ТАНЫСЫҢЫЗ: АБАЙДЫҢ 180 ӨЛЕҢІН, БІРНЕШЕ ҚАРА СӨЗІН ЖАТҚА БІЛЕТІН ОҚУШЫ

Уақыты: 24.11.2020
Оқылды: 1662
Бөлім: ТҮПСАНА

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында ХХІ республикалық Абай оқулары өткен еді. Осы байқауға облысымыздың атынан қатысқан Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйтерек орта мектебінің 10-сынып оқушысы Айгерім Сембинова 2-орынды жеңіп алып, оған ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өз қолымен диплом табыс етті.

Айгерім бүгінде Абай Құнанбайұлының 180-ге жуық өлеңін, 5 қара сөзін, 2 поэмасын жатқа біледі. Одан ұлы ақынға деген ерекше құрметі мен шығармашылығына деген ынтызарлығы туралы сұрағынымызда: «Өзім Абай атамыздың ізі қалған Семей қаласында туғанмын. Бұл менің ақын өлеңдерін ерекше жақын тарта сүйіп оқуыма себепші болды. Оның үстіне ұстазым әрі жетекшім Гүлнұр Сағындықова 8-сыныптан бастап талабымды ұштап, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа, мәнерлеп айтуға баули бастады. Ақынның шығармаларын қанша оқысаң да, құмарың қанбайтынына, оқыған сайын ой тереңіне жетелей беретіндігіне тәнті болған соң қызығушылығым тіпті арта түсті. Ұлы ақынның өлеңдерін, поэмасын, қара сөздерін оқи отырып, замандастарыма одан өмірлік тағылым алуға болатынын жеткізгім келеді», – деді сөз құдіретін жастайынан жүрегіне тоқыған ойшыл қыз.

Шығармашылыққа қаршадайынан бейім Айгерім бұған дейін де бірқатар жыр байқауының жеңімпазы атанған. Биыл облыстық Абай оқуларынан бірінші орынды иеленіп, республикалық байқауға жолдама алды. Облыстық ішкі саясат пен «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты онлайн өлең оқу байқауында да жүлделі орын тұғырынан көрінді. ІІІ халықаралық Махамбет, Абай және Мұқағали оқуларынан бас жүлде еншіледі.

Күні кеше облыстық білім басқармасы мен «Жетісу дарыны» орталығының ұйытқы болуымен өткен Бейсен Құранбек атындағы облыстық олимпиадада 2-орынды иеленді. Талабы таудай Айгерімнің әлі талай асуды асарына кәміл сенеміз.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы