ТАЛДЫҚОРҒАННАН АҚЫН ПЫШАН ЖӘЛМЕНДЕҰЛЫНЫҢ АТЫНА КӨШЕ СҰРАЙМЫЗ

Уақыты: 04.06.2020
Оқылды: 2662
Бөлім: ТҮПСАНА

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні отбасымызбен қазақтың маңдайына жарқырай бітіп, әдейі ұйымдастырылған арызбен қызыл өкіметтің қолынан қаза тапқан Пышан Жәлмендеұлының зиратына барып, Құран бағыштадық. Белгітас «Шайқорған» саяжайына қойылған. Қорым шетіне табан тірегеннен табиғаттың тылсым күші бұл жерде қасиетті адамдардың рухы барын сездірді. Бұл аумақты жақсы-жайсаңдардың жаны тыныштық тапқан әлем десе де болады. Кеңестік биліктің қитұрқы саясатының ұзын-сонар кесел-кесапатының бір ұшы осы жерде түйінделеді. Қорымның көз бен көңілден көлеңкеленгені ескі жараның аузын тырнамайық деген ниеттің көрінісі ме екен?!

Кешегі кеңестік билік еркіндік пен әділдікке құмар, соңынан елді ерте алатын еркін ойлы азаматтарды өз жолынан ысырып тастап отырған. Рухты аталарымыздың болмыс-бітімі, мақсат-мүддесі, арман-тілегін мектеп оқулықтары мен мінберлерден айшықтап айтудан қашқақтау көріністері әлі де кездесетіні сол қызыл саясаттың салқыны екені сөзсіз.

Болыс, ақын, әнші, сазгер! Алла және адам берген дәреже! Дара тұлға Жетісудың еркін өскен еркесі еді. Болыстық оған атадан қалған мұра. Шешендік, әділ, өткір қасиет – Алладан берілген сый. Пышан ақ патша заманында «Жаршапқан» (Талапты) елдімекенінде мешіттегі медресе мен төрт сыныптық орыс-қазақ мектебінде білім алады. Онда Жалайыр-Мырза елінің тумасы Кенжебай Сағынайұлы, Жалайыр-Сыпатай елінің ұлы Атығай Дүйсенбайұлы және Жәлменде Тамшыбайұлымен достасады. Бірге оқыған достары да өскенде болыстық дәрежеге көтеріледі.

Пышан болыс ел арасындағы дау-дамайды әділ шешкен. Біреудің ақысын екіншіге жібермеген. Барлық шешімді адамдық тұрғыдан бағалаған. Оның өткірлігі мен бұра тартпайтындығы ағайынның ренішін тудырады. Бұл жөнінде Балғабек Қыдырбекұлы «Баласы Жәлменденің Пышан едім» кітабында: «Қазан төңкерісінің қайнап тұрған шағында Жетісу ұлт істері жөніндегі комитетіне Пышан Жәлмендеұлының үстінен арыз түседі. Мұны комитеттің төрағасы Ораз Жандосов өзі тексереді. Пышан қонысы сол 1919 жылы Шиліқарында отырады. Ораз Жандосов мәселені тексеруге барғанда Пышанның үйінде ән айтылып, той-думан болып жатыр екен.

Пышан бастаған сал-серілер түнімен елді думанға бөлейді. Өнеріне көпшілік тамсанып, бәрекелді айтысады. Болыс-ақынның сөзі мәнді, әңгімесі әсерлі еді. Ораз Жандосов көпке дейін Пышанның өнеріне тәнті болып отырады да, ақынның адалдығына көз жеткізген соң үйден үн-түнсіз шығып кетеді. Бірақ арызқойлар онымен де қоймай соңына түсіп, 1921 жылы Пышанды қызыл өкіметке ұстатады. Оны Пышан: «Көрінді бүгінгінің заңы қатты, сегіз орыс сұрақ алып қысты-ау қатты, Осыдан жаным сірә тірі қалмас» деп өшіккендерден енді құтылмайтынын айтады. Пышан осы кезде бала күнінде бірге оқыған Кенжебай Сағынайұлы деген болысқа:

Сәлем де ар жақтағы (Көксудың Мұқырыға қарасты жағы) Кенжебайға, 
Болмады ешбір қайыр ерден пайда, 
Өзің құтқарып алмасаң, 
Қалмады менде шара, амал-айла»,
– деп өлең-хат жолдайды.

Байқасақ, ақын жаны қиналып, көр алдында тұрғанда да айтарын өлеңмен жеткізген. Ақынға қара сөзден өлең оңай деген осы да. Ол соңғы демі шыққанша айтарын өлеңмен айтқан сөз зергері. Кенжебай болыс Алматыдағы аталас туысы, сот қызметіндегі Ұябайдың ұлы Жексенбіден Пышанды құтқарып алу туралы көмек сұрайды. Ол сот Жексенбі Пышанның ісін қарап, ақтау шығарып, шешімді Кенжебай болыстың қолына ұстатады. Сот шешімінде: «Пышан ақталды. Кінәлі емес. Бұрын шығарылған жаза үкімі орындалмасын», – деп жазылған еді.

Бірақ қызылдың қандықол жендеттері Пышанның ақталғанын біле тұра ату жазасын орындайды. Еее, тұлпардан тұғыр озған заманда талай боздақ осылай сатқындықтың құрбаны болып, арманда кете барды-ау деген өкініш кернейді кеудені. Кенжебай болыс Пышанның 24 беттік өлеңін Жетісу өлкесіндегі «Кедей еркі» газетіне 1922 жылы бастыртып шығартқан екен.

Пышан Жәлмендеұлы қазаққа мол мұра қалдырды. Бірақ аты өз дәрежесінде әспеттелмей келе жатқаны өкінішті. Қаламгерлер қауымы қалалық әкімдікке өнер майталманын мәңгі есте қалдыру мақсатында Талдықорған қаласынан қазақтың біртуар перзенті, Пышан Жәлмендеұлына көше атын берсе деген ұсыныс айтайық деп шештік. Осы орайда «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін ағамыз да пікірін білдірді.

– Есімі Ақан сері, Естай, Үкілі Ыбырай, Біржан салдардың шоғырында аталар атақты композитор, ақын, сері, ел қорғаны Пышан Жәлмендеұлына Шайқорған мекенінен іргелі бір көшенің аты берілсе. Өйткені, тура осы Шайқорғанда 1921 жылы елім деген есіл ер қызыл империя қолшоқпарларының қолынан атып өлтірілген болатын. Асыл мұрасы халқымыздың әдеби, музыкалық алтын қорына қосылған Алаш ардағының аруағын қастерлейтін уақыт әлдеқашан келген, – деді ол айтар ұсынысымызды қолдап.

Өлкетанушы Жемісбек Толымбеков: «Пышан Жәлмендеұлына ескерткіш тақта орнатылған «Шайқорғанда» Қапалдан шыққан атақты көпес, нәсілі ноғай, Шаяхмет байдың тері илетіп, жүн өңдететін орны болған. Саудагерлер Шаяхметтің есімін «Шай» деп қысқартып айтыпты. Шай қайтыс болғанда осы жерге жерленіпті. Содан бұл маң «Шайқорған» деп аталған. Бұл қорымда Тұрысбек қажы мешітінің имамы, Хасан молда жерленген, – дейді өзі білетін дерекпен бөлісіп. «Шайқорғандағы» қорым маңына «Мұсылман қорымы» деген белгі қойылса. Ары-бері өткен жолаушы аттан түсіп дұға қылып, бет сипар еді. Әйтпесе, бұл маңда зират бары білінбейді де.

