АДАМ ЖАНЫ НЕГЕ МҰҚТАЖ? ЖЕТІНШІ ҚАРА СӨЗДІҢ ҚҰПИЯСЫ

Уақыты: 24.05.2020
Оқылды: 8016
Бөлім: ТҮПСАНА

Абай атамыздың айтуынша, адам анадан екі түрлі мінезбен туады. Бірі – «ішсем, жесем, ұйқтасам» деген тән құмарлығы болса, екіншісі – «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деген жан құмарлығы. Мұны ұлы ойшыл 7-ші қара сөзінде соқырға таяқ ұстатқандай етіп талдап береді. Бұл екі мінезді бірінен-бірін ажыратуға болмайды. Ал біз біреуіне басымдық беріп аламыз да, соның қасіретін шегеміз.

Абай алдыңғы үшеуін айтады да: «Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды», – дейді. Демек, адам баласы үшін тәннің құмары да маңызды. Ішу, жеу, ұйықтау адамға күш-қуат береді. Онсыз тіршілік етудің мүмкін емесін бәріміз жақсы білеміз. Сөйтіп, тәннің қажеттілігін өтейміз деп, еңбекке араласамыз да, күйкі тірліктің жетегінде кетіп, жанның құмарлығын ұмытамыз. Жан құмарлығы қалғып, ұйықтап кетеді.

Міне, біз осы арада зор қателікке жол беріп жүрміз. Жанға керегі – білім мен ғылым арқылы келетін ақыл мен сана болса керек. Оның бізге не үшін керегін де Абай атамыз айтып кеткен. «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түсіну» үшін. Оны түсінбеген адамның, «түгел болмаса да денелеп білмеген адамның хайуаннан артықшылығы жоқ». Жанды тәнге билетіп алғанымызды айтып, аһ ұрып қиналады. Осыны оқығаннан кейін біз «жанның керегін» іздеуіміз керек.

7-ші қара сөзді зейін қойып оқысақ, жанның неге мұқтаж екенін түсіну қиындық туғызбайды. Бала кезіміздегі «білсем екен» деген құмарлықты «ғылым тапқандардың жолына салуымыз» керек. Абайдың «ғылым тапқандар» деп отырғаны алған білімін жеке басының мүддесіне жұмсайтын қу құлқынның құлдары емес, олардан әлдеқайда жоғары тұрған, елдің тағдырын, адамзат баласының игілігін ойлайтын адамдар. Дәл солардай болмасаң да, ұқсап бағуға шақырады. Яғни, кімнен үлгі-өнеге алу керегін тәптіштеп түсіндіріп отыр.

Соңғы уақыттары біз бұған да назар аудармай кеттік. Қазіргі жеткіншектердің кімге ұқсағысы келетінін мен айтпасам да, ішіміз сезіп отыр. Балаларымызды, Абай атамыз айтқандай, «ғылым тапқандардың» жолына салмай, тереңге бойлай алмайтынымыз, қоғамды түзей алмайтынымыз анық байқалып қалды. Өйткені, дүниені, айналаңдағы құбылысты маңдайдағы көзбен көру тереңдік емес, оны хайуан да солай көреді. Адам оны көкірек көзімен көріп, ақыл-санасымен ұғыну керек. Сонда «тәнді жан билеп», «көкірекке сәуле, көңілге сенім» ұялайды. Абай дүниенің сырларын «көрінген һәм көрінбеген» деп бекер нақтылап отырған жоқ.

Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса?

Осы арадағы Абайдың айтып отырған тереңі – «көрінбеген сырлары». Демек, бізге «тән құмарлығы» тіршілік ету үшін керек болса, «жан құмарлығы» сол тіршіліктің мән-мағынасын түсіну үшін керек болғаны да. Адам бұл дүниеге тек ішіп-жеп кету үшін ғана келмеген шығар?!

Белгілі бір мамандықты игеріп, өз саласында жаңалықтар ашып, елге танылған, елін сыртқа танытып жүрген ғалымдар баршылық. Менің ойымша, солар дүниенің көрінген сырларын меңгерген адамдар. Алайда олардың арасында да неше түрлі ғалым барын естен шығармау ләзім. Әйтпесе сутегі бомбасын, адамзат пен жүгірген аң, ұшқан құсты қырып-жоятын басқа да қару-жарақтарды, тіпті, вирустарды ойлап тапқандар бар.

Алысқа бармай-ақ, бүгінгі күні төлем карталарын пайдаланбайтын адам жоқ, солардың карталарындағы ақшаның жоғалуы, біреудің атына несие рәсімдеу сияқты алаяқтықтың небір сорақы түрлерін естіп жүрміз. Ал соларды жасап жүргендерді білімсіз, ақылсыз деп айта аламыз ба?! Демек, ғылым жолына түскендер «дүниенің көрінбеген сырларын» да терең меңгеруі тиіс. Ол ізгілік қағидаттары, иман нұры болса керек.

Абайдың інісі әрі шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, «Қайдан келдім, қайда барам, не үшін келдім» деген сұрақтар төңірегінде ойлану керек болса, адамға ақыл, білім, яғни, «жан құмарлығы» да аса қажет. Алайда дүниенің «көрінген сырларын» түсіну жанға аздық етеді. Адам жаны «көрінбеген тылсым сырларды» да түсіну керек. Сонда пенде шіркін тәубеге келіп, мынау дүниенің жалған екенін, жан-жағындағы жаратылысқа құрметпен қарау керегін, обал-сауаптың не екенін ажыратып, өмірдің, тіршіліктің мәнін жан-жүрегімен түсінетін болады.

Осы арада бәріміз жатқа білетін әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте адам өміріне опат әкеледі», – деген сөзіне жүгінгім келіп отыр.

Демек, данышпан Абайдың «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түсіну» және «толық адам» мәселесі төңірегіндегі ойлары да осыған келіп саяды. Осыны ойланбай болмайтын сияқты.

Егер жоғарыда айтқанымыздай, адам ақылы жетпейтін керемет жаңалықтар ашқан ғалымдар дүниенің көрінбеген сырларын да түсініп, бойына сіңірген болса, қоғамның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосар еді. Олай болса, балаға ілім-білім бергенде, тәрбиені ұмытпауымыз керек. Жан дүниесі тазарған адам ғана алған білімін адамзаттың игілігі үшін жаратады деп ойлаймын.

Аманғали МҰХТАРОВ,

филология ғылымдарының кандидаты,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі

Сурет - ғаламтордан