"ҚҰПИЯҒА ТОЛЫ": ЖАРКЕНТ ӨҢІРІНЕН 100-ДЕН АСА ТАРИХИ ТАҢБА ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 15.10.2020
Оқылды: 2552
Бөлім: ТҮПСАНА

Жетісудың оңтүстік-шығысын алып жатқан Жаркент өңірінің аумағы көне дәуір тарихына тұнып тұр. Осынау қасиетті мекенде тіршілік еткен ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінің белгісі болып ғасырлар мен мыңжылдықтарды артқа тастап бізге жеткен құнды мұралар, тарихи жәдігерлер жетерлік.

Бабаларымыздың көзіндей болған осынау құнды тарихи жәдігерлерді тауып, кішігірім зерттеу жүргізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, бүгінгі ұрпақтарымен қауыштыру біздің азаматтық парызымыздың бірі деп санаймын. Осындай келелі істің басын ұстап, жүзеге асыруда Алматы облыстық М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейі, оның бірлескен филиалдары – Жаркент қаласындағы Жауынгерлік Даңқ музейі және «Жаркент мешіті» көркемөнер-сәулет музейі қызметкерлерінің қосқан үлесі зор.

C:UsersUserDesktopIMG-20201005-WA0012.jpgБіздер өзіміздің осынау музейлер тарапынан ұйымдасқан тобымызбен өлкетану бағытындағы тарихи-танымдық саяхатымызды жүзеге асыру үшін жолға жиналдық. Жол талғамайтын жеңіл көлікке мінген біздер Жетісу Алатауын бетке алып, Лесновка ауылының солтүстігіндегі каналдан өткен соң, Қызылжарды жағалай тоғай ішіндегі жүруге жайсыз қисық-қыңыр жолмен тауға қарай тура тартып кеттік. Жолбасшымыз Аслан, бұған дейін де барып көрген тастағы түрлі бейнелер туралы таң-тамаша әңгімелерін айтып, бізді қызықтырып келеді. Жол бойындағы алғашқы аялдамамыз ені кең көпірден өте салысымен кездескен, өзеннің шығыс беткейінде, сонау өткен ХХ ғасырдың 50-ші жылдары басында салынып, 1970 жылдарға дейін біршама ауылды электр қуатымен қамтамасыз еткен шағын су электр стансысының (СЭС) тоналған қирандысы болды.

Беткейде қиялай тартылған тас тоған арқалы келген су электр қуатын бөлгіш генераторларды қозғалысқа келтірген соң, біз өткен көпір астымен қайтадан Өсек өзеніне құйылатынын байқадым. Көліктен түсіп, айналаға көз тастадық, фотоаппаратпен бірнеше түсірілім жасаған Мұрат көлікке отырысымен әрмен қарай жүріп кеттік. Одан әрі кезінде аталмыш стансы тұрғындарына арналып салынғанымен, кейінгі 80-ші жылдардан соң балалардың жазғы демалыс орнына айналған «Қарлығаш» лагерін де артқа тастадық.

Көп кешікпей алғашқы олжамыз, көне түркі руникасымен жазылған «қазақ» деген сөзі бар тасқа да жеттік. Түркі дәуірінде «қазақ» этнонимінің болмағанын тарихтан білемін, бірақ кейін таңбаланған бұл жазуды, кім қандай мақсатпен жазды екен?! Кім болса да, тарихтың тамырынан хабары бар сұңғыла адам болды ғой. Иә, бұл өзі ой-санамда шешімі жоқ жұмбақ болып қала берді.

C:UsersG50DesktopIMG_0042.JPG«Міне, енді осыдан әрі қарай, тастағы суреттер көп», – деген Асланның сөзінен кейін бәріміз елеңдесіп, бір көтеріліп қалдық. Cөйтіп, келген жұмысымызды Өсек өзенінің шығыс беткейіндегі аласа тау жотасындағы беті тегіс қойтастарға салынған суреттерден бастадық. Біріншіден, ондағы көнеден келе жатқан тастағы беймәлім бейнелер мен жазуларды, бізге белгісіз таңбаларды тізімдеп, суретке түсіріп және олардың орналасу координатарын анықтау жұмыстарымен айналыстық.

Біз жазып жариялап отырған суреттер шоғыры Талдыдағы аспалы көпірден бастау алатын, өзеннің сол жақ аңғарының, солтүстіктен оңтүстікке қарай көлбей жатқан аласа таулы жоталы алқаптың ұзындығы 15 шақырымды алатын бір бөлігі ғана. Онда біздер түгелдей сыпыра сүзіп шыққан жоқпыз, әр жерге тоқтап, мөлшерлі аумақтан ғана түсіріп, одан келесіге ауысып дегендей жұмыс жасадық. Суреттер мен түрлі бейнелер тау сағасы ландшафтына орай күн сәулесі мен атмосфералық құбылыстардың әсерінен беткейдің теріскейіндегі қоңырқай күрең тартқан қойтастарда шашырай орналасқан. Бұдан басқа өзеннің батысындағы Үлкен және Кіші Қойтас аумағында, Үлкен және Кіші Өсектің қосылған жеріндегі сүйірлі тұмсықтағы жартастарда петроглифтердің үлкен тобы бар екендігінен, оларды арнайы мамандар келіп қағазға түсіріп кеткенінен хабардар едік. Бірақ сол жазылып алынған аймақтың зерттелуі әлі де үстірт, құжатталу жұмыстары да аяқталмаған болуы керек. Ал біздер аралап қағазға түсіріп жүрген алқаптың әлі еш жерде жарияланбағандығы бәріміз үшін ерекше жаңалық болумен бірге, зерттеуге деген үлкен қызығушылығымызды тудырды.

Содан не керек, фотоаппарат пен ұялы телефондарымыз бірінен кейін бірі сыртылдап, қызу жұмысқа кірісіп кеттік. Амал қанша, арнайы техникалық құралдардың жоқтығы қолбайлау болып, тастағы суреттердің көркемдік ерекшелігін толық ашуға мүмкіндігіміз болмай тұр. Сонда да болса бар жағдайды, мүмкіндігімізді барынша пайдалана отырып, тау табиғатына сай ғұмыр кешкен ерте дәуір суретшілерінің төл туындысын мұқият қарап шықтық. Олардың жандүниесіне зерде арқылы үңіліп, тастағы бейнелердің мән-мағынасын ашумен бірге, шебердің ішкі ойын түсініп, көпшілікке жариялау мақсатын бар білімімізді салып, өзімізше зерттеп, реттілік, жүйелік сараптама жасауға талпыныс жасадық.

Бізге белгісіз ежелгі сурет өнері шеберлерінің тасқа қашап салып кеткен көріністерінің көбі: жабайы аңдардан – тәуешкілер мен арқарлар, бұғылар, қасқыр бөлтірігімен, сондай-ақ, қолға үйретілген түйе, жылқы мінген адам, жәндіктерден жыландар, сонымен қатар, антропоморфты бейнелерге жататын «күнбасты адам», билеп тұрған бақсы, мүйізінде «әлем ағашы бейнеленген» бұғылар мен сан-алуан қимыл қозғалыстардың жиынтығынан тұратындығын анықтадық. Және көптеген ғасырлар бойғы уақыт шеңберінде климаттық өзгерістердің әсерлерінен бүлінген кейбір түсініксіз бейнелерді де суретке түсіру ісі назардан тыс қалмады.

Жалпы, тастағы бейнелеу өнерінің даралығы – салынған көріністердің қайталанбас өзгешелігімен қатар, тарихи-мәдениет ескерткіші ретінде әрдайым эстетикалық талғамға сай болуымен құнды. Демек, осынау тастағы сурет өнеріне деген құрмет, яғни, біз жазып отырған петроглифтердің Жетісу өлкесінің мәдени саласындағы бағалы тарихи жәдігерлердің көрнекті бөлігі екендігін айғақтайды.

C:UsersUserDesktop4- тоқсан 2020жӨсек петроглифIMG-20200930-WA0096.jpg

Тағы бір ежелгі дәуірге тән байқалған құбылыстың бірі, аспалы көпірден басталған аласа таулы жотаның етегі мен өзен жағасына дейінгі атшаптырым арақашықтық теп-тегіс жазық. Аталмыш жазықтың оңтүстігіндегі Бетағашқа дейінгі аумағы үйілген тас қорымдар мен әртүрлі (диаметрі 6-12 м болатын) шеңбер, ромб тағы басқа формадағы обаларға толы. Ой, сана арқылы салыстырмалы зерттеу жасай отырып, шамамен Қола, Сақ заманынан қалған көне жерлеу орындары болуы керек деп топшыладым.

Қорыта айтқанда біздердің, яғни, музей қызметкерлерінің өлкетану бағытында жасап отырған тарихи-танымдық зерттеушілік сапарымызда тауып, суретке түсіріп, ретке келтірген таста таңбаланған бейнелердің тізімі төмендегідей болып шықты:

  1. Арқарлар мен тәуешкілердің 100-ге жуық бейнесі;
  2. Итке ұқсайтын 2 сурет;
  3. Атқа мінген адамдардың  2 бейнесі;
  4. Мүйізінде «Әлем ағашы» бейнеленген 2 бұғы;
  5. Жай бұғы суретінен 2 дана;
  6. Қасқыр тәрізді 2 аң және 1 қасқыр үш бөлтірігімен;
  7. Түйеге мінген 1 адам және 1-уі түйе жетектеген бала;
  8. Би билеп тұрған бақсы, 1 сурет;
  9. Жаяу адам бейнесі 2 сурет;
  10. «Күнбасты адам» 1 сурет;
  11. Жыландар 2 жерде бейнеленген;
  12. Құдайдың табаны бейнеленген 1 сурет;
  13. Бүлінген түсініксіз бейнелер;

Жалпы, түсірілген суреттерге өзімше сараптама жасай отырып, біз жүрген жерлердегі петорглифтердің басым бөлігі Сақ дәуірінің өтпелі кезеңі мен Ерте темір дәуірі уақытына жатады-ау деген жорамалға келдім. Ішінара қола дәуірінің де нақыштары бар екендігін жоққа шығармаймын. Себебі, тағы бір назарға алар ерекшелік, аталмыш тарихи жәдігерлердің Жетісу Алатауының етегінде орналасуы. Оған мысал, қола дәуірі соңындағы климаттық өзгерістердің әсерінен тақырға айналған жазықтан гөрі таулы аймақтың тіршілікке қолайлы болуы да едәуір ықпал еткен тәрізді. Демек, тағы бір ерекшелік сол кезеңдердегі адамдар тіршілігінің арқауы, негізгі күнкөріс көзі аңшылық болғандығын ой салып қараған адамға еш қиындығы жоқ.

C:UsersUserDesktop4- тоқсан 2020жӨсек петроглифIMG-20200930-WA0078.jpgЖаркент өңірінің өткен дәуірі мен сол заманға тіршілік иелерінің тыныс-тіршілігінен көптеген ақпараттарды беретін бұл құнды мұралардың ел тарихындағы алатын орны айрықша. Сонымен қатар, тастағы сурет өнерінің асыл мұралары саналатын петроглифтердің тағы бір ерекшелігі – адамзат өркениетінің алғаш пайда болуы мен даму сатыларынан нақты түсінік беретін бірден-бір тарихи жәдігер. Бұл дегеніңіз Өсек өзені аңғарындағы таңбалардың кешенді зерттелуі біздің арғы ата-бабаларымыздың наным, сенімі мен тұрмыс-тіршілігі және айналысқан шаруашылығын жан-жақты зерделеуге мүмкіндік беретін бірден-бір тарихи ескерткіш болып табылады деген сөз.

Демек, сөз соңында айтарым, біздің әрекет туған жер мен ел тарихына деген жанашырлық пен қызығушылықтан туындаған музейлік зерттеу ғана. Өзімізше саралай отырып атамекен шежіресін қағазға түсіріп ел-жұртқа бұқаралық ақпарат көзі арқылы жариялау, оқырманға жеткізу. Ал арнайы кешенді зерттеу жүргізу – осы саланың тәжірибелі үздік мамандарының құзырындағы шаруа. Мемлекет тарапынан қолдау табылып, арнайы зерттеу жұмысы қолға алынса, келер ұрпақ тәрбиесі үшін таптырмас рухани құндылық болатыны сөзсіз. Яғни, зерттеушілік тұрғыда қарастырар болсақ, әлі алда көптеген жұмыс атқару керектігі өзінен-өзі көрініп тұр.

Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,

Жауынгерлік Даңқ музейінің меңгерушісі

Панфилов ауданы

Алматы облысы