АБАЙДЫҢ 175 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ЖЕТІСУЛЫҚТАР ЖИДЕБАЙҒА БАРЫП ҚАЙТТЫ

Уақыты: 14.09.2020
Оқылды: 1950
Бөлім: ТҮПСАНА

Белгіленген уақытта белгіленген жерге – Журналистер үйінің алдына жинала қалдық. Әдетте ырғатылып-жырғатылып, жарты сағат кешеуілдетіп шығатын келеңсіздеу көрініс бұл жолы болған жоқ. Түс ауа терістікті бетке алған Алматы облысының делегаты – басқарма қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйым мүшелерінен, партия өкілдері мен журналистерден құралған он екі адам – бағыты айқын, мақсаты мәлім шағын топ шаңдауытқан жолмен тағылымы мол, түйері көп, есте қалатын ерекше шара – Абайдың 175 жылдығы аясында алысқа, ұлылар мекеніне қарай сапар шекті. Талдықорған – Өскемен автожолындағы қызу құрылыс, үлкенді-кішілі шұқырлар, бүлкіл жүріс, тасбақа аяң, қолқаны қапқан шаң, біресе солға, біресе оңға қисайтып, жұлма-жұлмаңды шығаратын бұралаң, машақатты жол бұл топтың меселін қайтара алмады. Өйткені, алдымызда «Мединеде – Мұхаммед (с.ғ.с), Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – пір Бекет» деп топырағы мен тұлғасын қатар қастерлейтін данышпан қазақтың тағы бір киелі мекені – Абай мен Шәкәрім мәңгілік тыныс тапқан Жидебай өлкесі тұрды.

***

Біз үшін Меккеден кем түспейтін ұлы сапардың бірі болды бұл. Неге дейсіз ғой?

Осында туған, осында білім алған Абай да, Шәкәрім де мұсылманшылықтың мәнін тереңінен түсіндіріп, жалпы көпшілікке ата дінімізді айшықтап кеткені, ұлтқа қызмет еткен кейінгі Алашорда қайраткерлері де білім мен ғылымның алғашқы әліппесін Құранмен ашып, бісмілләсіз бір іс бастамағаны баршамызға мәлім.

Түркістан топырағы қазақтың хан-сұлтандарымен, билерімен, Ислам дінін дәріптеген әулие-әмбие, тақуаларымен танымал болса, Семей аймағы кемеңгерлерімен, қазақ жазба әдебиетінің басында тұрған Абай, Шәкәрімімен әйгілі.

Кітап беттерінен осы жердің тумасы, қарымды қаламгер Мұхтар Мағауиннің: «Меккеге жол шеккен мұсылманда Қағбаға тәуеп етуден басқа қандай мұрат бар – Абайды қадір тұтқан қазақта Жидебай топырағын басудан басқа қандай тілек болуы мүмкін?!» – деп тебірене жазғанын талай кездестіргенбіз. Бұған тағы бір жазушымыз Асқар Сүлейменовтің: «Бұл жолмен анау Жидебайға, мынау Қарауылға кемеңгер де, кеще де келеді. Мұнда үйренемін, үйретемін деп келмеу керек. Мұнда тазарамын, арыламын деп келуі керек», – деп айтып кеткен келелі сөзін қосыңыз.

Ендеше, осы бір тәмсілдерден кейін Жидебай жолы Мекке сапарынан кем түспейді айтпай көріңіз.

Ұлылар мекені ұлы ойлардың жетегіне құлаш ұрдырып, бойымызға түгесілмес күш-қуат, мұқалмас жігер мен қайсар рух бітіргендей болды. «Құдай-ау, бұл Талдықорған – Семей жолы емес, Абай жолы ғой, адамзатқа ортақ рухани мұра қалдырған хәкімнің жолы ғой, бұл бағытта жол машақаты деген не, тәйірі?!» – дестік. Дәл осы тебіреніспен тау қопарып, тас шайнардай алапат күшке иелік етіп, ұзақ жолдан кейінгі шаршаңқы жүзіміз қайтадан бал-бұл жанып шыға келді.

Сөйтіп, кіші Түркістан десек те жарасар әйгілі Семей өңіріне бет түзеген жетісулық топ жиырма сағаттық ұзақ жолды бағындырып, алыптардың кіндік қаны тамған тарихи жерге табан тіреді. Күрделі жөндеу жүріп жатқан жол қанша жерден титықтатса да, азаттыққа алғашқы қадам жасалған, Алаш арыстары жанын аямай қызмет еткен тарихы терең Семей қаласы бір серпілтіп, Жетісудан жеткен жолаушыларға қазынаға толы қойнауын ашты.

Қала шетінен кірген бойда кездесетін жатаған үйлердің өзі бір-бір өткен күннің куәгері іспеттес. ХІХ ғасырдың үлгісінде салынған көне нысандар жиі ұшырасады. Көшелердегі бір қалыпты тіршілік, қарбаласы жоқ өмір жол соққан бізге тыныш көңіл-күй сыйлады.

Алматы облысынан жеткен жолаушыларды Семей қаласы жастар ресурстық орталығының қызметкерлері күтіп алып, жайлы пәтерге орналастырды. Қанша жерден жолсоқты болсақ та, бара салған күні Семейдің тарихи жерлері мен көрікті нысандарын көруге деген ынтызарлық басып тұрды. Өз бетімізбен үйге жақын маңда орналасқан, Абайға алғаш әріп үйретіп, Шығыс ғұламаларын таныстырған Ахмет Риза медресесіне бас сұқтық. Ерке Ертістің үстіне керіле жантайған әйгілі Семей көпірін тамашалап үлгердік.

***

Негізгі сапарымыздың алғашқы жоспары ертесі күні басталды. Семей қаласының әкімдігінің мұрындық болуымен Алматы облысынан келген қонақтардың құрметіне Абай ескерткіші маңында салтанатты шара өткізілді. Хәкімнің 175 жылдығы аясында атқарылып жатқан игі істер таныстырылып, театрландырылған көрініс қойылды.

Алаңдағы Абай образы ешкімді де бей-жай қалдырған жоқ. Абайдың арманы, Абайдың ойы, келер ұрпаққа жүктеген аманаты паш етіліп, терең ой тастады. Сахналық көріністен кейін Алматы облысынан келген делегат Абайдың алып ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады.

Шарада Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина сөз сөйлеп, жетісулықтарға ақ тілегін арнады. «Бар қазақты біріктіріп отырған Абай атамыздың мерейтойы құтты болсын. Жас ұрпақ Абайдай дана атанып, елін, жерін сүйетін, әр нәрсені тереңінен пайымдай алатын азамат болып өссін. Жетісу мен Семей өңірі үнемі рухани қарым-қатынаста. Қос өлкеден шыққан ұлт мақтаныштары өте көп. Екі облыстың мәдени байланысы нығая берсін. Абай еліне, Абай жеріне қош келдіңіздер», – деген ол Семей өңірі жайлы құнды мәліметтерге толы кітап пен туристік нұсқаулықтар сыйлады. Ал Алматы облысы әкімдігінің атынан Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне, жастар ресурстық орталығына Абай бейнесі бар естелік картина тарту етілді. Дәл осындай естелік суреттер Алматы облысы әкімдігінің атынан Семейдегі Абай, тарихи өлкетану, Ф.Достоевский музейлеріне, Абай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне де берілді.

Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Абайдың 175 жылдығына орай атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Атап айтқанда, Абайдың 175 жылдығына орай Семей қаласында 40 нысанның тізбесі жасалған. Оның ішінде, ерекше атап өтерлігі – М.Әуезов даңғылын қақ жарып жатқан Абай жолы аллеясы. Аллеяда Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» деген әйгілі өлеңінің бір шумағы тасқа қашалып жазылған. Жаяу жүргіншілерге арналған әдемі жол – Алматы облысының Семейге тартуы болып саналады. Тапсырыс беруші – Алматы облысы, мердігер компания – «Асыл-Тау» ЖШС. Жобаның құны 650 миллион теңгені құрайды. Бұл жайында бізге Семей қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Олжас Соғымбай түсіндірді.

- Бұрын бұл жер қаңырап, бос тұрған. Абайдың 175 жылдығына байланысты әр облыс Семейге тарту жасап, нысандарды бөліп алған болатын. Алайда әлемдік пандемияға байланысты өзге өңірлердің жұмысы тоқтап тұр. Тек Алматы облысының семейліктерге арнаған аллея құрылысы ғана кестеге сәйкес жүргізілуде. Аллеяның ұзындығы екі шақырым болады. Жол ортасымен жасалған аллея құрылысы осы айдың аяғында бітеді деп межелеп отырмыз. Алдағы уақытта Абай жолы аллеясы тағы да ұзартылып, Жидебайға шығар жолмен жалғасады деген жоспар бар. Қиын жағдайға қарамастан, құрылыс жұмысын тоқтатпай, Семейге үлес қосып жатқан Алматы облысы әкімдігіне алғысымыз шексіз. Бұл – Абайға деген құрмет, – деді ол.

Ақын мерейтойына орай Мұхтар Әуезов атындағы алаңға да қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Сонымен бірге, Абай атындағы алаңға жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Ертіс жағалауындағы екі шақырымдық велосипед жолдары, тротуар, аулаларды абаттандыру, тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу секілді бірқатар жұмыстар қолға алынған. Өкінішке қарай, әлемді дендеген дерт кесірінен Алматы облысынан өзге аймақтардың жұмысы кешеуілдеп тұрғаны, кейбір нысандардың құрылысы әлі де басталмағаны айтылды.

Бұл мәселе бәріміздің де жүрегімізді ауыртты. Өйткені, мына атың өшкір індет болмаса, әлем мойындаған Абайдың туған жерінде дүркіреген той өтер еді. Бірақ қиындыққа төзу қажет. Талай ауыртпалықты бастан өткерген елміз. Мұны да еңсеріп шығарымыз ақиқат. «Абайдың 180, 200 жылдық мерейтойлары да иек астында тұр ғой. Сол күнде исі қазақтың басы қосылар әлі. Абайды дәріптейтін заман әлі алда. Сол күндерде аман-есен қауышайық», – дестік біз.

***

Сапарымыздың келесі бөлігінде төрткүл дүниеге танымал жазушы, орыс классикалық әдебиетінің жарқын үлгісі, өмірі қуғын-сүргінге толы Федор Достоевский тұрған үйге ат басын бұрдық. Қуғын-сүргін жылдарында қаламгер осында тұрып, бірнеше шығармасын жазған. 1971 жылы Ф.Достоевскийдің 150 жылдығына орай өзі тұрған үй музей ретінде жасақталып, құнды жәдігерлер қойылған. Мемлекет қорғауына алынған.

Музейдің оң қапталында қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің кездескен кезін бейнелеген ескерткіш орнатылған. Мұнда біз орыс жазушысының өмірі мен осы Семей өлкесіне қатысты екі мыңнан аса құнды жәдігермен таныстық. Оқырманның ыстық ықыласына ие болған «Өлі үйдегі жазбалары» мен «Сібір дәптері» секілді шығармалары осы Семейдегі ағаш үйде жазылғаны айтылды. Музейдегі басты жәдігердің бірі – Шоқанмен жазысқан хаттары. Сондай-ақ, музейге Ф.Достоевскийдің жылдар бойы аяғынан түспеген кісені де қойылған. Біздің көз алдымызға ХІХ ғасырдың орта шенінде, ағаш үйдің ішінде, Ертіске көз тастап, қалам тербеп отырған орыстың қайраткер-қаламгері елестеді. Музейде қаламгер қолданған бұйымдар, жатқан төсегі, үстелі, хаттары бәрі сол қалпы сақталған.

Семейдегі тағы бір тарихи нысан – Алаш арыстарының үйі. Арғы тарихына үңілсек, Абай Семейге келгенде осы үйге түсіп жүрген. Былайғы жұрт Әнияр Молдабаевтың үйі атап кеткен. Әниярдың есімі көпшілікке беймәлім болуы мүмкін. Бірақ жүрегі қазақ деп соққан, Абайдың тәрбиесін көрген көзі ашық, оқыған, сауатты адам болды. Ташкентте, Семейде банк саласында абыройлы қызметтер атқарады. Кейіннен Абай Әниярға үй сатып әперген. Бұл үйде кейіннен Алашорда қызметінің басында жүрген Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлылар тұрған. Бұған қатысты Гүлнар Міржақыпқызының: «Семей қаласында тұрдық. Әкем 1921-22 жылдары Семей губсотында жұмыс істеді. Біз Комиссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың екі қабатты жекеменшік үйінде тұрдық. Үстіңгі қабатында біз – Дулатовтар, Әлихан атекемнің (Бөкейхан) үй іші жайғасты», – деген естелігі бар.

Келесі табан тіреген нысанымыз Абайдың әдеби-мемориалды музейі болды. Бұл музей заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің ұсынысымен ашылған. Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай болып саналады. Музейдегі заттардың дені 1885 жылы Абайдың өз қолымен тапсырылған. Ол кезде бұл музей болмағанымен, қазіргі Алаш арыстарының үйіне Абай бірнеше құнды заттарын берген. Аталған заттардың 30-ға жуығы қазіргі күнге дейін сақтаулы. Музейде қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, ауласына Абайдың екі ұлы Ақылбаймен, Тұрағұлмен түскен фотосуреті негізінде жасалған ескерткіш қойылған. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары толық аяқталмағанына байланысты ескерткіш те әлі ашылмаған.

Абай музейінің жанында орналасқан Ахмет Риза медресесі де көрген адамды ерекше әсерге бөлейді. Әсіресе, «Абай жолы» эпопеясы басталатын тұстағы бала шәкірттің бейнесі көз алдыңа келеді. Сол бала шәкірт – Абай осынау ғимаратта бірнеше жыл бойы оқып, мұсылманша білім алған. Оқу орны 1850 жылдары ашылған. Мұнда тек діни білім беріліп қоймай, жаратылыстану бағытында да арнайы пәндер оқытылған. Сол кездің өзінде медресе шәкірттері ғылым дамуына қатысты заманауи пәндер бойынша дәріс тыңдады. Мешіт-медресенің имамы Қазан қаласында білім алып қайтқан Ахмет Риза деген оқымысты адам болған. Абай да сол имамның ең талантты шәкірттерінің бірі болғаны сөзсіз. Мұндағы оқу процесі «Алланы ғылым мен ақыл-сана арқылы тану керек» деген қағида негізінде жүзеге асты. Құнанбайдың әуелде Абайды Ғабдұлжаппар деген имамға беріп, артынан Ахмет Ризаның мешіт-медресесіне ауыстыруы да мұндағы ғылым жолын тереңдетіп оқытатынына көзі жеткендіктен болса керек.

Ахмет Риза мешіт-медресесінің үйі кеңес тұсында қоймаға, кеңсеге айналды. Соғыс жылдарында мешіт үйі өртеніп те кетті. Шәкірттер оқитын медресе үйі ғана сақталып қалды. Ол үй қазір өзінің бұрынғы орнынан көшіріліп, Абайдың қорық-мұражайы кешенінің қасына орналастырылған.

Тағы бір бас сұққан нысанымыздың бірі – Семейдегі тарихи-өлкетану музейі. Бұл мекеменің де тарихы тереңде жатыр. Музейдің негізі осы қалаға жер аударылған демократтар Е.Михаэлис, М.Долгополов, П.Лобановский және Абай бастамасымен қаланған. Музейдің   дамуына Абайдан бөлек, шәкірті, ақын, философ Шәкәрім, жазушы Мұхтар Әуезов қолдау көрсеткен. Келген қонақтарға музей құрылғалы 8 рет қоныс аударғандығы, 1978 жылдан бүгінге дейін музей генерал-губернатор ғимаратында орналасқан. Бұл ғимарат кейіннен «Бостандық үйі» аталған. Осы ғимаратта 1917 жылы Алаш қозғалысының басшысы Әлихан Бөкейхан қала тұрғындарымен кездескені туралы айтылады. Сондай-ақ, дәл осы жерде қазақтардың бірінші облыстық съезі өткені, онда Қазақ автономиясын құру туралы шешім қабылданғаны жайлы құнды деректер бар.

***

Кімге қалай, бірақ өз басымыз кейде Шығыс Қазақстан облысы деген атауды қолданғымыз келмейді. Шығыс Қазақстан деуден гөрі Абай елі, ұлылар мекені деген жалпақ атау жүрекке жақын екенін жасырып қайтейік? Абай еліне шыққан жетісулықтар рухани-танымдық сапарын келесі күні хәкімнің кіндік қаны тамған Жидебай өлкесіне арнады. Абай ауданының шекарасында бізді асылдың сынығы, Мұхтар Әуезовтің дарынды шәкірттерінің бірі болған, жазушы Кәмен Оразалиндей тұлғаның ұлы Елдар ағамыз күтіп алды. Ол кісі Абай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы екен. Жүзі жылы, жүрегі кең азамат Жетісудан келген қонақтарға үлкен құрмет көрсетіп, өңір шежіресі, Абай, Мұхтар Әуезов жайлы бар білгенін ортаға салды.

Алдымен ат басын бұрған жеріміз Мұхтар Әуезов туған Бөрілі ауылы болды. Мұнда заңғар жазушы тұрған музей-үйі бар. Әуез атаның қыстау үйіне қазіргі таңда жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бөрілі ауылына бұрылар тұсқа бала Мұхтардың кітап оқып отырған ескерткіші тұрғызылыпты. Сонымен бірге, арнайы демалатын орындар жасалған. Жетісудан Жидебайға шыққан жолаушылар Мұхтардың әкесі Омархан мен анасы Нұржамалдың кесенесіне Құран бағыштап, Әуездің қыстау үйімен танысты. Бөрілі ауылындағы музейдің аға ғылыми қызметкері Гүлзат Сәлемқызы Әуез атасынан хат танып, жетімдіктің тауқыметін тартқан Мұхтардың өмір жолы мен шығармашылығынан сыр шертті. Бұдан бөлек, музей ішіндегі күрделі жөндеу жұмыстарын көрсетіп, заманауи технологиялармен қамтамасыз етіліп жатқанын әңгімелеп берді.

Бөріліден шыққан топ бірнеше шақырымнан кейін оң қапталдағы Сырт Қасқабұлаққа бұрылды. Абайдың кіндік қаны тамған қасиетті өлке. Домбыра бейнесінде жасалған үлкен аумақ алыстан көз тартады. Түнгі уақытта жарық шамдары іске қосылып, Абайдың туған жері екенін әйгілеп тұратындай жасалған. Ақ мәрмәр таста: «Бұл жерде Ұлы Дала кемеңгері Құнанбай ауылында, 1845 жылы қазақ халқының данышпан ақыны Абай (Ибраһим) дүниеге келген», – деп жазылған.

Абай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Елдар Оразалы бізге Сырт Қасқабұлақтағы ескерткіш кешенінің мән-маңызын түсіндірді. Домбыра пішініндегі ескерткіштің жоғарғы басында «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген Абай өлеңі келтірілген. Домбыра құлағындағы құс қанатты қалам мен оның ұшындағы сия, үш ішек пен тиек көрген адамға бірден терең ой салады. Ал бұлаққа барар жолдың екі қапталына түгелімен тас тақтайшалар орнатылған. Олардың саны – 45. Яғни, Абайдың 45 қара сөзі негізге алынған. Бірақ қара сөздердің мәтіні әртүрлі болғандықтан тас бетінде Абайдың көпшілікке мәлім, кең таралған қысқа да нұсқа нақылдары жазылған. Тротуар аяқталған жерде екі бұлақ сылдырай ағып жатыр. Облыстан барған делегат жаңа салынған ерекше үлгідегі нысанмен танысып, шыға берістегі киіз үйде қымыз бен бауырсақтан ауыз тиді.

Сырт Қасқабұлақтан кейінгі ұлы сапарымыз Еңлік – Кебектің кесенесіне тоқтап, жастай солған қос ғашықтың рухына Құран бағыштаумен жалғасты. Мазардың сол жақ тұсында жастардың ескерткіші орнатылған. Ал топырақ жолмен Құнанбай қорымына келгенімізде Елдар Кәменұлы бізге жаңғырту жұмыстары жайында, Абайдың қажы әкесін қаншалықты сыйлағаны, одан қандай тәлім алғаны хақында айтып берді. Құнанбай қорымындағы тастар былтырғы жылы ауыстырылған. Мұнда Құнанбай Өскенбайұлының мұражайы да тұрғызылған. Үлкен ғимарат алыстан көз тартады. Музейге кірген адам Құнанбайдың қайраткерлік қырын, күреске толы өмірін, басшылық қызметін толықтай біліп шығады.

Абайдай дананы тәрбиелеп шығарған тұлға уақыт өткен сайын асқақтай берері даусыз. Құнанбайдың зерттелмеген қыры әлі көп екені айтпаса да түсінікті. Біздің бұл ойымызды қабірстан алдындағы Абайдың өлеңдері дәлелдей түсті. Ол әкесі жайлы қалдырған жыр жолдарында оның қажылығын, ел сыйлаған әділ адам болғандығын, кейінгі ұрпақтың білім алуына жағдай жасағанын аңғару қиын емес.

Құнанбай әулетінің қабірстанына Құран бағыштап, ары қарай жол тарттық. Келесі кезекте Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылына тоқтап, Құнанбай мен Абайдың ескерткіштерін тамашаладық. Бұдан бөлек, аудан орталығындағы музейге кіріп, жәдігерлермен таныстық.

***

Сапарымыздың соңын Жидебайдағы Абай мен Шәкәрім кесенесімен түйіндедік. Ең басты нысанымыз да осы бір алыптардың шоғыры еді. Мазардың ақ түсті қос мұнарасы алыстан көзге түседі. Абай мен Шәкәрім, інілері Оспан және Ахат Шәкәрімұлы осы қорымда жерленген. Ақ кесенелерге барар жолдың оң жағында тағы бір маңызды қорым бар. Онда хәкімнің әжесі Зере, келіні Ұлжанмен, Шәкәрімнің әкесі Құдайберді, сондай-ақ, Құнанбай әулетінің балаларына заманға сай білім беріп, оқытып-тоқытқан Ғабитқан молда, Шәукімбай жалшы жерленген. Шәукімбай ақсақал қуғын-сүргін жылдары Шәкәрімнің суретін тығып, сақтап жүргені жайлы деректер айтылады.

Абай мен Шәкәрім мәңгілік тыныс тапқан мекенге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен қыстау үйіне, Жидебайдағы музейіне кіруге мүмкіндік туды.

Абай бұл қыстауды әмеңгерлік салтымен алған үшінші жары Еркежанға арнап салдырған. Көп бұйым сол қалпы сақталған. Абайдың қонақ бөлмесі, ас үйі, шығамашылықпен айналысқан жері бәрі қаз-қалпында тұр. Екінші жары Әйгерімге сыйлаған күміс ер-тұрманы да әлі де пайдалануға болатындай жап-жаңа. Үш жарының жасауы, сүйек төсектері де үш бөлмеге орналастырылыпты. Ұлжан анамыз қолданған жез леген, құмыралар да иесін жоқтап тұрғандай әсер берді. Арнайы алдыртқан жиһаздар да көздің жауын алады. Қонақ үзілмейтін қара шаңырақтың бірі болғаны бірден байқалады. Бәйбішесі Ділдәнің да жасаумен келген текеметі сол қалпы сақталған. Ал есік алдына Абай отырған ат арба қойылған. Тап қазір Абай шапанын желбегей жамылып сыртқа шығып, арбаға ат жегіп, аттанып кететіндей сезілді. Шіркін, уақыт, неткен қатал, неткен әділ едің. Сол қыстау, сол аймақ, сол Шыңғыстау, сол топырақ, тек Абайы жоқ, Абай өмір сүрген орта жоқ. Бәрі қара жердің қойнауында бір-бір төмпешік болып қала берген. «Біз енді о дүниелікпіз, жазарымызды жазып кеттік, оқыңдар, тоқыңдар, біздің қателікті, біздің өкінішті қайталамаңдар», – дейтіндей иек астындағы ақ кешенде жатқан қос алып.

Қош, Жидебай! Қош, Құнанбай әулетінің ізі сайрап жатқан киелі мекен. Абайдай данасы бар біздің ел неткен бақытты еді.

Көзімізге жас тығылды. Абай жазған, Абай айтқан жолмен жүрсек, біздің қоғамда әлдеқашан ізгілік салтанат құрар еді. Әттең, Абай армандаған биікті елемей келеміз. Абай сынаған еріншектік, Абай мінеген надандық, Абай күйінген дүниеқоңыздық, пасықтық, қызғаныш, көреалмаушылық, іштарлық, бос мақтан, құрғақ сөз, екіжүзділік бәрі-бәрі сол қалпы. Абайды толық танып бітпей, адам болуымыз екіталай екенін ұқтық. Абайдан алыстасақ, ар-ұят, ынсап, қанағатпен де қош айтысамыз. Ал қаншалықты жақындасақ, соншалықты кемел адам ұғымына, яғни, әділетті, еңбекқор, ақ пейіл, уәдесіне берік, барлық жағынан идеал жанға айналамыз. Бірақ біздің қоғам әлі Абай биігіне жеткен жоқ-ау.

Кешірші бізді, Абай!

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Талдықорған – Семей – Жидебай – Талдықорған