"ТҮРЛІ АҢЫЗДАР БАР": ӘЙГІЛІ "ОРТЕКЕ" КҮЙІНІҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ

Уақыты: 15.08.2020
Оқылды: 3906
Бөлім: ТҮПСАНА

Тумысынан жазира даланың тауы мен тасын, өзені мен көлін еркін аралап, тілсіздің тілін түсініп, жансыздың сырын ұғынған қазақ халқы өзін қоршаған тұмса табиғаттың әрбір өзгешелігін жіті бақылап, өзіндік қасиетіне ерекше мән берген. Табиғатпен сырлас өскен бабаларымыз жаратылыстың өсіп-өніп, түрленуін, өзгеруін, қимыл-қозғалысын бақылап, оларды ән мен жырға, ертегі мен аңызға арқау етті. Кейбір жағдайларда өзінің құса-мұңын, сағынышы мен зарын, қуанышы мен жұбанышын, табиғатты, жан-жануарларды бейнелеу арқылы өз көңіл-күйін халыққа жеткізіп отырды. «Ақсақ құлан – Жошы хан», «Бозінген», «Ақсақ аю», «Жезкиік», «Аңшының зары» сынды ән-күйлердің астарында жеке тұлғаның, тұтас халықтың жүрек лүпілінің жатқанын байқау аса қиын емес.

Қазақтың ықылымнан бері қолынан тастамай келе жатқан қасиетті музыка аспабы – домбыраның көмегімен (кейде шертермен де) ойналатын «Ортеке» күйі бар. «Ортеке» жай ғана шертілетін күй емес, ағаштан ойып өрнектеп, текенің бейнесін жасап, оны тұғыр ағашта домбыра шерту арқылы билетеді. Мұны бүгінгі күнгі дамыған техниканың көмегімен жасайтын түрлі қуыршақ кескіндерінің бастамасы деп те айтуға болады.

«Ортеке» күйі арқылы ойналатын қуыршақ ойыны ерте замандарда балаларға домбыра үйретіп, олардың өнерлі болып өсуіне де зор үлес қосқан. Балалардың неге қызықса соны тез үйреніп алатын қасиетін жақсы білген бабаларымыз жаңағыдай қуыршағы арқылы балаларды қызықтырып отырған. 

Белгілі зерттеуші, ғалым А.Жұбанов 1935 жылы «Казахстанская правда» газетіне мақала жариялап, «Ортеке» қуыршақ биі туралы деректер келтірген. Онда: "Ойын кезінде қуыршақ секіріп, бірде орғып, әртүрлі бұрылыстар жасайды. Кейбір кезде домбырашылар оған жылқының, еркек пен әйелдің бейнелерін қосатын болған. Олар әуеннің ырғағымен билейді. Шебер орындаушы домбырада күй тартып, жоғарыда атап өткен бейнелерді түрлі қимылдарға келтіріп, бірде секіртіп, бірде жүгірткен. Яғни, секірген теке қимылдарын жасай білген", - деп жазған.

Ортеке қуыршағы әртүрлі көлемде болады. Ол негізінен жасаушының ойлау ерекшелігі мен шертушінің шеберлігіне байланысты. Күйші Абдулхамит Райымбергенов: «Бұрынғы мезетте үш ортекені – «Ата ортеке», «Әке ортеке», «Бала ортекені» ойнатқан. Бір адам ең көп дегенде төрт ортекені саусағына ілінген жіптер арқылы басқарып, күй ырғағына билете алады», – дейді. Ал атақты күйші Мұрат Өскенбаев «Сегіз лақ» күйін тартқан кезде сегіз текені тұғырға орнатпай-ақ жерге қойып ойнатқан деседі.

Ел ішінде осы «Ортеке» қуыршақ күйінің шығуы туралы түрлі аңыздар бар. Солардың ішінде бір-біріне қарама-қайшы келетін екі нұсқасына тоқталуды жөн көрдік. Екі аңыздың да астарында ұлтымыздың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен өзара түсіністігі жатыр.

Ертеде саусағынан саз өрген дала күйшісі болыпты. Бұл адам тек домбыра шанағынан күй төккен өнерінен басқа ши үстінен шіркей атар мерген де болған екен.

Күндердің күнінде күйші аң аулап жүріп, бір салмаудағы кішкене тастың үстінен қызғылт күрең жүні күн нұрымен құндыздай жалтырап, құлпырып тұрған тауешкінің марқасын көреді. Тауешкі марқасының тас үстінде буындары сыртылдап, сылқылдап, ойнақ қағып, ешнәрсені қаперіне алмай қамсыз, қайғысыз билеп тұрғанын көріп, қызыға қарап қалады.

Марқаның табиғатқа деген мұндай еркелігін көрген аңшы қорамсаққа салған қолын еріксіз кейін тартып, садағын мойнына іліп, келген ізімен кері қайтады. Ауылына келген соң сазгердің көңілін тербеген марқаның қимылы домбыра шанағынан «Ортекенің ойнауы» атты күй болып төгіледі. Содан кейінгі жерде күйші ағаштан ойып, өрнектеп марқа бейнесін жасайды да көпшілік арасында шертеді. Марқаның тірі бейнесін көргендей болған қалың қауым күйші шеберлігіне ерекше сүйінеді. Осыдан бастап ауылдың басқа күйшілері де ортекені ойнатуды бастайды.

Ендігі бір аңызда Құламерген деген аңшы жігіт таутеке тұқымын өте көп аулайды. Аң аулауды кәсіп етіп, терісін сатып, күнделікті қажетін қанағаттандырып отырыпты.

Құламергеннің анасы ұлы аулап келген ортекелердің етін бір жапырақтан кесіп алып, қыл арқанға тізіп қояды екен. Күндердің күнінде керген арқан етке толады. Кінәсіз аңдардың сұраусыз төгілген қанынан шошып жүрген анасына ұйықтап жатқан кезінде аян келеді. Аянда таутекенің киесі қыз бейнесіне еніп: «О, ана, сенің балаң жазықсыз бізді неге қыра береді? Жаратушы оның ісін жауапсыз қалдырмас. Оның шелегі қанға толды, енді бір тамшы қан төксе, тәңірдің қарғысына ұшырайды», – дейді.

Ұйқысынан шошып оянған анасы Алла жіберген аянды баласына айтады. Бірақ таутекенің терісін сатып, пайдаға құныққан Құламерген ана сөзін елең қылмастан тағы да аңға шығады. 

Күні бойы ешқандай аң ата алмаған Құламерген әбден шаршап, діңкесі құрып шай ішуге отырады. Осы кезде бұрын-соңды көрмеген сүттей аппақ, алтын мүйіз таутеке алдынан көлденеңдеп өте береді. 

Құламерген садағын шірей тартып, таутекені құлатады. Етін тұздап, сүйек-сүйегін жіліктеп, ыстап қойып, өзі қарынын тойдырып алып ұйықтап кетеді. Бір уақытта әлденендей дыбыстан шошып оянған Құламерген бағанағы өзі атқан таутекенің алдында тұрғанын көреді. Көзінен от шашқан таутеке Құламергенді үш рет айналып шығады да басынан қарғып өтіп, тау басына қарай еркін басып кете береді. Содан кейінгі жерде Құламергеннің өзі де ыстық арасанға түсіп, күйіп өлген екен. Анасы жалғыз ұлының мәйітін арқалап ауылына оралыпты. Осы хикаяны естіген бір күйші «Бұдан былай аңшылар жөн-жосықты бұзбасын, керегінен артық алмасын» деген оймен осы өнеге күйді шығарған деседі.

Екі аңыз да «Ортеке» күйінің және ортеке ойнату дәстүрінің шығу барысын баяндайды. Біреуінде күй табиғат серілеріне сүйсінгендіктен шықты десе, енді біреуінде табиғаттың заңдылығына қарсы келіп, ашылған аранның салдарынан шықты делінеді. Қалай болғанда да күйдің табиғат серісі таутекелердің қимылын бейнелеп, сол арқылы халық арасына кең тарағандығын байқаймыз. 

Бір айта кетер жайт, ел ішіндегі сандаған күйшілердің ішінде ортеке ойнататын күйшілердің барған жері қызыққа толы болған. Ауыл жастары ондай күйшіден ортеке ойнатуды арнайы үйренетін.

Ортеке ойнатудың қалай шыққанын айттық. Енді осы ортекенің қалай жасалатыны туралы да сөз қозғар болсақ, оны жасаудың түрлі жолдары бар. Әр шебер әртүрлі жасайды. Негізгі жасалу жолына тоқталсақ, ортеке қуыршағы қызыл қайың, қызыл қандыағаш, үйеңкі, жаңғақ, шаған, емен сияқты ағаштардан жасалады. Бұл ағаштар оңай кесіліп, оңай кертіліп, ойылады. Жасаушыға көп қиындық тудырмайды. Алдымен жұмыр ағаштан 20-25 сантиметр кесіп алып, сыртына нобайлап ортеке формасын сызып алады, сосын ортасынан қақ жарып, ішкі бүйірін кеулеп жұқалайды. Іші кеуленіп болған ағашты қайтадан ажырамастай және білінбестей етіп біріктіріп желімдейді. Содан кейін көз, мүйіз, сақал орнатып, жасаған басты мойынға бекітеді. 

Жалпы бейнесі жасалып болғасын, айналасын тегістеп қырнап, кәдімгі ортекенің толық бейнесіне келтіреді. Төрт сирағы қозғалыс жасап тұратын етіп шеге немесе бір жағының қалпақ басы бар кішкене ағаш түймешектің оғынан сирақтың басын өткізіп, түймешік оғын жауырын мен жамбастың сыртына шаптайды. Шеге болса түспестей, қозғалыс жасайтындай етіп аралық қалдырып шегелейді.

Ортеке әбден жасалып болған соң көз тартардай етіп әдемілеп бояп, қыр арқаны теңшеп отырып дәл ортасынан шеге болмаса қалпақ бас ағаш түймешік орнатып, түймешікке жіп тағады. Осымен ортекенің жалпы барысы жасалып бітеді. Содан кейін ортеке кедергісіз қозғалыс жасайтындай майдаланған тұғыр жасалады. Ортекенің қыр арқасына байланған жіптің бір ұшы күйшінің саусағына ілінеді. Осы арқылы күйшінің күй шерту барысында қозғалған саусақтары арқылы тұғырдағы ортеке құдды жаны бар текеше қимыл, қозғалыс жасайды. Көрер көзді еріксіз тәнті етеді. 

Әдетте саусаққа артық салмақ салмау үшін ағаштан жасалған ортеке бейнесінің салмағы 250-300 грамм төңірегінде болуы тиіс. Одан асып кетсе шертушінің қолын талдырады. Ал жеңіл болса ортеке тұғырда қаңғалақтап, жақсы ойналмайды. Күй ырғағымен қозғалған кішкене текешіктің әсем қимылы көрген жанның қызығушылығын тудырмай қоймайды. 

Кейбір жағдайларда күйші ортеке бейнесін арнаулы ағаш шеберлеріне жасататын болған. Өздері қай ауылға барса сол ауылға домбыраларымен бірге ортекелерін де алып жүретін. Осы арқылы барған жерлерін қызыққа бөлеп, жастардың өнерге деген құрметі мен қызығушылығын арттырып отырған. 

Талай ғасырдан бері желісі үзілмеген бұл өнер сахнада күні бүгінге дейін ойналып жүр. 1934 жылы Алматы қаласында өткен халық таланттарының бүкілқазақстандық слетінде «Ортеке» биін Ж.Оразәлиев орындаған. 1984 жылы «Мұрагер» республикалық фольклорлы сазды ансамблі сахнаға алып шығып, ел арасына кеңінен таралуына даңғыл жол салды. Ұлттық музыканың көрігін қыздырып жүрген «Тұран» ансамблі 2010 жылдан бері ортеке ойнатудың жаңа бір тынысын ашып, республика және шетел сахналарында орғытты. Венгрия, Қытай, АҚШ, Ресей, Франция, Испания, Түркия елдерінде ортеке ойнатып, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

Бүгінгі күні жастар арасында бұл өнерге қызығушылық мол. Елбасының Жарлығымен Қазақстанда киелі аспаптың құрметіне арнаулы Домбыра күні бекітілді. Шілденің бірінші жексенбісінде аталып өтетін бұл мереке аясында домбыра ерекше ұлықталып, үлкен сахналардан төгілген күмбірлі үнінің шартарапқа шарықтайтыны белгілі. Домбыраға деген мұндай құрметтің арқасында алдағы уақытта ортеке ойнатудың да жанданып, дами түсетіндігі ақиқат. Бір сөзбен айтқанда, атадан балаға мұра болып жалғасқан ортеке өнерінің өрісі кеңімесе тарылмайтыны белгілі.

Ердос  ДӘРКЕНБАЕВ,

Шелек тарихи-өлкетану мұражайының директоры

Еңбекшіқазақ ауданы