Мақалаға дерек іздеу барысында Пышан атаның таспиғы қолыма түсті. Таспиқ Жалайыр-Мырза елінің болысы Кенжебайдың әйелі, Қалыбай болыстың қызы Күләнда апада сақталып, ол кісі дүниеден өткеннен кейін Сағымбай Ысқақұлының қолына тиген. Таспихты жәдігерді ұстап, жүрек тұсыма басып, шахид кеткен атаға тәу еттім. Таспиқ жиденің көз сияқты 33 дәнінен жасалған. Орталарына фосфордан жасалған моншақ қойылған. Түнде жарқырайды.

Мақаламыздың маңызын арттыру мақсатында Әміре Әріннің Пышан Жәлмендеұлы жайында жазылған мақаласынан үзінді келтіруді жөн деп таптық.

«Жақсыдан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да – тартпай қоймас негізге» демекші, заманында Жетісу аймағының аға сұлтаны дәрежесіне көтерілген, айдынынан аққу ұшып, қаз қонған, Құнанбай мен Абай, қырғыз Шәбден төре, қырғыз-өзбек сөз ұстаушылары, Бөлтірік шешен, Сүндетбай қажылармен сыйлас жүрген Жәлменде Байшығашұлының балалары да өршіл еді. Әсіресе, қазақтың ақындық, музыка өнерінің биік шыңына небәрі 27 жасында көтерілген Пышанның орны тіптен бөлек тұр. Жасынан әкесінің қасынан бір елі қалмай жүріп биліктің қыр-сырына қаныққан ол 1901 жылы Жәлменде бауыры Бименде екеуі Меккеге аттанғанда болыстықты қолына алады. Кейін кеңестік кезең туғанда да сол лауазымына сайланған.

Жетегіне қос ат алып жүретін әкесі Жәлменді секілді Пышан да алып денелі, ақылды да парасатты әрі ақын, сазгер, сері де саятшыл боп ержетеді. Бойын кернеген талант тылсымы небір ән-жырды өмірге әкеледі. Ешкім қолын қағып көрмеген ол өшпес өнерін айналасына паш ете де білді. Осы ретте атақты Үмбетәлі Кәрібайұлының жақын шәкірті, төкпе айтыскер ақын Әсімхан Қосбасаровтың мынандай естелігі бар еді: «Менің жастау кезімде біздің үйге үш ақын келді. Бірінің аты – Құрама, екіншісі – Өпежек, үшіншісі – Пышан еді. Үшеуі 3-4 күн ән салды, жыр-дастан жырлады. Әйтеуір біздің ауыл ән-күйге, өлең-хиссаға кенелді де қалды. Солардың ішінде, әсіресе, Пышан серінің өнері бөлек еді. Ол мынау Жалайыр еліндегі Жәлменде бидің баласы екен. Өзі сал-сері түске дейін ақ, түстен кейін қара киім киіп жүреді. Қасындағы серіктерін де сөйтеді екен. Мінген аттарының түр-түсі де солай болатын көрінеді. Ал, ән салғанда, күй тартқанда кім-кімнен де асып түседі.

Ағайын, тілектеспін аманыңа,
Мен-дағы дүрілдедім заманымда.
Қазтабан жүйрік едім тас баспаған,
Қадалды темір тікен табаныма,
– деп Пышан ақынның өзі айтқандай, кеңестік жаңа биліктің құрбандығына шалынды. Ел ішіндегі аса құрметті тұлғаларды тізгіндеу арқылы жалпы жұрттың зәре-құтын қашыру саясаты Пышанды да айналып өтпеді. Басқыншылар қазақтың бірін-бірі қызғану, көре алмау, жақсының артынан сөз ерту секілді ескілікті ғадеттерін де тиімді пайдалана білді. Төменнен түскен дәйексіз, жасанды шағымның дүмпуімен Талдықорғанның абақтысына жабады. Содан екі ай өтер-өтпестен Шайқорған түбінде арысымызды атып тынады. Іле-шала екі сағат шамасында «Пышан Жәлмендеұлы атылмасын!» деген губерния басшысы бұйрығы да жеткен дейді. Кім біледі, қандай қитұрқылықтары екендігін, қызылдардың қулығына құрық бойлаған ба?

