"ЕСІМІ ЕЛГЕ ҰРАН": БҮГІНГІ ҰРПАҚ БӨРІБАЙ БАТЫРДЫҢ ЕРЛІГІН БІЛЕ МЕ?

Уақыты: 30.10.2020
Оқылды: 2005
Бөлім: ТҮПСАНА

Ақсуда қазақтың жерін жауға таптатпау үшін жанын қиған, елді талай қырғыннан аман алып қалған жаужүрек қайсар ұлдың бірі – Бөрібай батырға ескерткіш орнатылды. Бөрібай батыр кім еді? Бөрібайды Түркістандағы қазақ халқының игі-жақсылары жерленген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арулап қоюдың мәні неде? Бүгінгі ұрпақ Бөрібайды біле ме? Осы тақылеттес сауалдарға жауап іздеп, оқырманды ел үшін туған оғланның ерлікке толы өмірімен таныстыруды жөн көрдік.

Мемлекеттілігімізді әлем алдында мойындатып, шекарамызды бекіткенше, ата-бабамыз ұлтарақтай жерді жауға бермес үшін жан алып, жан берісіп күресті. Жау жан-жағымыздан анталап, қазақты жер бетінен жоқ қылып жіберуді көздеді.

Мұндағы мақсат – асты-үсті толған байлық жерімізді иемдену. Рухы мықты ел екенбіз. Ғасырлар бойы ұлтарақтай жерді басқаға бермей, шекаралас алпауыт елдерден қорғап, сақтап келдік. Осы жолда қазақтың не бір марқасқа ұлдары жанын пида етті. Атылды, шабылды, жаншылды. Кейбіреулері жаламен қуғындалды, жер аударылды, із-түзсіз жоғалды, туған жерден бір уыс топырақ бұйырмай сүйегі жат жерде қалды. Бірақ алдыңғы бабаларымыздың аманаты мықты еді. Ұлттың рухы сынбады. Тегіне тарта туған ұландар намысты қолдан бермеді.

Тәуелсіздік таңын көрген біз бақытты ұрпақпыз. Тарих көмбесінде талай ерлеріміздің есімі көмескіленді. Шығармайын деген жоқ, шығартқызбады. Себебі, халықққа сол есімдер рух беріп, билеп-төстеушілерге бағынбай кетуі мүмкін еді. Кеңес одағы елге ұлт батырларын жамандатқызды, өз ілімдерін үйретті, өз тарихын оқытты. Солайша, мәңгүрттікке жетеледі. Өз идеологиясын жүргізіп, айдағанға көнетін бір мақсатқа біріктірді. Бірақ судың өз арнасын табатынындай халық өз тегін, түп-тарихын аңсаумен болды. Тапты.

Бүгінде Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихтың ақтаңдақ беттері қайта ашылып, жоғымыз түгенделіп жатыр. Ел болып қалыптасу жолында кімдердің басы бәйгеге тігілгенін зерттеушілер мен тарихшылар шаң басқан архивтер мен шет елдің қағаз көмбелерінен іздеп, аршып алуда.

Бөрібай батырды кейінгі ұрпақ білмей жатса, оның бір ұшы кешегі кеңестік саясатпен байланысты. Кеңес өкіметі 1930 жылы қазақ жерінде ұжымдастыру саясатын жүргізді. Оған бағынғысы келмеген тұрғылықты халық пен бай-бағландар қызыл өкіметке қарсы шықты. Мал-мүлікті ортаға саламыз, мешіттерді мәдениет үйіне айналдырамыз деген баса-көктеу атамекенді еркін жайлаған қазақтың ашу-ызасын келтірді.

Бодандық саясатының иісін сезген аталарымыз атқа қонды. Ақсу-Сарқан халқы қызыл әскерге қарсы «бөрібайлап» шапты. Олардың  ұрандары «Бөрібай» еді. Бірақ мұздай қаруланған әскер қазақ даласындағы барлық көтерілісті жеңді. Ел босып, шет ел асты. Аштықтан қырылды. Қызыл өкімет үстемдігін осылайша қырғынмен орнықтырды.  Бөрібай мен басқа да рухты батырлардың атын қалайда ел жадынан ұмыттыру саясаты жүргізілді. Тарихтан қол бастаған батырлар мен хан, би-болыстардың аты өшіріліп, мектеп, жоғары оқу орындарында марксизм, ленинизм ілімдерін оқытты. Күн көсемге табынып, өз батырларымызды білмей өскен ұрпақтың қатарында біз де бармыз. Мақала жазу барысында Бөрібай батыр жайлы біраз дерек жинадық. Тарихшы Берекет Кәрібаев, қазақтың арда туған ұлы Мұхаметжан Тынышбаев, Жемісбек Толымбек, Арасанбай Естенов ағалардың еңбектерін оқып шықтық.

Бөрібай – XVIII ғасырдағы қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы күресте қол бастаған батыр. Оның ерлігі, жаужүректігі жайлы ауыз әдебиеттерінде және тарихшылардың ізденіс мақалаларында кеңінен айтылады. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарында өзі басқарған елді ақыл мен парасаты арқылы қырылудан аман алып қалған. Жоңғарлардың әскері шабуыл жасағанда жауды Бетпақдалада адастырып, ел-жұртын құтқарады. Найман, Жалайыр, Қоңыраттарды Сарыарқадағы Сарысуға бастап барып, Арғын-Қыпшақ, Тарақты руларымен қосып, алдағы соғысқа дайындайды. Жан-жақтан қысып, қазақты басып аламыз деген Жоңғар хандығының ойы осылайша іске аспады. Қазақтан шыққан батырлардың елін жауға оңайлықпен бермейтінін ұғынды. Қарсыластары оңай болмай шықты. Бұл жөнінде Қожаберген жырау «Елім-ай» жырында:

«Қазақтар қаша көшіп, ұрыс салды,

Бетпақта (Бетпақдала) адастырды қалмақтарды.

Еділ-Жайық, Арқаға қазақ ауып,

Шу, Талас, Сыр, Қаратау жауда қалды.

Бостырып Жалайыр мен Наймандарды,

Алтай мен Алатауды қалмақ алды.

Жалайыр, Найман, Қоңырат Бөрібайға еріп,

Сарысу бойына кеп қоныстанды», – деп жырлаған.

Сарысуда бас біріктірген қандастарымыз арда туған ұлдарының елжандылығы мен ержүректігінің арқасында жауға қасқайып қарсы тұрды. Олар қыс бойы жер жағдайын әбден зерттеді. Қасиетті дала қазақтың айла-тәсілдерін пайдалануына мол мүмкіндік берді. Сырдың кең даласы елді азып-тозудан сақтады.

Сол жылы қар қалың түсіп, дұшпан шабуылы уақытша тоқтады. Ұлу жылы қазақ қайтадан күш жинап, ата-баба жерін жауға таптатпауға сөз байласты. Осындай игілікті іс-шаралардың басы-қасында қазақтың Бөрібайдай ел бастаған батырлары мен Қожабергендей ел ынтымағын ойлаған жыраулар жүрді.

Бөрібай батыр қазақ жасақтары құрамында қол бастап, 1724 жылы Түркістанды жау қолынан азат етуге қатысады. Елдің рухын аспандатады. Отырар, Сайрам, Түркістан аймағын азат ету шайқастарында ерлігімен танылады. Осы уақытта Алакөл ұрыстары да өтті. Қазақ жасақтарына басшылық жасаған Қабанбай батырдың атағы елге жайылды. Ел арасында Қабанбай мен Бөрібай есімдері қатар аталып, танылды.

Келесі 1726-28 жылдары біріккен қазақ қолы Сарысу өзенінің сағасы Бұлантының бойында және Шұбартеңіз көлі маңында жауға ойсырата соққы берді. Жеңіс туы желбіреді. Ел рухтанды. Жеңіс қазақ халқын күрескерлікке бейімдеді. Ел «алтау ала болса, ауыздағының кететінін» білді. Жоңғарға қарсы шығуға хандар мен сұлтандар, билер мен батырлар, рубасылары бірікті.

Мұхаметжан Тынышбаевтың «Қырғыз-қазақ халқының тарихи материалдары» еңбегінде «Бөрібай батыр 1728 жылы Торғай даласының оңтүстік-шығысында Бұланты өзенінің бойында тарихта «Қалмақ қырған» деп аталып кеткен шешуші ұрыста асқан ерлік көрсетеді. Тарихи маңызы үлкен шайқасқа Қабанбай, Жаңатай, Мүйізді Өтеген, Жәнібек, Бөгембай сынды қазақтың батырларымен бірге Бөрібай да өз қосындарымен келіп қатысады», – деп жазған.

Іле өзенінің Аңырақай ағысы тұсындағы шайқаста Бөрібай батыр ерлік көрсетті. Ол жауға шапқанда бір өзінде бірнеше адамның күші бардай рухтанып кетеді екен. Бір өзі бір әскердей. Оның екпіні қарсы алдындағының зәре-құтын қашырған. Аңырақай шайқасында батырдың күші найзаның ұшымен өлшенді дейді соғысты суреттеушілер. Бөрібай батыр мен Ер Тоқпанбет жоңғар әскерінің Орта жүзге жасалған шабуылына қарсы тұрғандардың қатарында болған.

Жоңғарлар мен қазақтар арасындағы екі жақты батырлардың жекпе-жек ұрысында Абылай хан мен бас қолбасы Бөгенбай батыр қазақ батырларына ақылдарымен бас тұтқалық жасап, рет-кезегімен әр елдің батырларын майданға шығарып, рухты дем, нұсқаулар беріп отырыпты. Жеңгендерді жігерлендіріп, абыройын арттырады. Осындай бір жекпе-жекте Абылай:

- Матай елі атынан майданға кім шығады? – дегенде жоңғарлық қолбасы есерлік мінез көрсетіп, қоқиланады. Сол кезде Бөрібай атын тебініп, ортаға ентелей шығады. Бөрібай осы жекпе-жекте жеңіске жетеді. Жекпе-жектен Бөрібай қалмақ батырының атын жетектеп келіпті.

Абылай хан Бөрібай батырдың ерлігіне ризашылық танытып: «Есімің Матай елінің ұраны болсын!» – депті. Содан бастап бәйгеден аты озған бала «бөрібайлап», жауға шапқан ұл «бөрібайлап» шапқан.

Тарихшы Берекет Кәрібаев зерттеулерінде Қалдан Сереннің Орта жүзді толықтай бағындыру үшін 1739-1741 жылдары ірі-ірі үш жорық жасағаны жайлы айтады. Бірінші жорықтың нәтижесінде қазақтар көп шығынға ұшырап, орыс бекіністеріне қарай шегінеді. Мол олжаға кенелген жоңғарлар қыс түсіп кетуіне байланысты қыруар мал мен тұтқындарды айдап, кері қайтады. Екінші жорық кезінде қалмақтар қазақтардың қатты қарсылығына тап болады. Бөрібай батыр бастаған Матай қосыны да жаумен жан аянбай соғысады. Қара, Шоңай, Таубасар батырлар тізе қосып, жаудың бетін қайтарады. Осы ұрыста Бөрібай батырды артынан аңдып келіп өлтірмек болған жау сарбазының найзасынан Ғайып деген жас батыр қорғап қалады. Кейіннен Ғайып батыр Бөрібайға күйеубала болып қарындасына үйленіпті. Содан бастап Кіші жүз Алшын жігіті Ғайып Бөрібайға айнымас серік болады.

Үшінші жорық 1741 жылдың қысында басталады. Бұған дейінгі соғыстар жазғы, күзгі мезгілдерде ғана жүргізіліп, қыста тоқтайтын еді. Бұл жолы олар ерекше әдіс қолданып, қыс көзі қырауда жорыққа шығып, Орта жүздің жер аумағын көктей шолып, Тобыл, Ертіс өзендеріне дейін барады.

Қолбасшы Септен басқарған жоңғардың таңдаулы отыз мыңдық «Сүзекі» қолы алдын ала белгіленген, бұқпа жолдармен жүріп отырып, Орта жүздің белгілі батырлары мен сұлтандарының қыстауларына бағытталған нақты соққылар жасайды. Жоспар сәтті орындалып, жау Орта жүздің Абылай, Барақ сұлтандары мен Қоқ батыр бастаған бір топ ерлерін тұтқындап әкетеді. Көптеген қазақ батырлары опат болады. Осылардың ішінде Бөрібай да болған деген дерек бар. Бірақ батырдың қазасы туралы нақты дерек әлі күнге жоқ.

Бұл жөнінде тарихшы, Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов: «Әскердің бас-аяғын түгендегенде қазақ жағынан да едәуір шығын бары анықталды. Матай Бөрібай, Жалайыр Тәттібай, Семізнайман Бөдес батырлар қаза болған. Қазақта: «Тақыр жерге шөп шықпайды», – деген аталы сөз бар. Бөрібай ер Қаптағайдың жетінші ұрпағы болған. Ал қазақ елінің алғашқы Конституциясын жазған Барлыбек Сырттанов Бөрібай батырдың жетінші ұрпағы деп айтылады. Тарихи деректерге жүгінсек, осындай бүкіл ұлт мақтан тұтар оқиғалар жеткілікті. Ендігі мақсат – Бөрібайдай бабалар есімін ұрпақ жадында жаңғыртып, тарихи деректер мен ауызша тараған әңгімелерді жүйелеп, болашаққа құнды еңбек қалдыру. Бұл – тарихшы ғалымдар мен жүрегі елім деп соққан барша ұлт жанашырларының мойнына жүктелген міндет.

Тәубе дейік, Бөрібай батырдың аты қайта ұлықталуда. Оның бірден-бір мысалы – Ақсу жерінде батырға арналып еңселі ескерткіштің орнатылуы. Бұл ескерткішті ұрпақтары елдіктің, ерліктің, ауызбірліктің мысалы ретінде тұрғызып жатыр. Руға бөлінетін емес, рудан құралатын қазақтың бірлігінің жемісі. Әлі де елімізде осы жеріміз бен азаттығымыз үшін күрескен қаншама аты аталмай жатқан батырлар бар. Оларды ұмытпау, жас ұрпаққа ұмыттырмау – бүгінгі буын парызы болып қала береді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Фото - Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Алматы облысы