АЙБАР ШАШҚАН АЛТЫН ОРДАДАН АЛАШОРДАҒА ДЕЙІН: ЖАҢА ТАРИХҚА БЕТБҰРЫС

Уақыты: 23.01.2021
Оқылды: 1029
Бөлім: ТҮПСАНА

Ғылымы мен техникасы дамыған, мәдениеті мен таным көкжиегі кеңейген, әлем жұртшылығының жүз пайызға жуығы саяси сауатты һәм мемлекетаралық мәселелер өзара келісімде, татулық туын жығып алмай, тек құжаттар негізінде шешіледі дейтін ХХІ ғасырда, иә, сіз бен біз өмір сүріп отырған өркениетті, озық ойлылар топтаса қалған мына қоғамның бел ортасында тарихи Отанымыздың тұтастығына сызат түсіріп, қарабайыр сөздермен күйе жағатындар шықты. Өкінішті-ақ.

Сөйтсек, таным мен түсінік, білім мен байлам бір ғана сауаттылықтың аясында таразыланбайды екен. Жаңа ғасырда сандық технология қаншалықты қарыштаса, адамзаттың көкірек көзін байлаған қараңғылық та соншалықты түрлене түсіпті.

Әлмисақтан атақонысымыз саналған Алаш жеріне, керек десеңіз, бүгінгі талаппен әр адымы хатқа түсіп, шегараның әр елісі құжатпен шегенделіп қойған қазіргідей цифрлы заманда ашықтан-ашық Ұлы даламызға көз алартатындар бар деп кім ойлаған?!

Өз ішімізден шыққанды өзіміз тезге салармыз-ау, (телісі мен тентегін тыяр текті қазақпыз ғой), ал Құдай қосқан қоңсылас елдердің бірінде ата-баба қанымен қорғалған жерімізді меншіктеп, елді мекендерімізді қайтарыңдар деп сыртымыздан екілене сөйлеп, өзеурей жөнелген өзімшілдерді тоқтатар амал қайсы?

Әу баста арагідік айтылып қалатын, көп кіжінгендердің бірі ғой десіп, қазақтың жалпақшешейлігіне салып, жылы жаппақ болдық. Бірақ дүркін-дүркін сөйлегендер жайма базардың жанынан емес, биік мінберлерден, лауазымды орындардан үн қатты.

Құлақ түрдік, бас шайқадық. Айналып келіп  өз арамызда ойымызды айттық, ашу шақырдық, аттанға салдық. Тағы да сол, жүрегі Отан деп соққан қалың қазақ тұйыққа тірелгендей күй кешіп, сырттан айтылған сөз – атылған оққа қарсы қалқан таба алмай, одан қалса, қарымтасын бере алмай  билікке, мемлекетке қарады.

Керек десең, от пен оққа жалаң қолмен аттанатын Алаш баласына көп ұзамай мемлекет те үн қосты. Министрлік тарапынан бейпіл сөзге түсініктеме беру талап етіліп, терістіктегі тарихи көршімізге Нота да жолданды.

Ал жыл басында жарияланған Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы дәл осы даулы дүниеге тоқетер қарымта болды. Ел экономикасын көтеріп, цифрлық дамуға басымдық беруден бөлек, мемлекеттік тілді білу әрбір азаматтың парызы екенін еске салған Президент ғалымдардың алдына қазақ тарихын қайта қарау міндетін қойды.

Үш ғасырға жуық отарлық езгіден енді еңсе тіктеген еліміз үшін тарихи сананы тазартудың маңызы жоғары. Мемлекет басшысы мақаласында ел мен жер мәселесінде халықтың тарихи таным-түсінігі басты рөл ойнайтынын меңзеп, бірқатар мәселенің бетін ашты.

Мақаланы мұқият оқыған адам сыртымыздан айтылған қаңқу сөздерге, ел мен жер тұтастығына Президенттің өте лайықты жауап бергендігін бірден аңғарады.
Мемлекет басшысы айғайға аттан қосуды емес, біліммен, біліктілікпен мыңды жығуға болатынын, ол үшін қазақ тарихын отаршылдық пиғылмен жазылған, мазмұны бұлыңғыр материалдардан тазарту керектігін алға тартты.

«Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ тарихын қайта жазу мәселесіне текке тоқталып отырған жоқ. Жасырып қайтеміз, қазіргі буын кеңестік кезеңде жүйеленіп қойған бір сарынды тарихпен оқып шыққандар.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына аяқ бассақ та сол кеңестік сүрлеуден әлі арыла алмай келеміз. Мектеп, университет оқулықтарын былай қойғанда, кез келген адам күнделікті кіріп, пайдаланатын ғаламтор желісінде де тарихымызға қатысты ақтаңдақтар, бір-біріне қарама-қайшы жазбалар жетерлік.

Соның бірі – «Монғол шапқыншылығы» деген тараудың оқытылуы. Мектепте дәл осы тақырыпты оқулық бойынша меңгергеннен кейін оқушылардың санасында: «Жауыз монғолдар қалаларымызды қиратып, жерімізді тартып алыпты ғой», – деген ұғым қалыптасатын. Бірақ қазақтың мақтан тұтар хандары шетінен Шыңғысханның тегінен тарап отырған.

Қазақ тарихын оқығанда Керей мен Жәнібектей, Қасым мен Хақназардай, Есім мен әз Тәукедей, Абылай мен Кенесарыдай ақ Ту көтерген хандардың өмірімен танысып, кеудемізді мақтаныш сезімі кернейтін.

Алайда олардың бәрі әлгі «Монғол шапқыншылығы» тарауында жауыз ретінде айтылатын Шыңғысханның белінен тараған ұрпақтары екенін білгенде, аңтарылып қалушы едік. Оқушы болсақ та  осындай қарама-қайшылықты түсіне алмай, тығырыққа тірелетінбіз.

Президент мақаласында Тәуелсіздік алғалы бері қазақ тарихына қатысты іргелі зерттеулер жазылғанымен оның барлығы бір институттың қабырғасынан ары аса алмай жатқаны, қолға алынған еңбектерден тұтас халық бейхабар екендігі айтылды. Сондықтан, халыққа тарихи деректерді жеткізудің бірден-бір жолы – кино түсіру ісін жандандыру маңызды.

Осыған дейін де Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығын тойлауға баса мән берген Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолы да Жошы ұлысының мерейін асырды. Бір кездегі алып империя тарихи киноға сұранып тұрғанын жеткізді.

«Бүгінде әлемдік киноиндустрияда тарих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары. Американың да, Еуропаның да айтулы оқиғалары туралы фильмдер өте көп. Қазір Netfliх, HBO және басқа да алпауыт кинокомпаниялар Азияға бет бұруда. Осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын Орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн», – деп жазды Президент.

Баршаға мәлім, Алтын Орда дәуірінде көшпелілер дүркіреп тұрды. Қорғаныс та, ел экономикасы да мықты болды. Сауда-саттықпен бірге мемлекеттің де қанаты кеңге жайылды.

Еуразияның тең жарымынан көбі Алтын Орда мемлекетіне бағынышты болды. Салық төлеп тұрды. Сондықтан, Алтын Орданы көгілдір экранда айшықтау арқылы қазіргі қазақ мемлекетінің айбарын асыратынымыз анық.

Президент өз мақаласында көркем фильм түсірудің де өз міндеті, талабы барын айтты. Ол – фильмнің өн бойында мемлекетшілдік рухтың болуы.

Мемлекетшілдік рух дегеннен шығады, Тәуелсіздік жылдарында түсірілген бірқатар тарихи кинолар көрермен тарапынан талай мәрте сынға ұшырады.

Сценарийлер солғын шығып, режиссерлердің жұмысы олқы түсіп жатты. Актер тартуда да шаш етектен мәселе болды. Бір сөзбен айтқанда, қыруар қаржыға шалажансар кинолар түсірілді. Президент мақаласында бұл мәселелер де айтылған. Тіпті, аз қаржыға қандай керемет кинотуындылар жасауға болатыны арнайы мысалдармен де келтірілген.

Ендігі міндет – түсірілетін тарихи кино қай жағынан алып қарғанда да «теп-тегіс, жұп-жұмыр» болып шығуы тиіс.

Ең бастысы, тарихи киноны көрген адамның отаншылдық рухы оянып, қазақ болып туғанын мақтан тұтатын дәрежеге жетуі маңызды. Бұл орайда Президент отандық телеарналарға бағытталған мемлекеттік тапсырыстың бір бөлігін тарихи тақырыптарға ойыстыруды жүктеді.

Әлқисса, қарама-қайшылыққа толы дүниелердің бір парасы ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ тарихында да көп.

Атап айтқанда, Алашорда билігінің және оның маңайына топтасқан қайраткерлердің еңбектері, өмір жолы негізінен әлі көпшілікке беймәлім.

Олардың көбісі кеңес билігі ыдырағаннан кейін жарыққа шыға бастады. Алайда өңірлерде, елімізден сырт аймақтарда әлі де мұрағаттарды ақтарып, Алаш жолында жанын құрбан еткен тұлғаларды жарыққа шығару – ғалымдардың ендігі міндеті.

«Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды». Міне, Мемлекет басшысы тәуелсіздік идеяларының бастауында Алаш арыстары тұрғанын ап-айқын жазып отыр.

Шындығына келсек, тәуелсіздік алған 30 жылда Алашорда тақырыбы жекелеген қоғамдық ұйымдардың немесе ғылыммен айналысып жүрген бір шоғыр жас ғалымдардың ғана еншісінде болды.

Мемлекет тарапынан осы уақытқа дейін Алашорда тақырыбына назар аударылмай келгені ащы да болса ақиқат Мәселен, 2017 жылы Алашорданың 100 жылдық мерейтойы мемлекет тарапынан мүлде елеусіз қалғанын көз көрді.

Ғасырлық мерекені ел астанасынан бастап барлық қала, ауылдарда атап өтіп, азаттық бастауында тұрған қайраткерлердің жанкешті еңбектерін көпшілікке паш ете білсек, бүгінгідей сыртымыздан тас атып, көшпенділердің жері мен тарихына күмәнмен қарайтындардың аузына құм құйылар ма еді, кім білсін?!

Алаш қайраткерлерінің бастауында тұрған Әлихан, Ахмет, Міржақыптардан бөлек, қаншама арыстар сол бір күрделі кезеңде – ХХ ғасырдың басында мыңжылдықтарға татитын қыруар шаруа атқарып кетті.

Маңдайларына аз ғұмыр, қысқа уақыт жазылған марқасқалар түн ұйқыны ұмытып, қазақ жерінің картасын сызып, қазіргі шегарамыздың алғашқы жобасын сол кезде сызып қойды.

Бірнеше елді уысында ұстаған Қызыл империяның басшысы, төңкерістің атасы В. Ленинмен тең дәрежеде сөйлесіп, елдік мәселені шешіп, талқылау жүргізген, білім мен ғылым игеріп, халқына шамшырақ болған, экономика, ауылшаруашылығы, есеп-қисап, технология саласын қазақшалап, алғаш оқулықтар жазған қайран Алаштың ұлдары, айналып келгенде, әрқайсысы бір-бір кинотуындыға сұранып тұрған жоқ па?

«Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс», – деп жазды Президент Алтын Ордадан өзге, қазақ тарихында ойып орын алар тағы бір маңызды кезең – Алашорда билігіне тоқталып отырып.

Бір сөзбен айтқанда, қазақ мемлекетінің бастауында тұрған Алтын Орда мен Алашорда билігін насихаттау – таза тарихқа бетбұрыстың алғашқы кезеңі. Президент айтпақшы, ұлттық мүддемізге сай келетін көптомдық жаңа тарих әлі толық жазылған жоқ. Ал оны жазып, таза тарихты қайта жүйелеу үшін Алтын Орда мемлекетін, оның қайнар бұлағында тұрған Шыңғысхан империясына қатысты әділ, дәлелді, дәйекті тұжырымдама қажет.

Президент бұған дейінгі олқылықтарды ескеріп, тарихты қайта қарауды міндеттеді. Онымен қоса, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тарихты тыңнан жазуды тапсырды. «Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні осы», – деді Президент.

Қазақ тарихын хан-сұлтандардан бөліп қарау мүмкін емес. Демек, қазақ мемлекетін құрып, елдің басын қосқан қазақ хандарының шежіресі де Шыңғысханнан айналып өте алмайтынын түсінгеніміз жөн. Бүгінгі таңда тарихи сананы жаңғыртудың бастауында осы мәселе тұр.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Сурет ғаламтордан алынды