"ҚАЙТСЕК ТЕ ЖЕҢЕМІЗ!" ҚАБАНБАЙМЕН ҚАТАР АТАЛАТЫН ТАҒЫ БІР БАТЫР БАР

Уақыты: 28.04.2020
Оқылды: 1805
Бөлім: ТҮПСАНА

Сұрапыл соғыс басталар алдындағы 1722 жылы қазақ халқының тәлейсіз тағдырын тозаққа айналдыруға себеп болған екі түрлі жағымсыз жайт орын алды. Біріншісі, сол жылы қыс қатты болып, аяғы жұтқа ұласты. Мал қырылды. Тұрмыс тұралап, ел күйзелді. Екіншісі, Цин империясы өзінің жоңғарлармен жүргізіп жатқан соғысын тоқтатып, уақытша бітімге келді. Сөйтіп, жоңғарлардың қазаққа қарсы қолданатын әскери күшінің еселенуіне жағдай туды.

1723 қоян жылының көкек-мамыр айларында берекесі ұшып, бірлігінен айырылған қазақтарға жан-жақтан жеті лекпен, мылтықтармен, зеңбіректермен жеткілікті дәрежеде қаруланған жетпіс мыңдық жоңғар хандығының тұрақты әскері бір мезгілде, күтпеген жерден тап беріп, шабуыл жасады.

Мұндай қауырт соғысқа қазақ қауымы дайын емес еді. Қарсы тұрар қалың қол да, оны ұйымдастыратын хан да, қолбасшы да жоқ. Бытырап-бөлшектенген қазақ жасақтары бей-берекет ұрыс жүргізді. Қарапайым халық қатты қырғынға ұшырады. Ағайын-туыс бір-біріне қарайласа алмай мал-мүлкін тастап, бас сауғалады. Көптеген ауылдар орнынан қозғалып үлгермей түгелдей қырылып кетті. Мылтықтан оқ жаудырып, зеңбіректен доп атқылап, қарсыласып соғыспақ болған ру-тайпалардың тоз-тозын шығарды. Бала-шаға, үлкен-кіші демей аяусыз қыра берді. Тоқтамай жылжып, оңтүстіктегі қалалар мен қыстақтарды түгелдей басып алуға кірісті. Қарсыласқандарын қиратып, берілгендеріне ауыр алым-салық салды. Кемпір-шал мен жас балалар «Ақтабан шұбырынды» болған жұртқа ілесе алмай жол-жөнекей қырылып жатты. Қазы-қарта жеп, қымызбен сусындаған қазақтың басына шөп тамырын қорек етіп, «қайың сауған» күн туды.

Ердің ері ғана өзіне қарасты ру-тайпаларды ұйымдастырып, мал-жанды қорғап, қаша соғыс салып, көш бастай алды. Солардың бірі біздің бабамыз Бөрібай батыр болды. Ол өзіне ерген елді бастап, соңына түскен жауды Бетпақтың шөлінде адастырып, дұшпан аяғы әлі тие қоймаған Сарыарқадағы Сарысу өзеніне қарай бет алды. Қожаберген жырау өзінің атақты «Елім-ай» дастанында:

«Мына заман қай заман, қысқан заман,
Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман.
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,
Қаңтардағы қар жауған қыстан
                     жаман.

Өлеңге қостым көзбен көрген кепті,
Халқымды соғыс, аштық
            тентіретті...
...Көршілер Орыс, Қытай түпке
                   жетіп...
Қалмаққа мылтық сатып күшті
                     ел етті.

Бостырып Жалайыр мен
               Наймандарды, 
Алтай мен Алатауды қалмақ алды. 
Жалайыр, Найман, Қоңырат
                     Бөрібайға еріп,
Сарысу бойына кеп қоныстанды»
, – деп зарын айтып, болған оқиғаларды болғандай баяндап береді.

Неге Сарысу бойына?! Себебі, Сарыарқа – қазақ жерінің кіндігі. Кең-байтақ дала, мол жайылым. Жау Арқаның батысына әлі өте қоймаған, Сарысудан әрі аспаған. Жер жағдайы қорғанысқа қолайлы.

Бұл жерді ежелден қоныс етіп келе жатқан Арғын-Қыпшақ, Тарақты тайпалары мал шаруашылығымен бірге егіншілікпен де шұғылданатын. Елі ауқатты, жері шүйгін, өз туысың болғандықтан ортақ жауға қарсы күш біріктіруге де әзір. Осылардың бәрін есепке алған Бөрібай батыр Сарысуға жаудан бұрын жетіп алды.

