Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

СЕНАТОР ЖҰМАҒҰЛОВ ҚАПАЛ АУЫЛЫН САҚТАП ҚАЛУ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРДІ

Уақыты: 26.11.2020
Оқылды: 515

Сенатор Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ Үкімет басшысының атына Қапал ауылының қазіргі жағдайына қатысты депутаттық сауал жолдады.

Онда Жетісу жерінде, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, тарихы тереңнен тамыр тартатын Қапал ауылының бүгінгі жай-күйіне қатысты мәселе көтерілген.

Бақытжан Жұмағұлов Қапалдың іргесі бекініс ретінде 1847 жылы қаланғанымен, шежіресі сонау Түркі дәуіріне, Қимақ мемлекетіне барып тірелетінін айтты.

Сенатор аталған деректерді тізбектей келе, Қазақстанның қасиетті жерлерінің картасы дайындалып жатқан қазіргі кезде осындай сан ғасырлық тарихы бар орындар ескерусіз қалмаса екен деген ұсынысын айтты.

- Елбасымыздың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласынан кейін республика бойынша қасиетті орындар іріктеліп жатыр. Бұл тарихымызды тануға, туған өлкеміздің ғажайып жерлерін айқындауға мүмкіндік береді, – деді Бақытжан Жұмағұлов. Сонымен қатар, сенатор бекініс ретінде салына бастаған кезеңде, яғни, осыдан екі ғасыр бұрын тұрғызылған нысандарды сақтап қалу мәселесіне де назар аударды.

- XIX ғасырдың ескерткіші болып саналатын үйлердің бет жағы ғана сақталыпты. Ескі екі мешіт үйі қараусыз қалып, құлаған. Ауылдың рухани орталығы болған ақын Сара мен Фатима Ғабитова музейлерінің ізі де жоқ. Ондағы құнды экспонаттар қайда? – деген Бақытжан Жұмағұлов бұл жергілікті халықтың жанайқайы екенін айтты.

Осыған орай, сенатор Премьер-Министрден сәулетшілер, тарихшылар, әдебиетшілер, этнографтардан тұратын арнайы комиссия құруды, Қапал ауылының мәдени-тарихи ескерткіштерін қорғау үшін тиісті шаралар қабылдауды және оларды Үкімет қорғауындағы санаттар қатарына қосуды сұрады.

"ҚАЗАҚПАРАТ"