Қаламгер және әйел әлемі

Уақыты: 07.03.2017
Оқылды: 2145
Бөлім: ТҮПСАНА

Көздің майын тамызып, сарша тамыздың ыстығынан бетер жалынды жүректің қағысын жиілетіп оқитын шығармалар санатында «Күтумен өткен ғұмыр», «Бір ғана махаббат», «Ерлі-зайыптылар» сынды бірқатар ғажайып туындылар бар. Санада сақталып, ерекше әсерге бөлейтін бұл дүниелерді қазақ әдебиетінің қазыналы қамбасына тоғытқан қаламгердің қасиетіне, парасаттылығына, арда болмысына таңданбасқа шара бар ма?! Таңданыс пен тамсаныстың әсерінен өткен жылы 13 томдық шығармалар жинағы мен Мемлекеттік сыйлықты иеленген «Әй, дүние-ай»  романын оқып шыққан едік. Оқып қана қоймай, ойға батқанымыз да жасырын емес. Жазушы саналы ғұмырын әйел тақырыбына арнаған екен. Осыған орай жуырда «Неге»,  «Не үшін» деген сауалға жауап іздеп, көрнекті жазушының үйіне бас сұқтық.

Босағадан аттап, бөлмесіне кіріп барғанда, қазақ руханияты оның ішінде прозаға алпыс жылға жуық уақытын арнаған жазушы ежелгі сүрлеуінен танбай, жазумен айналысып отыр. «Ассалаумағалейкум Бексұлтан аға!» – дегенде барып, алтын басын өмір бойы серік болып келе жатқан үстелінен көтеріп, қуана қарсы алды. Арада біраз уақыт ағаның шарапатты сөзін тыңдап, азды-кем әдебиет жайлы әңгіме де өрбіттік. Содан кейін барып негізгі тақырыпқа ойыстық.
– Бексұлтан аға, әр жазушының өзіне тән стилі, дара соқпағы болатыны белгілі. Ал сіздің көтерген тақырыбыңыз нәзік жандылардың өмірі. Тіпті, «Әй, дүние-ай» романында қазақтың бастан кешкен тауқыметі, қасіреті жазылғанымен, оны София атты орыс қызын жанама кейіпкер ретінде алып, ал Шәйі сынды бас кейіпкердің бастан кешкен трагедиясын жетер жеріне жеткізе жазу арқылы қилы заманды көз алдымызға алып келдіңіз. Шығарма осындай кейіпкерлердің арқасында ашылды. Жалпы, әйелдер тақырыбына қандай мақсатпен дендедіңіз? – деген көптен бері мазалап жүрген ішкі ойды сауал ретінде алға тарттық. Ал қаламгер өзінің ойлы жанарын оқтай қадап  тұрды да, ойланбастан:
– Жазушы әйелдер жайлы жазайыншы деп мақсат қойып, кірісіп кетеді деп айта алмаймын. Бірақ, жаратқан қаламгерлік қасиет берген соң өмірде көп ізденесің, әр нәрседен, ойқы-шойқы дүниеден ой түйгің келеді. Соның бәрін салмақтайтын болсаң, тіршіліктің нәрі дегенді сезінесің. Мәселен, қазақ халқы жерді анаға теңейді. Қарап отырсақ, әйел мен жердің мінезі ұқсас. Не түрлі қайғының, азап пен қуаныштың бәрін жер көтереді. Әйел де солай. Барлық ауыртпалықты, халықтың басындағы қиыншылықты әйелдер арқалайды. Жер тіршіліктің нәрі болса, әйел ұрпақ өрбітеді. Мәселен, біз ақтабан шұбырынды кезеңінде, ашаршылық жылдары, құғын-сүргін уақытында қынадай қырылдық. Бірақ  халық сақталып қалды. Оны сақтаған батырларымыз емес, олар қорғап, сол жерде жан тапсырды ғой. Ал батырлар мен ақындардың, ел азаматтарының орнын толтырып, ұрпақ әкелу арқылы сақтап қалған ана емес пе?! Біз ғұн, сақ, үйсін дәуірі деп бірнеше кезеңді тарих арқылы танысақ, солардың бәрін сақтап қалған ана екенін естен шығармауымыз керек. Егер ана ұрпақ әкелмесе халық өліп, жер жетім қалады. Сондықтан әйелді жазу өмірді, бүкіл тіршілікті толғау деген сөз. Мен басында бұған осындай терең оймен келмеген шығармын. Алайда, адамда интуиция болады; «әй, мынау қымбат нәрсе ғой» деген.  Оның қымбаттылығын сезіне келе, зерттей келе имандай сеніп, иланып, өзіңнің алғашқы деректеріңе дәлелдер қосып, ақырында сол нәрсенің қасиетті екеніне көзің жетеді. Осыдан кейін әйел туралы жазбағанда, не жазасың?! – деп арқалығы бар орындыққа көсіле беріп, дүр сілкінген баршын бүркіттей қайта бой жазды да: «Әйел деген тек қана махаббат деп қарайтындар бар.  Ол бүкіл тіршіліктің көзі ғой. Жер-ананың құрсағында дүние тіріліп, күннің нұрынсыз көктемейтін болса, әйелдің мейірімі түспеген жерде тіршілік нәрсіз болып қалады. Содан болар бұл тақырыпты жазудың өзі адамды қанаттандырып, рух беріп, өзінен өзі демеп отырады. Ал мен сол үшін де еш өкінбеймін, қайта әлі де жаза түскім келеді. Өйткені бұл мәңгілік тақырып» – дегенді қосып қойды.  
Негізгі ойға нақты жауап алғанымызбен, қызықты да қиын тақырыпқа бойлаған жазушыны әлі де сөйлете түскің келеді. Осы мақсатта талай қыз-келіншектен естіген жылы лебізді жеткіздік. «Шығармашылығыңызбен таныс әйелдер: Бексұлтан Нұржеке-ұлы әйел сырын, оның жан-дүниесін бізден терең біледі. Жазбаларын оқып отырып айран-асыр қаламыз», – деп таңданып отырушы еді. Әйел сырына қалай еркін қанығып, өмірін қалай зерттейсіз? – деген сауалды іркіп қала алмадық. Ал қазақтың маңдайына біткен қазыналы жазушы, ақырын ғана езу тартты да: 
– Әйелдерді әдейі зерттей алмайсың. Ол лабораториялық нәрсе емес, – деп бір түйді. Неше мың кітап сап түзеп тізіліп тұрған сөрені көзбен шолып өтті. – Олармен сырласып, дос бола білу керек. Мәселен кейбіреулер «ойбай-оу, анау әйел жүргіш екен, күйеуінің көзіне шөп салыпты» деп жатады. Мен үшін олай емес. Тағдырына үңіліп, онымен сөйлесе білсең,  амалсыздан сондай әрекетке барғанын, мәжбүр болғанын көресің. Таң қаласың. Өмір болғандықтан  сыртынан қарап «анау жаман әйел» деп қол сілтеп жатамыз. Сол жаман әйелдің ар жағында адам таңданатын тарих жатады. Мен кезінде Сайын мен Сейфуллин көшесінде тұрған қыздармен де сөйлесіп көрдім. Бәріңің де себебі бар. Біразы өзін ақтау үшін өтірік айтуы да мүмкін. Бірақ, жанбағыс үшін солай істеп жүр. Кейбіреулер «ой оңбағандар, мынау халықтың намысына келетін әрекетке барып жатыр» деген өтірік көлгірсуге барады. Шындығында халық намысын ойласа сол қыздарды барып неге қорғамайды. Шын намыс осындай болар. Тіпті, ешкім көңіл аудармайтын әйелдердің өміріне үңілсең, арғы тарихында адам таңғалатын дүние жатады. Міне, осыларды саралай келе, тарихи деректерді жинай-жинай берсең орташа шындық шығатыны секілді, олардың өміріндегі бір шындықтың желісін қуалап отырып, үлкен шығарма тудыруға болады, – деп ой қортты. Бір нәрсені ұмытқандай аз бөгелген Бексұлтан Нұржеке-ұлы, қаншама туындыны қағаз бетіне түсірген алтын саусақтарын маңдайына тіреп тұрып: «Жаңа айтылған, ақша үшін небір дүниеге баратын әйелдерді жаманға жатқызбау керек. Әр адамның өткеніне зер салсаң, олардың көтере білген жүгінің батпан екенін білесің. Қандай тірлікке барса да әйел әйел күйінде, тіршіліктің көзі болып қала бермек», – деп бір түйді...

Иә, жазушымен арада бұдан өзге де көптеген дүниелер лек-легімен  айтылып, санаға орныққандай болды. Бірақ, ішкі сезімнің адуынды шарпысуы, толқындай тепсіне шайқалуы: «Толстой мен Ги де Мопассанның кәнизәктарды қорғап жазуы, теріс жолға түскен әйелдердің жақсы қасиетін, өмірлік сырын айшықтауының сырын енді ұқтым», – деген байламға келіп, көп нәрсеге мән бере алмай қалғанымызды аңғардық. Тек ауыр ойдан бір сәтке арыла бергенде жазушының «Әйелдердің әр күні мереке ғой. Оларды аялай білмеген еркек кіндіктіге «жаман» сөзін телу керек. Ал әйелдер ешқашан жаман болған емес», – деген айбарлы сөзін естідік. Содан да болар, дүниедегі ең ауыр да ғажайып тақырыпты толғап, өшпес мұра қалдырып,  қазақтың Мопассаны атанғаны. Не де болса қаламгер мен әйел әлемі көкжиектегі аспан мен жердің астасып жатқанындай сезіледі-ау...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