"ҚОЛДАНЫСТАН ШЫҒЫП БАРАДЫ": ТОБЫЛҒЫ САПТЫ ҚАМШЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Уақыты: 19.06.2020
Оқылды: 8841
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақта қамшының сабы ретінде қолданылуымен кеңінен танымал болған бұталы өсімдіктің бірі – тобылғы. Тобылғы өзінің беріктігімен, түзулігімен, сыртының тегістігімен, әдемі қызыл күрең түсімен қамшыға сап ретінде өте қолайлы болып саналған. Бүгінде тобылғы сап қамшының өзі қолданыстан шығып бара жатқандықтан, тобылғы туралы білетіндер кем де кем. Сондықтан, бұл мақалада тобылғы туралы қарастыруды жөн көрдік.

Тобылғы – түзу өсетін, діңі берік, жапырағы қауырсын тәрізденіп тілімделген, қызыл күрең түсті бұта. Қазақ жерінің таулы, далалы өңірлерінде тобылғының он шақты түрі өседі. Тобылғы жылдың кез-келген ауа райына төзімді, табиғатта топталып өседі, өскен сайын біртіндеп жуандап, қатайып, өте берік болып шығады.

Дәстүрлі ортада басқа уақытта обал болады деп санап, оны материал ретінде көбіне күздің соңы, қыстың басында әзірлейді. Тобылғыны дер кезінде алса, кепкен кезде жарылмайды және сапасын ұзақ уақытқа дейін жақсы сақтайды. Оны әртүрлі мақсатта пайдаланған. Мәселен, емдік мақсатта, тобылғыны отқа жағып, одан еріп пайда болған майды ожау немесе қасыққа тамызып алып, жылы күйінде адам терісіне шығатын теміреткіге жаққан. Сонымен бірге, оның бұтағынан тіс шұқуыш жасап пайдаланады.

Тобылғыдан тәспі, моншақтар да әзірленеді. Ат әбзелінің құрамына кіретін қамшының сабын да тобылғыдан жасайды. Ол туралы ақын Бауыржан Жақыптың «Тобылғы» деген өлеңінде былай жырланады:

Мөлдір моншақ таң шығын

Тағып алған тобылғы.

Бабам өрген қамшының

Сабы болған тобылғы.

Тобылғыдан дайындалатын қамшылардың қолданыстағы мақсатына байланысты халық арасында қалыптасқан өзіндік бірнеше атауы бар. Олар - сүндет қамшы, бәйге қамшы, көкпар қамшы, дойыр қамшы және неке қамшысы. Қамшыдан қалған, жарамаған тобылғы қиындысын, қабығын, отқа жағып, оның түтініне саба, күбі, торсық тәрізді ыдыстарды ыстаған. Нәтижесінде ыстың иiсi мен дəмi күбі, сабаға сіңіп, құйылған сусынның маңызы күшейе түседі. Сонымен бірге, тұрмыста қажеттілікке жарату үшін сойылған жылқы терісін де қолданыс мақсатына қарай тобылғы қабығына ыстаған.

Шаруашылық ортада мақта, кендір, терекпен қатар тобылғы қабықтарының талшықтарынан да үйге жарық беретін майшамға қажетті ұзын таспа немесе жіп түрінде әзірленетін білтені де дайындаған. Тіпті, ұсталар металды балқытуға қажетті көмірді кейде өртенген тобылғы тамырында пайдаланған. Жүрген кезде түйеге артылған жүктің ауып кетпей, оның мықтап ұстап тұруын қамтамасыз ететін бұрау немесе тоғанақ деп аталатын құралды жыңғыл, сексеуілмен қатар тобылғыдан да жасаған. Шаруашылықта өгізді басқарып жүргізу үшін, оның танауынан өткізетін жіңішке ағаш – мұрындықты жасауға да пайдаланған. Сонымен қатар, тобылғының солқылдақ шыбықтарын ұзындығын құлаштай етіп кесіп алып жүн сабайтын сабауда жасаған. Тіпті, тобылғы шырпыларынан аула сыпыратын сыпыртқы да әзірленген.

Қазақ жерінде тобылғы атауымен байланысты Тобылғылы, Тобылғы сай, Тобылғылы сай, Тобылғыты, Тобылғы бұлақ деген жер-су атаулары бар. Сондай-ақ, тобылғыға қатысты Жамбыл облысы, Жуалы ауданының аумағында Тобшақты деген алқап (жайлау) бар. Ол туралы зерттеуші Дархан Байдалиевтің «Жуалы өлкесінің ежелгі тарихы» атты зерттеуінде былай делінеді: "Ел қамшыға қажет тобылғыны Тобшақтыдан табады. Тобшақты аталуы осы тобылғыға байланысты болса керек. Себебі, алқапта тобылғы топ-топ болып өсіп тұратындықтан, ол жерді ел ішінде «шоқ-шоқ болып тобылғы өскен жер» деп айтады. Уақыт өте келе, одан «тобшақты» сөзі шығады. Яғни, «тобылғы шоғы» сөзінен «Тобшақты» атауы қалыптасқан".

Жылқы түсінде де тобылғымен байланысты тобылғы күрең (қошқыл, күрең түс), тобылғы торы деген  атаулар бар. Мысалы, қазақтың «Батырлар жырында» мынадай жыр жолдары кездеседі:

Тобылғы меңді торы атпен,

Қобыланды шапты ауылға.

Фольклортанушы Ақеділ Тойшанұлының «Түрік-моңғол мифологиясы» атты зерттеу еңбегінде, аңыз бойынша тобылғы түсінің неліктен қызыл күрең болуының себебі, сексеуіл мен қарағайды татуластыра алмағанына қатты ұялып, содан қызарып кеткені кеңінен баяндалып, көркем суреттеледі. Келтірілген мысалдан бұталы өсімдіктердің, ағаштардың сыртқы түр-тұрпаты, өсетін жерінің табиғат ерекшелігі мен қазақтың үйлену салтының кейбір көріністерін аңғаруға болады.

Табиғатта көкек айының аяғына таман 2-3 күнге созылатын суық жел соғып, тобылғы жарған амалы басталады. Бұл халықтық танымда «тобылғы бүршік жарған», яғни, өсімдіктер тамыр жайды, жер бетіне алғашқы көк шыға бастаған шақ дегенді білдіреді.

Халық тілінің паремиологиялық қорында тобылғымен байланыстырылып айтылатын сан алуан мақал-мәтел бар. Мысалы, «Тобылғының түбін бассаң көде көпіршіп шығады», «Тобылғы шөпке жетеді, шөп көпке жетеді», «Тобылғы қатты деп қамшыға сап қылады, Көреген жігітті әккі деп қосынға бас қылады».

Тобылғы қазақтың шаруашылық-тұрмысында маңызды орын алған. Ата-бабамыз оны тиімді пайдалана білген. Бүгінгі күннің маңызды мәселесінің бірі, табиғатты күту болғандықтан, тобылғыны неғұрлым көбірек өсіру әрі сақтау өзекті болып тұр.

Тимур БОЛСЫНБЕК

Алматы қаласы