"БІРЫҢҒАЙ 12": ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ БИІК ТУ ТЕКЕЛІ ҚАЛАСЫНА ОРНАТЫЛДЫ

Уақыты: 12.06.2020
Оқылды: 2253
Бөлім: ТҮПСАНА

Ең ұзын көшесі бар Текелі қаласында «Көктөбе» бақылау алаңы ашылып, көпшіліктің көз қуанышына айналған болатын. Алыс-жақыннан келген конақтар сонда шығып, таудың саф ауасымен тыныстап, Текелінің төбесінен қарауға мүмкіндік алған еді. Сол бақылау алаңында тағы бір жайдарман жаңалық қосылып, текеліктердің көңілін шат-шадыман етті.

12 метрлік Ту тұғырының салтанатты ашылуында ақ батадан кейін ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әйгерім Әуелбек, Ольга Пастухова және пауэрлифтингтан ҚР спорт шебері Захар Буймов көк байрақты көкке көтерді.

Мемлекеттік Гимн шырқалып, Отанға деген сүйіспеншілік жүрек дүрсілімен бірге үндесті. Құттықтау сөзін арнаған Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев:

- Бүгін Текелі төрінде көк Туымыз желбіреді. Текелінің ең сүйікті жері Көктөбеге келіп, байрағымыздың тұғырын тұрғыздық. Мемлекеттік Туымыз мәңгілік желбіресін. Құрылыс жұмыстарын жүргізген қызметкерлердің барлығы текелілік азаматтар. Туған жерге адал қызмет еткен барлықтарына үлкен рақмет айтамын. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Құт қонсын. Барлықтарыңызды құттықтаймын, – деді.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қалада 2 жоба жүзеге асырылды. Оның бірі Тутұғыр орнату болса, екіншісі бақылау алаңы айналасын абаттандыру. Тутұғыр орнату жұмыстарын «Нұрғазы құрылыс» ЖШС жүргізген. Жоба құны – 6 миллион 465 мың теңге. Нысанда 5 адам, оның ішінде 3 текелілік жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тартылған. Абаттандыру жұмыстарымен «Девятка» ЖШС айналысты. Жоба құны 8 миллион теңгені құрайды. Нысанда 12 адам жұмыс атқарған, оның ішінде 6 текелілік жұмыспен қамту орталығынан. Екі жобаның да жемісі ел аузында. Келешекте де осы бағыттағы жұмыстар жандана бермек.

Теңіз деңгейінен 1200 метр биіктіктегі 12 метрлік Ту 12 маусым күні сағат 12:12-де көтерілді. Теңіз деңгейімен есептегенде бұл еліміздегі ең биік Ту болып саналады.

Көпшіліктің қуанышына ортақтасып, құтты болсын айта келген «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, күйші Секен Тұрысбеков ақ тілегін ақтарды.

- Бақтияр бауырымыздың халықтың игілігіне жасап жатқан ісіне береке берсін. Бұған қызғанышпен қарамау керек, бұл деген қызығатын дүние. Текелінің төбесіндегі мына сұлулықты көп адам байқамауы мүмкін. Міне, барлықтарыңызға осыған мүмкіндік сыйлады. Ағайындар аман, төңірек түгел болып, тек тойда кезігейік. Құдай бәрімізге абырой берсін. Өзгелерге жұғысты болсын, – деген Секен Кәрімұлы «Ақ жауын» және «Көңіл толқыны» күйлерін тебіреніспен орындап берді. Салтанатты жиында Абайдың әндері шырқалып, өлеңдері де оқылды.

Еліміз үшін ертеден-ақ үлкен қадір-қасиетке ие, талай шапқыншылықта жауынгердің рухын көтерген байрақ биікте желбіреп, Көктөбеге барған әрбір жанға ерекше сезім сыйлайтыны анық.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Текелі қаласы

Алматы облысы