ЖЕТІ ҒАСЫРДЫҢ КУӘСІ: ЖАРКЕНТТЕГІ ӘУЛИЕАҒАШ ЖАҢА КЕЙІПКЕ ЕНЕДІ

Уақыты: 06.09.2020
Оқылды: 3120
Бөлім: ТҮПСАНА

Жыл сайын мыңдаған саяхатшы үздіксіз келетін жазиралы Жаркент өңірінде халыққа «Әулиеағаш» атауымен танылған алып ағаш бар. Жеті жүз жылдан бері жасыл желегінен арылмай, тамырланып, қалың орманға айналған алып қарағаш халық үшін өте қасиетті болып саналады.

Биыл Үлкенағаш ауылдық округінің тұрғындары осынау табиғаттың таңғажайып жаратылысының төңірегін, орман ішін көріктендіруге үлкен күш жұмсады. Бұл іске Үлкенағаш, Еңбекші ауылдарын жалғайтын жолдың асфальттанғаны да түрткі болды.

Дөңестен алып ағашқа беттейтін кіреберіс жолға жаңадан баспалдақ құйылып, темір қоршаулар жаңартылды. Жаяу жүргіншілер жолы төселіп, келушілердің демалуы үшін алаңқайға орындықтар жасалған. Орман ішін жарықтандыратын электр жарығы тартылған. Ақшамда жанған электр жарығы таң ата бір-ақ сөндіріледі.

– Әулиеағаш Қазақстанның тарихи орындарын насихаттайтын «Тарихи жол» бағдарламасына енді. Қазір кез келген қазақстандық ғаламтордан оның көркі мен келбетін, өзіндік ерекшеліктерін қиналмай тауып көре алады. Аудан әкімі Талғат Өмірәлиевтің тапсырмасымен өңірдегі белгілі сәулетші Қайрат Абаевпен бірлесіп, тарихи қасиетті орынды көркейтудің жоспарын жасап, бірқатар құрылыс жұмысын атқарып та үлгердік. «Максжолқұрылыссервис» ЖШС 4,5 миллион теңгеге жаңа жол төсеп берсе, өңірдегі белгілі меценат С.Ақсубаев, ауыл жанындағы кірпіш зауытының қожайыны Т.Бағаев және ауыл ақсақалдары мен тұрғындардың қолғабысымен сәнді темір қоршаулар қойылып, тоғай ішіндегі Үйсін руының батыры Мыңбатыр Қойшыбекұлының зиратының айналасына мрамор плиталары төселді. Мұның барлығы өскелең ұрпақ үшін мол мұра екені анық, – дейді Үлкенағаш ауылдық округінің әкімі Ермек Нұрахметов.

Табиғи ескерткіштің жаңа құрылыс жобасы толық аяқталып, ресми ашылуы болғанша мұнда басқа да жұмыстар жасалмақшы. Әулиеағаш өзінің емдік қасиеттерімен де көпшілікке танымал. Ағаш шырыны көз, құлақ, тамақ, мұрын ауруларына таптырмас ем екенін де көпшілік жақсы біледі.

Жоспарланған жұмыс толық аяқталғанда Әулиеағаш жаңа көркімен бұрынғыдан да көп саяхатшыларды құшағына тартар қасиетті мәдени орынға айналатыны сөзсіз.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан