РЕСЕЙ ИМПЕРАТОРЛЫҚ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ҚОҒАМЫНА МҮШЕ БОЛҒАН ҚАЗАҚТАР

Уақыты: 30.12.2020
Оқылды: 1584
Бөлім: ТҮПСАНА

Биыл Ресей императорлық географиялық қоғамының құрылғанына 175 жыл толды. Айтулы күнді Ресей Федерациясында атап өтіп жатыр, өйткені географиялық қоғамның мемлекет мүддесі үшін сіңірген еңбегі орасан. Елдің ғылымы мен білімін дамытудағы орны мен рөлі, қосқан үлесі өз алдына жеке тақырып.

1845 жылы құрылған ғылыми қоғам бірінші күннен бастап өзінің алдына қойған мақсатына пәрменді түрде қол жеткізді. Зерттеу аясын кеңейту және отарлау саясаты үшін қажетті ақпараттар мен материалдарды жинақтау үшін Сібір, Кавказ, Балтық бөлімдерін іске қосты. Ол түсінікті де, өйткені отарлаушы мемлекеттің ұстанымы өзінің құрамындағы халықтарды тиімді басқарып, шаруашылығын дөңгелету еді. Сол себепті империя Орынбор экспедициясын басқарған И.Кириловтың «орыс емес халықтарды оның этнографиясын жақсы білу арқылы табысты басқаруға болады» деген пікірін бір сәт естен шығармады.

Десек те, ғылыми қоғам ғалымдары мен шенеуніктерізерттеулер жүргізуге ынталы болды. Сондықтан да ғылыми қоғам әуел баста империяның түкпір-түкпірінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын әртүрлі салаларда және империяның орталық аудандарынан өзге шет аймақтарда да жүргізді. Қоғам қызметінің алғашқы екі жылында Орталық Азия және Ұлы Дала Елін географиялық және этнографиялық тұрғыда зерттеуге назар аударды. 1847-1861 жылдар аралығында ИГҚ  қазақ халқының тарихы бойынша көптеген толымды материалдар мен зерттеу нәтижелерін жариялады. Еңбектердің авторлары көбінесе қоғам мүшелері мен Қазақ даласында қызмет еткен шенеуніктер еді. Бұл да тегін емес, себебі даланың қыр-сырын меңгерген шенеуніктердің көкейлеріне түйгендерімен бірге хатқа түсіретін ойлары, көрген-білгендері жетіп-артылды.

Императорлық орыс географиялық қоғамына мүше болған тұңғыш қазақ Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов еді. Шоқан 1857 жылы 21 ақпанда орыс ғалымы П.Семеновтың ұсынысымен қоғамның толық мүшесі болып қабылданды.Ғалым, этнограф, саяхатшы Шоқанның өмірі мен қызметі осы қоғаммен тығыз байланысты болды. Шоқан Қашқарияға, Жоңғарияға, Алатау қырғыздарының жерлеріне саяхат жасады. Осы өлкелердің тарихы мен мәдениетін, этнографиясын, табиғат жағдайы мен жер қыртысын зерттеп, талай атақты ғылыми еңбектерді дүниеге келтірді. Патша үкіметі жас ғалымның ғылыми жетістіктерін жоғары бағалады.

1860 жылы Санкт-Петербургте Шоқан орденмен марапатталып, әскери шені де жоғарылатылды. «Шығыстану көгінде құйрықты жұлдыздай жарқ еткен» Шоқан қоғам мүшесі ретінде қыруар жұмыс атқарып, зерттеулер жүргізіп,  рухани мол мұра қалдырды. Шоқан еңбектерін жарыққа шығаруда да географиялық қоғам мүшелері тер төкті. Ғалым зерттеулері, қолжазбалары бірінен соң бірі жариялана бастады. Қазіргі уақытта олар бірнеше томдық шығармалар жинағы түрінде топтастырылып, жарияланған.

Сол мұра әлі талай ұрпақтың рухани азығына айналары сөзсіз. Императорлық географиялық қоғамның құрылғанына 175 жыл толса, Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының құрылғанына 75 жыл болды. Осынау екі мерейлі оқиғаның арасында тарихи сабақтастық бар. Институтқа Шоқан есімі де жайдан-жай беріле салмады.

