Жамбылдың ән-күйлері жан тербеді

Уақыты: 28.02.2017
Оқылды: 2060
Бөлім: ТҮПСАНА

Жуырда Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда «Жамбылдың ән-күйлері» атты концерт өтті. Игі шараға мәдениет және өнер қайраткерлері, қала жұртшылығы және Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев бастаған ақын ұрпақтары қатысты. Жаңа мазмұндағы концерттің өзіндік ерекшелігі – бұл жолы Жамбыл атамыздың ән-күйлері бірінші рет тыңдаушылар назарына ұсынылды.

Кештің беташар сөзінде жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, халықаралық «Жамбыл» қоғамдық қорының төрағасы Нағашыбек Қапалбекұлы ақын мұрасына жан-жақты тоқталды. Жыр жампозы небір сындарлы кезеңдерде өнер көшінің басынан көрінді. Домбырасын қолға алып, асыл сөзін ақтарды. Халқының ойына жігер, бойына күш берді. Бабамыздың ақындық жолы, тәлімі мен үлгісі бүгінгі ұрпаққа да керек. Енді, міне, жамбылтану үрдісінің жаңа қырынан танылуы табиғи құбылыс. 
Арғы-бергі тарихымызға қарасақ, бабалар мектебінің сан қырлы екенін байқаймыз. Мәселен, ойлы өлеңдерімен қатар Абайдың ән шығарғанын, Махамбеттің күй тартқанын қазақ жақсы біледі. Енді сол сабақтастық жыр алыбы Жамбылмен толықты.
– Бүгінге дейін ақын атамыздың артында 50-ге тарта әндері, 20-ға тарта күйлері қалғаны белгілі. Ол кісінің мұндай шығармалары кезінде ел арасында кеңінен тараған. Зерттеушілеріміз атадан қалған ән мен күйді нотаға түсірді. Жамбылдың композиторлығының оның ақындық биігін асқақтата түсетіні анық, – деді Нағашыбек Қапалбекұлы.
Бұдан кейін М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері «Жамбыл ауылында» атты шығарма бойынша бірқатар айтулы тұлғалардың бейнелерін сәтті сомдады. Өткен заманнан сыр шерткен бұл көріністер көрермендер көңілінен шықты.
Концертте Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі Арман Жүдебаевтың дирижерлік етуімен «Ұлы Отанға» деп аталған Жамбылдың күйін орындады. Әсем саз құлақ құрышын қандырды. Ақын бабамыз елі мен жеріне арнаған сүйіспеншілігін жыр сарынынан күй сарынына айналдырып төгілдіріп тұрғандай. 
Өмірден озарында ұлы композитор Нұрғиса Тілендиев «Мені Жамбыл тәтемнің қасына қойыңдар» деген екен. Осы бір аманат сөзде терең сыр жатқандай. Себебі, Нұрағаң кезінде ақынның сазгерлігін танып, бағалап, осылай айтты ма екен деп те ойлайсыз.
Келесі кезекте «Жанай құрбым» әні хабарланды. Бұл ән халыққа ежелден таныс. Оны Жетісу жұрты ғана емес, басқа аймақтың адамдары да жақсы көріп, жиын-тойларда әуелеткен. Жиналғандар әннің авторы кім екенін білген кезде сүйіспеншіліктері одан сайын арта түсті. Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың дауысымен орындалғанда аталған шығарма құлпырып кетті. Шолпан Даржанова «Жиырма бесті», Мақпал Тоқтағанова «Күләшқа» арналған шығарманы, Ермек Шаштайұлы «Алатауды», Нәзира Асқар «Айрықша туған азаматты», Алма Аманжолова «Балаларға», Данияр Рахымбай «Кәрілік туралы» деген әнді және Б. Байқадамов атындағы хор капелласы «Үгәй-ай» әндерін нәшіне келтіріп орындады. Сондай-ақ, «Нәрікбайдың зары» деп аталатын күй де оркестрдің әсем үнімен әуеледі.
Алматы қаласындағы №161 Жамбыл атындағы мектеп-лицейінің оқушылары ақын жырларын қазақ, орыс, ағылшын, француз және қытай тілдерінде оқып, көпшілікті бір сүйіндірді. Мұндай ізденістерден алдағы уақытта Жамбыл даңқының әлемдік деңгейдегі алатын орнының арта түсетінін аңғарасыз.
Республикаға белгілі өнер ұжымдары – Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі, «Құлансаз» ансамбльдері сахна шырайын арттырды. Алматы қаласының әкімдігі, «Ақорда» республикалық қозғалысы аталған шараға басты демеуші болды.
Бұл – Жамбылдың композиторлық қырын танытқан, рухани қазынасын байытқан ізгілікті істің басы ғана. Ән-күйлердің асыл қоры одан әрі де толыға түседі деген сенімдеміз.

Болат МӘЖИТ
Алматы қаласы.