ЖИЫРМА АЛТЫ ТАҢБАЛЫ ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: БІЗ НЕНІ ТҮСІНБЕЙ ЖҮРМІЗ?

Уақыты: 30.04.2020
Оқылды: 1663
Бөлім: ТҮПСАНА

Әр тарапқа тартылған әліпбидің әңгімесіне әлі нүкте қойылған жоқ. Егемендік лебі ескен алғашқы жылдардан-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген латын графикасына көшу туралы бетбұрысты бастама бас-аяғы бүтінделіп, Рухани жаңғыру бағдарламасында алғаш рет бір арнаға түсті. Онда латын әліпбиі әлемдік таңбалаудың ең озық үлгісі екені айтылып, қазақ тілін де сол стандартқа негіздеудің мерзімді жоспары құрылды. Елбасы тапсырмасымен саяси құжат беттерінде қатталып, қазақ жазуына соны серпіліс сыйлаған бұл қадам Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі ең маңызды тарихи бетбұрыс ретінде бағаланды. Тіптен Тұңғыш Президентіміз: «Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады», – дей отырып, қазақ тілі стандартына сай графиканы електен өткізіп жатқан лингвист ғалымдарға алғысын айтқан еді. Алғыс айтылғанымен, болашақ үшін маңызды бетбұрыс жасалғанымен қазақ тілінің жазылу, оқылу, дыбысталу, ең бастысы, бүкіл әлемге ортақ компьютердің 26 әріпке лайықталған пернетақтасына сыйдыру мәселесіне келгенде пікір сан-саққа жүгірді. Мұның себебі мен салдары неде?

Тарқатайық

Латын графикасы күні кеше ғана қолданысқа енген, күмәнмен қарайтын шаланжансар таңбалардың жиынтығы емес. Тарихын тарқатсақ, сексен жыл бойы сойдақтатып жазып жүрген қазіргі кирилл қарпінен әлдеқайда терең. Біздің заманымызға дейінгі дәуірлер қойнауында туған көне жазу. Кириллица секілді 40-ыншы жылдардағы қандай да бір ұлттық-саяси қысымға қатысы жоқ, ғасырлар сынағына салынған, әлемнің 70 пайызынан астамы тұрақты қолданатын, бүкіл технологияның тамырын соқтырған, индустрия атаулының бекітілген стандарды – unicode жүйесінде басымдыққа ие заманауи әліпби.

Жалпақ тілмен жеткізсек, аталмыш әліпби арқылы қазақ тілінің қолжетімділігі артады, ғылым мен техникада кең айналымға түседі, халықаралық дәрежеде ауқым-аумағы айқындалады. Оның үстіне, өткен ғасырдың 30-40-ыншы жылдары латын әліпбиі кең қолданыста болып, жүз мыңдаған данамен оқу құралдары, ақын-жазушылардың туындылары жарық көріп үлгерді. Он жыл аралығында латын әліпбиімен сауат ашқан бірнеше буын қалыптасты.

Латын әліпбиінің артықшылықтарын технократтық төңкеріс әлемінен алыс жатқан, ауылдағы қазіргі ата- әжелерге шейін түсінеді. Олардың басым көпшілігі соғыс қарсаңында латын әліпбиімен сауат ашқандар. Тіпті, әлі күнге дейін латын таңбасымен қол қоятын қариялар да баршылық. Ал жастар қауымы өз ортасында ұялы телефонмен sms-хабарламалар жолдауда әлдеқашан латын әліпбиіне көшіп қойған. Өйткені, технологияда латын әліпбиін қолданудың тез әрі тиімді екенін олар жақсы біледі. Тәуелсіздік алғалы оқтын-оқтын айтылып, мінберлерде көтеріліп келген графика мәселесі соңғы екі-үш жылдың көлемінде ғана пісіп-жетілді. Сондықтан, әрбір Қазақстан азаматы латын әліпбиін тіл емес, таңба деп ұғынып, кирилл кесірінен көмескіленіп, ұмытыла бастаған кейбір төл дыбыстарымызды қайтаратын мүмкіндік, өткенімізге оралу, бұл графиканың техникалық артықшылығы көп деп ұғынуы қажет.

Латын таңбасының алғаш жобаланған жері көне Рим мемлекетімен байланысады. Біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда пайда болған әліпби алғаш 20 таңбадан тұрған. Кейіннен жетілдіріліп, тағы бірнеше әріп қосылған. Көне дәуірден жеткен әліпбидің қанша ғасыр өтсе де, әлі күнге дейін негізгі стандартына нұқсан келмеді. Қазіргі технология дәуірінде 26 таңбалы классикалық латын әліпбиі бүкіл тетікке енгізілді. Кез келген мемлекет сыртқы қарым-қатынаста міндетті түрде осы 26 таңбаның артықшылықтарына жүгінеді. Тіпті, төл әліпбиі бар алпауыт Қытай, Жапония, Корея елдері де латын нұсқалы, дәлірек айтқанда, ағылшын тіліндегі түсіндірмелерге тәуелді.

Латын әліпбиі жайлы сөз өргенде, ағылшын тілін айналып өту мүмкін емес. Мақаламыздың маңызды тұсы да осы. Ағылшын тілі халықаралық қарым-қатынастың басты құралына айналғалы қашан?! Көптеген өркениетті елдермен бірге Қазақстанда да ағылшын тілі халықаралық тілдің санатына жатады әрі үшінші тіл ретінде сыртқы қарым-қатынаста кеңінен қолданысқа ие. Жергілікті тұрғындар арасында да ағылшын тіліне сұраныс көп.

Өкініштісі, қазақ тілін латын графикасына көшіру жұмыстарында ағылшындардың әліпби қолданудағы әлемдік үлгісіне баса мән берілмей қалды. Бірен-саран талқылауларда айтылғанымен, кәсіби мамандар мен бірқатар ғалым алыстағы ағылшынның емес, туыстас тілдердің латын графикасын көбірек негізге ала бастады. Көршілес Өзбекстанның, бауырлас Түркияның, Әзірбайжанның әліпби қабылдаудағы тәжірибелеріне көбірек сүйенді. Олардың графикасына зерттеу жүргізсек, талай қателікке ұрынғанын, ең қорқыныштысы, әліпбидің дұрыс қабылданбауынан кейбір дыбыстарын жоғалтып алғанын анықтау қиын емес. Сондықтан, олардың соқпақ-сүрлеуіне түсіп кетуден, тілге төнетін қателігінен сақтануымыз тиіс.

Бүкіл әлемнің технологиясына енген, ағылшындар қолданатын латын графикасына назар аудармау мүмкін емес. Қанша жерден олардың тілі, ұлттық таным-түсінігі мен дәстүр-салты өзге болғанымен, технологияда, бағдарламалау мен ІТ әлемінде тоғысатын тұсымыз бір. Біз латын графикасына олардың тілін емес, қолданатын таңбасын негізге ала отырып көшсек, ұтылмасымыз анық болып отыр. Өйткені, қазіргі дау-дамайдың көбі мемлекетімізде халықаралық тіл санатына ие – ағылшын тілі мен қазақ тіліне негізделген латын графикасының алшақтығына байланысты шығуда. Қазақ-ағылшын тілдерінде бірнеше дыбыстардың ұқсастығы (ә, ө, ң сынды), елімізде үштілділік саясаты негізінде жасалып жатқан батыл қадамдар графикамызды да жақындастыруға немесе өзара тәжірибе алмасып, әліпбиімізді сәтті бекітуімізге септігін тигізетінін ұғынған жөн. Біз латын графикасына өту арқылы кеңестік кезеңде жоғалтқан дыбыстарымызды қайта қалыптастырумен бірге тіліміздің табиғатын сақтаймыз әрі терминология, жазылым, айтылым сөздіктерінде кеткен қателіктерді түзеуге таптырмас мүмкіндік туады.

Рас, ағылшын тілі – флективті тіл. Осы орайда әлеуметтік желідегі әралуан пікірталаста мамандар ағылшын тілінің флективті тіл екеніне баса мән беріп, яғни, қосымша мен түбір кірігіп (бірігіп емес) кететінін, нәтижесінде, сөздің көлемі де азаятынын алға тартады. Ал қазақ тілі жалғамалы болып келеді. Дәлірек айтсақ, жұрнақ пен жалғаулар түбір сөзге көбінде өзгеріс әкелмейді. Білікті ғалымдар ағылшын тілін таңбалаудағы латын графикасына осындай пікір білдіріп, 26-ға негізделген әріптен гөрі, 9 төл дыбысымызға жекелеген таңба жасауға кірісті. Сөйтіп, латын әліпбиіне көшу қызу қолдау тапқанымен, қай дыбысты қай әріппен таңбалау қажет деген сауал төңірегінде тілтанушылар арасында бірнеше топ пайда болды.

Талай уақыттан бері талқылауға түскен әліпби үлгісі қазыналы қариялар мен ақ жаулықты әжелерге таңсық көрінбегенімен, одан бергі ұрпақ – орта буын тосырқап қарады. Мектеп қабырғасында неміс тілін оқығанын еске түсіруге мәжбүр болды. Қалай десек те, қолдауға ие қаріптің қазақ тілін таңбалауда ұтар тұсы көп. Бұл жайында тіл саласының ғалымдары, қоғам қайраткерлері, жекелеген басқа да азаматтар қуаттап, жарыса пікір білдірді.  Алайда қалың ел шешуші жобаны, әрине, баяғыдан негізі қалыптасқан, қазақ филологиясы саласында бірден-бір қара шаңырақ –  А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан күтті. Тіл мәселесімен ұдайы шұғылданып келе жатқан тағы да басқа мекемелер, орталықтар латын қарпінің жобасын дайындау жұмыстарына белсене кірісті. Тиісті мекемелерден қазақ тілін таңбалайтын латын графикасы ұсынылса да, ақпарат құралдарында емле ережелері жарияланса да, сын толастаған жоқ. Латын графикасының бір ізге түсуі «аққу, шортан һәм шаян» оқиғасына ұқсап кетті. Неге?

Талдайық

Рухани жаңғырудың жарқын қадамы қазақ тілінің латын графикасына сәтті өтуі еді. Өкініштісі, біз бұл деңгейге әлі жете алмай жатырмыз. Санаулы жылдың ішінде Елбасының алдынан бірнеше әліпбидің жобасы өтті. Кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та соңғы бекітілген латын графикасын жетілдіру қажеттігін алға тартты. Асығыс бекітілген бірінші әліпби ғана емес, одан кейін қабылданған графикалар да үсті-үстіне сынға ұшырады. Жасыратыны жоқ, мамандардармен бірге жекелеген азаматтардың да сын-пікірлері көбірек естіліп жатты. Олардан бөлек, латын графикасын қазақ тіліне ұтымды лайықтаған жоба авторлары көптеп шықты.

Желілерде, латын графикасына арналған басқосуларда, түрлі телебағдарлама мен газет-журнал, сайттардағы сұхбаттарда негізінен екі мәселе алдыға шықты. Оның біріншісі – қазақ тілінде бар ә, і, ң, ғ, ү, ұ, қ, ө дыбыстарына пернетақтада бекілген 26 таңбадан бөлек таңба жасақтау. Ал екіншісі – қазақтың төл дыбыстарын үндестігін заңын ескере отырып, жуан-жіңішкелігіне қарай топтап, бір таңбамен белгілеу. Бірінші бағытты қазақ тілінің әуезділігіне, табиғатына нұқсан келтіріп аламыз ба деп қауіптенген Тіл білімі институты мен басқа да тілге қатысты мекеме ғалымдары қолдаса, екінші мәселе ІТ саласында, технология әлемінде тиімді болды.

Осыған байланысты тілтанушы ғалымдар мен жекелеген жоба авторлары арасында қарама-қайшылықтар байқалды. Соның ішінде арнайы тоқталуға тиісті жоба авторының бірі – Арман Байқадам. Іскерлігінен бөлек, қоғамдық мәселелерде үнемі өз идеясымен танылып жүрген жас әрі қазақ тіліне лайықталған латын графикасы авторларының бірі, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің роман-герман филологиясының маманы, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің, сондай-ақ, Швейцариядағы Еуропа университетінің РҺ және DBA деңгейіндегі докторы. Отандық ақпарат құралдарының басым көпшілігі Арман Байқадам мен оның жобасымен келіспейтін ғалымдарды бетпе-бет шақырып, пікірлерін жариялады.

Түсінгеніміздей, Арман Байқадам жобасы бойынша латын графикасына көшумен бірге қазақ тілінің айтылымы мен жазылымына түбегейлі өзгерістер енеді. Кеңестік кезеңде кириллицаның кесірінен нұқсан келген тіліміз өзінің төл дыбыстарына оралады. Сондай-ақ, халықаралық қарым-қатынас мәселесінде де ешқандай кедергі туындамайды. Жоба авторының айтуынша, қазіргі қазақ тіліне қатысты том-том сөздік бар. Синонимдер, омонимдер, тұрақты сөз тіркестері, орфоэпиялық, орфографикалық сөздіктер жыл аралап басылып шығады. Бірақ жекелеген ғалымдар, тілшілер болмаса, жалпы халық қолданбайды. Бұл – үлкен кемшілік. Негізінде сөздіктен алыстаған халық тілін де жоғалтуы мүмкін. Ағылшын елін қарасаңыз, 1-сыныптағы баласынан еңкейген қариясына дейін сөздіктермен жұмыс істейді. Сол себептен де шығар, олардың тілі мыңдаған жыл бойына өзгеріссіз, таза қалпында сақталып келеді.

– Латын графикасына өтудің басты артықшылығы – Батыс Еуропаның ғылыми-техникалық прогресіне ілесу. Смарт, сенсор, ақпараттық және жалпы сандық технологияның ілгерілеуіне ілесу үшін бізге міндетті түрде латын қарпіне көшу қажет. Ең бастысы, қалайда ешбір ноқатсыз, артық нүкте, үтірсіз таза 26 әріптен тұратын латын таңбасын қолдануымыз тиіс. Бағдарламалау тіліне бір ноқаттың қосылғаны жеткілікті. Бүкіл тіліміздің ойран-асырын шығарады. Тағы да пернетақтаның жоғары бөлігіне түрлі ноқаты бар латын әріптерін орналастыруға тура келеді. Бізге мұндайдың керегі не? Бізге user (қолданушы, тұтынушы) болудың қажеті жоқ. Біз ақпараттық технологияны өндіруші ел болсақ қана бәсекеге қабілетті бола аламыз, – дейді Арман Байқадам бізге берген пікірінде.

Байқадам әліпбиінің негізгі ерекшелігі – транскрипцияның (дыбыстарды дәл бейнелейтін шартты белгілер) болуында. Яғни, жоба авторы латын әліпбиін ұтымды пайдаланып отырған ағылшындық үлгінің формасын алып, қазақ тілін таңбалауға икемдеп отыр. Мұнда артық-ауыс таңбалар, үтір, ноқаттар жоқ. Барлығы бүкіләлемдік технологияның стандарты – пернетақтадағы 26 әріпке негізделген.

Мәселен, «Бүгін кешкісін кітап дүкені ашық» деген сөйлемді алайық. Соңғы қолданыстағы әліпбиге сүйенсек, «Búgіn keshkіsіn kіtap dúkenі ashyq». Ал Байқадам әліпбиі бойынша бұл сөйлем «Bugyn ceshcysyn cytap duceny ashyk» болып жазылады. Байқадыңыз ба, соңғы бекітілген нұсқаға ұқсамайды. Яғни, бірде-бір ноқат, акут, басқа да белгілер жоқ. Тез теруге қолайлы. Пернетақтада бекітілген 26 таңба толық қолданылады. Халықаралық терминдерді қотару мәселесі де шешімін тапқан. Мыңдаған, тіпті, миллиондаған шетелдік бренд сөзді жазу да бұл нұсқамен өте тиімді. Естеріңізде болса, тілші ғалымдардан құралған комиссия мүшелері мақұлдаған әліпбилерде халықаралық терминдерге қатысты айтылым, жазылым мәселесінде реттелмеген дүние көп еді.

Байқадам жобасында к – c, ғ – q, қ – k болып белгіленген. Мұндағы ұтатын тұсымыз, қазір әлемде қолданысқа еніп кеткен «Kazakstan», «kaz» «kz» шартты таңбаларын қазақша оқи беруге мүмкіндік туады. «Біздің ғалымдардың арасында латынның «С» (си) әрпін «С» таңбасына жұмсайық дейтіндер бар. Біз мұны «К» әрпінің орнына таңбаладық. Неге дейсіз ғой? Дәл ағылшынның «C» әрпінен басталатын компания (company), компьютер (computer), конгресс (congress) сынды терминдері көп. Оларды біз өзіміздің «К» әрпіне түзеп отырмаймыз ғой. Онда несіне латын әрпіне көштік деген сауал туындайды. Керек десеңіз, «С» (кирилмен оқылғанда «К») әрпінен басталатын 5 мың термин бар. Егер түрік ағайындар сияқты біз оны «К» әрпімен бұзсақ ғылыми-техникалық ілгерілеуіміз қайда қалады? Осыны ойланған жөн. Латын графикасын құраған кезде біз «Ғ» дыбысына «Q»-ды бердік. Өйткені, бұл әріптен басталатын халықаралық терминдер өте аз. Латыншаның диграфтарын (sh, ch, ng) да сол қалпында дыбысталуымен қалдырдық. Қайта мұнда ұтқан жеріміз «ң» дыбысы болды. Ағылшында да «ng» (ң) әрпі бар. Енді біз латыншаға көшкенде орыстар секілді бұл дыбысты «нг» (мәселен, «Самсунг», «Ринг») деп оқымаймыз. Тағы бір дау тудырған әріп – «Х» (икс). Қазаққа мұның керегі не деп, оны кирилше «Ш» дыбысына берейік дейтін ғалымдар пайда болды. Егер оны «Ш» деп оқысақ, физиктер мен химиктер, математиктер икс теңдеуін қалай таңбаламақ?» – дейді жоба авторы.

Әрине, 26 әріпке негізделген, ноқатсыз латын әліпбиін уақыт сынынан өтпей, халық арасында қолданысқа түспей тұрып, қолдап, қолпаштай жөнелуден аулақпыз. Кемшін тұсы да, жетілдірер жері де бар. Алайда қазіргі таңда Тіл білімі институты ұсынған, төл дыбыстар арнайы таңбалармен бөлек белгіленетін ноқатты әліпби мен дыбысталу жүйесі транскрипцияға негізделген осы Байқадам графикасы қоғам талқысынан екшеліп шыққаны ақиқат. Ендігі қадам осы екі нұсқаның біреуін түпкілікті таңдауға сайып тұрғандай. Ендеше, не істеу керек?

Таңдайық

Байқадам әліпбиі – еліміздегі танымал жоба. Бұл жобаны қорғаушылар талай мәрте ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы артықшылықтарын таныстырды. Министрлікке де ұсыныстарын жеткізді. Өз уәждерін айтып, байлатын (авторы Арман Байқадамның құрметіне осылай аталып жүр) нұсқасының ерекшеліктерін дәлелдеді. Тіпті, «Қазақстан» ұлттық арнасының «Ашық алаң» бағдарламасында да сөз сөйлеп, Тіл білімі институты, басқа да тіл саласымен шұғылданатын мекеме өкілдерімен пікірталасқа түсті. Бірақ екі тарап та ортақ тоқтамға келген жоқ. Екі жақтың да дәлелді уәжі жеткілікті. Тоқетері, латын әліпбиіне көшудегі басты басымдықты қазақ тілінің табиғатын сақтап, ғылым мен технология тіліне айналдыруға, ІТ саласы мен цифрландыруға берген жөн. Сонда ғана жан-жақты пікірлер ескерілген, тұтынушы адам қазақ тілін күнделікті қолдануда техникалық кедергіге ұшырамайтын тиімді әліпбиге таңдау жасалмақ.

Елімізде латын графикасына толықтай көшу 2025 жылға межеленген. Алайда әліпби төңірегіндегі дау-дамай ұлғаймаса, бәсеңсіген жоқ. Әлеуметтік желіде де, ақпарат құралдарында да жиі талқыланатын тақырыптың біріне айналды. Қоғамның бұлай белсенділік танытуы құптарлық іс болғанымен, соңғы шешімді графиканы жетілдіру жұмыстарымен тікелей шұғылданып жатқан тіл мамандарына, филолог-ғалымдардың еншісіне қалдырған ең абзалы болмақ.

Ағылшын тілінің маманы, көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов бір сөзінде: «Латын әліпбиіне көшетін болсақ, оның сипатын толық қабылдауымыз керек. Менің айтайын дегенім, латын әліпбиінде бар болғаны 26 әріп бар. Ал біз қабылдаған латын әліпбиінде оның кейбіреуін алып тастадық. Қазақ тілінде дыбыстардың саны 30-дан асады. Алайда әр дыбысқа бір таңба қоя алмаймыз. Кейбір таңбалардың түсіп қалғанына менің көңілім толмайды. Екінші мәселе, диграфтармен таңбалаудан қашпау қажет. Мен осыған қатысты қынжылысымды жасыра алмаймын. Өйткені, әлемде қабылданған латын диграфтарын қабылдамайтын болсақ, жаңағы 30-дың үстіндегі дыбысымызды қалай таңбалаймыз?» – деген еді. Сонымен қатар, ғалым қазақ тіліндегі «у» әрпін латын графикасында «w» әрпімен таңбалау қажет деген пікір айтты.

– Латын әліпбиінің алдыңғы және осы соңғы нұсқасында «w» әрпі түсіп қалған. Ал енді латын графикасындағы «w» әрпі қазақтың «у» дыбысына әдемі келеді. Қазір латын әліпбиінің соңғы нұсқасында «у» әрпін «ý» деп белгіледік. Оның өзінде бұл дыбыс бізде өзгешелеу болып тұр. Ал біз осы дыбыстың орнына «w» әрпін қойсақ, орынды. Мысалы, wakyt, qawym, wаqyt, Wáli, Washington, qwat, tawyq. Сонымен қатар, «w» әрпі – бос тұрған таңба. Ал неге біз оны пайдалана алмаймыз? «Х» әрпіне тиіспеу керек. Бұл – менің жеке пікірім. «Х» деген математикалық символ ғой. Сондықтан ол әріпке шекеден қарауға болмайды, – дейді Әділ Ахметов.

Байқадам жобасында бұл пікір ескерілген. Онда у – w болып белгіленген. Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі, ұ–ү, ы–і, ө–о жуан-жіңішке дауыстылар бір таңбаға сыйдырылған (u, y, o). Ал қай жерде жіңішке, қай жерде жуан дыбысты қолдану тікелей Ахмет Байтұрсыновтың үндестік заңына сай атқарылады әрі транскрипцияға сүйенеді.

Ал белгілі ғалымдар Әлімхан Жүнісбек пен Анар Фазылжанова тіл мен дыбысты компьютерге бейімдеуге болмайтынын алға тартады. «Қазір кез келген қазақтан сұрасаңыз, қазақ тілінде 42 дыбыс бар деп жауап береді. Олай емес. Біздің тілімізде бар болғаны 28 дыбыс бар. Сол 28 дыбысымызға үйлесімді латын әліпбиін қабылдауымыз керек. Сонда ғана ұлттық әліпбидің ұлттық емле-ережесі қалыптасады», – дейді Ә.Жүнісбек. Ал Анар Фазылжанова: «Бізде емле жасауда халық пікірі ескеріліп отыр. Жазу – рухтың қалыбы. Қазір осы істі дұрыс атқарсақ, еліміздің рухы дұрыс сақталады. Егер жазу ұлттық жүйеге қарсы болса, ұлттың сақталуына нұқсан келтіріледі. Жалпы, латын графикасына қатысты елде болып отырған реформаның принципі – демократиялық, халықпен ақылдасу, халықтың пікірін тыңдау», – дейді.

Қалай түйіндесек те, бір нәрсе айқын. Ол – латын графикасына сөзсіз көшетініміз. Тілімізге кирилл қарпінің тигізген салқынын қайта қарап, қателігімізді түзететін, цифрландыру жүйесінде басымдыққа ие болып, жоғалғанымызды түгендейтін мүмкіндік туды.

Өкініштісі, қазақ тілінің латын графикасына өту жұмыстарына мүйізі қарағайдай тіл мамандарынан бөлек, сан салада жүрген кәсіби емес адамдар да атсалысып кетті. Халық барлық технологияның жадысына қондырылған, әлемде кеңінен қолданылатын, теруге де, оқып-үйренуге де тиімді, ықшамдалған, ыңғайлы әліпбиге көшуді қуана құптағанымен, тәжірибемен бетпе-бет түйіскенде тығырыққа тірелді. Осы ретте халықаралық қарым-қатынаста маңызға ие латын әліпбиінің классикалық үлгісі – ағылшын тілін таңбалайтын ең тиімді графиканы, былайша айтқанда, бүкіл электронды бұйымдардың жадысына қондырылған 26 таңбалы әліпбиді назарға алғанымыз жөн деп есептеймін. Қырықтан аса дыбысын 26 әріпке сыйдырып отырған ағылшын графикасы бүкіл сандық жүйенің көш басында тұрғанын мойындауымыз қажет.

Латынға қатысты Алаш арыстары да кезінде талқылаулар жасап, қолдау білдіріп кетті. Он жыл шамасында қазақ тілін таңбалаған кешегі латын графикасын қайыра парақтап, бүгінгі заманға лайықталған тиімді әліпби ұсыну мамандардың еншісінде болып қала береді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР,

гуманитарлық ғылымдардың магистрі

Сурет ғаламтордан алынды