ОРАЗА - ТЕҢДЕССІЗ ҚҰЛШЫЛЫҚ

Уақыты: 29.05.2017
Оқылды: 2172
Бөлім: ТҮПСАНА

Адам баласы Алланың алдында сабырлылығын сынап, өз нәпсісін тежейтін қасиетті Рамазан айы келді. Діндарлығымыз артып, мұсылманның парыздарын түгендеп, рұқсат етілмеген дүниелердің бар екендігін есімізге түсіре бастайтын да осы ай. Гумилев өз заманында «Ніл суының дәмін татқан адам Каирге өмір бақи ұмтылатын болады», – деп айтыпты. Оразаның дәмін татқан Алланың пендесі де Рамазан айын сағынышпен асыға күтетіні анық. 

Хақ тағала өзі жаратқан жер бетіндегі барлық тіршілік иелерінің ішінде тек адам баласына ғана ойлау қабілетін дарытып, ақыл, сана берген. Бірақ сол ақылдың да өлшемі шектеулі. Сондықтанда пенде баласын үнемі мазалайтын сұрақтардың бірі «неге?» деген сауал. Ораза неліктен парыз, Рамазан айының қандай қасиеттері мен ерекшеліктері бар, ораза ұстаудағы он төрт ғасырлық тәжірибе не көрсетті, – деген сауалдар мазамызды алмаса да қызығушылығымызды оятып отырғаны анық. Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айының келгеніне қуанса, оған тозақ оты харам болады. Осы қасиетті айда балиғатқа жасы жеткен, ақыл-есі дұрыс, дені сау, ораза ұстауға жағдайы келетін әрбір мұсылманға ораза ұстау парыз», – дейді.
Оразаның сөздік мағынасы – бір нәрседен алыстау, белгілі бір уақыт ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тиылу. Бар болғаны осы. Бірақ осы сөздердің астарында қаншама дүние жатыр. Соның бірі адам рухын тазарту, күшейту. Рамазан айында рухани қалай тазарамыз? – деген сауалдың жауабын рухымыздың қалай кірлейтін себебінен іздеу керек. Барлықтарыңыз білесіздер, дүниеге келген сәбиді періште деп айтамыз. Өйткені, ол дүниеге кіршіксіз таза, күнәсіз келеді. Бірақ өсе келе ата-анасының тәрбиесіне, өскен ортасына байланысты мінез-құлқы қалыптаса бастайды. Жақсы немесе жаман іс істеуге әдеттенеді. Шекспир: «Алдымен біз өз әдеттерімізді қалыптастырамыз, содан кейін ол әдеттер бізді қалыптастырады», – дейді. Яғни, мінез-құлқымыз, болмысымыз әдеттерімізге тәуелді болып кетеді. Жүріс-тұрысымыз сол әдеттерге байланысты қалыптасады. Егер ол жақсы әдеттер болса әрине жақсы, ал жаман әдет болса оны өзгерту өте қиын. Жаман әдет дегеніміз жайлы-жұмсақ төсек сияқты, жата кету оңай одан қайта тұрып кету өте қиын. Рим шешені Цицерон: «Әдетті әдет ғана ығыстырып шығарады», – дейді. Олай болса жаман әдеттерден құтылудың ең бір қолайлы кезі осы Рамазан айы. Бір ғана мысал. Бір ай бойы арақ ішпеген, темекі тартпаған адам аздап болса да сол жаман әдеттерді ығыстыра бастайды. Тіпті Рамазан айында той жасайтындардың «Ораза кезі ғой дастарқанға ішімдік қойғаным ұят болар» дегенінің өзі санаға сәуле түсе бастағанның белгісі. Яғни, жақсы әдеттерге адам өзін-өзі тәрбиелейді. Оны қалыптастыру үшін нәпсіні ауыздықтау бірінші орында болса тіпті жақсы. 
Аса ойшыл Ибн Руш: «Егер кімде-кім еркі мен нәпсісіне ие болса, онда ол өзін әлемнің ең бақытты адамымын деп санасын», – дейді. Сондықтанда адамдық қасиеттердің шыңына жету үшін ең бірінші нәпсі жүгенделуі керек. Нәпсі дегенді тек жыныстық қатынас деп түсінетіндер бар. Негізінен ол – бойдағы құмарлық сезім. Нәпсі өзіне ұнаған барлық нәрсеге қол сұққысы, дәмін татқысы келіп тұрады. Оның өлшемінде шек жоқ. Бір сәттік ләззат үшін мәңгілік бақытын сатып жіберуге дайын. Ал, мұны жүгендейтін адамның ақылы. Нәпсіні тежейтін адамның ақылы болса, нәпсіні күшейтетін шайтан. Ф. Достоевский: «Ібіліс әрдайым Құдаймен алысып келеді, сондағы ұрыс алаңы – адамның жүрегі», – десе Абай: «Махаббатпен ғадауат майдандасқан, Қайран менің жүрегім мұз болмай ма», – дейді. Ал жүректі мұз болудан сақтап қалудың, ібілісті әлсіретудің ең қолайлы уақыты – Рамазан айы. 
Шайтан біздің жүрегімізді тұмшалап, Абай айтқан хақтың сәулесін түсірмеуге тырысса, жаратушы Алла қасиетті айдында бізге көмекке келеді. Қалай дейсіздер ғой. Біріншіден, шартарапта шатақ шығарып жүрген шайтандарды шынжырлап, пендені үнемі пәктікке шақырып тұратын перизат періштелерді жер бетіне қаптатып жібереді. Екіншіден, ораза кезінде тәулік бойы Алланың кешірім рахыметі төбеден толлассыз құйылып тұрады. Енді қараңыз сырттағы шайтандар шынжырланды. Ауыз арқылы күшейетін бойымыздағы шайтандарды әлсірету үшін аузымызды бекіттік. Тамақтан тиылған пенденің асыл рухын, тоқтықтан туындайтын толып жатқан тоғышар әдеттерден ажыратып алу аса қиын болмайды. Дегенмен де ауызды бекіту тек тамақтан тыйылу еместігін жақсы түсінуіміз керек. Өйткені ораза тамақпен бірге жаман сөз айтудан, ұрыс-керістен, жаман әдеттерден тыйылу. Құлақ, жүрек, тіл сияқты мүшелердің де өздеріне тән оразасы бар. Мысалы, тілді өтіріктен, өсек-аяңнан, бұралқы сөзден аулақтатып, оны Құран Кәрімді оқуға, Алланы мадақтауға, шүкір етіп, салауат айтуға бағыттау керек. Сол сияқты көзді харам болған, тиым салынған жерлерге емес, ғибратты тағылым алатын нәрселерге, ал құлақты жаман, анайы сөздерден аулақ ұстап, Құранды, насихат, уағыз тыңдауға бейімдеген дұрыс. Намазға жығылып, Құранды жатқа айтпасақ та бiр сәт Алланы мойындап күнделікті күйкі-тірлікті ұмытып, бiр ай болса да нәпсімізді тежеп, төңірегімізге мейірімділікпен, кешірімділікпен қарасақ, ғайбат айтпасақ, өтірік сөйлемесек оразаның сауабына кенелеміз. 
Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін, дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе керіскісі келсе оған мен оразамын деп айтсын», – деп ескертеді. Солай болу керек екендігін білеміз. Бірақ күнделікті өмірде байқамай біреуге зекіп, болмаса ауыр сөздер де айтып жібереміз. Тіпті, тұрған жерімізде былшылдатып түкіреміз, біреуді жамандап өсек айтудан да айылымызды жимаймыз, ашық-шашық қыз кетіп бара жатса өлгенше телміреміз, тамақ ішіп болар болмастан темекінің түтінін өршелене жұтамыз, үлкендердің сөзін жүре тыңдап, ақыл айтқандарға күле қараймыз. Осындай толып жатқан жаман әдеттер бар. Сол жағымсыз дүниелерден бойымызды аулақ сала бастасақ, денеміздегі шайтандар әлсіреп, рухымыз күшейеді. Ал енді келеңсіз мінез бен әдепсіз әдеттерден айырылмасақ жаман қылықтар рухани мерезге ұласады. Яғни қазақ халқы айта беретін үш арсызға толық тәуелді боламыз. Жиі айта бергендіктен құлағымыз үйреніп кеткен ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз дегендер. Біріншіден, тәтті тағамды тоя жесеңіз міндетті түрде маужырап ұйқыңыз келіп арсыз ұйқыға мойынсұнасыз. Қарны тоқтың мұңы жоқ, мұңы жоқтың құны жоқтың кері. Қарныңыз тоқ ұйқыңыз мөлшерден асып кетсе мәнсіз сөз айтып, орынсыз ыржаландап үшінші рухани арсыз, яғни күлкі дегенге жолығасыз. Осы үш арсыз қосылған кезде жүрегіңізде жүріп жатқан майданда Ібіліс күшейеді. Жүрегіңіздегі рух мекенін надандықтың пердесімен тұмшалап тастайды. Рухыңыз қараңғы қапасқа қамалып, ақылыңыз да күңгірт тартып таттанады. Бұл кеселді түйіннің шешілу жолы Алла разылығы үшін ораза ұстау. 
Шәміс сүресінде «Рухы таза адам, сөз жоқ, мұратына жетеді», – делінген. Яғни, жаман әдеттерден арылып, рухымызды тазартып және күшейтсек, ойлаған мақсаттарымызға жете аламыз. Сонымен Ораза төзімділікке, шыдамдылыққа, сабырлылыққа шақырып, адам бойындағы ашкөздік пен тойымсыздық, тәкаппарлық пен менмендік сияқты жағымсыз қылықтарды күйретіп, пенде рухын асқақтатып, ішкі жан сарайын нұрландыратын бірден-бір амал. Бізге жеткен бір хадисте Алла Тағала Хазреті Мұса кәлимолаға: «Ей Мұса! Ақырзаманға жақын бір пайғамбар болады. Оны қасиетті аймен құрметтеймін. Міне, сол айда ораза тұтқандарға мен өте жақын боламын. Сенімен сөйлескенде екеуміздің арамызда жетпіс мың перде тұрған болса, олармен менің арамда ешқандай перде болмайды. Мұхаммед (с.ғ.с) үметтері ораза тұтып, ауызашар кезде барлық перделерімді алып тастаймын. Мен оларға кездеспей-ақ шексіз жақсылық беремін. Ораза тұту маған айтылған сыр», – дейді. Осы сөзінің дәлелі ретінде Рамазан айында жаратушы Алла түннiң үштен бiр бөлiгiнде перiштелердi жер бетiне жiберiп «Қараңдар, мен үшiн намаз оқып, менен тiлек тiлеп дұға еткендер бар ма, қабыл етейiн», – деп бұйырады екен. Олай болса қадірлі жамағат, Рамазан айында дүние ләззаттарынан тиылып, әлсіреген рухымызды күшейтіп Алламен сырласатын мүмкіндікті жіберіп алмайық. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!


Жұмахмет ЖАЙЛАУБАЕВ.
Талдықорған қаласы.