Ақынның дариясы, адамның қариясы

Уақыты: 27.02.2017
Оқылды: 1683
Бөлім: ТҮПСАНА

Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған замана көшінде ірілеріміз іргелі әдебиеттің алтын діңгегі бола білді. Көбі емес, санаулысы. Ағаш біткеннің дені бойшаң келгенімен, қарағайдай қайраттысы, мығым да мықтысы ғана діңгек рөлін атқаруға жарамды келеді. Дарын мен таланттылардың топтаса көтерген рухани шаңырағына да осындай қасиеттер өн бойынан табылған жан керек. Бұл екінің бірінің иығына шақ келер дүние емес. ХІХ ғасырдың жуан ортасында төрт құбыласын түгендеп, қазақ әдебиетінде қыннан қылыш суырғандай жарқ ете пайда болған Жамбылды санаулылардың қатарына жатқызамыз. Ал көк есекке мінген көп «әләулайлімнің» бірі дегендерге айтар жауап дайын.

Адамзаттық дүрбелеңнің жаппай етек алуы, жұмырбастының қарап болып, қанымен Жер-ананың төсіне сел тұрғызғаны тауарихтың тарауларында айқын басылған жан түршігерлік оқиғалар. Сұрапыл соғыс, қырғын, дүрбелең, бүкіләлемдік дүмпулермен салыстырар жайт бар ма? Меніңше, руханияттағы талас-тартыс одан кем соқпас. Адамзаттық толқулар талай өзектіні өлімге таңса, әдебиеттегі аласапыран бір халықтың саф туындысын жоққа тән етіп, тұлғасы таудай дарындысын дәріптеусіз, ескерусіз қалдыруы мүмкін. Мұндайға бір жол берген халық екінші, үшінші деп кезектесіп келе берер оспадар ойынның құрбандарына бірқатар заңғар тұлғаларымызды тағып беруі ғажап емес. Қазіргі таңда қаламгерлердің емес, қарапайым оқырмандардың арасында «Жамбыл биліктің қолшоқпары болған. Мал үшін өнер сатқан ақын емес пе!» – деген алыпқашпа әңгіме, парықсыз пайым айтылып жүргені жасырын емес. Бұл ақ пен қараны ажырата алмаудан, тұлғаның шығармашылығымен тұтастай танысып алмай, бір өлеңмен баға беруден шыққан өрескел қателік. 
Мал үшін жанын саудаға сатар жан табылар, алайда ондай төменгі деңгейден халық ақынына айналған, ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбыл ада. Ол мал үшін арын, өнерін, өлеңін нарық таразысының бір басына сылқ еткізіп тастай салған емес. Тіпті, бұл күпірлікті «жаптым жала, жақтым күйемен» айтқан адам Адамата баласы Қабылдың жер бетіндегі барша өлімнің күнәсін арқалайтынындай, лақпа сөз үшін ауыртпалық тартатындай көрінеді. Бізді күйіндіретін бұл емес, жанымызды ауыртатын жайт – сондай бір алыпқашпа дырдуды даурықтырып жүргендердің көз алдымызда ұлғая түсуі. Әрине, мұндайға бой алдырғандар Жамбыл шығармашылығымен, оның өрлік, ерлік, бірлік, отансүйгіштік тақырыптарындағы өлеңін түгеспеген, санасына салып салмақтамаған жандар. Сондықтан да, өзі биіктен көрінбей өзгенің тұғырына таласуға құмар жандардың жел сөзіне Жамбылдың айдыны тартылып, асқары мүжілмесі хақ. Ол қашанда елінің біртуары болып қала бермек.
Жамбыл даңғылы зерттелуде. Қаншалықты екені көзі қарақты оқырманға таныс. 170 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен ғылыми конференциялар, өзге де іс шаралар барысында бірқатар жазушы-ғалымдардың зерттеу еңбектерінің басы құралған жинақ жарық көрді. Баба жырын құмартып өскендіктен де ол жайлы жылт еткен материалдарды шолып шығуға тырысамыз. Сондықтан да жарық көрген жинақтар назарымыздан тыс қалмайды. Былтыр Талдықорған қаласында шыққан «Ұлы даланың ұлық жырауы» атты монографиялық кітаптағы белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлының «Жамбыл және заман» атты мақаласы жоғарыда көтерілген мәселенің барлығына айқын да анық, нақты жауап ретінде санамызда орнықты. «...Жамбылды суқаны сүймейтіндердің ең басты қоятын кінәсі – есек мініп, ел кезіп, тентіреп жүрген жаман бір шалдың, кездейсоқ ауызға ілініп, атының тарихта ардақталып қалуы ақылдарына сыймай әлек қылатын сияқты. Содан да ол турасында пәлелі-жалалы әңгімелерді өршітіп қана қоймай, оған деген мүсіркеу пиғылдарын туындатуға әуестік бар. Содан да Жамбылдың «рухани кембағалдығын» дәлелдеуге күш салушылық әредікте көзге шалынып қалады. Билік құзырына құлдық ұрып тұруға бейім ділімізге бірөңкей ақ немесе бірөңкей қара түсті көруге үйреткен большевик идеологиясына келіп қосылған соң одан бетер жетекке ергіш, айтаққа еліктегіш халыққа айнала түскенімізді несіне жасырамыз», – деп қынжыла жазып, Жамбыл хақында айтылып жүрген, арагідік көрініс табар мүсіркеу көзқарасқа деген нақты жауабын беріп, халық ақынының өмірден адал өткенін дәлелдеуге тырысқан. Және дөптеген жерінен шыққан. Сонысымен де Жұмабай Шаштайұлының қаламгерлік азаматтығын танытар соқтал шығармасынан бөлек, Жәкең жайлы жазылған көлемді мақаласының өзі іш тартарлық дүние. Қашанда ақынның арын осылай қорғамасақ, «ауызға қақпақ» болуға басқалай шара қалмағандай. 
Ал енді қаңқу сөздің қоламтасын үрген желдерей, бықсыған дүниеге от қоюдан аулақ болып, Жамбылдың ақындығы жайлы қысқаша баяндап көрелік. 
Қақаған қар аралас соғып боран, 
Ел үрей – көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл Ханда мен 
туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан, – деп (Менің өмірім) жырлаған Гомеріміз он жасынан өлеңге ден қойып, 90 жыл қазақ жырын қанына сіңіріп, сүйегіне бітіруге, елінің рухын қайрауға, Отанды қастерлеуге үгіттеп, өнері үшін талмай тер төккен. «Он бесте-ақ домбыраны алдым қолға, тең басқан төрт аяғын болдым жорға», – деп қаршадайынан айтыс өнерінің өрісін кеңейткен кеңмаңдайлы бабамыз, жасынан-ақ Бұқар, Шалкиіз, Доспамбет жырлаулардың жырын жадына тұтып өскен. Өмір өткеліне, басқан ізіне зер салсақ, айтыстың ақтаңгері, ақпа да төкпе ақын. Ол – он ғасырлық мұраны кеудесіне тоғытқан, халық ауыз әдебиеті мен жаңашыл дәуірдегі соны соқпаққа алтын көпір болған бірегей тұлға. Алтын діңгек! 
Иә, тоқсан жылдай жыр әлемінде еркін көсілген қас тарланның таланты таңдай қақтыратыны жасырын емес. Алайда, уақыт зырғыған сайын шабан тартар түрі болмағаны, қыза шабар тұлпардай 90 жасқа келгенде от орнындай тұяғынан ұқшын атып, өмірінің соңғы он жылында дүр сілкініп, дәуірлегені шын мәнінде естінің ақылын айран қылатыны бар. Бұл жайлы көрнекті жазушы, академик Ғабит Мүсірепов «Фономен – Феникс» атты ойтолғамында: «Көбіміз алпысқа толғанда пенсияға көшіп, жетпіске толғанда өмір шекарасының құламасында тұрғандай сезінсек, ұлы Жамбылдың даусы тоқсан жасында шырқап кетті», – деп тамсанды. Бұл бүгежеңдемейтін, бұқпантайламайтын, қыздырып, қызықтырып жырлайтын, күлдіріп, күйіндіріп толғайтын, адам баласына социализм деген бақыт, фашизм деген жау келгенде жаңарған дүниенің, социалистік өмірдің жыршысы болып, халық еңсесін көтеруге діңгек болған дүйім алаштың дара болмысына айтылған шынайы бағам, шынайы сүйіспеншіліктен туған жалқы пікір емес пе? Ғабең арғы өмірге қарға адым тұрған қарияның саңқылдаған дауысына, ақындығына таңырқаса, біз Жамбылдың миллион жол өлеңді жатқа білетіндігіне құмармыз. Не деген жады, қандай ғажап зейін-зерде десеңізші?! «Жамбыл өмірге жымия қарап, сынай өскен ақын. Оның ойлы көздерінің түбінде қашанда бір сықақ ұшқындап тұратын. Әлденені түсіндіре бастасаң «Мені бір алжуға айналған шал деп отырсың-ау!» дегісі келгендей мұрт астынан миығы жымия бастағанын сезуші едің», дейді классик жазушы. Осыдан-ақ, ақынның бүкіл болмысының тазалығын, өмірінің соңғы сәтіне дейін жыр жастанып, өлеңмен оянғанын, қарттыққа тән қасиеттен айырылмағанын аңдаймыз. Қадыр Мырзалиевтің «мықты шал, мықты жастан шығады», – дегеніне бейнебір кейіпкер секілді. Ал бүгінде екіауыз сөздің басын қосып бата бере алмайтын жандардың бары да жасырын емес. Осындай жайттарды саралап келе, Жамбыл – ақынның дариясы, адамның қариясы болғанына мысқалдай да секем келтірмейтініміз хақ.
Сүйінбайдан бата алып, өзі ақындық жолда ешбір жанға ақжолтай айтып, батасын бере алмай кеткен, дәуір сомдап шығарған сом бейнелі Жамбыл жайлы жазылған естеліктер мен зерттеу еңбектері том кітаптың бүйірін шығаруда. Сондықтан, оның шығармасының шырайлылығы, шыншылдығы хақында қалам тартпадық. 
Шын мәнінде гректердің Гомері қайда туылды, ойдан туындаған жан ба, бесік пен бейіттің арасында ғұмыр кешкен жұмырбасты адам ба, қиял соқпағынан соғылып, аңызшыл елдің алыбына айналды ма? Бұл сауалдың жауабын ол халықтың өзі де нақты білмейді, жауап іздеуде. Ал, қазақтың Гомері, Абайдың құрдасының аты аңызға айналғанымен, заты да, туған жері мен басқан ізі жатқан іздері анық та қанық. Ақиқат! Сондықтан барды бағалай біліп, он ғасырлық мұраны жадына тұтып, «сығып сөлін тамызғандай» жақұт дүниелерді артына қалдырған алыбымызды ақиқаттан алшақтатпайық. Жамбыл Жабаев – Алаш жұртын руханиятына қадалған қадау-қадау діңгектің ең жуаны, берік те қазақы нақыштағы белдісі. Және ол ақындық, адамдық арына кір шалдырмай кеткен кірпияз қария еді. Көңілі бүтін пенденің көз тастар көкжиегі де сол Жәкең шығар деп шамалаймыз.

Асыл Сұлтанғазы