"ТАҢБАЛЫ" ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІНДЕ ЖАҢА ОРТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Уақыты: 27.11.2020
Оқылды: 2317
Бөлім: ТҮПСАНА

Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің сапар орталығы пайдалануға берілді. Қарабастау ауылының маңында бой көтерген ғимараттың ашылуына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли, ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы кластерлік бюросының мәдениет бойынша өкілі Айгүл Халафова, аудан әкімі Бағдат Әлиев қатысты.

Алматы қаласынан батысқа қарай 170 шақырымдағы Таңбалы шатқалына, сондай-ақ, тастағы көне таңбаларды зерттеуші ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдары мен түрлі ақпараттық портал өкілдері келді. Ашылу салтанатында вице-министр Нұрғиса Мұратұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы аясында елімізде тарихи-мәдени мұраға баса көңіл бөлініп, көптеген жұмыстар жүзеге асырылғанына тоқталды.

Соның ішіндегі жарқын жобаның бірі – халықаралық маңызы бар осы «Таңбалы» музейінің сапар орталығы. Вице-министр бірегей нысанның тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану қызметін жоғары деңгейде жүзеге асыру, туризмді дамыту үшін салынғанын тілге тиек етті. Осындай ауқымды жұмыстар Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен барлық өңірде қолға алынғанын айта келе: «Мұндай орталық Қазақстанда әзірге үшеу ғана. Оның алғашқысы биыл Түркістан облысындағы Отырар қалашығының жанында қолданысқа берілсе, екіншісі осы. Ал үшіншісі – үш жүздің басы қосылған Ұлытауда салынып жатыр», – деді вице-министр.

Аймақ басшысы Амандық Баталовтың атынан құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли жиналғандарды мәдениет саласы бойынша Жетісу өңірінде атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Ол Елбасының тапсырмасымен, Мемлекет басшысының қолдауымен және облыс әкімінің қадағалауымен биыл жалпы сомасы 7 миллиард теңгеге 24 нысан күрделі жөндеуден өткізілгенін, келесі жылы 21 нысанға күрделі жөндеу жоспарланғанын жеткізді. Жыл сайын әрбір ауылдық округтегі мәдениет үйлеріне қаражат бөлінеді. Қазіргі таңда әсіресе ауылдағы мәдениет қызметкерлерінің штаттық кестесі жаңадан қарастырылып, жылда шамамен 120-130 адам жұмысқа қабылданатынын, ауылдарды дамыту мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалар аясында облыс, республика бюджетінен үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.

ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы кластерлік бюросының мәдениет бойынша өкілі Айгүл Халафова Сапар орталығының ашылуын еліміздегі ғана емес, бүкіл адамзат үшін шын мәнінде үлкен жетістік деп есептейтінін білдірді. Өйткені «Таңбалы» музейі Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін баға жеткісіз мұра, яғни, адамзаттық құндылықекендігін еске салды. Оның айтуынша, көне заманнан сақталған тарихи-мәдени мұраның қазақ елінде болуы барша отандастарымыз үшін зор мақтаныш болуы тиіс. Сондықтан осында сақталған жәдігерлерді ел арасында кеңінен насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, музей қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.

Құрметті қонақтар жаңа нысанның лентасын қию рәсімін орындап, ішін аралап танысты. Сапар орталығының құрылысы негізінен 2018-2019 жылдары жүргізілді. Алыстағы Аңырақай даласында сәулеті келіскен ғимараттың бой көтеруіне аталған музейдің бұрынғы басшысы, марқұм Абай Сәдуақасұлының сіңірген еңбегін айту парыз. Биыл мұнда көрме залын музейлендіру жұмыстары атқарылыпты. Нысанның салынуы музей қызметкерлері мен зерттеуші ғалымдарға да, көне дәуір жәдігерлерін көруге келгендерге де барынша қолайлы жағдай тудырғаны анық байқалады. Заманауи үлгіде жабдықталғансу жаңа ғимаратта көрме залы, конференция залы, зертхана, кітапхана, кеңсе, келушілер үшін асхана және қонақүй бар.

Ғимарат екі қабаттан тұрады, жалпы аумағы – 1478,9 шаршы метр. Оның ішінде көрме залы 136 шаршы метрді құрайды. Ғимарат сыртында ұлттық дәстүріміз, тарихымыз бен мәдениетімізге негізделген этноауыл алаңыорналасқан.Ондағы бес киіз үй қазақтың дәстүрлі қолөнері, зергерлік өнер, аңшылық өнері және тұрмыс-салт бұйымдарымен жабдықталып, басқа да көрнекі ақпараттармен қамтылған. Сапар орталығының ауласы толығымен көгалдандырылып, абаттандырылған, келушілердің көлігі үшін арнайы автотұрақ бар.

Сапар орталығында ғалымдар мен сала мамандарының басын қосқан алғашқы жиын өтті. «Жетісудың жартас өнері» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияны «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің директоры Мадияр Әмірғалиев жүргізді. Онда алдымен «Жетісудың жартас өнері» атты кітаптың тұсаукесері болды. Облыс әкімдігінің қолдауымен үш тілде жарық көрген кітап музей қызметкерлерінің «Жетісу петроглифтері» атты танымдық экспедициясы негізінде жинақталған мәліметтер бойынша құрастырылған.

Конференцияда Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағанбетов, ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы кластерлік бюросының мәдениет бойынша өкілі Айгүл Қадырқызы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаева мен аталған факультеттің археология-этнология кафедрасының меңгерушісі, археология ғылымдарының Рhd  докторы Ринат Серікұлы лебіз білдірді. «Жетісу аумағындағы жартас суреттерін музейлендіру» тақырыбындағы негізгі баяндаманы «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ринат Шәріпов жасады. Сонымен қатар, «Жартас бейнелерінің мән-мағынасы» тақырыбында тарих ғылымдарының кандидаты, Ұлттық ғылым академиясының мүшесі, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Алтын Уалтаева, «Туризмді дамытудағы «Таңбалының» маңызы» тақырыбында ҚР Еңбек сіңірген экскурсоводы, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени құндылықтар Ұлттық комитетінің мүшесі, «Туризм ғылыми-зерттеу институты» ЖШС әдіскері Бақыт Оразымбетова өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.

Жиынға қатысушылар одан кейін Таңбалы шатқалына саяхаттап, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген жартас суреттерін аралады. Қарабастау ауылы маңындағы бұл қорық-мұражайда таңбалы тастардан басқа әр түрлі дәуірге тән жүзден астам ескерткіш бар.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Қарабастау ауылы,

Жамбыл ауданы,

Алматы облысы