ЖЕТІЛДІРІЛГЕН ӘЛІПБИ ЖАЗУҒА ҚОЛАЙЛЫ МА? ТІЛ САРАЙЫНДА СЫНАМА САБАҚ ӨТТІ

Уақыты: 31.10.2020
Оқылды: 1975
Бөлім: ТҮПСАНА

Тіл сарайында қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиі бойынша кейбір диакритикалық таңбаларды қолданудың ыңғайлы тұсын, қолайсыз жақтарын анықтау үшін сынама сабақ өтті.

Сынама сабақтың мақсаты – диакритикалық белгілердің жазылым мен оқылымдағы оңтайлылығын, артықшылығы мен кемшілігін анықтау, мамандарды жетілдірілген әліпби жобасымен таныстыру болды.

Алғашқы топ бойынша филолог мамандар, жалпы орта білім беретін мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері сынама сабақты тыңдады. Екінші топта бастауыш сынып мұғалімдері мен арнайы орта білім беру мекемелерінің оқытушылары, үшінші топта жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары, басқарма қызметшілері қатысты.

Әр топ бойынша 45 минутқа созылған сабақта жетілдірілген қазақ әліпбиінің құрамы таныстырылып, әліпбидегі әріптер атауы мен дыбысталуы үйретілді. Оқылым мен жазылым бойынша әр диакритикаға жеке-жеке тапсырма мәтіндері берілді.

Олар дауысты дыбыс таңбаларындағы (ә, ө, ү, ұ) әріпүсті (умлаут Ää, Öö, Üü; макрон Ūū) диакритикалардың жазылуы мен оқылуы бойынша, дауыссыз дыбыс «ғ» (бревис Ğğ) мен «ң» (тильда Ññ) таңбаларының жазылуы мен оқылуына қатысты тапсырмалар орындады.

Сол сияқты бұл сынама сабақта – тек қазақ тіліне тән «ң» дыбысын таңбалауға қайсы таңба қолайлы деген сауал талқыға салынды. Қатысушылар (Ññ – тильда диакритикалық белгісі) және (Ŋŋ – халықаралық фонетикалық әліпбиде eng /εñ/ (эң) деп аталатын таңба бойынша өз нұсқасын таңдап, пікірлерімен бөлісті.

І.Жансүгіров атындағы ЖМУ оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек ИМАНҒАЗИНОВ кирилл таңбаларына икемделіп қалған алдыңғы буын үшін «ң» таңбасын «Ŋ ŋ»  таңбасымен белгілеу ыңғайлы екенін жеткізсе, Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, қауымдастырылған профессор Гүлнар СЫРЛЫБАЕВА «и» және «і» әріптерін ажырату қиындық тудыратынын айтты.

Сабаққа қатысушылар өз пікірлерін қағазға жазып та қалдырды.

Сынама сабаққа барлығы 110 адам қатысса, олардың  67-сі «Ññ», 43 адам «Ŋ ŋ» таңбасын қолдады.

Әйгерім ИЕБЕКОВА

Алматы облысы