлі әнші Сәуле Жұмабай ақын әнін әуелетіп, көрермен қошеметіне бөленді. Әр қазақтың жүрегін мекен еткен сезімтал әндердің сырына үңіліп, жүрекпен жеткізген дәстүрлі әншінің ақынға деген құрметінің көрінісі болып Аспантау әнге бөленді. Кештің арнайы қонағы сазгер Сейіт Алаш «Кең дүние төсіңді аш мен келемін» әнінің тұсауын кесіп, тыңдарманға тарту етті. Жүрегіңді елжіретіп, жан дүниеңмен мұңдасатын, сырласатын ақын әндерінің қатары тағы да толыққаны көңіл қуантты. Жас болса да ойы мен сезімі қатар келген дауылды ақынның сөзіне жазылған әндерді орындаудан жасқанбаған қазақ эстрадасының жас жұлдызы Ермек Балжігіт те кеш көркін әнмен әрлеп, әсем дауыспен сәндей түсті. Ақынын ардақтаған аудан өнерпаздарынан ел мен жердің қасиеті көрініп-ақ тұр, сөйлесе де ән айтып, өлең оқыса да төгіліп-ақ тұр. Хантәңірдің қасиетін алып, қазақ поэзия­сының мұзбалағы аталған ақынның ғибратты ғұмырына ел мен жердің де берген әсерін аңғардық. 
Келесі күні аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Елшенбүйрек етегінде, қарасудың бойында ор­на­ласқан қасиетті Қарасазда да ақын рухы асқақтады. Ауылдың Мәдениет үйінде ақынның «Бала шақтан – болашаққа» өмірдастанынан көрініс қойылып, қасиетті өлкенің аспаны ақын өлеңімен арайланып сала берді. Та­ғы­лымға толы айтулы шараның ал­ғашқы сөзін Қазақстан Жазу­шылар Одағының басқарма төрағасының орынбасары, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы алып,  ақын жырларының халықтық қасиеттің алтын тұнбасы еке­нін айтып өтті. Келесі  сөз сөйлеген «Ақиқат» журналының бас редакторы, М. Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Аманхан Әлімұлы шайыр жайлы тереңнен толғады. 
Міне, осылай Алладан  жыр аяны, жыр  баяны келген  ақынның туған күні үлкен мерекеге ұласып, мұхиттың  түбіндей терең, табиғаттың өзіндей таза, бұлақтай мөлдір жырлары Қарасазды тербетіп, қара өлеңнен қасиет ұқтырды. Иә, ақын жырлары  ұрпағының   есінде мәңгі сақталары сөзсіз.  Өлең өлмейді. Ендеше оны  жазған ақын да өлмейді.  

Гүлвира НҮСІПОВА.
Райымбек ауданы.