ТҮРКИЯДА ТҰРАТЫН ҚАЗАҚ АҚСАҚАЛ 75 БИЕ БАЙЛАП ОТЫР

Уақыты: 04.09.2020
Оқылды: 2377
Бөлім: ТҮПСАНА

Дана халқымызда: «Адам айдаса барма, дәм айдаса қалма» деген қанатты сөз бар. Сол айтқандай, ойламаған жерден өңіміз түгілі түсімізге кірмеген Түркия мемлекетінің дәмі тартып, «Қайдасың, Түркия?» деп ұшаққа мініп, Измир қаласынан бір-ақ шықтық. Сөйтіп, бір айдай уақыт көптеген қаласында болдық. Түріктердің Сельжук мемлекеті болған кездегі тарихи орнына бардық, мешітіне кіріп, намаз оқыдық. Жергілікті халықтармен дәмдес-тұздас болып, жап-жақсы араластық. «Бауырында күнде көріп жүргеннен соң, таудың да биіктігі байқалмайды» демекші, өз Отанымызда жүргенде туған жеріміздің, ұлтымыздың қадірін біле бермейді екенбіз. Шетке шыққан аз уақыт ішінде кәдімгідей елімізді, жерімізді, тілімізді сағындық.

Бір күні тұрғылықты адамдардан: «Осында тұрғылықты қазақтар бар ма?» – деп сұрап едік, олар шамасы 100 шақырым жерде тұратынын айтты. Ести сала сонда тарттық. Ал іздегенімізді тапқанда қуанғанымыз соншалық, ет жүрегіміз елжіреді. Әсіресе, алыстан желбіреп тұрған Қазақстанның Туын көргенде жүрегіміз тулап сала берді. Сәл жақындағанда «Алаш Қазақ-Түрік диаспорасы» деп тау бетіне үлкен әріппен жазылған сөздерді және бірінші Түркияның, екінші Қазақстанның, содан әрі қарай өзбек, қырғыз, түрікмен, әзербайжан туларын желбіретіп, іліп қойыпты.

Сонда көзімізге жас келіп, ішінде жүргенде шынында  халқымыздың қадірі білінбейді екен-ау деп ойладық. Біз іздеп келген қандастарымызбен жүздестік. Бізді сексенді еңсерген бауырымыз Ширзат Догуру деген қария құшақ жая қарсы алды.

Ол кісі мұнда 18 жасында келгенін, көп қиындық көргенін, одан адал еңбегінің арқасында осы жерге  қолының жеткенін айтып, өзінің ұлтжанды, нағыз қазақтың қанынан жаралған азамат екенін көрсетті. Көлемі 50 шаршы метр шамасында қазақ үй бейнесінде отау тұрғызыпты. Кіреберісіндегі кішкене бөлмеге данышпан Абай бабамыздың, Мұхтар Әуезовтің, Мұқағали Мақатаевтың, Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен суретін іліпті.

Үйдің ішіне кіргенде байырғы қазақтың үйіне қонаққа келгендей сезіндік. Қазаққа тән баяғы дүние-мүліктер – келі-келсап, қол диірмен, күбі піспегімен, мес, бесік, кестеленген киімжапқыш, ағаш төсек, жібек желбірленген шымылдық және басқа қазақы заттарды қойыпты. Еденге, төр алдына алаша, сырмақ, кілем төсеп, үстіне құрақ көрпелер, құс жастықтар тасталыпты. Үйдің керегесін нағыз қазақ үйдің шынайы көрінісіндей сәндеп, шаңырақ, уық, кереге, оюлы есік, желбау және басқаларын сәндеп қойыпты.

Бәрі өз орнымен жарасып тұр. Қазақтың мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін таныстыратын адам ақсақалдың туған келіні екен. Ол Семей қаласының тумасы, қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілінде сайрап тұр.

Біз барғанда төрде малдас құрып отырған отыз шақты адам болды. Бастаушы әйел әр тілде сайрап, шұбат-қымыздың, іркіт, құрт-майдың, жент-ежігей дейсіз бе, әйтеуір, ұлттық тамақтың жасалу жолы, пайдасы, қонақ күту, яғни, қонақжайлылығын, қонақтарға ет тарту үрдістерін, кімге қандай ет-сыбаға тартылатынын, наурызкөже жайлы және жылқы, қой еттері, оның пайдасы туралы толық мағлұмат берді. Қазақтың ұлттық дәстүрлері – қыз ұзату, келін түсіру, баланы сүндетке отырғызу, бесікке салу, олардың жай-жапсарын айта келе сыңсу, жоқтау айту, хабаршы жіберу, сүйінші сұрау сияқты қазақтың салт-дәстүрімен таныстырды.

Ширзат қария бізді дастарқанға шақырып, сый-сияпат көрсетті. Елдегі балалар, туыстарыңыз ауыз тисін деп бірнеше (сыйымдылығы 200 грамм болатындай) шыны бөтелкемен экспортқа шығаратын қымызынан берді. Бауырымыз 75 бие байлайтынын, оны осындай шыны бөтелкеге құйып, сақтайтынын және келген қонақтарды осындай қымызбен сусындататынын айтты. Біз табыстың негізгі көзі осы болар деп ойладық. Қарияның бір ұлы, бір қызы отбасымен Германияда, бір ұлы, бір қызы Алматыда, қалғаны өзімен осында тұратынын айтты.

Біз: «Қазақстанға көшпейсіздер ме?» – дегенде: «Балалар тұрып жатыр, соған да шүкір, мен оларға барып тұрамын. Қазір жол ашық, қай кезде барғымыз келсе барамыз. Мен көшіп кетсем, мұндағы балалар да кетеді, сонда мына жай не болады? Мен осында болған соң, балалар іс жасап жатыр», – деді. «Нағыз патриот, Отанын сүйген қазақтың қайсар ұлы екенсіз, қайда жүрсеңіз де қазақтың атақ-даңқын шығарып, мәртебесін көтеріп жүргеніңіз үшін сізге мың алғыс, Алла денсаулық пен күш-қуат берсін», – деп тілек білдірдік.

Ол кісі өзінің түрік тілінде жазылған бір кітабына қазақша қолтаңбасын қалдырып, сыйға тартты.  Елге қайтарда ардақты бауырымызбен қимай қоштастық.

Алтын СӘЛІМОВА

Түркия Республикасы

Сурет - ғаламтордан