Тілі бірдің тілегі бір

Уақыты: 11.04.2017
Оқылды: 2138
Бөлім: ТҮПСАНА

Облыстық ішкі саясат басқармасы мен жастар саясаты басқармасының бірлесе ұйымдастыруымен «Smart Жетісу» жобасы аясында облыс­тық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов­пен кездесу кеші өтті. Оқушылар сарайында өткен әсерлі шараға ұстаздар қауымы, студенттер мен оқушылар қатысты. 

Кеш барысында Атсалим Саламұлы тіл туралы еркін әңгіме өрбітті.   
– Мемлекеттік тіл менің шығармашылығымда, қоғамдық қызметімде, жалпы өмірімде үлкен орын алады. Неге деп сұрасаңыздар, жауабы қарапайым ғана. Өйткені мен осынау қасиетті мекенде туып-өсіп, өмір сүріп жатырмын, өз елімнің шынайы патриотымын. Мен бұл халықты және осынау жерді шексіз жақсы көремін. Қазақ тілін білу бұл біздің азаматтық парызымыз ғана емес, адами борышымыз деп әрқашан айтып жүремін. Бұл біздің Сталиндік режимнің құрбаны болып, зардап шеккен ата-     бабамызға қиын-қыстау кезде қол ұшын созған қазақтарға деген алғысымыз. 
17 миллион халық таңертең оянғанда бәріміз бірдей қазақ тілінде сөйлеп кетсек, бір-бірімізді бұдан да артық түсінеміз, бауырдай жақын боламыз. Бейбітшілік, тұрақтылық, келісім деген осы. Біздің барлығымыздың қалағанымыз, Елбасының да арманы осы емес пе? Бүгінде «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп ұрандап жүрміз, мен «қазақстандық қазақстандықпен қазақша сөйлессін» деп айтар едім. Алла бұйырса осыған жетеміз, – деп бір қайырған кеш қонағы ойын ары қарай былайша жалғады.
– Бүгін бізді осы кеште не жақындастырып отыр? Мемлекеттік тілге деген сүйіс­пеншілік пен құрмет. Біз қазақ тілінің өркен жайып, дамығанын қалаймыз. Осы тілде сөйлейтін адамдардың қатары көп болғанын армандаймыз. Мемлекеттік тіл өзіне лайық мәртебесіне сай орын алса дейміз. Ендеше, «Әр халық үшін тілдің маңызы қандай?» деген сауалға жауап іздеп көрейікші, – деп залдағы қауымды еркін әңгімеге шақырды.
Ардагер-журналист Болат БИСҰЛТАНОВ бұл сұраққа былай жауап берді.
– Ахмет Байтұрсынов «Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» деген. Тіл – біздің тірегіміз. Кеңестік кезеңде Қиыр шығыс халқының бірталайының тілі жоғалып кетті. Олардың бүгінде түрі, ұлты бар, алайда тілі жоқ. Бұл өте қорлық. Ал, біздің елде қазақ тілі өркен жайып келеді. Елбасы Біріккен Ұлттар ұйымының үлкен жиынында қазақ тілінде сөйлегенін естіп, қатты қуандым. Тілдің төңірегіне бәріміз топтассақ, бірлігіміз арта түседі.  Тіл – топтастырушы күш, бірақ мемлекеттік тілдің төңірегінде ғана топтасуымыз керек, – деді.
Қазақ тілі қолданылуы жағынан әлем бойынша 70 орынды, ал байлығы жағынан араб және ағылшын тілдерінен кейін 3-орынды алады. Александр Пушкиннің жалпы сөздік қоры 21 мыңды, Шекспирде 15 мың сөзді құраса, Мұхтар Әуезов бір ғана «Абай жолы» роман-эпопеясын жазуда 17 мың сөз қолданған. Бұл тіліміздің шұрайлылығының дәлелі. Осыны мысалға келтіре отырып Атсалим Саламұлы:
– Тілді меңгерту бойынша жалпы жағдайымыз жаман емес. Мемлекеттік бағдарлама бар. Елбасының өзі қазақ тілінің дамуына үлкен көңіл бөлуде.  Мемлекеттік тілді дамыту қоры, тіл үйрететін орталықтар жұмыс істейді. Тіл үйрету үшін арнайы қаржы бөлінеді. Бүгінде қазақстандықтардың 70 пайызы мемлекеттік тілді біледі. Бірақ сонда да қазақ тілі өз тұғырына тезірек қонса дейміз. Ал оған не кедергі? – деген сауал тастады.