Жер жағдайына қанық Бөрібай батырдың Сарысудың дұшпан қолын тоқтатар бірден-бір қолайлы жер екенін алдын ала білгені анық. Өйткені, жоңғарлармен бір мезгілде Ресей қолтығындағы Еділ қалмақтары да батыстан шабуыл жасап келе жатқан. Бұл екеуі Сарыарқада қосылар болса, қазақтардың хәлі мүлдем мүшкіл болары хақ.

Бөрібай батырдың бұл көрегендігінің арқасында бір ғана Матай руы емес, қазақтың Найман, Жалайыр, Қоңырат сияқты қазақтың үш үлкен тайпасының көпшілік халқы аман сақталып, іргелі ел – Арғын-Қыпшақ, Тарақты руларының басым бөлігімен қосылып, ұлт есендігі үшін болатын келешек майданға ұйысуының алғышартын жасады. Бұл оның атақ-даңқын бүкіл үш жүзге таратып жіберді.

Бұған дейін Орта Азия хандықтарына босып барған қазақтардың бірталайы ол жақтан да опа таппай таланып, тоналып, ауруға шалдығып, мал-мүлкінен айырылып туған жерге қайтқысы келіп жүрген. Енді солардың барлығы Сарысуға жетуге асықты. Батыстан шабуылдаған Убашы қалмақтарының күшіне төтеп бере алмай шегінген Әбілқайыр бастаған кіші жүз рулары да осы өңірге бет алды. Ұйымын бұзбай жеткен Керей-Уақ елдері де Қорғалжынға қоныстанып жатты. Сөйтіп, Бөрібай батырдың өнегесімен қырғыннан аман қалған күллі қазақ Сарыарқаға, Сарысу бойына лек-легімен келіп орналасты.

Ұйысқан ел ру, тайпа қалпын сақтап қоныстанып, әскери жасақтар құрып, әйелдерге дейін қару ұстап жаумен арпалысты. Жұрт шымнан үй қалап, жеркепе қазып орнығып, қыстың қамын қылды. Бұрынғыдай сыймайтын мал жоқ, іргелерін бөлмей жиі-жиі отырып, ынтымақтасып шаруа жасап, қолда барды бөліп жеп, шамалары келгенше қаруланып, қару-жарақ соғып, шайқасқа дайындалды. Осындай игілікті іс-шаралардың басы-қасында қазақтың Бөрібайдай ел бастаған батырлары мен Қожабергендей ел ынтымағын ойлаған жыраулар жүрді.

«Ақтабан шұбырындының» алапат азабын бастан кешкен халықтың санасы да өсіп, «бірлік болмай тірлік болмасына» көздері әбден жеткен еді. Қарапайым халыққа мансап қуған хан-сұлтандар емес, ел үшін еңіреп туған Бөрібай тектес ерлердің ғана қорған бола алары белгілі болды. Солардың айналасына топталған қазақтар Сарыарқаға жиылып, елді сақтаудың қамына кірісті.

Батысы мен шығысынан бір мезгілде шабуылдап, қазақ жерін түгел басып алмақ болған Еділ қалмақтары мен Жоңғар хандығының арам ойлары осылайша жүзеге аспай қалды. Сарысуға топтасып, майдан ашқан қазақтардың қарсылығы олардың бірігуіне жол бермеді. Қысқа қарай дұшпан шабуылы да уақытша тоқталды.

Қыстан аман шығып, ұлу жылын қарсы алып, «Қалмақты қайтсек те жеңеміз, жер-суымызды қайтарып аламыз» деп анттасып, ұйымдасқан елге басшылық еткендердің бірі Бөрібай батыр болды.

1724-1725 жылдары  қазақ үшін Жоңғар шапқыншылығынан ес жию кезеңі болды. 1724 жылы Түркістанды қорғау, 1725 жылы Алакөл ұрыстары өтті. Бірінде жеңіліп, бірінде жеңсе де, жалпы жағдай өзгерген жоқ. Бірақ қазақ жасақтары барын салып шайқасты, оларға басшылық жасаған Қабанбай батырдың атағы елге жайылды. Ел арасында Қабанбай мен Бөрібай есімдерінің қатар аталып, әспеттелуі осы кезең болса керек.

1726-28 жылдары біріккен қазақ қолы Сарысу өзенінің сағасы Бұлантының бойында және Шұбартеңіз көлі маңында алғашқы жеңістерге жетеді. Жеңіс қазақ халқын күреске жігерлендірді. Соғысқа хандар мен сұлтандар, билер мен батырлар, рубасылары белсене араласа бастайды. Қазыбек Бек Тауасарұлының мәліметтері бойынша біріккен қазақ қолының саны бұл кезде 44 мыңға жетеді.

«Бөрібай батыр 1728 жылы Торғай даласының оңтүстік шығысында Бұланты өзенінің бойында тарихта «Қалмақ қырған» деп аталып кеткен шешуші ұрыста асқан ерлік көрсетеді. Тарихи маңызы үлкен шайқасқа Қабанбай, Жаңатай, Мүйізді Өтеген, Жәнібек, Бөгембай сынды қазақтың батырларымен бірге Бөрібай да өз қосындарымен келіп қатысады». (М.Тынышбаев. Қырғыз-қазақ халқының тарихи материалдары. Ташкент, 1925 жыл, 18 бет).

Қалдан Серен Орта жүзді толықтай бағындыру үшін 1739-1741 жылдары ірі-ірі үш жорық жасайды. Бірінші жорықтың нәтижесінде қазақтар көп шығынға ұшырап, орыс бекіністеріне қарай шегінеді. Мол олжаға кенелген жоңғарлар қыс түсіп кетуіне байланысты қыруар мал мен тұтқындарды айдап кері қайтады. 

Екінші жорық кезінде (1740) қалмақтар қазақтардың қатты қарсылығына тап болады. Бөрібай батыр бастаған Матай қосыны да жаумен жан аямай соғысады. Қара, Шоңай, Таубасар батырлар тізе қосып, жаудың бетін қайтарады. Осы ұрыста Бөрібай батырды артынан аңдып келіп өлтірмек болған жау сарбазының найзасынан Ғайып деген жас батыр қорғап қалады. Кейіннен Ғайып батыр Бөрібайға күйеубала болып қарындасына үйленіпті. Содан бастап кіші жүз Алшын жігіті Ғайып Бөрібайға айнымас серік болады.

Үшінші жорық 1741 жылдың қысында басталады. Бұған дейінгі соғыстар жазғы, күзгі мезгілдерде ғана жүргізіліп, қыста тоқтайтын еді. Бұл жолы олар ерекше әдіс қолданып, қыс көзі қырауда жорыққа шығып Орта жүздің жер аумағын көктей шолып, Тобыл, Ертіс өзендеріне дейін барады. Қолбасшы Септен басқарған жоңғардың таңдаулы отыз мыңдық «Сүзекі» қолы алдын ала белгіленген, бұқпа жолдармен жүріп отырып Орта жүздің белгілі батырлары мен сұлтандарының қыстауларына бағытталған нақты соққылар жасайды. Жоспар сәтті орындалып, жау орта жүздің Абылай, Барақ сұлтандары мен Қоқ батыр бастаған бір топ ерлерін тұтқындап әкетеді. Көптеген қазақ батырлары опат болады. 

Тарихшы Берекет Кәрібаев солардың арасында Бөрібай батыр да бар деген пікірді ұстанады. Бірақ батырдың қазасы туралы нақты деректің жоқ екендігін де ашып айтады. Тарихшы одан әрі Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» романынан үзінді келтіріп: «Әскердің бас-аяғын түгендегенде қазақ жағынан да едәуір шығын бары анықталды. Матай Бөрібай, Жалайыр Тәттібай, Семізнайман Бөдес батырлар қаза болған. Бөрібай батыр – исі Найманға ұран болған ежелгі ер Қаптағайдың тікелей ұрпағы еді. Бір өзі он шақты қалмақтың қоршауында қалып, ерлікпен мерт болыпты», - деп өз ұстанымын дәйектегендей болады. Екінші дәлел ретінде 1742 жылдың тамыз айының 26-28 күндері Ресей бодандығын алуға ант берген Орта жүз рубасыларының ішінде Бөрібайдың есімі жоқ екендігін, оның орнына құжатта Матай руынан Таубасар батырдың аты көрсетілгенін келтіреді.

Жоңғар ханы Қалдан Серен қаншалықты кәрін төксе де, қолбасы Септен қазақтарды тізе бүктіру үшін нендей амал-айла ойлап тапса да, орта жүз жасақтарының қарулы қарсылықтары тоқтамайды. Ұлы жүз, Кіші жүз батырлары да көмекке келеді. Ұзамай Септен қолбасшы Олжабай батыр қосынымен болған бір соғыста жеңіліске ұшырайды.

Жаудың жеңіліп, Абылай хандығының тарих сахнасына көтеріліп, қазақ елінің өзге елдермен терезесі тең дәрежеге жетуіне азаттық үшін алысқан Бөрібай бабамыз сияқты халық қаһармандарының қосқан үлесі өте зор. Қазақ батырларының жанқиярлық ерлігі бүгінгі ұрпаққа өшпес үлгі-өнеге.

Ербол ТОҒЫЗБАЕВ,

тарихшы

Сурет ғаламтордан алынды