Ақ қанат жыр қалықтады

Уақыты: 04.03.2017
Оқылды: 2153
Бөлім: ТҮПСАНА

Махаббаттан басталған поэзияның парасаттылықпен аяқталары даусыз. Тек өміріңді өлеңге айналдыру жолында талмай ізденіп, адамдық болмысың мен шыншылдығыңды жоғалтып алмасаң болғаны. Бір қызығы, бір жылда аламанға қосылған мың ақынның санаулысы ғана тарихта таңбасын қалдырып, мәреден көрінеді. Бұл поэзияның артар жүгінің батпан екенін көрсетеді. Осы жолда өзіне тән қолтаңбасымен ерекшелене түскен Гүлбақыт Қасеннің шығармасы кімді де болса бейжай қалдырмасы анық.

Ең алғаш «Алуа» атты тырнақалды жыр жинағымен қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленіп үлгерген ақын, бүгінгі таңда қазақ поэзиясындағы нәзік жандылардың сара жолын жалғап, өзіне тән соқпақ салып келе жатыр. Оған дәлел, жуырда жарық көрген «Құсқанаты» атты жинағы. Аталмыш кітапты жыр айдынына құйылған бұлақ десек артық айтқандық болмас. Осыған орай, Алматыдағы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында «Құсқанаты» кітабының тұсаукесеріне орай «Құс қанатындағы жыр» атты поэзия кеші өтті. 
Игі шараның шымылдығын аталмыш кітапхананың директоры Ғазиза Құдайберген ашты. Ол поэзия кеші «Алтайдан – Атырауға дейін» акциясы аясында ұйымдастырылып отырғанын жеткізіп, шара тізгінін Қазақстанның Мәдениет қайраткері, ақын Жұматай Әміреевке берді. 
«Аспан сілкіп түсірген құсқанатын, Құсқанаты соңында қыс қалатын...» – деп жырлаған Гүлбақыт Қасеннің поэзиясы сезім қылын тербейтін нәзік те сыршыл, шынайылығымен жанды баурайды. Ал жаңа жинаққа енген тың туындалары ақынның шығармашылық деңгейінің өсіп, толысқанын, кемеріне келе бастағанын айғақтайтындай. Әсіресе, «Ғашықтық хаттардан үзінді», «Қымбаттым», «Алтыным» атты циклды жырлары махаббат тақырыбындағы бөлекше қолтаңба екені даусыз. 
Кеш барысында Гүлбақыт ақын өз жырларын оқып, жүрек тебірентер тіркесті өлеңін тыңдарман қауымға жекізе білді. Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегманов, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Зайда Елғондинова, Бүкіләлемдік Шыңғысхан Академиясының академигі, Қазақстанның құрметті журналисі, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін «Құсқанаты» жыр жинағының тұсаукесер рәсімін өткерді. Одан кейін аталмыш жинаққа Алғысөз жазған Қасымхан Бегіменов: – «Мен Гүлбақыттың бұл жинағын оқып шығып, ойға баттым. О бастағы жаратылысы нәзік, анасынан ақын болып туған ару беткейге шыққан гүлдерді, жапырақтарды да аяп тұрады. Бұл ақынға тән түйсік. Сыршыл қаламгердің қолтаңбасынан оның адамгершілігін, білімін, халқына деген ерек көңілін танытады. Бүгін сол сезімдерге жетелеген жинақтың тұсаукесер кешіне жиналдық. Бұл үлкен қуаныш. Ендеше, арманы асқақ ақын қызға жаратқан өзі жар болғай», – деген ақжарма тілегін жеткізді. Ал Қазақстанның құрметті журналисі, ақын Әміре Әрін:
– Балқаштың жасыл желегіндей жайқалған, шығыстың шолпанындай жарқырай көрінген ақын қарындасымды ең алғаш әдебиет аламанына қосылуына себепші болған едім. Өлеңге деген махаббатын жазбай танып, «Алуа» атты тұңғыш кітабін шығаруға мұрындық болғаным күні кеше сияқты. Бүгінгі қуаныш сол кездегі жасаған жақсылығымның жемісі деп білемін. Ағаның ақ тілегімен телегей теңізде дара желкен көтергені мені шын мәнінде қуантады, – деген жүрек тебіренісін жеткізіп, кеш иесіне сәт сапар тіледі. Сонымен қатар, Жұматай Жақыпбаевтың жыр-ғұмырын жалғастырушы, ошағының отын маздатып отырған Зайда Елғондинова ақын сіңлісіне арналған жырын оқып, иығына орамал жапты. Ал Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Нәзікен Алпамысқызы мен шешен халқының батыры Рафаэль Ниязбеков жүрек тебірентер жылы сөздерін арнап, кеш иесіне кітап тарту етті. 
Жыр арнадым Жетісуға – адал, ақ,
Қадірімді арттыратын бағалап.
Жақсы жандар қанатымды қатайтып,
Тұлпарымды берген еді тағалап, – деп тебірене жырлаған ақынның жыр кешінде Әбен Дәуренбековтың сөзіне жазылған Нұрлан Байгөзовтың «Шолпан атаға хат» әнін дәстүрлі әнші Эльмира Дәуренбекова әуелетті. Одан кейін, кеш иесінің Жетісу топырағындағы ізбасар інілері шығып, ақынның жырларын оқыды. 
Қасиетті жырдың айдынын шалқытқан жетісулық жас ақындардың өнерінен кейін, Жазушылар Одағының мүшесі, бегілі жазушы Зәкір Асабаев сөз алып, Гүлбақыт Қасеннің өлеңдеріне талдау жасады. Шынайылығы мен суреткерлігіне тоқталып, болашағы жарқын жанға деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар, ақын Гүлнар Шәмшиева, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, белгілі ақын Нүсіпбай Әбдірахым мөлдір жырдың иесіне деген лебіздерін білдірді. 
Бүгінгі таңға дейін «Алуа», «Бақыт гүлі», «Құсқанаты» атты үш бірдей жинағы жарық көрген Гүлбақыт ақынның өрнекті өлеңдері көзі қарақты оқырманның кеудесіне сәуле шашып, жадында жатталғандай көрінді. Тіпті, жас буынның сүйіп оқитын ақынына айналған десек те асыра айтқанымыз емес. Оған дәлел, Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің студенттері ақын кешіне арнайы келіп, жырды жүрекке жеткізе оқыды. Сонымен қатар, ақын сөзіне жазылған әндер әуелеп тыңдарман қауымды бір серпілтіп тастады. 
Төлеген Айбергенов айтқандай ақын болу үшін әлемнің қасіретін бойыңа жинауың керек-ақ. Бұл жолда ер азаматтардың да қабырғасы сөгіліп, мехнат шегетіні жырсүйер қауымға таңсық емес шығар. Кейде әдебиетші қауымның арасында арулар ақын болуы үшін тағдырдың ағысына қарсы жүруі шарт деген сөздер айтылып қалады. Бұл қағида емес. Оған Гүлбақыт Қасеннің өзі дәлел болмақ. Өмірді өзінше танып, өлеңіне арқау ете білген ақын қыздың кешіне  Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, бірқатар ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлері қатысты. Рухани шара соңы ақ дастарқанға ұласты.

Асыл Сұлтанғазы