ЛАТЫН ӘЛІПБИІ - ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫН БІРІКТІРЕТІН ҮЛКЕН МҮМКІНДІК

Уақыты: 06.09.2020
Оқылды: 1419
Бөлім: ТҮПСАНА

Ана тілі – адамның ары, жаны, айбыны! Елді есіркегің келсе – тілін құрметте. Ал мәңгүрттендіргің келсе – тілінен айырып, болмыс-бітімі мен арман-мұратынан жаңылдыру жеткілікті. Ғасырлар бойы азаттықты аңсаған халқымыз кеңестік кезеңнің қыспағында сондай ауыртпалықты басынан өткерді.

Көптеген толқын кирилл қарпімен сауат ашты. Орыс тілінен енген сөздерді сол қалпында, жіңішкелік және жуандық белгісімен жазатын болдық. Сөйлегенде тіпті қиналдық. Қазақ тілінің 28 дыбысы 42 таңбадан тұратын ұзын-шұбақ әліпбиде орысша дыбысталады. Тіліміздің әуезі бұзылды.

Қолыма қалам алып, журналистикаға қадам басқан 1990 жылы «Ана тілі» газеті жарық көріп, тілді тұғырына қондыру мәселесін қолға алған еді. «Сөзi жоғалған жұрттың өзi де жоғалады» деп сөз бастайтын апталық «Тілі мықтының – елі мықты», «Толғауы тоқсан туған тіл», «Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры», «Тіл бұзарға – тосқауыл», «Рухани жаңғыру», «Латын әліпбиі» сынды айдарларды әлі қолданып отырған басылым тілдік мәселеде Ахмет Байтұрсыновтың «Ел – бүгіншіл, менікі ертең үшін» қағидасын ұстанды.

Былтыр Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына орай құрылған «Ілияс ізімен» атты экспедицияның құрамында Ресейге барып, ақынның кітаптары мен «Тілші», «Еңбекші Қазақ» газеттеріндегі мақалалармен таныстық. Көбі латын қарпінде. Өзімізде «халық жауының» шығармасы ретінде өртеліп кеткен дүниелерді орыстар шып-шырғасын шығармай сақтапты. Табылған мақала, әңгімені елдегі газет-журналға бірден ұсынайық десек, басылымдардың барлығы кирилл қарпінде шығады. Егер осы дүниелерді латын қарпіндегі түпнұсқа күйінде газетке баса қойсақ, жер бетінде тарыдай шашырап жүрген миллиондаған қандасымыз төл әдебиетіміздің жауһарымен бірден сусындар еді-ау деп «әттеген-айлап», бас шайқадық та қалдық.

Ресейдің Химки қаласындағы сирек қордан Ілияс Жансүгірұлының «Құл» деген кітабы қолға түсті. Түк те қиындығы жоқ. Оқуға болады. Ілекеңнің дүниелері тілге жеңіл, жүрекке жылы. Дыбыс үндестігі де ұғынықты. Өлеңдері әуезді. Мұның бәрі латын қарпінде таңбалаудың артықшылығы екені айтпаса да түсінікті болып тұрды. Соңғы жылдарда өзімізде жарық көрген орфографиялық сөздікте төл дыбыс үндестігіміз мүлде бұзылды.

Мысалы, айтылуы әп-әдемі ләзім «лазымға», тәмәм «тамамға», хәкім «хакімге» айналып кетті. Өкініштісі, кирилл қарпі қазақ тілінің орфографиясы мен орфоэпиясын алшақтатып тастады.

Осы орайда, латынға көшудің сөйлеу мен айтуды бірізділікке түсіретіні жайлы «Ана тілінде»  жарияланған  мақалаларда жиі және дәйекті айтылуда. Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы аталмыш басылымда жарық көрген «Тілдің алдында тізерлеп тұрып қызмет етейік» атты мақаласында: «Емле – жазу үшін шығарған нәрсе, жазу – тіл үшін шығарған нәрсе. Олай болса, тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек», – дейді тілдің ұлттық болмысын сақтаудағы ұстанымға назар аудартып.

«Ана тілі» газетіндегі Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Темірғали Көкетайдың «Жаңа әліпбиге көшу – тарихи сәт» атты жарияланымы алдыңғы мақаладағы ойды толықтыра түседі. Айтар ойын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде», – деген сөзімен бастап, ары қарай: «Қазақ тілінің латын әріптеріне негізделген жаңа әліпбиі Ахмет Байтұрсынұлының тоғыз дауысты және он тоғыз дауыссыз дыбыстардан тұратын әліпбиін қабылдағанда ғана айтылым мен емле арасындағы сәйкессіздіктен құтылады», – деп сабақтайды.

Латын қарпіне көшудің артықшылығы ғылымды меңгеруге септігін тигізеді. Әлем бойынша, математика, физика, химия формулалары, ғылыми әдебиеттер латын әліпбиінде таңбаланады. Бұл жөнінде жазылған мақала жетерлік.

Ендігі мақсат – айтылған сөзді іске асыру. Егемендігіміз ұлттық мәселені шешуге толық мүмкіндік береді. Ақпарат алаңында басым, ғылымды ұғындыратын, шетте жүрген қандастарымызбен жақындастыратын латын қарпін қолданысқа енгізудің маңыздылығы мен өміршеңдігін ұғынатын кез келді. Ендеше, дәстүрдің озығына қол созайық!

Гүлжан ТҰРСЫН

Сурет - ғаламтордан