АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҮШ КҮНГЕ СОЗЫЛАТЫН ОНЛАЙН АЙТЫС ӨТІП ЖАТЫР

Уақыты: 27.10.2020
Оқылды: 1274
Бөлім: ТҮПСАНА

Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы мен Алматы облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен «Біржан – Сара» (Ақиқат, салмақты сөз айтыстан туады) атты сөз додасына алғаш қадам басқан жас ақындардың онлайн айтысы басталды.

Оған аймағымыздан 18 жас айтыс ақыны қатысып, бақтарын сынауда. Сөз додасына қатысқан үміткерлердің өнері мен өрлігін Ермек Келемсейіт, Әміре Әрін, Айтақын Бұлғақов, Қаныша Райсова, Серік Әбікенұлы, Жемісбек Толымбеков сияқты әр саланың білгірлері бағалайды.

Ел-жер тарихы, айтыс өнеріндегі ұлы тұлғалардың еңбегін жаңғырту, Тәуелсіздік жетістіктерін өлеңмен өру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында қазақ халық шығармашылығын насихаттау және дамытудағы жастардың рөлін барынша көрсетуді мақсат еткен айтыс іріктеу кезеңі, жартылай финал және ақтық сын сияқты үш кезеңнен тұрады.

Айтыстың шарты бойынша сахнаға шығатын әр жұп жеребе тарту әдісі бойынша жұптастырылады. Олар 20 минуттың ішінде өз ойын толық жеткізе білуі керек. Сондай-ақ, үміткерлер киім үлгісі, дауыс мәнері, өзін-өзі ұстауы және айтыс мәтінінің көркемдік деңгейі, суырыпсалмалық, ойының ұшқырлығы, білімінің тереңдігі, сөз өткірлігі, тапқырлығы, қарсыласына ұтымды жауап қайтару шеберлігі, берілген уақытты тиімді пайдалануы, тақырыпты аша білуі сияқты талаптар бойынша бағаланады. Айтыстың жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгеден асады.

– Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында көптеген игілікті істер атқарылды. Ұлттық құндылықтарымыз түгенделіп, ұлттық рухымыз жанданды. Айта берсек, жетістік жетеді. Сол қатарда "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жетілдіре түсу үшін облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен облыс орталығында алғашқы болып "Рухани жаңғыру"" жобалық кеңсесі құрылып, көптеген жоба жүзеге асырылып, жұрттың ықыласына бөленді. Осы реткі "Біржан-Сара" атты жас ақындарын айтысын өткізу сол игілікті істердің жалғасы. Біз осы арқылы халқымыздың төл өнерін жастар арасында насихаттап, елдік рухымызды көтергіміз келді. Айтыс барысында сол мақсатымызға жетеміз деген ойдамын, – дейді «Біржан - Сара» (Ақиқат, салмақты сөз - айтыстан туады) айтысын ұйымдастырушылар.

Міне, осылай, Жетісудың жер-жерінен іріктелген жас ақындар тағы бір дүбірлі додада бас қосты. Ұлы өнерді келешекке жалғастыруды мақсат еткен айтыскерлердің қадамына сәттілік тілейміз. Шын жүйріктер 29 қазан күні анықталады.

Қажет АНДАС

Алматы облысы