ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ: "АССАМБЛЕЯ БІРЛІКТІҢ БІРЕГЕЙ МОДЕЛІН ҚАЛЫПТАСТЫРДЫ"

Уақыты: 01.05.2020
Оқылды: 1110
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақстан халқының бірлігі күні шын мәнінде ең жарқын әрі маңызды мерекелердің бірі. Себебі, бірлік бар жерде тірлік бар екенін ескерсек, өзара сыйластыққа, құрметке негізделген мемлекеттің ертеңі жарқын болатынын тарихтың тізбекке толы парақтары көрсетіп кетті. Сондықтан, еліміздегі береке-бірліктің, ынтымақтың, ауызбіршіліктің түп тамыры қазақ халқының мамыражай пейілінде, жанашыр тілегінде жатыр.

Биыл Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған саяси тұрақтылық пен этносаралық толеранттылықты сақтаушы консультативті-кеңесші орган Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Ассамблеяның ширек ғасырлық жолына көз жүгіртсек, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біз мыңжылдықтар тоғысында бабалар аңсарын шындыққа айналдырып, тәуелсіз мемлекет құрдық. Тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері азаттықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қаласты. Ынтымақты ырысқа, алуандықты байлыққа балаған біз бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырдық. Өнегелі ізгі бастамаларымен жаһандық бейбітшілікке зор ықпал еткен Қазақстанның тағылымды тәжірибелері әлем жұртшылығына үлгі болды. Әрине, бұл жетістіктер бізге өздігінен, оңай келген жоқ. Еліміздің татулық пен тұрақтылықтың берекелі бекетіне айналуына Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен үлес қосып келеді», – деген сөзі еріксіз еске түседі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қоғамдық келісімді нығайта түсуді тапсыра отырып: «Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!» – деп халықтар достығының нығаюына маңыз берген еді.

Шындығында, тыныштық арқылы тұрақтылыққа, татулық арқылы тұтастыққа қол жеткізуді мақсат еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы ширек ғасырлық тарихында қазақ жерін татулықтың талбесігіне айналдыруға күш салды. Бір-бірімен етене араласып, біте-қайнасқан этнос өкілдерін бір мақсатқа жұмылдырып, бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастырды. Жүзден астам этносты бауырына басып, әр халықтың төл мәдениетін, тілін, ділін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін дамытуға қолайлы жағдай жасады. Ол үшін ҚР Конституциясына этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласын толықтай реттейтін нормалар енгізілді.

Алпауыт мемлекеттермен салыстырғанда бізде аз ұлттар ұғымы қолданылмайды. Барлық этностың құқығы мен бостандығы бірдей, үлкен-кіші деп жіктелмейді, біртұтастық ұғымына негізделген.

Ассамблея мерейтойлық жыл аясында этнос өкілдерін біріктіруді, стратегиялық сабақтастықты одан ары арттыруды басты бағдар ретінде ұстанады. Мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шаралардың тағылымды өтуіне де өз үлесін қосады. Абайдың тілін айрықша дәріптеп, жалпыхалықтық қатынас тіліне айналдыру үшін Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған мерейтойға белсене атсалысады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн», – деп тіл мұраты жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырған болатын.

Абай шығармаларын Абай тілінде оқып, Абай тілінде түсінгенде ғана ұлтқа деген шынайы сүйіспеншілік, Отанға деген шексіз құрмет, мемлекетке деген нағыз мақтаныш сезімі қалыптасары анық. Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тілге деген көзқарас – елге деген көзқарас» деген қанатты сөзін жадымызда ұстай отырып,  Абай мұрасын насихаттау арқылы мемлекеттің тілдің қолданыс аясын кеңейту жұмыстарына айрықша назар аударамыз.

Қазақстан халқы Ассамблеясы желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форумы бірқатар қалалар мен барлық  облыстарда қолға алынған болатын, төтенше жағдай режимінен кейін қайта жалғасатын болады. Төтенше жағдай кезінде де мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерін өзгелерге үлгі етіп, тілдік орта қалыптастырудың онлайн жолдары қарастырылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының el.kz ақпараттық-танымдық сайты мен assembly.kz ресми порталы және әлеуметтік желілер арқылы Абайдың 175 жылдығына арналған ақын өлеңдерін оқу эстафетасы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді көздейтін «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» жобасы көпшілік назарына ұсынылуда. Қазақ және ағылшын, түрік тілін онлайн үйретуге арналған «Бірге үйренеміз», «Мәміле» бейнесабақтары қолға алынды. Нұр-Сұлтан қалалық Достық үйінде Ұлы даланың киелі мұраларын ұлықтайтын онлайн «Жыр орталығы» ашылды. Бұдан бөлек, «Біз үйдеміз», #бізбіргеміз бірыңғай хэштегімен мотивациялық роликтер мен челлендждер түсірілуде. Сондай-ақ, Ассамблеяның 25 жылдығына орайластырылған «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы, ұлттық тағамдарды насихаттауға арналған «Үйде бірге дайындаймыз» бейнежобасы көрсетіліп жатыр.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Арыстағы төтенше жағдай кезінде халыққа алғашқылардың бірі болып жәрдемдесуді бастаған болатын. COVID-19 індетіне байланысты елде карантин жарияланысымен тағы да гуманитарлық көмек ұйымдастыруға белсене кірісті. Нәтижесінде Наурыз айының ортасынан бастап «Біз біргеміз!» бірыңғай акциясы аясында 387 мың адамға 234 миллион 566 мың теңге көлемінде қайырымдылық көмек жасалды.

Түрлі этнос өкілдері Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен аз қамтылған көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлерге, жалғызбасты аналар мен балалар үйлеріне азық-түлік, бетперде, антисептик, дәрі-дәрмек және басқа күнделікті тұрмысқа қажетті заттар таратты. Сондай-ақ, алдыңғы шепте індетпен күресіп жатқан ақ халатты абзал жандар мен бақылау бекеттерінде тұрған полиция қызметкерлеріне түскі ас үлестірді. Қайырымдылық шараға этномәдени бірлестіктер, Қоғамдық келісім кеңестері, Кәсіпкерлер қауымдастығы, «Жаңғыру жолы» РЖҚ, ҚХА еріктілер қозғалысының орталығы, «Қоғамдық келісім» КММ, ҚХА құрылымдық бөлімшелері  атсалысты.

Атап айтар болсақ, Түркістан облысында 188 106 адамға 12 085 000 теңге, Шығыс Қазақстан облысында 21 185 мың адамға 38 228 830 теңге, Қостанай облысында 15 164 адамға 29 762 900 теңге, Атырау облысында 19 977 адамға 22 990 000 теңге, Қарағанды облысында 75 337 адамға 22 778 260 теңге, Нұр-Сұлтан қаласында 1554 адамға 8 003 000 теңге, Жамбыл облысында 7298 адамға 9 246 970 теңге, Шымкент қаласында 15 840 адамға 7 229 000 теңге, Алматы қаласында 6616 адамға 6 150 000 теңге, Батыс Қазақстан облысында 15 135 адамға 4 636 200 теңге, Ақмола облысында 2049 адамға 4 540 000 теңге, Маңғыстау облысында 440 адамға 2 000 000 теңге, Қызылорда облысында 1478 адамға 1 090 000 теңге, Солтүстік Қазақстан облысында 750 адамға 1 015 000 теңге, Павлодар облысында 5114 адамға 850 000 теңге көлемінде қолдау жасалды.

Бұдан бөлек, Алматы облыстық ҚХА Аналар кеңесі 10 мың, Текелі қаласы 300 мың, Панфилов ауданы 117 мың бетперде тігіп, 10 417 адамға үлестірді. Шығыс Қазақстан облысының этномәдени бірлестіктері  «Үміт» балалар үйін жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз етіп, корей, ұйғыр және неміс театрының ұжымдары бетперде тігетін шеберханалар ұйымдастырды. «Атырау Агро Өнімдері» кәсіпорны шегара маңындағы аудандарға 20 тонна ауылшаруашылығы өнімін тегін жеткізді.

«Біз біргеміз!» акциясы әлі де жалғасады, сонымен қатар, ҚХА мүшелері карантиндік режимді сақтау және алдын алу шаралары жөнінде онлайн ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мұндағы мақсат – халықты ынтымақ-бірлікке шақырып, төтенше жағдай кезінде үйде отырған азаматтарға қолдау көрсету, Ассамблея мүшелерінің халықпен бірге екенін жеткізу.

Елбасы: «Қазақстандағы қоғамдық келісім – ең алдымен, қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстаған абзал. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек. Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес. Халқымыз «тар жерде табысқан кең жерде келіседі» демейтін бе еді?! Ең тар замандарда қазақ құшағына алған өзге этнос өкілдері бүгінде өз бауырларымыз атанып, бізбен бір халыққа айналды. Бақыт бағалай білгеннің басында тұрақтайды. Ең асыл қазынамыз – бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай білсек, барлық асулардан асамыз. Мен халқымды Ассамблеяның алтын шаңырағын асқақтата түсуге үндеймін. Бірлік қағидасы – әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналсын!» – деп қадап айтты.

Алғыс айту күні Жамбыл облысында өткен сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ жұрты қиын-қыстау кезеңде амалсыз қоныс аударған миллиондаған адамның құтты мекеніне айналды. Олардың өздері де, ұрпақтары да жерімізден пана тауып, өсіп-өніп, Қазақстанның дамуына зор үлес қосты. Тәуелсіздік кезеңіндегі табыстарға береке-бірліктің арқасында ғана қол жеткіздік. Бұл – егемен еліміздің баға жетпес байлығы. Сондықтан бұл қастерлі құндылықтар әрдайым айнымас темірқазығымыз болып қала береді. Ішкі саяси тұрақтылық – әрбір қазақстандықтың зор жауапкершілік пен белсенділік танытуының нәтижесі. Еліміздің барлық азаматтарына Қазақстанды дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», – деген еді.

Қорыта айтқанда, ұлттық біртұтастық принципіне сүйенген барлық этномәдени бірлестіктер осы уақытқа дейін елді татулыққа шақырудан жаңылған емес, ары қарай да осы бағытта өз міндетін атқара береді.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары

Сурет - ғаламтордан