Думан КЕҢШІЛІК,            І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 3-курс студенті:
– Жалпы халық, оның ішінде жастар ел алдында жүрген ағаларға еліктейді. Олардың көбі мінберге шыққан кезінде 20 пайыз қазақша, 80 пайыз орысша сөйлейді. Сондықтан да жастар арасында «орысша сөйлесем өркениетті боламын, заманнан қалмаймын» деген түсінік қалыптасқан. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай қарай жүреді» демекші, біз жоғарыдағы билікке қарап бой түзейміз, солардан үлгі- өнеге аламыз. Олар қазақша сөйлесе, жалпы халықтың да мемлекеттік тілге деген құрметі артар еді. 
Ақжол ҚҰРМАНҒАЗЫ, №16 орта мектептің оқушысы:
– Неге жастар толыққанды қазақша сөйлемейді? Бұған қатысты айтарым, қазіргі ұрпақ көркем әдебиет оқымайды. Көбіне ғаламторда отырады. Ақпараттың көбін орыс тілінде аламыз. Сондықтан әрбір сөздің арасына орысша қосып сөйлейміз. Тілді өз деңгейінде меңгермеуіміздің бір себебі осы деп білемін, – деп жауап берді. 
Ойын ары қарай өрбіткен Атсалим САЛАМҰЛЫ:
– «Қазақ тілін неге білмейсің?» десе, «ол үшін уақыт, қаржы, жақсы ұстаз керек, арнайы әдістеме болу керек» дейтіндер көп арамызда. Мен айтар едім, тілді меңгеру үшін мұның бірі де керек емес, ниет, тілек болуы қажет. Сонымен бірге жүректе бұл елге, жерге деген сүйіспеншілік болуы керек, – дей келе оның бір жарқын үлгісі ретінде Ресей Федерациясының Халық әртісі болған Валид Дагаевтың қазақ халқына деген үлкен махаббатын үлгі етіп көрсетті. 
– Валид Дагаевпен 5-6 жыл бұрын кездесіп, сөйлесудің сәті түсті. Мен одан «Қазақ тілін 13 жылда қалай үйрендің? Осында 50-60 жыл өмір сүріп, тілді үйрене алмай жүрген адамдар бар» дедім. Ол маған: «Төрт  жасымда отбасыммен Қазақстанға жер аударылып келгенімде қазақ тілінің дыбыс­талып айтылуына, әдемілігіне қатты қызықтым. Осы тілді үйренуге асық болдым, осылайша алдыма мақсат қойдым. Оны мен емес, менің жүрегім қалады және маған ұлы Жамбылдың рухы дем берді» деген еді. Ал «Қазақстаннан көшіп кеткеніңе 60 жыл болса да қазақ тілін ұмытпай, есте сақтауыңа не көмектесті?» дегенде «Маған қазақ бауырларыма деген шексіз махаббат пен құрмет көмектесті. Сол жақта Қазақстаннан келген чешендермен сөйлестім, үнемі қазақтың әнін тыңдадым. Сондықтан мен қазақ тілін ұмытпай, көкейімде сақтай алдым» деген еді. Маған да осы сөздер қанат бітірді, – дей отырып, Валид Дагаевтың Чешенстандағы концертінде қазақтың «16 қыз» әнін қалай шырқағанын бейнежазба арқылы көпшілікке ұсынды. Бұл тілге деген құрметті одан бетер арттыра түсті.
Шара барысында «Парасат» тіл жанашырлары клубының мүшелері Галина Митковских пен Дамир Дигай сөз алып, қазақ тіліне деген құрмет сезімдері мен тілді қалай меңгергендігі жайындағы сырларымен бөлісті.  Атсалим Саламұлының қызы Амина домбырада қазақ әні «Гүлдерайымды» орындап берді. Кеш соңында сарапшылар сөз сөйлеп, рухани кештің маңыздылығы туралы айта келіп, тіл жанашыры, өзі чешен болса да жүрегі қазақ деп соққан Атсалим Идиговқа ризашылық сезімдерін білдірді.

Алма Есенбаева