"ДҰРЫС ОРЫНДАЙ АЛМАСАМ, ӨЗІМДІ ОТҚА САЛАМЫН": ҚОБЫЗШЫМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 26.10.2020
Оқылды: 1491
Бөлім: ТҮПСАНА

Қасиетті аспаптың шанағынан төгілген зарлы үн тыңдаушысын да, орындаушысын да елітіп әкетпей қоймайды. Бұл - нағыз ғажап өнер! Киелі өнерді серік еткен жастар қатары көбейді. Еркем Жарманова солардың қатарынан. Қоңыр үннен шабыт алып, оның тарихи мән-маңызын ішкі жан дүниесімен сезіне білетін өнерпаз Алматы облыстық филармонияның «Сазген» фольклорлық ансамблінде қылқобызшы қызметін атқарады. Қанжығасын республикалық деңгейдегі байқаулардың жүлдесімен толықтырған Еркем скрипканың атасы саналатын қобыздың киесі жайында көп сыр біледі.

ШЕБЕР ОРЫНДАУШЫ

Арнасынан күндіз күміс, түнде алтын аққан қасиетті Қаратал өңірінің тумасы Еркем Қуандыққызы бала күннен өнерге қызыққан. Әкесі Қуандық пен анасы Алтынбаланың сүт кенжесі өнер десе ішкен асын жерге қояды. Алты баланың кенжесі отбасындағы дара бала. Еркем кішкентай күнінен апайы Сәуле мен ағасы Ерғалидың өнерін тамашалап бойжетті. Алдыңғы толқын апайлары мен ағаларының жолын қуған Еркемнің есімін бүгінде туыстары зор мақтанышпен айтады.

Өнерге жасынан құмар болған ол алғаш домбыра шертудің қыры мен сырын білікті маман Әлия Қалиевадан үйренеді. Киелі сахнаға алғаш қадам басқан бүлдіршіннің қарым-қабілетін байқаған ұстазы алтын уақытын шәкіртіне арнайды. Мектептің үздік оқушысы еңбекқорлығының арқасында Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжіне оқуға түседі. Білімге, өнерге құштар қыздың алғырлығын байқаған Несіпжан Жанабаева жас таланттың өнерін өрістету үшін жанын аямай, еңбек етеді. Дәстүрлі музыканы жан-жақты меңгерген маманнан аз да болса тәлім алған Еркем көп дүниені үйренеді. Кейін қазақ өнеріне елеулі үлес қосып келе жатқан ҚР еңбек сіңірген әртісі Тұрсынхан Қарақожаеваның мектебінен білім алады.

Алдына мақсат қойып, сол жолға жету үшін тынымсыз еңбектенген қазақтың қаршадай қызы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына грантқа оқуға түседі. Талай марқасқалар түлеп ұшқан киелі білім ошағын үздік аяқтаған Еркем дәстүрлі қазақ музыкасының шебер орындаушылары қатарына қосылды.

Еркемге Ермұрат Үсеноватың «Күзгі әуен», Е.Брусиловскийдің «Бозайғыр», Кенжебек Күмісбековтің «Поэма» шығармалары бойтұмарына айналған. Өнерпаздың шығармашылық жолында үлкен белестерге бастайтын қылқобыз аспабында орындалған әр туындыға ерекше жан бітеді. Қасиетті аспапты жетілдіруге үлкен үлес қосқан шебер, қобыз жасаушы Алексей Першиннің де еңбегі зор. Еркем Қуандыққызы мен шәкірттерінің қолына түскен аспап қуаныш, көктем, бақыт жайында  жырдан шашу шашады.

Бұл аспаптың тілін табу керек. Кей күндері көңіл-күйім болмаса орындаған шығарманың өзі мұңлы болып тұратындай көрінеді. Егер шығарманы дұрыс орындай алмай қалсам, өзімді отқа саламын. Аспапты қолға алғанда ол сөйлеп кетуі керек. Қобыздың иесі мен киесі болады. Ол оңай меңгеріле салатын өнер емес екенін білсем де, оны халыққа жеткізе алатыныма іштей сендім. Қобыз халқымызбен бірге жаралған музыкалық аспап болғандықтан, ол бізбен бірге жасай береді. Қобыз – адамзаттың аспабы. Мәселен, ансамбль құрамымен шетелге шыққанда залдағы тыңдарманның күйді жан-тәнімен сезінетінін байқаймыз. Қобыздың үні оларға таза ауа секілді, тыңдаса терең тыныстайтындай көрінеді. Домбыра да, қобыз да – қазақ барда мәңгі жасай береді. Бұл аспаптың қадір-қасиеті Мағжан Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы» поэмасында шебер суреттелген. Оны оқыған әрбір адам қобызға үлкен құрметпен қарары анық, – дейді Еркем.

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ

Ықыластың мұрасын жаңғыртқан Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев, Сматай Үмбетбаевтай өнер адамдары қалдырған ізбен шәкірттерге сабақ беріп келе жатқан Еркем балалардың бойына көне сарын сіңсін, дарысын деген ниетте. Жас өнерпаздарға үнемі Абай атамыздың: «Құлақтан кіріп, бойды алар әсем ән мен тәтті күй», – деген тағылымын айтудан шаршаған емес. Яғни, естімесе, құлағынан кіріп, бойын алмаса, бала сазды қабылдай да, ұғына да алмайды деген қағидасын берік ұстанады. Өнердегі дәстүрдің жібін осылай үзбеу керектігін ол ешқашан естен шығарған емес. Өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай білген жанның еңбегі қашанда құнды, бағалы.

Әрбір адам өзі шыққан биігімен мақтанады. Мен ұстаз болғандықтан шәкірттерім жайлы жақсы нәрсе естісем, төбем көкке екі елі жетпей қалады. Қазақтың қайсар қызы Еркемді мен көпке үлгі тұтамын. Ол бәріміздің мақтанышымыз. Қағылез, өжет, пысық қыз нағыз өнер үшін туған. Талант – ананың құрсағында жатқан кезде қанмен даритын дүние. Расында ол адамға Жаратқаннан берілетін ерекше сый. Осы сый Еркемге берілген. Оның арманы консерваторияда білім алу болатын. Еңбекқорлығының, білімінің нәтижесінде ешқандай таныс-тамырсыз қобыз прима бойынша тегін білім алды. Ол мақсатқа жету жолында ешқашан шаршаған емес. Оқуын бітірген соң «Сазген» фольклорлы ансамбліне қызметке алдым. Қазір қосымша колледжде сабақ береді. Өте білімді де білікті маман. Қылқобызда, домбырада ойнайтын сегіз қырлы, бір сырлы шәкіртіме бар жақсылықты тілеймін.

Тұрсынхан ҚАРАҚОЖАЕВА,

«Сазген» фольклорлық ансамблінің жетекшісі,

ҚР еңбек сіңірген әртісі

 

Қазақтың талантты музыканттарының жаңа буынын қалыптастырған Еркемнің дайындаған қобызшылары Толғанай Ақжігіт, Ділназ Сәкенқызы, Әлия Алтынбек, Аружан Айдарханқызы, Диана Иманбекова, Сабина Ерболқызы облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары. Тынымсыз еңбектенудің арқасында ұлағатты ұстаздың шәкірттері қазақтың өнерін республика көлемінде ғана емес, бүкіл әлемге насихаттау жолында тынбай еңбек етуде. Шәкіртінің жетістіктеріне сүйінген ұстаз қобыз аспабын игеруге арналған оқу құралын, жаттығуға арналған этюдтер, пьесаларды ізденуден шаршаған емес.

Еркем күрделі шығармаларды орындауға, классикалық музыканы игеруге байланысты оркестрдегі дәстүрлі аспаптардың дыбыс сапасына, мүмкіндіктерін молайтуға, диапазонын кеңейтуге көп көңіл бөледі. Оның педагогикалық және орындаушылық жетістіктерінің құпиясы – дәстүрлі мәдениеттің негізіне сүйене отырып, шығармашылық даралық пен жаңашылдыққа ұмтылуында.

Жас өнерпаздарды өнерге тәрбиелеп, музыкалық білімін арттыру жолында тарихпен, әдебиетпен байланыстырып оқыту керек. Мысалға, М.Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы», Т.Әлімқұловтың «Кертолғауы», С.Сейфуллиннің Ықылас туралы жазғандары, І.Жансүгіровтің «Күй», «Күйшісі» тәрізді басқа да еңбектерімен баланы жан-жақты қызықтыруға болады. Сонда оқушының қазақ өнеріне деген сүйіспеншілігі оянады. Қазір қобызшылардың көпшілігі шалатын күйлерінің тарихынан мүлде хабарсыз. Консерваторияда оқып жүргенімде Шолпан Рауандина сынды өте білікті мамандардан дәріс алдым. Өте мықты педагог-психолог тәлімгерлерім тәжірибе деген уақытпен келетінін, шығарманы меңгеруде асығыстық жасамау керегін айтатын. ҚР еңбек сіңірген әртісі Тұрсынхан Қарақожаевадан алған білімім алтыннан да қымбат қазынам. Осындай мықты мамандардыңшәкірті болғанымды мақтан тұтамын, – дейді қобызшы.

АЯУЛЫ АНА

Қазақ ұрпағымен мақтанады, мәңгі жасайды. Үлгілі отбасының қашанда тірегі әке, берекесі ана. Бірлігі жарасқан қасиетті шаңырақтың ибалы келіні атанған Еркем қайын жұртының мақтанышы. Айдос Қашқынбаевтай азаматпен шаңырақ көтеріп, көпке үлгі отбасы атанды. Ата-енесімен бірге тұрып, келіндік міндетін де мінсіз атқарып жүрген келінге туыстар риза. Отбасы ошақ қасында жүріп, барлық шаруаны игеріп, өнердің де ауылынан алыстамай бәріне уақыт тауып жүрген ардақты да асыл ананың еңбегін ерекше атап өтпеске болмас.

Осынау тірліктен береке тапқан келінге қолдау білдіріп жүрген қара шаңырақтың бәйтерегі Есімхан әке мен Бақыт анаға келіні алғыс айтудан шаршаған емес. Ана жүрегі Жаратқан берген тәтті сыйы Ерасылдың амандығын тілейді. Жас та болса отбасының бақытын еселеп жүрген Еркем үшін ОТБАСЫ бәрінен қымбат әрі құнды. Ата-ананың қадірі мен қасиетін ерта жастан түсінген Еркем олардың разылығы бәрінен қымбат екенін замандастарына үнемі айтып келеді. Үйдің ырысы, шаңырағының шаттығы болған Еркемнен жастардың үйренері көп. Отбасындағы ерекше сыйластық, ой саларлық тағылымдары, ғибраты мол әңгімелері талай отбасыға үлгі. Ұрпақтар сабақтастығын жалғаған, мерейі тасыған отбасыға қандай мақтау айтсақ та жарасады.

Қоғамдағы болып жатқан әртүрлі келеңсіздіктерге жаныма ауырады. Әсіресе, ажырасудың тым көбейіп кеткені көңілге көлеңке түсіреді. Бүгін қуаныш тойына шашу шашып барсақ, біраз күннен кейін бақыт пен махаббатпен көтерген отауларын құлатып, екі жастың екі жаққа кеткеніне куә болып жүрміз. Бұл ешкімге оңай тимесі анық. Десе де, шаңырақ шаттығын сақтап қалу ерлі зайыптыға артылған міндет. Әсіресе, отбасында әйел адамның жауапкершілігі ауыр екенін ақ жаулықты аналарымыздың берекелі тірлігінен көріп өстік. Алайдажауапкершіліктен жалтарып жатқан замандастарға өкпелімін. Бұл жалғанда мінсіз адам болмайды. Тізе берсек кемшілік бәрінде бар. Бірақ адамға шыдамдылық керек. Ол үшін әрбір жас келін ене мектебінен өтуі керек. Сонда мұндай оқиғалар азаяр еді. Қазақтың қуанышы саналған әрбір шаңырақ шайқалмаса деп тілеймін, – дейді кейіпкеріміз.

Өнер әлеміне қанат қаққан қазақтың қайсар қызына қандай мақтау айтсақ та артық болмайды. Олай болса, Еркем Қуандыққызының шығармашылығына ата басылым атынан табыс тілейміз.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы