"РӨЛДІҢ ҮЛКЕН-КІШІСІ БОЛМАЙДЫ": АКТЕР МҰСА ӘЖІБЕКОВТІҢ ӘЛЕМІ

Уақыты: 06.02.2021
Оқылды: 2488
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жұмыр жердің, жусан белдің үстінде алшаңдап жүрген адам баласының ділдік аңсар-арманы болмайды дегенге кім сенсін? Өзектінің өмірі жалғасқан сайын ұлы құндылықтарға деген іңкәрлігі арта түспесе, кемімесі анық. Абайдың қу соқпағынан тарамдалған тамырлы әдебиетімізде маңдайы жарқырай түскен талант-тақсырларының дені, өнер ошағының үңірейген аузында тамызық боп тұтанып, ұлы кеудеден жалын көмкеріп, Алаш ықыласына бөленген бірегей тұлғалардың бәрі жарық дүниеден жанар тайдырғанша асыл арман құшағында жүрді ғой. Менің де арман-аңсарым алты қат көкте қанат қаққан еркін құстың самғауындай сағымсіңді дүние, желіп-желіп жоннан асқан, зеңги-зеңги соңында зер қалдырмаған диуананың сенделісіндей бос әуре болмаса екен деп толғанамын. Жаһандану дәуірі ұлт пен ұлысты, жұрт пен жұрағатты ұлы мұра, мирасынан жерітпесе екен деп алаңдаймын. Аз жұртын саясат соқпағына сүйреп, желеу сөзбен рухын жанып, ел мен елдің, бел мен белдің шиеленіскен шырғалаңына айдап салмаса екен, ондайлардың одыраң тұрпатына текті ел көз тері сүртілмеген тұлпардай иланып қалмаса екен деп қайғы аламын. Ақық арманымның, асыл аңсарымның ең негізгісі – Алаш жұртының мәңгілік мамыражай тірлік кешуі ғана.

Алып Ер Тоңғадан басталған елдігіміздің баянды болуын ол осылай ақтарыла толғайды. Тәңірден сұрар ең ұлы сыйы да – сақи ғұмыр сорабында сор кешіп, шер жұтып, егемендікті еңсерген елінің баянды бақыты ғана! «Қазақта мемлекет болмаған» деген жетесіз «ақ құлақтардың» желбуаз сөзіне қаны қарайса да, саясатқа салқынқандылықпен қарайтын ол кереге көбесі сөгілмесе, шаңырағымыз шайқалмаса екен дейді. Өзегінен өміршең тілек түлеткен бұл қазақтың сойы – Мұса ӘЖІБЕКОВ.

...Театр сахнасында күркіреген партизан Қасым Қайсеновтің рөлін сомдаған Мұса Әжібековпен ең алғаш осы бір қойылым барысында көзтаныс болдық. Расы, студенттік жылдарда  өнер ошағына ат басын бұрғанымыз бар. Театрдың ұлы құдіретін сонда сезіндік. Ынтызар күйге түстік. Содан барып Б.Римова атындағы Талдықорған театрының әр қойылымын үзбей көріп, кейіннен әрбір актердің шеберлігіне, талантына зер салып, даңқ пен дақпыртқа лайық өнерпаздардың аршынды адымына, қарым-қабілетіне сыни көзқарас қалыптастырдық. Сонда аңғарған жалқы дүние – Мұса Әжібековтің телегей талантқа ие актер екені.

«Өнердің өз перзенті» деген тәмсілдің тамырына қан жүгіртер кейіпкерімізді екінші мәрте көргеніміз – тәует басты тұлпардың ұшқары жағындай шақшытын бұлт-бұлт ойнатып, көзін атыздай аударып, қарашығын қазандай төңкеріп шымылдық бұрышынан көтеріле берген тұсы. Бұл әлемдік деңгейдегі классик Уильям Шекспирдің «Ромео-Джульетта» спектакліндегі Дәруіштің рөлін сомдауы.

Классикалық драманың әрбір кейіпкерінің ажал құшқан сәтінде ғана шымылдықтан шығып, қайта кіріп тұратын жанама кейіпкер Дәруіш-Мұса еді сондағымыз. Тұла бойды тітіркендіріп, жүрекке салмақ салар, жанарымен арбап тастаған актер осы бір рөлді ең жоғары нотада алып шықты. Тіпті, классикалық драмадағы ғашықтардың махаббат жарастырған, бір-бірімен ғұмыр сабақтастыру жолындағы жанкешті күресінің өзі осы шағын эпизодтық кейіпкердің көлеңкесінде қалғандай болып еді-ау.

– Тау төсін тепсініп шығып, тамырлап салқар далаға жайылған мөлдір бұлақтай саф таза ағыс тамырыңда бүлкілдемесе, өне бойыңда адамгершілік қасиеттің түйдей дәнегі жатпаса, талантыңның таудай көрінгенінен түк пайда жоқ. Онда, сенің қасықтап жиған қадіріңді өшкен өмір, көшкен уақыт ұмыттырады да жібереді. Сонау балғын шағымда асқар таудай әке мен пейілі айдын ананың әлпештеуімен адамдық қасиетті бойға сіңірдік. Үйдің бір бұрышында тұрған радиодан түрлі спактакльді тыңдадық. Міне, сол кездері санаға «актер боламын» деген ақуыз арман жабысты. Ауылдың сотанақ сары баласы болған соң ба, әр құрдасыма рөл бөліп беріп, «ойнамаймын, кейіпкер сөзін жаттамаймын» деп қиқаңдағандарды жуан жұдырықтың күшімен тезге салып, қойылымға жектік. Сонда ауыл адамдары біздің қойылымды тамашалайтын, – дейді алқам-салқам күйде күліп алған Мұса Әжібеков бір толғанысты сәтінде.

Радио қондырғысына құлақ қойып-ақ ұлы өнерге деген аңсары ауған кейіпкеріміз оқушы кезеңде от жүрегін тулатып өмірге келген Еңбекшіқазақ ауданы, Ащысай ауылының адамдарына қойылым қояды. Тіпті, шаруа құралы ашаға (айырға) тезек шаншып, оны алаулата жағып «дала сахнасын» жасағаны, жарқыраған жасанды шам ортасында өнер көрсеткені ауыл адамдарының кеудесіне қуаныш сыйлапты. «Әкесіне тартқан» деп бірі мейірленсе, түбі бұл қызталақтан «қырғын актер» шығады деп өзгелері көрегендік танытқан екен. Расында, құлдыраңдаған құлын шағында актер болудың алғышартын жасаған талант иесін біз үшінші рет «Айман-Шолпан» қойылымында көргенбіз.

Заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық драмасын Б.Римова атындағы Талдықорған театры жаңа ғимаратқа көшкенде сахналаған еді. Күмбезін күн сүйген, сәулеті мен сәні жарасқан жаңа театрдың шымылдығын түрген қойылымда да Мұса Әжібеков негізгі рөлден көрінбеді. Өгіз мінген есірік кейіпкерді сомдады. «Дігідік-дігідік» деп өгіз үстінде тербеліп келе жатқан әлгі кейіпкерді көрген сондағы мыңға тарта көрерменнің миығы тартылмағаны бар ма екен?

Қаба жалды қара айғырдың желкесіндегі ұйысқан дудар қылдай тәует басқа тұрақтаған қоңыр шашты, шомбал мұрын, шоқ жанарлы Мұсекең – өгіз тербеген есірігіміз «дігідік-дігідік» деп сахнада ойқастап жүрді. Екі сағаттай мерзім-мезіретте көрерменге тағылым сыйлаған сол қойылымда бар-жоғы төрт-бес рет көрініс берген шығар, алайда осы бір кейіпкер көрермен жүрегін сол сәтте-ақ жаулап үлгерген еді. Кейіннен Мұса Әжібековтің осы рөлі жетісулық ақын-жазушылардың арасында аңыздай айтылып жүргенін де құлағымыз шалды. Зиялы қауым тамсаныспен термелеп, «Айман-Шолпан» музыкалық драмасы десе, «дігідік-дігідік» деп еске алатын болды.

– Талантының қуат-күшіне, бойындағы қабілет-қарымының өлшеміне сана жетелетіп, өзгеден өзін биік қоятын пенделердің қатарынан емеспін. Сондықтан да, маған қандай рөл берілсе де ризамын. Керік қасын керенау керіп көреалмастық таныту жаныма жат. Өз рөлімді жаратпай кейістік білдірген тұсым болмады деп айта аламын. Режиссер әрбір актерге өзіне лайық кейіпкердің образын ашуды міндеттейді. Сондықтан, бұрынғы ұлылар айтқандай, рөлдің үлкен-кішісі болмайды, үлкен-кіші актер болады. Осы сөзге басы бүтін қосылатын қазақпын. Өзіме берілген міндетті хәлімнің жеткенінше дұрыс сомдауға тырысамын. Кішігірім рөл болсын, жанама кейіпкер болсын оны – шойындай ауыр дүниені шыңыраудан шыңға сүйрегендей күшпен ойнап шығуға тырысу керек. Актердің басты міндеті сол! – дейді күркіреген дауысын кең кеудеден түлеткен театр майталманы.

Ақиқатында, кісіліктен кішілікті биік қойған Мұса Әжібеков өзі айтқандай, кез келген рөлді зілмауыр дүниені шыңыраудан шыңға шығарғандай қуат-күшпен сомдап келеді. Әрбір қойылымдағы басты кейіпкерден бастап, әр деңгейдегі рөлдері оны көрерменнің ықыласына жетелегеніне куә болдық. Тағдыр ұсынған телегей талантына сан мәрте сүйсіндік те.

Осы орайда езутартар бір естелікті атап өткіміз келеді. Әдебиет әлемінде (қазақ әдебиетінде) есімі қалыптасқан бір ақын жас буынға қарап тұрып: «Мен қаласам анау тұрған қоқыстан жұпар аңқыта аламын» деп шіреніпті таланты тау қопарардай қуат-күшке ие екенін танытқысы келіп. Сонда жас буын сырттай қуаттаған рай танытып, іштей аңғалақ ақынның астамсып кеткеніне налып қалса керек. Аңыз болып кеткен осынау естелікте де бір шындықтың сабақты ұшы қылаң беріп тұрғандай. Қалай айтса да ақиқат жоқ емес. Өйткені, хас таланттың қолынан келмейтіні жоқ. Мұны қазақ «Батырға оң-солы бірдей», «Шын жүйрік ылди-өрді таңдамас» деп тәмсілдеп жатады. Сол айтылғандай, Мұса Әжібековке де режиссер ұсынған рөлдің айырмашылығы жоқ-ты. Талайына бұйырған кейіпкерді асқан шеберлікпен сомдап жүргенін күллі жетісулық көрермен жақсы біледі.

Иә, сонау 1976 жылы Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрынан еңбек жолын бастаған Мұса Әжібеков саналы ғұмырын өнерге арнаған жан. Биыл өнер саласында маңдай терін шүмектетіп келе жатқанына аттай 45 жыл толады екен. Осы ұзын сонар шығармашылық ғұмырында театр майталманы талай рөлді сомдады. Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклінде Ақтоқтының әкесі Қоңқай шалдың, Л. Егембердиеваның «Жұмақ маған бұйырмаста» Қасым Қайсеновтың, К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметшісінде» Труфальдиноның, Ш.Мұртазаның «Сталинге хатында» Сталиннің, Т.Қалилахановтың «Алтын бесігінде» Абылай ханның, тағы сол сияқты көптеген рөлді шеберлікпен сомдаған Мұсекең нағыз хас талант.

Қасым Қайсеновтың, Сталиннің рөлін сомдағанда көрермен осынау тарихи тұлғалардың өзін көргендей тебіреніске түскені де күні кеше ғана секілді-ау. Тіпті, сонау студенттік шағында Асқар Тоқпанов сынды мүйізі қарағайдай ұстаздарының ықыласына бөленіп, сүйікті шәкіртіне айналған Мұсекең қатарластарының дипломдық жұмысында басты рөлді ойнапты. Сонда әрбір курстасының жазбасына жан бітірген театр майталманына қаратып ұстаздары: «Мұса болмаса диплом қорғай алмас едіңдер...» деп риясыз ризашылықпен баға берген екен.

– Өнер адамы болған соң, сонау балауса шақтан театр өнеріне іңкәрлік танытқан соң өз жұмысыңа асқан махаббатпен қарауың керек. Сынаптай сырғыған уақыт жүлгесінде, оқыған жылдарым мен қызмет еткен уақытымды қоса есептегендегі жартығасырлық өнер соқпағымда мен әрбір кейіпкерді, образды ашуға талпындым. Солардың кейпіне ғана емес, ішкі әлеміне терең зерттеумен еніп барып сахнаға көтерілуге тырыстым. Соның нәтижесінде ме, әлде талайлы тағдырдағы қым-қиғаш оқиғалардан ба, замана зілін арқалағандай төзім-тиегімді шекіп алған шақтарымнан ба, әйтеуір, жүректі дертті қылып алдық. Ауыр ота жасады. Жұдырықтай жұмыр еттің басына соғысын, нәзік те нәркес бүлкілін реттейтін құрылғы орнатты, – дейді үнсіздіктен кейін жүзімізге нәумез жанар қадаған жұлдызды тұлға.

Тағдыр талайын татқан, пенде болған соң кенде кеткен кездеріне іштей өкініш білдірген театр майталманының ғұмырына тап келген ауыр кезеңдер де баршылық. Үш бірдей баласының анасы, алғашқы зайыбы да театр актрисасы болатын. Жазмышына бедерленген кезеңді өткерді де, келместің кемесімен кете барды. Сол қазаның өзі Қаратаудай еңселі азаматтың жүрегіне у құйғандай еді. Дегенмен, тіршілігінде сыйласқан, көңілі жарасқан, ақ некелі азаматынан айырылған драматург Л.Егембердиева екеуі парасат биігінде жолығысып, шашылған шаңырақтың уығын қайта тіктеді. Арқа сүйер азамат, асыл жар, айнымас серік ретінде тіршілік көктетті.

Жүрегінен дертті болса да ұлы елінің бекзат өнері үшін ақадал қызмет етіп келе жатқан театр майталманы бір аралықта қоңыр үнін мамырлатып үзілген әңгімені қайта сабақтады.

– Атақсүйгіштердің қатарынан емеспін. Жанын жалдап, тісін қайрап, түртінектеп жүріп құрметке жетудің өзі – ар көтере алмас ұятты нәрсе. Сондықтан да, Абайдың «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?» деген сөзіне кейіпкер болған емеспін-ау. Арымды, ақ ұлпадай өзегімді кір шалмай тұрғанда, мен халқымның құрметінен асқан ұлы дүние жоғын мың мәрте ұран етемін, – дейді.

Алқаусыз ақық көңілден ақтарылып түскен осынау тебіреніске зәредей күмән келтірудің өзі артық. Иманыңмен ұйып, иланасың. «Өйткені» деп сөз сабақтасақ, жіпке тізер дүние жеткілікті. Алға тартар мысалдар мен деректер, дәлелдер шұбырып шыға келмек. Дегенмен, жалқы дүниені атап өтелік. Жақын жылдары Е.Төлеубайдың Алаш арыстарының бірі Мұхамеджан Тынышпаевқа арналған «Үзілген тамыр» драмасының премьерасы сахналанды. Осы қойылымда рөл алған Мұса Әжібеков тура премьера шымылдығын түрер күні ғайыптан тайып жығылып, аяғын сындырып алады. Екінші құрамдағы актер жоқ. Соры қайнаған театр майталманы сүйегін сықырлатып, балдаққа сүйеніп өзіне артылған міндетті өтеп шығады. Келесі күні де сынық жіліншікпен сахнаға көтеріледі. Саналы ғұмыр сорабының денін абыроймен жүріп өтіп, қарттыққа қарай аяңдай түскен шағында жанға батқан ауыр жарақатқа қарамай, дәрігерден сөгіс алып жүріп көрерменіне бақыт сыйлаған, ұжымын жерге қаратпаған актердің осынау ерлігіне шынымен тәнті болмасқа шара жоқ-ау!

Асау жылдар атырабында арғымақтай аршындап шауып, алқам-салқам күйде жүріп елінің алдында абыройға кенелген, күллі жетісулықтардың шын мәніндегі сүйікті актеріне айналған Мұса Әжібековтің ақзер ғұмырының бедерлі парақтарынан есті естеліктер, ғажайып оқиғаларды індеп қазып, зерлеп жаза беруге болар еді. Өзі өнерімен ел жүрегін жаулай жүріп, Алтын Ружевадан «дию», Бәйтен Омаровадан «Мұса пайғамбар» деген еркелік атақ алып, Серке Қожамқұловтың отты ерніне маңдайын өпкізіп, театр марқасқаларынан ақ бата алған хас талант жайлы айтылар сөз де көп.

Ол бір мүшел уақыт бұрын Талдықорғандағы «Айналайын» балалар үйінде «Пана» театрын ашып, шәкірттерімен халықаралық, республикалық деңгейде жеңімпаз атанып, үш шәкіртін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен  Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне оқуға түсірді.

Тіпті, Мұқыры халық театрының көркемдік жетекшісі ретінде де, Нұрбапа Өмірзақов, Нұрмолда Алдабергенов, Ғали Ормановтың 100 жылдық мерейтойларына, ақиқық ақын Мұқағали, жазушы Оралхан Бөкей оқуларына да тікелей атсалысып, режиссерлік қырын көпке мойындата білді.

Әрбір рөлі, әрбір қойылым арқылы күллі жетісулық көрерменнің, исі қазақтың жүрегін жаулаған Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Мұса Ержұмаұлы Әжібеков мемлекеттік деңгейде ҚР Мәдениет саласының үздігі деген жалқы атаққа ие болғанымен еңселі елінің жүрек төрінде «халық әртісі» деңгейіне баяғыда-ақ көтеріліп қойған талант-тақсырларының бірі екені даусыз. Ұлы өнердің өр тұлғалы перзенті екені де айшықталған ақиқат.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы