Баға жетпес құндылық

Уақыты: 20.04.2017
Оқылды: 1983
Бөлім: ТҮПСАНА

Өзегі өткенмен жалғанғанымен дәріптеуі кем болса тарихтың да құны түспек. Ал құндылығымызды ұрпақ санасына орнатып, олардың  отаншыл сезімін ояту үшін рухани шаралар ұйымдастырылса игі. Айталық, халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай Талдықорған төрінде мерекелік шара өтіп, жастарға тарихи жәдігерлерді құрметтеудің парыз екені паш етіледі.

Аталмыш шара «Жастар» мәдениет және демалыс саябағындағы ақиық ақын Мұқағали Мақатаев бюстінен бастау алды. Алдымен құрметті қонақтар ақын рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Одан кейін Талдықорған гуманитарлық-экономикалық колледжінің студенттері дара тұлғаның сөзіне жазылған әндерді әуелетіп, өлең жолдарынан үзінді оқыды. Сонымен қатар, ХХІ ғасырдың құрдасы болған заманның заңғар ақыны бюстінің тарихи мәні мен архитектуралық құрылымы таныстырылып, арнайы келген қонақтар жиылған қауымды мерекемен құттықтап, ізгі ниеттерін білдірді. 
Рухани шара Талдықорған қаласының орталығында орналасқан Даңқ обелискісінде жалғасын тапты. Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастырумен, №2 орта мектеп ұстаздары мен оқушыларының қатысуымен өткен шарада Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысы ардагерлерінің Даңқ обелискісіне гүл шоғы қойылды. Шара барысында ардагерлер сөз алып, жас ұрпаққа деген жүрекжарды тілектерін арнаса, мектеп оқушылары рухты оятар жыр оқып, облысымызға белгілі өнерпаздар тамылжыта ән салды. 
Осындай көңілді де ғибрат аларлық кеш Нұрғиса Тілендиев атындағы саз мектебінің алдында да өтті. Даңқты сазгердің бюстіне гүл шоқтары қойылғаннан кейін алғашқы сөзді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев алды. 
– Тарихы бай елдің танымы да соғұрлым терең болмақ. Біздің дарқан даламыздың төсінде мыңжылдықтардан бері сақталып келе жатқан ескерткіштер мен құны бөлек қасиетті жәдігерлердің саны шежіреміздің шексіздігін көрсететіндей. Обылысымыздың өзінде 2345 ескерткіш бар. Ал оған жыл сайын қосылып жатқан тұлғалардың бюст-мүсіндерін қоссақ, ұрпаққа аманаттар тарихи құндылықтарымыздың қоры еселеніп келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз, – деген Ақан Жылқышыбайұлы көпшілікті мерекесімен құттықтады. Өз кезегінде сөз алған зиялы қауым да мерекенің маңыздылығын тілге тиек етіп, Нұрғиса Тілендиев жайлы естеліктерімен бөліссе, облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі орталық директоры Есет Дәуренбаев өңірімізде атқарылар жұмыстарды атап өтті. Мәселен, облыста алдағы уақытта өңірлік ескерткіштердің картасын жасау жүзеге аспақ. 
Мерекелік шара Нұрғиса Тілендиев атындағы саз мектебі шәкірттерінің концерттік бағдарламасымен мәресіне жетті.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