Кеңестік кезеңде Қаныш Сәтбаев бастаған ұлт зиялылары халықтың тарихы мен салт-дәстүрін ғылыми түрде зерттейтін арнайы институт құруды қолға алды. Институтөзінің алдына қойған мақсатына жетіп, ұзақ жылдардан бері түбегейлі зерттеулер жүргізіп келеді. Институт бірнеше ұрпақ сабақтастығын бастан кешірді, бұл үрдіс қазіргі уақытта жалғасын табуда. Талай ұжымдық еңбектер, дербес зерттеулер жарық көрді. Бүгінгі күні олардың мазмұны өзгергенімен түрлері сол қалпында қалды. Өзгермегені - ғалымдардың ғылыми зерттеулер жүргізуге ұмтылысы.

Шоқаннан кейін қоғамға 1861 жылы 20 ақпанда Салық Бабажанов мүшелікке қабылданды. Салық та зерттеуші ретінде қоғамның дамуына өз үлесін қосты, еңбектерін жариялады. Солардың бірі - 1860 жылдың 2 желтоқсанында жазылған «Қырғыздардың қырғыздар туралы жазбалары».Мақаласында Кіші жүзде Жәңгірдің хан болып билік басына келгеннен кейінгі уақыттағы ордада бірқатар мәдени, шаруашылық  өзгерістердің орын алғандығы баяндалады. Автор қазақ қоғамындағы білім беру сипатының және мазмұнының өзгергендігіне назар аударған. Жәңгір ханның өркениетке, жаңашылдыққа  бағытталған қадамдарын  сипаттаған. Салық Жәңгір ханның заман талаптарына үн қосып,  қазақтар арасында жаңа үдерістерді енгізуге ұмтылғандығы жайында жазған. Жәңгір ханның қызметіне берген бағасы өз кезегінде билеушінің атқарған істерін өзгелерге танытуға бағытталса, қазіргі уақытта үнемі датталып келген ханның  шынайы тарихи портретін жаңғыртуға септеседі.

Салық Бабажанов сонымен қатар ордада саудаға қатысты қалыптасқан жағдайдың өзгергендігі туралы да жазған. Сауданы  ұйымдастыруда Жәңгір ханның рөлін көрсете алған. Ол Жәңгір хан тұсында ордадағы сауда саттық сипатының өзгеріп, ханның тұрғындар үшін қолайлы сауда жасауларын, жәрмеңкелерді ұйымдастырғаны туралы жазды. Мұның кеңестік кезеңде «қансорғыш езуші, қайрымсыз билеуші» және тағы соларға ұқсасжағымсыз айдар тағылған Жәңгір ханды терең тануға мүмкіндік береді.

1868 жылы РИГҚ Орынбор бөлімі ашылды. Бөлімнің алғашқы мүшелері В.Плотников, Т.Сейдалин, Н.Бекчурин, Р.Игнатьев, И.Киреевский және басқалар болды. Бөлім «Жазбалар» атты басылымын шығарып тұрді, алайда ол төртінші шығарылымынан кейін тоқтап қалды. Орынбор бөлімінің ең үздік мүшесі қазақ ағартушысы, педагог, жазушы, этнограф Ыбырай Алтынсарин болып саналады. Ыбырай қоғамның толыққанды мүшесі болмаса да ұзақ уақыт бойы В.Григорьев және Н.Ильминский тәрізді белгілі орыс шығыстанушылардың жетекшілігімен қызмет етті.

Патшалық Ресей жергілікті халықтан шыққан зияткер, білімді өкілдерін үнемі бақылауда ұстады. Сол себепті Ыбырайдың өз бетінше зерттеулер жүргізу мүмкіндігі шектеулі болды. Дегенмен этнография бойынша жүйелі материалдар жинақтап, ғылыми жұмыстар дайындап, жариялады. «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу және үйлену кезіндегі дәстүрлері туралы очерк» атты еңбегі қазақ этнографиясын зерттеуге қосылған үлес болды. Орынбор бөлімі өз кезегінде бұл жұмыстарды өте жоғары бағалады.

РИГҚ-ның Орынбор бөлімінің белсенді мүшелерінің бірі сұлтан Тілеу Сейдалин болатын. Орынбор кадет корпусын тәмамдаған ол жергілікті патша өкіметі мекемелерінің шенеунігі қызметін атқарды. Т.Сейдалин орыс білім беруі мен мәдениетіне үйренудің  қазақ халқы үшін маңызды деп санаған зиялы өкілдерінің бірі еді. Ол «Неплюевтік кадет корпусы туралы жеке естеліктер» деген мақаласын жазды. Онда қазақтардың руға бөлінушілігін сынады. «Торғай өзені бассейні бойындағы егіншіліктің дамуы туралы» этнографиялық тұрғыдағы мақаласын бөлімге ұсынды. Қазақ библиографиясының маманы А.Алекторов еңбекке «өте жоғары дәрежеде жазылған және толық назар аударатын мақала» деген пікір білдірді.

Тілеу қазақ заңнамалық дәстүрін  және фольклорын зерттеуге ден қойды. Оның жинақтаған материалдары СәлімгерейЖантөринмен бірлескен жарияланымда 1874-1875 жылдары баспадан шықты. Ғылыми қоғам қазақ халқы өкілдеріне ғылым мен білімге араласуға, өздерін зерттеуші ретінде танытуға мұрындық болды. Орынбор бөлімінде аталғандардан өзге С.Бабажанов, М.Тәукеұлы, Б.Дауылбаев қазақ халқының этнографиясы мен тарихын зерттеу арқылы қомақты үлес қосты. С.Бабажнов және Б.Дауылбаев Орыс императорлық географиялық қоғамының күміс медалімен марапатталды. ХІХ ғасырда С.Тілемісов, М.Жарасбаев, М.Асатов, Б.Қарпықов, Ү.Күнтеков, Н.Саванбаев, Д.Беркімбаев, Б.Наурызбаев қоғам мүшелері ретінде танымал тұлғаларға айналды.

Мәселен, Б.Дауылбаевтың жариялаған бірқатар мақалалары оның есімін орыс зерттеушілермен қатар атауға жеткізді. «Торғай облысы Николаев уездіндегі қырғыздардың өмірі туралы әңгімесі» атты шағын еңбегі бодандықта өмір сүріп жатқан халықтың әлеуметтік-тұрмыс жағдайларын шынайы көрсетіп қана қоймай, қазақтардың дәстүрлі қоғамындағы әлеуметтік қарым-қатынастарды, олардың артықшылықтарын паш етті. Б.Дауылбаев «жабайы», «артта қалған», «бұратана» халықтың тамақтану мәдениетін мақтана жазды.

Осы турасындағы мына бір баяны жиі айтыла бермейді: «Жабайы өсімдіктерден азық ретінде тамаққа мыналарды қолданған: тау-жуа, қырлы-жуа, құс-жуа, қой-жуа, айғыр-жуа, ит-жуа, су-жуа, сарымсақ-жуа. Жидектен тек қана үш түрін: ағаш-шие, желек және қойбүлдірген. Жемістен: бөтпаншақ, бұл төбе аралығындағы сазда өседі: аттық ормандарда өсетіні сәбізге ұқсайды; бие-емшекші, құғы қамыстың түбірі, оның әр түрлі қыры болады, борық, қамыстың түбірі; мия түлкі шөбі; қымыздық-қышқыл шөп, балдырғанның сабағы мен жемісі».Қазіргі індет жағдайында таптырмайтын витаминдер. Мұның өзі ет пен сүттен жасалған тағамдарды білмеген дегендерге рухани соққы.

Төл тарихымыздың осындай тұстарын басқаларды былай қойғанда өзіміз де білмейміз. Қазақтар дұрыс тамақтануды енді үйреніп жатыр дегендердің шашпауын көтеріп, шатасып жүрміз.Б.Дауылбаевқазақтарда есепші дегендердің қызмет еткендігін, олардың өзіндік күнтізбесі, ауа-райы болжамдарын жасауға, аспан әлемін, ғарышты тануға байланысты түсініктерінің қалыптасқандығын дәйекті жеткізген.

1903 жылы Семейде РИГҚ-ның Семей бөлімшесі ашылды. Алаш қозғалысының көшбасшысы - Әлихан Бөкейханов Омбыдағы Батыс Сібір бөліміне мүше бола отырып, Семей бөлімшесін ашуға белсене араласты. 1877 жылы Дала өлкесінің білім ордасы, мәдени-ағарту орталығы санатындағы Омбы қаласында Орыстың императорлық география қоғамы өзінің Батыс Сібір бөлімінің есігін ашты. Маңына орыс пен қазақтың алдыңғы қатарлы зиялыларын, ғылым мен өнер қайраткерлерін жинаған бұл қоғам кейінгі жылдары қазақ даласын ағарту ісінде, қазақ өлкесін жан-жақты зерттеу жолында  алдыңғы қатарда болды.

1894 жылы Орман институтын бітіріп, Омбыға қайта оралған Әлихан осы қоғамның қызметіне қызу араласты. Алғашқы күндерінен-ақ беленділігімен танылған Әлихан 1896 жылы қоғамның Батыс Сібір бөлімінің толық мүшелігіне қабылданды. 1901 басқару комитетіне мүше болып сайланды. Семейлік бөлімшесін ашуға ат салысты. Өзі сол Семей бөлімшесінің жәнеСемейдің статистика комитетіне мүше болды.Әлиханмен бірге ұлы Абай осы бөлімшеде қызмет етті. Дана Абайды әлі де  толық танып білмеген біздер үшін ойшылдың бөлімшедегі қызметі де беймәлім. Оны зерттемеу біз үшін сын екені анық.

Ә.Бөкейханов география қоғамының сүйемелдеуімен кіндік қаны тамған қазақ даласының тарихын көп зерттеді. Оның тарих саласындағы жазып қалдырған елеулі мұралары - «Қырғыз өлкесінің тарихи тағдырлары және оның мәдени жетістіктері» «Қырғыздар» (Қазақтар) атты монографиялары. Бірінші ұжымдық монография 1903 жылы «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты көптомдық альманахтың «Киргизкий край» деген ХVІІ томына еніп, Петерборда жарық көрді. Шығармада қазақ өлкесінің сонау тас, қола дәуірінен бергі тарихы, мекендеген халықтары, олардың мәдени, саяси- әлеуметтік жетістіктері кең көрініс тапқан.

Автор сондай-ақ Дала өлкесінің соңғы ғасырлардағы тарихын баяндап, патша үкіметінің отаршыл саясатыныңжекелеген қырларын көрсеткен.Екінші «Қырғыздар» (Қазақтар) атты еңбегі алғаш рет «Формы национального движения в современных государствах» атты жинақпен 1910 жылы Петерборда басылып шықты. Еңбегі қазақ халқының отаршылдық, переселендік саясатқа деген көзқарасын, кең далаға көлдей ағылған келімсектермен арадағы қарым-қатынасын, күресін, ұлт-азаттық күресінің бағытын, мақсат-мүддесін ашып көрсете алған. Шығармада халқымыздың көкейкесті мәселелері - тіл, сөз бостандығы, дін мәселесі де қозғалды.

Семей орыс географиялық қоғамы мүшелерінің бірі ұлт зиялысы Райымжан Мәрсеков еді.Райымжан 1902 жылдыңдың  22 желтоқсанында Семей бөлімшесіне мүше болуға өтініш білдіріп,қызметкер ретінде қабылданған. Осы бөлімшенің тағы бір мүшесі Алашорда үкіметі басшыларының бірі,Том технология институтының түлегі, тұңғыш профессор, математик Әлімхан Ермеков болды.Петербор университетін алтын медальмен бітірген, заңгер Жақып Ақбаев, Мұхаммед Хамитов, Арынғазы Абылайханов Семей бөлімшесінің мүшелері ретінде зерттеулер жүргізген. Осылайша кәсіптері әртүрлі ұлт зиялылары ғылыми қоғам арқылы қазақ халқын танытуға атсалысты.

«Бұратана қырғыздардың» өзіндік тарихы мен мәдениетін, оның ерекшеліктерін көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылықтың назарына ұсынды. Өкінішке орай олардың еңбектері туралы ұзақ уақыт бойы айтылмады. «Аға» ұлттың өкілдері «інілері» және олардың сіңірген еңбектері туралы айтуға мүдделі болмады. Тек тәуелсіздік қана өшкенімізді жаңғыртып, өлгенімізді «тірілтті». Тарихи сабақтастықтың жібін жалғады. Ләйім, сол жіптің сабағы тек ғылымда ғана емес қоғамның барлық салаларында үзілмегей!

О.МҰХАТОВА,

З.СӘДУАҚАСОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкерлері,

тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар