Сағыныш ғазалдары

Уақыты: 06.03.2017
Оқылды: 2279
Бөлім: ТҮПСАНА

Кенді кеудесіне отыз көктемнің жұпарын толтырып үлгерді. Жырмен жолдас болған жылдарын санамаласақ өкініш өзекті өртейді. Тым келте. Онсыз да бесік пен бейіт арасындағы жылт етпе шақты әсірелемей, әспеттемей «қамшының сабындай» деп қайыратынымыз бар. «Жалған дүние» деген тағы бір атауы ойға еріксіз оралады. Көреген бабалар көрер қызығы таусылар тұста осылай атады ма деп таңданатынымыз жасырын емес. Әйтпесе, қысқа өмірде өзінің мәңгілік ғұмырын қалыптастырып кететіндер бар ғой. Олардың тағдырына қаратып «баянсыз дүние кімге опа берген» деген тіркесті қолдана аламыз ба? Жоқ! Сондықтан да бар-жоғы отыз көктемнің өрнегін омырауына тағынған Төлеген Айбергеновтің тағдырын да келте деп айту қиянатқа жол бергендік болып есептелетіндей. 

Рас, өмірмен ерте қоштасқан небір біртуар перзенттеріміз бар. Олар әдебиет пен тарихымызда есімі жақұт жазумен бедерленген Шоқан Уәлиханов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Саттар Ерубаев, Ақан Нұрманов, Артығали Ыбыраев сынды ардақтыларымыз. Арғы-бергісін жіпке тізудің қажеті шамалы, көзі қарақты оқырман олардың ғұмыр-баянымен таныс деп білеміз. Осы орайда өткен күндерден бір естелік қозғап кетуді жөн деп санадық. Әрине, тақырыпқа орай. Университет қабырғасында жүргенде ұлт зиялыларын асқан рухпен бағалайтын, шынайы құрметтейтін бір ұстазымыз: «Абай әр адам өзіне есеп беру керек деп аманаттағандай. Ал айтыңыздаршы, өмірден ерте өткен ақын-жазушыларымыз аз ғұмырда миссиясын толық атқарып кетті. Елім-айлап күн кешіп, жерім-айлап мұң шекті. Артына том-том кітабын қалдырды. Сіздер енді бір 5-6 жылда олардың жасына жетесіздер. Солар секілді бірдеңе жазып қалдыра аламыз деп ойлайсыздар ма, осы тұрғыдан ойланып, өздеріңізге есеп беріп көрдіңіздер ме?» – деген кекесінмен сауал тастаған еді. Біз әрине үнсіз қалдық. Өйткені шығармашылықпен айналыспақ түгілі, ХХ ғасыр әдебиетін түгесіп оқып болмаған кезіміз ғой. Сондықтан не айта алар дейсіз. Мәселен, 27 жасында бақиға бет түзеген Сұлтанмахмұт Торайғырав артына  2 томдық мұрасын қалдырды. Ал біз ше? Қашанда тектілермен теңесе алмасымыз белгілі. Оларды Жаратқанның өзі халықтың қабырғалы өнерін өрістету үшін арнайы түрде жерге жіберіп, ұлттың бағын жандыру үшін жаратқандай көрінеді де тұрады. Сол қатардан көзі тірі болса сексеннің сеңгіріне шығар «нағыз ақын» Төлеген Айбергеновтің табылатыны даусыз.
Еніп ек-ау өмірге ерке біздер,
Қанша қырда қалмады 
        тентек іздер!
Жаңбыр кешіп қап кеткен 
        он сегіздер,
Мен өлердей сағындым сенсеңіздер
Ей, аяулы он сегіздер! – деп жырлайды қазақтың аяулы перзенті, арда ақыны Төлеген. Бұл қарапайым өлең жолдарынан не байқауға болады деп ойлайсыз? Бір қарағанда ұйқасы шымыр, сезім болып төгілген жырдың өзге туындылардан айырмашылығы жоқ секілді көрінуі мүмкін. Алайда ақынның жан дүниесін, о баста рухани кемелденгенін аңғаруға жол ашатын тармақтар емес пе? Бар-жоғы орда бұзар шағында шаңқай түсін тарқатып, жалғанның жарығын жанарынан тайдырған ол қай жасында «он сегізін» сағынды екен?!. Бүгінгі таңда отызында жастық желігі тарқамаған жандарды көріп, Төлегендердің тумысынан кемелденіп, кемерінен асып дүние есігін ашқанына күмәнмен қарай алмаспыз. Осының өзінен-ақ өмірге қасқайып жыр төккен дара тұрысы мен жаратылысын, ақындық парасатының телегей екенін аңғаруға болады және отыз көктемде өз миссиясын толық атқарып кеткеніне талас тудыра алмаспыз. 
Ақын жайлы аңыз көп. Солардың ең негізгісіне тоқталатын болсақ, Төлеген өз кітабын жалындап жатқан отқа тастап жіберген деседі. Неге? Түн баласы көз ілмей, шабытын сезімге орап жазған жырларына қалай ғана қиянат жасайды деген сауал адамды сансыратады. Мұндай жайт әлем классиктерінің тағдырында да қайталанған. Ол жайлы әдебиетке дендеген көзі қарақты оқырмандар білуі тиіс. Мәселен, Гоголь, Пушкин, Достоевский, Булгаков, Ахматова сынды орыс әдебиетінің белді тұлғалары шығармаларын өртеген. Қарабасының қамы мен талантын жетілдіру жолында ермек етіп, не болмаса рухани тоқыраған сәтінде қарайып қалмау үшін сызғылаған туынды емес еді олар. Өртенбей қалған бірлі-жарым жазушының жазбалары бүгінде әлем халқының сүйіп оқитын шығармасына айналған. Ендеше олар неге өз туындысына «қиянат» етті. Бұл ар мен әдебиеттің тазалығы үшін жасалған жанкештілік секілді. Төлеген де бір кітапты құрайтын қолжазбасын қазақ поэзиясының тазалығы үшін, қасиетіне кір шалдырмау үшін өртеген секілді. Қалай пайымдап, жорамалдасақ та ол ақынмен бірге кеткен мәңгілік жұмбақ болып қала бермек. Ал ұғынған адамға «Бір тойым бар», «Өмірге саяхат», «Құмдағы мұнаралар», «Мен саған ғашық едім» кітаптары мен жарияланбаған бірқатар өлеңінің өзі жеткілікті. Ақынның арда болмысын, табиғи талантын осы мұраларынан-ақ аңғаруға болатындай.
Қаламгерлерді өзге ақын-жазушылардан ерекшелеп тұратын туындылары деп есептейтіндер бар. Мәселен, бір ғана махаббат тақырыбына қалам сілтемеген жан жоқтың қасы. Сондықтан да әдебиет өкілдерін қалайша екінші біреуден екшеп алып, даралап көрсете аламыз. Мәселе тақырыпта емес, қаламгердің жазу стилінде екені даусыз. Бұл жайлы қазақтың ғажайып жазушысы Асқар Сүлейменов: «Стилі жоқтың жазғанын оқу – арпа талқанды құрғақ асағандай. Стильсіз жазушы, стилін таба алмаған жазушы – іріге еліктеп көлеңке калькаға барады да, сорпаның сор айшықтап берген. Сондықтан да, ақын, жазушы, журналист болмасын, әр қаламгер өзінің соқпағын сала алмаса, оның тарихи сахнаға көтерілуі қиын іс. Кейде бір шығарманың өзі қаламгердің «төлқұжатына» айналып жататыны бар. Мысалы, Пабло Неруда алақандай Чилидің қасіретін ақындық жүрегінен өткізіп, «ажал» туралы қалай тебіреніп еді. Ал «Менің Дағыстаным» деп көсілген Расул Ғамзатов ше? Бұлар жанына жақын тақырыпты тебіреніп толғағанымен, өзіндік стильге бой ұрмаса шығармалары тарихи калька болып, ортанқол туындылардың қатарынан орын алар еді ғой. Сол секілді біздің қазақ поэзиясында да бір тақырыпты тыңнан толғап, керемет деңгейде өрнектей білген ақындар баршылық. Соның бірі «Сағынышты» ешбір қаламгерге ұқсамай бөлекше бедерлеген Төлеген еді.  
Қайтейін жаным аңсады,
Сабыр да керек десек те.
Сағынған көздің моншағы
Шашылып жатыр төсекте... Бұл өлең жолдарынан аңсау мен шаршау сезімінен  жарыла жаздап, «сағыныштың сал шекпенін» жамылып жүрген адамның сұлбасын елестетеміз. Өлеңнің көркемдігі, ақынның суреткерлігі жайлы сыни пікір айту мүмкін емес. Қандай тамаша, тапқыр тіркес десеңізші?! «Сағынған көздің моншағы, шашылып жатыр төсекте». Бұл тақырыпқа жеңіл қарайтын өзге ақындар дәл осылай қиюластырып жаза алар ма еді?! «Сағыныштан жанарым жасқа тұнды» деген сарындағы тармақтарды поэзиялық жинақтардан талай мәрте оқығанбыз. Алайда, Төлегеннің қолтаңбасы, оның тапқырлығы, тақырыпқа терең бойлауы өзгелерден дара көрсететіні анық.
Жалпы, ақынның шығармашылығына арқау болған сағыныш тақырыбын бірқатар өлеңдерінен айшықтап көрсетіп өтсек; «Махаббат элегиясы» өлеңінде «Сағына сені сарғайдым, сары жапырақ күздеймін»,  деп мезгілмен тілдесе тебіренсе, «Мені ойла» жырында «Сеземін сүйген жүрекке, сағыну соқпас оңайға», деп ғашықтық көңілдің сағынышы жүрекке салмақ салатынын өзіне тән тапқырлықпен өрнектей білген. Осыдан-ақ, оның шығармашылығының ақ қайнары, мөлдір бастау қайда жатқанын еркін аңғаруға, жазбай тануға болады.  
«Сағынбай барсаң, теңіз де сенің тебіренбес жастық шағыңдай,
Бұлбұлдың даусын ести алмайсың бауларға кірсең сағынбай.
Сағынбай барсаң, таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап, 
Ойлауың мүмкін дүниені мынау  кеткен екен деп тас қаптап...» 
– деп басталатын Мұхтар Шахановқа арналған «Сағыныш» атты циклді өлеңі аталған жырлардың маңдайалдысы, ең шұрайлысы. Көркемдік бояуы қанық, суреткерлік іреңі көз тартар, жаныңды еріксіз баурап алар сыйқырға толы емес пе? Тұмса табиғаттың жұтындырған кейпін адам жанымен қатар өріп, сағынышсыз «түп қарағай жамырасуға жарамай қалады», – деп өрнектеуінің өзі қанша жылдық ізденістің, неше уақыттық күйзеліс пен аңсарлықтың жемісімен желектей жайқалды десеңізші. Бұл өлең жайлы ой толғағанда тек тамсанып қана әр тармағын тарқатып отыру қажет-ақ. Әсірелеймін, әспеттеймін, ақынның ішкі сезімінен лықсып шыққан қуаныш пен қайғыны халыққа түсіндіріп беремін, жас ақынға деген аманатты, айтылған ақыл мен өсиетнаманы айшықтап көрсетемін деп ақ тер, көк тер болудың керегі де жоқ. Тек, «Сағыныш шалғай сапарларыма жасаған шақта иелік, кеудеме менің сан рет кеткен табан астында күй еніп», – деп өзі толғағандай, сахилықтан саф алтын болып туған туындысын жүрекке қондырып алып, сағыныштың өлшемі бір ғана Төлегеннің туындысына ғана шақ келіп тұрғанын шынайы мойындасақ жетіп жатыр...
Иә, тағы да қайталағың келеді; омырауына отыз көктемнің дестесін тағынған тағдырдың; сағыныш тақырыбын сартап жылдарға сана жетелетіп отырып, сезімталдықпен пайымдай білген жүректің; бір дарынның екінші дарынға деген өсиетнамалық һәм танымдық туындысын тудырған аппақ пейілдің иесіне деген құрмет, шынайы сезімнің шегіне жете аламыз ба? Жарыса жазғанымен жаһұт туындыларына татыр тіркес қолдана аламыз ба?.. Ақынның мәңгілік ғұмырына алтын арқау болған ғаламат сағыныш ғазалдарынан ғибрат алып, ғасыр тудырған шығармалардың ең түпсізі деп қорытынды жасай аламыз ба деген сан сауал алдыңды кес-кестейді. Осындай сәтте,  «бір тойым болатыны сөзсіз менің», деп көрегендікпен жырлаған Төлеген Айбергеновтің «Сағынышын» қайта оқығанға не жетсін?! Сонда ғана жоғарыдағы себепсіз сұрақтардың түкке тұрғысыз екенін түсініп, дара дарынның даңғылы мыңжылдықтардан кейін де қаз-қалпында нөпір оқырмандармен базар болып жататынын сезіне түсесің. Ол үшін жүрек керек. Сонымен қатар, сағыныш ғазалдарын түсініп, тұшынып оқитын көзі қарақты оқырманның шынайы мойындай білетін қасиеті қажет-ақ.
Сағыныш жайлы қайтадан толғау болар да, бәлкім, қолайсыз,
Дегенмен, жаным көгілдір дүние  сағынбағансын арайсыз.
Өмірде мынау сағынбағандар бақытсыз, бақсыз, талайсыз,
Қазақтың жыры Абайсыз, – деп тебіренеді ақын! Рас, Алаш жырын Абайсыз, сағынышты Төлегенсіз елестету мүмкін емес.

Асыл Сұлтанғазы