Жәлменденің баласы Пышан едім,
Заманында мен-дағы кісі-ақ едім.
Абақ, Тарақ бас қосып жиылғанда,
Түйіндерін қиятын пышақ едім.
Бас қосқанда жиылып Абақ, Тарақ,
Не десем де аузыма тұрды қарап.
Ердің құны екі ауыз сөзбен бітіп,
Дауы бітіп алдымнан кетті тарап,
– деп тебіренер текті тұяқ осылайша бар-жоғы 27 жасында көзден өшті.

«Халық жауы» атанған арысымыздың есімі де, тұнба өнері де тәуелсіздік алғанымызша ресми аталмады. Атақты қаламгер Балғабек Қыдырбекұлы кезінде былай деп жазған еді: “Пышанның бір әні “Ақ шәйнек, сары самаурын”. Бұл ән ірілі-ұсақты әншілер аузынан естіліп қалып жүретін. Бірақ Кеңес өкіметі кезінде Пышан ақынның атын атауға тыйым салынған. Аты сыбырлап айтылатын. Дүниеде ондай адам болмағандай. Авторы ұмыт қалғандай. “Пышанның әнін айтыңызшы”, – деп өтініш жасағаны үшін Шолақ Қарғалы ауылының азаматы, колхоздың төрағасы Әміре Шырымбаев 1937 жылы атылып кеткен”. Ойпыр-ай, осындай да астамшылық болады екен-ау! Пышанның халқымызға қалдырған өлмес мұраларының арасында поэзиялық өзге туындыларымен қатар «Баласы Жәлменденің Пышан едім», “Қайша”, “Қыз Балқия”, “Дүние-ай”, “Угай-ай”, “Ала қарға”, “Әлі-ақ өтер заман-ай”, “Қоғалы-ай”, «Әшіргүл-Зейнеп» сынды айшықты әндері бар. Бізге жетпегендері қаншама десеңізші?! Талдықорған облыстық радиосынан өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында жиырмаға жуық күйлері орындалып тұрыпты. Соны обкомның бір қызметкері басшылыққа сөз келеді деп қорқып, лентасын құртып жіберген! Бұл туралы қарт журналист Хабдышаар Әміренов (Сары аға) арнайы мақала жазған.

Жазушы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья ЖАҚАНОВ: «Ақан сері не үшін панисламист атанды? Бір ғана «Гәккуі» «Қыз Жібек» операсына ерекше көрік берген Үкілі Ыбырай не үшін атылды? Жәлменденің Пышаны аталған қайталанбас тамаша композитордың мерт болуы да солай. Бұл тұңғиық азалы сырдың кей кілтипанын, бәлкім, біз көрсете алармыз», - деп атап өтті «Егемен Қазақстан» газетінің 2014 жылғы 25 қаңтардағы санында жарияланған «Айтылмаған әңгіме» атты мақаласында.

Еліміздің бүтіндігіне, халықтық өнеріне өлшеусіз үлес қосқан барша қазақтың ардақтысы Пышан ақын Жәлмендеұлына Талдықорған шаһарының өзі атылған Шайқорған мекенінен толымды бір көшені атау – ең алдымен тарихқа тағзым! Орынды да әділетті іс, ұрпақ парызы деп есептейміз», – деген екен өз мақаласында ақынды ертеректен зерттеп-зерделеп келе жатқан жазушы аға. 

Пышан Жәлмендеұлы жайлы актер Қанабек Байсейітов, жазушылар Балғабек Қадырбекұлы, Бек Тоғысбаев, Аян Нысаналин, Ораз Исмайылов, Әли Ысқабай, Орысбай Әбділдаев, шымкенттік Жомарт Айдаров, Ұзақбай Доспамбетов, композиторлар Нұрғиса Тілендиев, Ілия Жақанов, журналист Мұғалімбай Жылқайдаров, ақындар Зайда Елғондинова мен Әміре Әріннің естеліктері, роман, хикаят, пьесалары, дастандары мен жыр топтамаларында Пышан ақынның ғұмырбаяны мен өнері, билігі жан-жақтылы әрі көркем көмкерілген. Пышанның әндерін күміскөмей әнші Ерболат Шалдабеков республикалық және облыстық теледидар мен радиодан нақышымен орындап жүр.

1995 жылы Қараталдың төменгі бойындағы Бесағаш мекенінде ел-жұрт, ұрпақтары мен ағайын-туыстары алты Алаштың басын қосып, Жәлменде бидің 150, Пышан ақын-сазгердің 110 жылдығына ас беріп, ат шаптырып, айрықша атап өтті. Сол арада арыстарға ескерткіш белгі тұрғызылды.

Ал Пышан ақын опасыздықпен атылған Шайқорғанға мемлекет және қоғам қайраткері Көбес Ақылбаев белгітас орнатты. Сондай-ақ, өнер зерттеушісі Мият Көпелбаев Пышанға арнап «Армысың, қайран бабалар” (Талдықорған, 1995) және «Баласы Жәлменденің Пышан едім” (Талдықорған, 1999) атты кітаптар шығарды.

Дәл осы арада Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін ағамыздың «Шилі қарын мұңы» атты өлеңін оқырмандар назарына ұсынғанымыз орынды деп білеміз.

Жарық күннен, дүрия-ай, Пышан да өткен,
Бай-манапты шелді көз қышап өскен.
«Жәлменденің баласы бола тұра»,
Жаз ғұмыры жарқ етіп құсалы өшкен.

Бұйрат құмның баурында іс өнгенмен,
«Жанын алып жақыны» кісенделген.
Бұ қазақтың қылығын біліп боп па,
Пәлен-түген деп бүгін күшенгенмен.

Шилі қарын,
Шилі сай,
Шилі саз бар,
Бара қалсам, бейдауа күйді қозғар.
Жампоздарын жантыққа байлап берген,
Қай кезде де қанды қол билік озбар.

Мінгені жайнақ топтың кілең торы,
Ежелден ердің ері – тілеуқоры.
Қонысын төрге салар өр таланттың,
Алашта айқын еді-ау жүрер жолы.

Көрмеген тумысынан үргелектеп,
Түретін қызды ауылда іргені ептеп...
Серілер салдық құрған сайран бел деп,
Аңызды арқау ете жүрген ек бек.

Таң бозара түрмеде Ай көрінген,
Бар арманын,
Арысым, айта білген.
«Сұңқар орнын қарғаға бастырмаған»,
Асылдың асылы еді Қайша жеңгем!

Білмеймін!
Үш атқаннан құлады ма?
Құла дүз ызың салар құлағыма.
Сол күні кер бестісі ғайып бопты,
Балқаштың батып қалың құрағына.

Дариға-ай!
Осы жауап сұрағыма,
Жануар бізден биік тұрады, ә?
Дүниеде асып кеткен жұрт бар ма екен,
Өзі ... өзі ішер бұлағына!..

Халқымыздың хан-сұлтан, би-болыстарына тән көріпкелдік қасиет Пышан ақында да бар еді. Марғасқа соңғы көрген түсін жары Қайшаға жорып:

Ахау, Қайша, жайсаңым,
Қайсы бірін айтамын.
Ертең сағат тоғызда,
Дүниеден қайтамын,
– деп өмірден өтер сәтін де дөп айтқан.

Ел қорғаны, сөз зергері, ердің құны мен дауын екі ауыз сөзбен шешкен пәтуәгер, ақын, әнші, сазгердің есімі ел есінде мәңгі сақталуы тиіс. Өткеннен сабақ алмай, алдағы кеңістігіңді бағдарлау мүмкін емес. Ендеше, рухы биік жұртшылық пен Талдықорған қаласының әкімдігі Пышан атамызға облыс орталығынан бір көшенің аты берілсе деген ұсынысты қызу қолдайтынына бек сенеміз!

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы