ӘЛ-ФАРАБИДІҢ ЖАРАТУШЫ ЖАЙЛЫ ӨСИЕТІН ӘРБІР АДАМ ОҚУЫ ТИІС

Уақыты: 18.05.2020
Оқылды: 1189
Бөлім: ТҮПСАНА

Күллі түркі жұртының ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірге келгеніне - 1150 жыл. Соңына өшпейтұғын із қалдырған әлемнің екінші ұстазы салған сара жолмен жүру бүгінгі ұрпақ үшін зор бақыт.

Өз замандастарының арасындағы ең ірі ғалым, философ және Шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі әл-Фараби өзінің білімділігі мен сауаттылығының арқасында "Екінші ұстаз" атауына ие болды. Міне, бүгінгінің жастарына осындай білім мен еңбекқорлық ауадай қажет.

Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор. Философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономия ғылымдарына ерекше мән берген. Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат" деп аталады. Мұнда автор дін, философия, адамның жаратылысы туралы кеңінен толғанады. Әсіресе, адамның жаратылысы, Жаратқанның рахымы жайлы айтқан құнды өсиеттері алтыннан да қымбат дүние. Бұл еңбекті әрбір адам оқуы тиіс деп ойлаймын.

Ғұлама ғалымның еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан емес. Өз заманында орын алған көріністерді толғаған ойшылдың мәнді де мағыналы ақыл-кеңестері, мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды десек қателеспейтініміз анық. Мектеп, колледж, университет қабырғасында оқытылатын пәндерге ұлы ғалымның тұжырымдамаларын ұлттық құндылық ретінде байланыстырса деген ұсынысым бар.

Ата-баба мұрасы ұрпаққа мәңгі аманат. Олай болса, аманатқа қиянат жасамай, тағылымды дүниелерді көкейімізге тоқып, жадымызға сақтап жүрейік.

Назерке КӘКІМОВА,

Талдықорған қаласындағы №26 мектептің 11-сынып оқушысы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан