АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ НАУРЫЗ ҚЫЛЫШБАЕВТЫ 80 ЖАСЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 10.02.2021
Оқылды: 1477
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ел мен жер үшін тынымсыз еңбек етіп, барлық күш-қайраты мен жігерін туған халқына арнайтын жандар болады. Қаратал өңірінде өмірге келіп, жастайынан еңбекке араласып, Жетісу өлкесінің дамуына айтулы үлес қосқан жанның бірі – Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев. Төгілген тер өтеусіз емес. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ардақты қарияның сексен жасқа толуына орай Құттықтау хатын жолдапты. Қаламгерді қабылдаған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Наурыз Қылышбайұлын 80-ге толған мерейлі жасымен құттықтап, арнайы хат табыс етті. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

– Облысымыздың дамуына үлкен үлес қосумен қатар  ұрпақ тәрбиесіне де үлкен мән беріп, толымды тарихи кітаптар жазудасыз. Мұның өзі үлкен еңбек. Тарихты зерттеу, зерделеу оңай іс емес. Ол әркімнің қолынан келе бермейді. Тарихи дүниелер жазу үшін адам көп ізденіп, зерттеп, уақытының көбін жазумен өткізеді. Сіздің атқарып жатқаныңыз кейінгі ұрпаққа қажетті іс, – деді облыс әкімі.

Бұдан соң Мемлекет басшысының, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Құттықтау хатын, облыстың Құрмет грамотасын зор құрметпен табыс етіп, иығына жапан жапты. Қаламгердің жары Күләш Адамбекқызына да құрмет көрсетіліп, камзол кигізіліп, ақ орамал тарту етілді.

Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт сөз алып, Наурыз Қылышбайұлының ардагерлер алдында тұрған үлкен міндеттерді  атқаруда белсенділік танытып, жастарды отансүйгіштікке, туған жер тарихын білуге баулуда қосып жатқан үлесіне тоқталды. Бірге қызмет істеген замандастары Серік Мұқанов, Райхан Серғазиева, Ақшабай Керімбеков, Оралбек Жақиянов та мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдіріп, өткен күндер естелігін айтып, сыр шертті.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаев та құттықтауын жеткізіп, мәслихат депутаттары атынан шапан жапты. Қорытынды сөзінде көрсетіліп жатқан зор құрмет үшін алғысын жеткізген Наурыз Қылышбайұлы: "Адамды шыңдайтын өскен ортасы. Біз де үлкендердің өнегесін көріп, сол кісілердің көрсеткен жолымен жүрдік. Әрдайым анамның айтқан «Сенің кесіріңнен біреудің тауығының аяғы сынбасын», «Қызылға қызықпа» деген сөздерін жадымда ұстадым. Балалар тәрбиесінде де «Ұлыңның қылығы үшін ұялмайтын бол, қызыңның қызығы үшін қызармайтын бол» деген өсиетті шамшырақ еттім. Жастарды тәрбиелеу мәселесі – үнемі алдыңғы орында тұруы тиіс. Биліктің де бірінші алға қояр мақсаты осы болуы керек", – деді.

«Басшы екі түрлі болады, бірі билікке немесе халыққа жағатын басшы, екіншісі билікке де, халыққа да жағатын басшы. Биілікке ғана жақса, онда халқы қиналады, ал халыққа жақса, биліктен үнемі теперіш көреді. Егер басшы билікке де, халыққа да жағатын болса, елге құт», - деген байламын жеткізген абыз ақсақал облыс әкіміне Балпық би қорының медалін табыс етіп, көпшілікке ақ батасын берді.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы