Махаббат мүсіншісі

Уақыты: 03.04.2017
Оқылды: 1407
Бөлім: ТҮПСАНА

Бала күнінде ата-әжесінің әсерлі әңгімесін тыңдап, олардың әр айтқан сөзін санасына сіңіріп, туған жер мен ел тарихына құмартып өскен жан жазушылық ғұмырын бастады. Жай ғана емес. Сол тұста алдына ақ боз атты көлденең тартқандай етіп, аудандық басшылықтың бір лауазымды иесі болуды ұсынғанда, мансапты мақсат етпеген қаламгер ардың ісі саналар жолды таңдапты. Бұл мыңның бірінің ғана қолынан келер қаршадай кезінде жасаған ерен ерлік еді. Осындай екпінмен әдебиет әлемінің алтын қақпасын айқара ашқан жан жарты ғасырдан астам шығармашылық ғұмырының асқаралы белесін бағындырып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Күллі Алаш жұртының мақтанышына айналды. Қазыналы қаламгердің жеткен жетістігіне жерлестерінің қатты қуанғаны даусыз. Сондықтан да  Жетісу жұртшылығы көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржеке-ұлымен кездесіп, рухани кештің куәгері болды. 

Халқының бір ғасырлық қасіретін жан жүрегімен сезініп, екпіндей соққан замана желіне, тізесін батырып, қысастығын сәт сайын көрсеткен дұшпанына деген кектен жиналған ішкі уын бір төксем деген аңсауда жүрген жазушы мұратына жетті. Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы қарсаңында «Әй, дүние-ай» романының нүктесін қойды. Жүздеген жылдық теперіштен туған ызаны бір шығармаға арқау етіп, өмірлік уытын төкті. Ашына, шамырқана, шамдана жазды. Туындыдағы көркемдік бояу мен суреткерлік шеберлікті айтпағанда, шынайылықтың өзі оқырман санасын селт еткізер эпизодтарға бай әрі тарих сахнасына бір ғасырлық батпанды асынып шыққан нәсілі асыл роман еді. Осындай ғажайып шығарманың иесін облыс әкімі Амандық Баталов арнайы шақырып, жетісулық қауыммен кездесуді сұраған. Өзендер өрнектеген өлкенің жүрегі Талдықорғанға келген жазушы ең алдымен облыстық «Жетісу» телеарнасына ат басын бұрып, «Болмыс» ток-шоуына қатысты. 
Аталмыш бағдарламада жазушының рухани достары, жетісулық зиялы қауым ұлт мақтанышының өмірі мен шығармашылығы жайлы әңгіме өрбітті. Ал, махаббат мүсіншісі атанған тұлға жоба жүргізушісі мен оқырман сауалдарына  бірде өткір пікірмен, бірде әдемі әзілмен жауап беріп, көрерменнің көңілін көкжиекпен астастырғандай болды. Арнайы түсірілімнен кейін Алаштың алдаспан қаламгері бастап Бикен Римова атындағы облыстық драма театрына жол тартты.
Жетісу мәдениетінің қара шаңырағы саналар театр ғимаратында өткен рухани кеш арнайы дайындалған бейнефильм көрсетілімінен басталды. Онда саналы ғұмырын әдебиетке арнаған жанның балалық шақтан бүгінгі күнге дейінгі ғұмырына шолу жасалды. Одан дейін, облыстық драма театрының әртістері қаламгердің шығармасы желісі бойынша Ақан Сері өміріне құрылған қойылымды ұсынды.
Әдеби-сазды кештің тізгінін ұстаған Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, бүкіләлемдік Шыңғысхан Академиясының академигі, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, ақын Әміре Әрін: «Киелі сахна төріне бәріміз тағатсыздана тосқан, қадау-қадау ардақты азаматтарымыздың бірегейі, Ұлы Далаға сөзі кеткен,  Қазақ әдебиетінде қазірдің өзінде есімі алтын әріппен жазылған Бексұлтан ағамызды шақырайық», – дей келе, жазушының  қадамына құт тілеп, кешке арнайы келген бірқатар зиялы қауымды салтанатты түрде таныстырып өтті. Одан кейін игі шараның алғашқы сөзін облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға ұсынды. 
– Қадірлі Бексұлтан аға, құрметті жерлестер! Біздің өңірден түлеп ұшып, кіндік қаны осында тамған, жүрегінен төгілген жауһар шығармаларымен халқының қадірлі тұлғасына айналған, бүгінгі қазақ әдебиетінің қара нары Бексұлтан Нұржеке-ұлының біздің ортамызға келгені үлкен қуаныш! – дей келе, қаламгер жайлы, оның шығармашылық ғұмыры туралы айтып, алдағы уақытта осындай игі басқосулардың жиі өтетіндігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Қазақтың Мопассанына облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырып, иығына оқалы шапан жапты. 
Өз кезегінде сөз алған Панфилов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұриахмет Рахымбаев жерлесіне деген ізгі ниетін білдіріп, аудан әкімінің аманаттаған шапанын жапса, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев жүз он бес мың партия мүшесінің атынан ақжарма тілегін ақтарып, жазушының бейнесі бедерленген картинаны сыйға тартты. Жылы лебіздерін білдірушілердің қатарында Бексұлтан Нұржеке-ұлының үзеңгілес досы, рухани сырласы бола білген халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, әдебиет зерттеушісі, ақын Қуанышбай Құрманғалидың әңгімесі көрерменге ерекше әсер етті. Ол: «Бексұлтан туған жері мен елінің тарихын жазуда, жай ғана емес, көркем шығармаға айналдыруда, жоғын жоқтауда табанды еңбек етті. Тіпті, «Өзендермен өрнектелген өлке» шығармасы сынға ұшырап, қызметтен кеткен шағында, 4 жылдық жұмыссыздығын пайдаланып қазақ халқына «Жау жағадан алғанда», «Ерлі-зайыптылар» атты екі роман сыйлады. Бұл үлкен рухани күш иесінің ғана қолынан келер шаруа. Сол секілді, қаламгер досым «Орбұлақ шайқасының» өткенін, оның болған жерін дәлелдеп, 350 жылдық мерейтойының өтуіне басты себепкер бола білді», – деп, Мемлекеттік сыйлық алған, «Мұратына жеткен» жазушыға аяулы жұртының арасында аман-есен жүріп, шығармашылық ғұмырының жалғаса беруін тіледі.
Жылы жүздесу барысында кешті жүргізген арқалы ақын Әміре Әрін көрермендерден келген сауалдарды оқып, жалынды жазушы қойған сұрақтарға ұтымды жауап берді. Мәселен, «Шыңғысхан жайлы жазуыңыздың себебі және айбарлы ханды қазақ неге мойындамай отыр?», – деген сауалға Мемлекеттік сыйлықтың иегері: «Егер Шыңғысханның туған жері Жетісу болмаса, тарихи деректерде Бұрқан, Қапшағай, Аралтөбе сынды бірқатар жердің аты айтылар ма еді?! Дәл осы атауларды орыс ғалымдары бұрмалап, аударып тастаған және ұлы ханның илеуінде болған сол орыстарда моңғолдардан еңген сөз жоқ. Олардың сөздік қорына мән берсек, түркі халқынан енген дүниелер мол. Осындай деректерді, алға тарта берсек Шыңғыс- хан қазақ халқының перзенті екенін білеміз. Ал қандастарымыздың оны мойындай алмауы – мәдениетсіздік...» – деген жауапты алға тартты.
Міне, осындай қызғылықты сұрақ-жауап алмасқан, ән мен күй төгілген, ізгі ниет ақтарылған кеш барысында философия ғылымдарының докторы Аманжол Қасабек, белгілі драматург Лидия Егембердиева жүрекжарды ниетін білдірсе, ақын Гүлбақыт Қасен ұлт мақтанышына арнаған жырын оқыды. Сонымен қатар, танымал әнші Нұржан Жанпейісов жазушының әні мен сөзін өзі жазған «Баркөрнеу», «Әй, дүние-ай» әндерін әуелетсе, Арафат Ысқақ, Төлеутай Серік, Элмира Дәуренбекова сынды Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншілері мен жазиралы Жаркенттен келген Еркебұлан есімді өнерпаз тамылжыта ән салып, көрермендерді бір серпілтіп тастады.
Ал рухани кешті Бексұлтан Нұржеке-ұлы адам баласының рухани байлығы, халық басындағы түрлі жағдайлары жайлы, қазақ халқының арғы-бергі тарихы туралы тұшымды пікірлерімен ой толғап, әдебиет пен мәдениет, шежіреміз жайлы шертілген сырлы да нұрлы әңгімесімен және туған халқына деген алғыс сөзімен тамамдады.  
Келесі күні Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен «Жоғары мектепте «Қазіргі қазақ әдебиеті» пәнін оқыту: Бексұлтан Нұржеке-ұлы романдарындағы тұлға әлеуеті» тақырыбында республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Алдымен аталмыш университеттің мәжіліс залында «Жазушымен жүздесу. Шығармашылық сыр» атты «дөңгелек үстел» болды. Онда бірқатар ұстаздар мен қаламгерлер сөз алып, жазушының тұлғалық болмысы мен шығармашылығы жайлы әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, гуманитарлық факультеттің ұстаздар қауымы ұлт перзентінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетсе, «әдебиет әлеміне қосылуыма себепкер болған ағама тартқан сыйым болсын», – деп ақжарма тілегін білдірген сатирик Тұрлыхан Кәрім де Мемлекеттік сыйлықтың иегеріне жағалы шапан жапты. 
Қадірлі қаламгерге деген құрметтен кейін жас ғалымдардың зерттеу еңбектері топтастырылған жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Келелі жиында сөз алған Бексұлтан Нұржеке-ұлы әдебиеттің кешегісі мен бүгінін саралап-салыстыра келе, ЖМУ-дың кітапхана қорына өзінің 15 томдық шығармалар жинағын табыс етті. Ал, қаламгердің үзеңгілес досы Қуанышбай Құрманғали да зерттеу еңбектері мен шығармалар жинағын аталмыш университет қорына салтанатты түрде табыс етті.
Ғылыми-әдістемелік кон-  ференция барысында жас зерттеушілер қаламгердің романдары мен бірқатар әңгімелерін талдап, ондағы кейіпкерлерді айшықтап, жазушының шет тілге аударылған шығармалары мен аудармаларындағы тілдік қолданыс пен сөйлем құрау маңыздылығына, көркемділігіне тоқталып өтті. Үш кезең бойынша өткен конференцияға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық университеті және              І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің білімгерлері қатысты.  
Сырлы сезім сәулетшісі атанған жазушының шығармашылығын талдап, жоғары мектеп оқулығына енгізуге ат салысып жүрген жастардың талпынысына қарап және конференцияда айтылған тың ойлар мен жарқын жаңалықтарды саралай келе, көрнекті жазушының шығармалары қазақ елімен бірге жасаса беретін туындылар екенін аңғардық.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